– Шаһизада сізді соңғы уақытта көгілдір экраннан сирек көретін болдық. Байқауымша шығармашылығыңызда біраз үзіліс болған секілді...
– Аса қатты үзіліс болды деп айта алмаймын. Бірақ мен өнерден ешуақытта кеткен емеспін, кетпеймін де. Жиырма бес жыл бойы сахнадамын. Бір кездері өзімнің қосалқы жұмысыма, дәлірек айтқанда, бизнесіме байланысты біраз уақыт өнерден шеттеген де кездерім болды. Аяққа тұрғалы, күні бүгінге дейін, туған-туыс, бауырларыма, жақын достарыма көмектесіп келдім. Қазір де аянып жатқан жоқпын. Әйтсе де, мен біраз өзіме көңіл бөліп, ары қарайғы өмірімді ойлап, бизнеске кірістім. Қазір қаржы кеңесшісімін. Бұл салада жүргеніме он жылдай уақыт болды. Қазір Аллаға шүкір, аяғымнан тік тұрып, өз бизнесімді нық қаладым. Бұрын да мол қаражат тапқан кездеріміз болды. Сол тапқан көп ақшаны оңды-солды жұмсадық та.
Аллаға шүкір, бүгінде нені қайда жұмсау керектігін жетік меңгеріп жатқан жайым бар. Өзім жеті ағайындымын. Сол жеті баланың ішінде менің несібем зор болды деп айта аламын. Бауырларымның барлығына көмегімді аяған емеспін. Солардың жайын ойлап жүргенімде уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппын. Жолдасым Асан Құрманбек – қаржыгер. Маған осыдан он жыл бұрын: «Ақша қолдың кірі, өмір бойы бола бермейді, оңды-солды шашып жүргенің дұрыс емес, құнды қағаздармен дұрыс жұмыс істей білу керек» – деді. Мен де бірден келісе кеттім. Қазір бизнес саласындағы жұмыстарымның нәтижесінде бейнебаян түсіріп, әндер жазып, концерт бергелі жатырмын. Қазіргі таңда білікті продюсер, директор Айнұр Хамен екеуміз біраз жұмыстар атқарып жатқан жайымыз бар.
– Жақында ғана Әлішер Кәрімов екеуіңіз дуэт құрып, бейнебаян түсірдіңіздер. Естуімізше, бейнеклип сіздің көңіліңізден шықпапты. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз...
– Мен ешқашан өз өнеріме жүз пайыз ризамын деген емеспін. Себебі, әрдайым ізденіс үстіндемін. Үнемі халықтың көңілінен шығуды ойлап, есте қаларлықтай әндер мен образдар жасағым келеді. Бұл жолғы бейнеклип көпшілікке ұнап жатыр. Бірақ, барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Ол заңдылық деп білем. Әлішер екеуміздің дуэт болып жаздырған туындымыз негізінде әдемі. Әйтсе де, бейнебаянның режиссері Ернар Нұрғалиевке: «Мына бейнеклипті, ең біріншіден, ұстап тұрған Әлішер екеуміздің атымыз, содан соң орындаған әніміз, үшіншіден, әннің әдемілігі, басқа есте қалар ештеңе жоқ» дедім. Шындығында да солай. Жалпы айтар болсам, мұндай бейнебаяндар қайталана береді, ерекше сюжет, образ деген дүниелер жоқ. Сондықтан, көңілімнен аса шықпағанын режиссерге ашық айттым. Шыны керек, бұл бейнебаян көп мөлшерде кеткен қаржыны ақтамады. Сосын берген қаржының тең жартысын қайтарып алдық. Мен бірінші рет клип түсіріп жатқан жоқпын, оң-солымды білетін өнер адамымын. Сондықтан да бізді ешкім алдай алмайды. Мүмкін менің бұл жердегі қателігім – сеніп барғандығым шығар. Десе де, ең бастысы, халықтың көңілінен шыққандығы. Шүкір, жаман емес. Жақсы пікірлер, тілектер айтылып жатыр.
– Алдағы уақытта үлкен кеш ұйымдастыру жоспарыңызда бар екен. Қай қалада өткізілмекші, несімен ерекшеленеді?
– Осыдан он бес жыл бұрын жеке есеп беру кешімді ерекше қылып өткізгенмін. Күні бүгінге дейін теледидардан көрсетіліп тұрады. Бұл жолы да бұйыртса сондай әдемі, керемет, есте қаларлық кеш өткізгім келеді. Сондықтан, қазір үлкен ізденіс, дайындық үстіндеміз. Қазір барлығын айту жөн деп санамаймын. Оның барлығын жақындағанда білетін боласыздар.
– Шаһизада сіз туралы жұрт: «Шаһизада ең алғаш сахнаға шыққанда көзінде бір мұң бар еді, ал қазір бір ізгі махаббат, сезім бар» деген пікір білдіріп жатады. Сол қаншалықты рас? Шынында, қазір сіздің туындыларыңыздың көпшілігі сезім, махаббат тақырыбына арналғандай...
– Әрине, ол кезде жолдасым болған жоқ, жалғыз едім. Ол кезде тіпті, махаббатты ойлауға уақыт та жоқ еді. Қазір Аллаға шүкір жан жарым жанымда. Маған махаббат сыйлап, ақыл айтып, демеу болып отыр. Мен оған өз ризашылығымды, сезімімді ән арқылы жолдағанды ұнатамын. Біздің жасымызда сезімге толы сөздер айту дөрекілеу көрінетін секілді. Жолдасым өзіне арналған әнді тыңдап отырып, мені одан сайын жақсы көре түседі. Мен оны сеземін (күлді).
– Мысалы, сахнада Шаһизада дегенде бірден көз алдымызға шығыс стиліндегі әдемі әнші елестейді. Сіздің сол образды қалыптастыруыңызға не себеп болды?
– Бір концертте «Шығыс қызы Шаһизада» деп атады. Бірақ кімнің айтқаны есімде жоқ. Содан бері барлығы мені солай атап кетті. Шаһизада деген атымның өзі де ерекше ғой. Сондықтан, атыма затым сай болуы керек те шығар. Кейбіреулер: «Шын есіміңіз кім, Шаһизада деген лақап атыңыз ба?» деп те сұрап жатады. Төлқұжатым бойынша, шын есімім – Шаһизада. Бұл есімді маған елге сыйлы молда кісі қойған екен. Халықтың да сұрағына жауап ретінде, өзімнің де көңілімнен шығатын стиль – шығыс стилі болғандықтан, сондай образ қалыптастырдым.
Сұхбаттасқан
Аружан ШОРМАНОВА