..."Менің атым Қожаны" ұмытпаған шығарсыздар? Оқу жылы басталар алдында бала Қожа кітап алмақ болып дүкенге тартпаушы ма еді?
Дүкеннің алды қарақұрым халық. "Қант аламын" деп қулыққа басқан "қара көженің" образына елуге келгенде енем деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бәрі де Аслан мырзаның "арқасында"! Білім министрін айтамын. Сол кісінің "шапағатымен" балалық шаққа бір саяхат жасап қайттым бүгін...
...Таң азаннан тұрып "Атамұраны" жағалап, немереме оқулықтар сатып алдым. Ағылшын кітабын "Алматыкітаптан" алу керек екен. Бір дана кітапқа бола бармай-ақ қояйын деп едім, аяқ астынан пысықтығым ұстап... Әлгі дүкеннің алды "қожадағыдай" қырғын кезек! Сәрінжіпов "БИЫЛ ЕШКІМ ОҚУЛЫҚ САТЫП АЛМАЙДЫ" деп еді. Мынаусы несі? "Бір кітапқа бола тұрамын ба?" деп кері бұрылғаным сол еді, жетегімдегi немерем қиғылықты салғаны.
- Ата! Апай ертең ұрсады ғой. Балалардың бәрінде бар бұл кітап...
Болды! Атасында жан бар ма? Қожаның қулығы бұл жерде жүрмейтінiн түсінемін. Іште қант сатып жатқан да ешкім көрінбейді. Алматының жаңбырының астында біраз тұрдым. Жай тұрғаным жоқ. Қулық ойлап тұрмын. Қожадан қай жерім кем екен? Соқпақбаев та өз ағам!.. Бір ойдың сап ете қалғаны. Шегіп тұрған темекімді урнаға асығыс тастап, кезектің алдында көлдей болып көлденең тұрып алған орыс әйелге жетіп бардым.
- Қазір ғана темекі шегуге шығып едім... Іште де кезек... Оның үстіне ауа жетпей...
Етжеңді әйел маған бір, немереме бір қарап шетке ығысты. Арт жақтағы жұрттың шуына қарамай кірдім -ау әйтеуір! Әлгі жалғыз оқулықты іздеп жүргенмін. Терезе тықылдады. Сыртта кезекте тұрған бір келіншек көзі жәудіреп, әйнектің сыртынан қарап тұр. Қағазға жазылған әлдебір оқулықтарды "ала шық" деп ымдайды. Сірә, менің "қожа қулығымды" байқап қалған сияқты. Өзімнің алатыным бір ғана оқулық. Оған да ала салайын дедім. Нем кетеді? Бәрін алып, кезекке тұрғаным сол еді, сырттан тағы сигнал түсті. Бұл жолғының көзі тіпті аянышты. Тізімін әйнекке жапсырып, мөлие қалыпты. Амал жоқ, оны да алдым. Және біреуі өтінді. Оның да көңілін қалдырмадым. Тағы да біраз жәудiр көздің сауабына қалар ма едім? Кезектегілер ала көздерімен атып, күңкілдей бастамағанда...
...Артынып, тартынып шыққан мені сырттағы жәудiр көздер "халық батырындай" қарсы алғаны да рас. Тіпті біреуі бетімнен сүйіп алды-ау деймін!.. Бұл да Аслан мырзаның "арқасында" деймін де. Алматының жаңбырының астында бүрсең қағып, Асланға алданып, оқулықтың кезегінде тұрғандар бізге қызыға қарап тұрды.
Арман Сқабылұлы,
facebook парақшасы
БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ АРҚАСЫНДА "ҚОЖА" БОЛДЫМ
2015 ж. 08 қыркүйек
2196
1