Көкейден кетпес кездесу
2015 ж. 30 қыркүйек
2444
0
Астанаға ең алғаш келгенде бір байқағаным, орыстың екі ұлы ақынының махаббатынан жаралған ғұлама түркітанушы ғалымның атын меншіктеген Еуразия университеті аумағын Ақбұлақ өзені «жаңа» және «ескі» тараптарға, яғни өзінше «сол» және «оң» жағалауларға бөліп жатыр екен.
Менің ұғымымда, әлі күнге дейін Ақбұлақ – қайдан басталып, қайда құятыны белгісіз бір шолақ өзен. Көненің көзін көргендер оны «Солёная Балка» деп атайды. Кәнігі қармақшылардың айтуынша, шортан, сазан, алабұға, табан, тағы басқа балық тұқымдары аралас мекендейтін құтты су тоғаны. Сайыпқыран спортшылардың бағамынша, ала жаздай ұшқыр қайық жарыстыратын ескекті арна. Ал қыстың қызыл шұнақ аязында көпшілік сырғанақ тебетін атшаптырым мұзайдынға айналады.
Көлемі кішкентай болғанымен, даңқы дардай осы өміршең өзек – Ақбұлақтың үстіне салынған, талай тағдырды тоғыстырған қос көпір Сізді университеттің бас ғимаратына жетектеп апарады.
Міне, Сейіт Қасқабасов ағаны жұртшылық «мыңжылдықтар тоғысы», «миллениум» деп шуласып жатқан, өзім университетке жұмысқа кірген 2000 жылдың қыркүйегінде сол қос көпірдің бірінде тұңғыш рет бетпе-бет жолықтырдым.
Бұрын сырттай ғана білетін, бірақ ғылыми еңбектерімен біршама таныс атақты кісіні, әрине, анадайдан таныдым. Көпір үсті – желдің өті. Сол күнгі суық самал үстіндегі ашық қоңыр жадағайының етегін қайырыңқырай тартқылап, басындағы төбесі түймелі қара қызғылт сәнді телпегін шешіп алардай сипап өтеді. Бірақ ағамыз омырауын желге төсеп, тұңғиық ойлы көзін ұзаққа қадап алған. Айналасындағы ештеңені елер емес. Фольклор ғылымының иығына артқан зіл батпан жүгін анау ХХ ғасырдан мынау ХХІ ғасырға осы көпір арқылы қалай аман-есен өткізіп алсам деп қиялға шома қиналып келе жатқандай, әрлі-берлі теңселіңкіреп кетеді. Ізінше бойын жиып, тіктеле қалады. Әр адымын аттаған сайын жүзінен әлдебір қайсарлық, құштарлық лебі еседі... Жақындай бергенде, бар даусыммен «ассалаумалейкум, аға!» деп амандастым. Бетіме «сен кімсің?» дегендей, кең маңдайының астындағы шаралы көздерімен ажырая қарады да, ернінің ұшын жыбырлатып, тұсымнан аялдамастан өте берді. Сәлем берген басқа үлкен-кішіге де бас изеп қана, сәл сұлық ишарат жасап бара жатқандай көрінді. «Сұлықтығында суықтық жоқ па екен» деп ойлап, бұрылып қарадым соңынан...
Көп ұзамай, сол тұстағы қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, менің университетке келуіме бастамашы болған алашшыл азамат Дихан Қамзабекұлы мені академик Сейіт Қасқабасовпен өз өтінішім бойынша арнайы таныстырды.
Бас ғимараттың бірінші қабатында, кісі көтерілетін сатының ар жағындағы қуысты қуалай орналасқан кең бөлмеде Гумилевтің идеяларын жөн-жосығымен жаңғыртып, қоғамымыздың мәңгі құндылықтарымен қайта қауыштырып жатқан – Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер орталығындамыз. Сондықтан әңгіменің ауқымы да ұланғайыр болып, кәрі құрлықтың о шетінен бұ шетіне дейінгі мәселелерді түгел қамтыды. Өзіміз оқыған, орыс және қазақ тілдерінде жазылған «Казахская волшебная сказка», «Қазақтың халық прозасы», «Казахская несказочная проза», «Колыбель искусства»» секілді классикалық үлгідегі кітаптары төңірегінде емес, замана ағысы туралы көсіліп сөйледі. Құдай-ау... Көл-көсір білім. Жүйелі байып бен байлам. Шынайы баға. Жаңаша пайым. Еркін ой. Мірдің оғындай дәлдік! Және, бір ғажабы, мен әуелде ойлағандай сұлық та емес, суық та емес, көңілі кең, жаны жұмсақ, мінезі мәрт болып шықты. Әзіл айтысы әдемі. Тосын тұжырымдарымен таңғалдырады.
«Адамзатты алға ұмтылдыратын идеядан бұрын, идеал сияқты, қарақтарым», - деді Сейіт аға Дихан екеумізге кезек-кезек қарап. – Идеалы бар адамдар белгілі бір биіктерді бағындырады, жаңа сапаны жасайды. Қазақтарға да қатысты бұл. Мысалы, жоңғармен жұлқысқан заманда батырдың бейнесі бірінші кезекте көрініп, өшпес қаһармандықтың өнегесін қалдырды. ХІХ ғасырда сал-серілік, әншілік, өнерпаздық үлгіге айналып, ел руханияты ерекше түледі. ХХ ғасырдың басында білім адамының, айталық, мұғалімнің қадірі артып, теңдессіз тұлғаға айналды. Әр кезеңде ұлт тіршілігінің сондай бір басымдықтары болады...».
