Бердібек Сапарбаевтың “көлеңкесінен” қорыққан театр қызметкерлері абдырап қалды
2015 ж. 28 қыркүйек
4325
3
«Ақтөбедегі Ахтанов театрына Сапарбаев келеді» деген қауесетті естіген мәдениет қызметкері көлеңкеден қорқып, тілге келместен «талып» жатыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан шошығанынан ғимаратты “үш айналып жүгіріп шыққан”.
Ақтөбе облысында әкім ауысқалы өңірде әңгіме көбейді. Сапарын аяқ астынан жоспарлайтын Сапарбаевқа әкімдіктегілер де үйрене алмай жүр.
Әкім жүрген жерде бәрі өре түрегеліп жүретін басқарма басшылары Сапарбаевтың «тактикасына» үйрене алмай жатыр. Оның бір мысалын апта соңында жылдың жаңа маусымын ашқан облыстық драма театрдағы бір күнгі дүрлігуден көруге болады. Жағдайды театр директоры Facebook желісіндегі өз парақшасында баяндайды.
Осы кезде сау ете қалып, алдыңғы қатарға өткен үш кісі театр қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызады. Зал сыртында қарбалас басталған.«Облыс әкімі жаңа маусымның шымылдырығын ашатын қойылымды қарауға келді екен» деген хабар театр қызметкерлерінің құлағына жеткен. Облыстық театрдың басшылығы ғимараттың төрт есігіне де күзет қойып, төрт көздері түгелдей әкімді күтеді. Таңда басталған дүрлігумен кеш болады. Күткен әкім жоқ. Залдың шамы сөніп, «Ант» атты қойылым басталып та кетеді. Осы кезде сау ете қалып, алдыңғы қатарға өткен үш кісі театр қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызады. Зал сыртында қарбалас басталған. Билет тексеретін келіншек: «Театрға әкім кіріп кетті. Ешқашан, өмірімде қойылымға келген әкімді көрген емеспін», – деп есінен танған. Оны бетіне су шашып, әрең сабырға шақырады.
Ал театр директоры жеке парақшасына жазған пікірінде «сасқанымнан театрды үш айнала жүгіріп шықтым» деген. Театрдағылар әкімге арнап, екі ортада дастархан жайып та үлгереді. Қойылым бітті. Жарық жанды. Әкім жоқ. Жаңағы кіріп келген үш кісі мүлде басқа адамдар.
Театр қызметкерлерінің әкім деп дүрлігіп жүргені Ақтөбедегі танымал ұстаздардың бірі боп шығады. Не керек, театрдағылар өз қойылымдарына бір күліп, терлеп шай ішкен.
Сапарбаевтың әр сапары Ақтөбеде осылай аңыз болып жүр. Желідегі мақалаға пікір жазушылардың бірі кітапханашыларды сенбі күні де әкім келеді деп, жұмысқа шақыратынын жазған. Ал алыс ауданда тұратын кейбір дереккөздердің айтуынша, Сапарбаев келіп қалады деп қорыққан басшылық қызметкерлерге көшедегі арамшөптерді де жұлғызған көрінеді.
Облыстық театрдың директоры Нұрлыбек Жұбатқан NUR.KZ тілшісіне мұның барлығы да болған оқиға екенін, билет сатушы әйелдің қараңғыда әкім кіріп кетті деп сасып қалғаны да рас екенін айтты.
Дереккөз: NUR.KZ