Балалардың рухани арнасы "Балапан" бес жаста
2015 ж. 14 қыркүйек
5094
0
«Балапан» телеарнасының хабар тарата бастағанына 27-қыркүйекте 5 жыл толмақшы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған бұл хабар тек қана қазақ тілінде жүргізіледі. «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіретін бұл телеарна алғашында 12 сағат хабар таратса, бүгінде 14 сағат бойы эфирге шығады.
«Балапан» балалар телеарнасының мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық және мәдени тұлғасын қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілік пен үлкендерді сыйлауға, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау және дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер молынан қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда белгілі тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы басшылық ететін телеарна бүгінде балғындарымызға ұлттық тәрбие беру ісіне айрықша үлес қосып келе жатқандығын айта кетуге тиіспіз. Арнаның бағдарламалары үш жастан он жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналғанымен, шын мәнінде ересектердің де ықыласына бөленіп үлгерді. Атап айтсақ, «Жүзден жүйрік», «Алақай, балақай!», «Керемет ондық», «Ән салайық», «Ойлан, тап!» және т.б. көптеген бағдарламалар ел ықыласына ерекше бөленуде
Бүгінгі күні шетелдік контенттің санын азайтудың барысында меншікті құрам анағұрлым ұлғайтылды. Қазір меншікті өндіріс саны 30 пайыздан 80-ге дейін көбейіп отыр.
Сондай-ақ, «Балапан» балалар телеарнасы 6-шілдеден бастап 70 мың халқы бар Байқоңыр қаласында да хабар тарата бастады. «Балапан» телеарнасы көрермендерге «Отау ТВ» Ұлттық спутниктік телевизия желісі, 78 кабельдік операторлар мен 2 эфирлік хабар таратушылар арқылы жеткізіледі.
Телеарна ел тарихының айтулы беттерін, деректерін бала санасына сіңіру арқылы жас өскіндеріміздің бойында отаншылдық әрі ұлттық сана-сезімді оятуға ықпал етуде.
«Балапан» арнасы енді ғана 5 жасқа толғанына қарамастан, балалар мен бірге үлкендердің де сұранысына ие. Телеарна ашылғалы бері кішкентай балақайларға арнап түрлі мульттоптамалар мен бағдарламалар ұсынылып келеді. Биылғы жылы арнада жаңашылдық та жоқ емес. Телеарнаның 5 жылдық туған күніне орай, ағымдағы жылдың маусым айының 9-ы мен тамыз айының 24-і аралығында кішкентай көрермендердің ата-аналары арасында ертегі жазудан байқау жарияланған болатын. Байқау барысында еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық ертегі келіп түссе, олардың ішінен 30 ертегі үздік деп танылды. Ата-аналардың қиялынан туған тартымды ертегілердің балаларға да берері мол болмақ. «Менің ғажайып ертегім» деп аталатын бұл ертегілер жинағы 120 беттен, көркем суреттерден және 30 ертегіден тұрады деп жоспарлануда. «Балапан» телеарнасы алдағы уақытта да тәрбиелік мәні зор бағдарламалары арқылы балаларды қуанта бермек. Туған күніңмен, «БАЛАПАН»!
"Қазақ үні" газеті