Ғибратты ғалымның фольклор арқылы таныған, тұжырған, түйген нәрселері тіршілік туралы толғамдарымен ұштасты. Алланың да, ардың да алдында таза болудың бүгінгі маңызын меңзеді. Тіпті халықтық дәстүріміздегі «ене – келін», «нағашы – жиен» қарым-қатынастарының ізгілікті іздері көмескіленіп бара жатқандығын өкінішпен тілге тиек етті. Пенде болған соң, әр кісінің қателесуге де хақысы бар екендігін айтып, оны түзетуді ұстаздық парызға теліді. «Ұят кімде болса, иман сонда» деп, Абайға сілтеме жасады. «Өзіңе сын көзбен қарауды тоқтатсаң – тоқырауыңның басталғаны» деп тағы қосып қойды. Арасында: «Жігіттер, мен көп сөйлеп кеттім-ау осы...» деп, әңгімесінің ауанына қарай, біресе тісі ақсия күліп, біресе жылы жымияды. Мұқият тыңдап отырғанымызға ырза кейіпте.
Сөзінің арасында бірінші курста оқып жүрген кезінде ғылымға бет бұрғызған ұстазы Нина Сергеевна Смирнованы, сол кісінің жетектеуімен барып батасын алған Мұхтар Әуезовті мөлдіреген мейіріммен еске түсірді. Қаныш Сәтбаевты елден ерек құдірет тұтатынын аңғартты. Батыр, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің қарамағында қызмет еткен кезін сөз қылды.
Әкесі Асқар соғыста шаһид кетіп, аяулы анасы Әужан мен нағашы атасы Әбдікерімнің қазақы тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен зерделі де зерек жас, өзімен тағдырлас тұрғыластары секілді, тіршіліктің ащысын да, тұщысын да талай татқан. Сондайда ірі турап, кесек пішетін Ісмет Кеңесбаев секілді асыл ағасының өмірлік өнеге ретінде «Қисық жолдай бұраңдаған дүниеде жүрегіңді құрым киізбен қаптап ал» деген сөздері ешқашан жадынан шыққан емес. Жақсы көретін інісі Бауыржан Омарұлы әдіптеп жазғандай, «ең әдемі ертегілердің» ішінде жүріп, терең тағылым түйді. Жасқаншақтықты жақтырмайтын, ұсақтықты ұнатпайтын, турашылдықты тұғырлайтын, әділдікті әспеттейтін діңгегі мықты мінезге уызынан жарығандығы сөзсіз.
Айтпақшы, Сейіт ағамыз Алаш руханиятының ардақты қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті «шіркін, ер еді ғой!» деп емірене мадақтады. Сөйтсек, ғылым өлкесімен біте қайнасқан Қасқабасовты тәуелсіздіктің төбесі менмұндалаған тұста Орталық комитетке жұмысқа шақырыпты. Мұрат асқақ, мақсат айқын: егемендік көксеген жұрттың санасын сәулелендіру, мәдени архетиптерін жаңғырту, рухына қан жүгірту. Сөйтіп, ұлтымыздың басқа да көрнекті зиялыларымен бірге, Сейіт аға Алаш ардақтыларын ақтау ісіне тікелей араласыпты. Қазақ руханиятына зор залал келтірген он екі советтік қаулыны бір қаулының күшімен жойған кез болыпты. Әлбетте, мұның бәрі айтуға оңай. Саясат сахнасының сыртында осыған орай неше бір талас-тартыстың болғаны белгілі. Соның бәрі дария шалқар білімі бар ғалым ағамызды қайраткерлікке шыңдады. Енді өзіміз шет жағасын ғана білетін жайттардың егжей-тегжейін Сейіт ағаның аузынан естіп отырмыз...
Мінекей, бүгін жетпістің бесеуіне қадам басқан академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовпен алғаш сұхбаттасқан сәтімізден бері тура он бес жыл өтіпті.
Бұл мерзімнің ішінде ағамыздың ғылым жолындағы әрі қарайғы өсуі мен өрлеуінің куәсі болғанымызға шатпыз.
Атқарған қызметі, жүзеге асырған қисапсыз игі шаруалары өз алдына, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында теңдесі жоқ «Бабалар сөзі» мегажобасына жетекшілік жасап, елдің фольклорлық қазынасының 100 томдығын жарыққа шығаруы – әбден кемеліне келген, түгел толысқан ғылыми қайраткерлігінің жалпы жұрт мойындаған жетістігі.
Өз басым ылғи Сейіт ағаның қамқорлығы мен қолдауын сезініп жүретініме дән ризамын. Ол басқарған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, аз уақыт болса да, қол астында қызмет істеп кеткенімді көңіліме медет тұтамын. Жастардың жолын ашып, жөнін айқындауға ынты-шынтымен ықыласты екендігіне, жұртшылық жолындағы жұмыстан аянбайтын жанкештілігіне сонда толық көз жеткіздім.
Отбасына тілектес інілерінің бірі ретінде, Сейіт ағаны өмірлік жары Тамара апайдың бекзат болмысынсыз елестете алмаймын. Сүйіспеншіліктері саялы, алақандары аялы ата мен әже ретінде перзенттерінің қызығы мен қуанышына бөленіп, рахат күй кеше бергенін тілейміз.
...Алғашқы сұхбаттастықтың әсері көкейден кетпегендіктен шығар, Сейіт ағамен әр кездескен сайын іштей бір сілкініп, серпіліп, шын мәнінде рухани тазарып қаламын.
Амантай ШӘРІП, филология ғылымдарының докторы
"Қазақ үні" газеті