Сыр саңлағы

11-бетке фото Сыр өңірінің атын шығарған азаматтар аз емес. Алқалы ел ардақ тұтқан абзал жандар өзінің ерекше қасиеттері арқылы жалпақ жұрттың жүрегінен жол таба біледі. Абыройы асқақ, беделі биік болады. Туған жер топырағынан тыс жерге барғанда сол кісілер жайында жылы лебіз білдіріп жататыны тағы да рас. Өзіміздің өңірде де ондай азаматтардан ақыл сұрап, сый-құрмет ретінде төрге оздырады. Біле-білген ағайынға осының өзі үлкен мәртебе, зор мерей, екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Адам баласы өзінің жүріп өткен жолдарына бір уақ зер салып, ой елегінен өткізіп көрген сәтінде мерейін тасытатын игі істерге көңілі тоғаяды. Сондай зиялы жандарды көргенде сол кісілер секілді толайым табыстарға жетуге талап ететініміз рас. Бүгінгі таңда қазақ қоғамы ғалым атаулыдан ешбір кенде емес. Дей тұрсақ та, олардың арасында шоқтығы биік, әрбір еңбегі елдің есінде қалатын елеулі кісілер соншалықты көп деп айта алмайтынымыз анық. Әрине, ғалым ретінде зор жетістікке жету үшін іргелі шаһарда тұру шарт емес секілді. Қарапайым қалпымен-ақ алыс-жақындағы дүйім жұртты мойындатып, ғылым саласына сүбелі үлес қосу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған мықтының мықтысы, таланттының таланттысы ғана қол жеткізе алады. Қазір тек Сыр жұртшылығы ғана емес, әрісі көрші жұрт, берісі еліміздің кез-келген өңірі жақсы танитын азамат ретінде Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовті зор ықыласпен айта кетуіміз лазым. Ағамыз өзінің өмір жолында ғылыммен қатар басшылық қызметтер атқарды, халық қалаулысы атанып, елдің мүддесін жоғары мінбелерде айтты. Қай қызметте де халықтың мұң-мұқтажына ең алдымен зер салып, сол мәселені шешу мақсатында қал-қадерінше еңбек етті. Біз секілді ізін басқан інілері үшін солардың барлығы да үйренетін үлгі болды. Өнегелі іс әрбір азаматты өрге бастырады... Арман жетегімен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алдық. 1996 жылы Журналистика факультетін тәмамдадық. Сол жылдың мамырында біздің факультетке Қызылордадан университет ректоры келіпті деген хабарды құлағымыз шалды. «Ол кісі неғып жүр екен?» сауал көкейімізде қылтиды. Кейіннен білгеніміздей, жай жүрген жоқ екен. Факультеттің сол жылғы түлектерін Сыр бойына шақыра келіпті. Туған жердің дәм-тұзы бұйырған шығар, көп ұзамай Қызылордаға келдік. Жергілікті университетте Журналистика бөлімі тұсауын кескен екен. Игілікті істің басында Алматыда өзіме дәріс берген ұлағатты ұстаздарым – Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріпов бар. Мен алғашқыда оқытушылыққа шақыру алған едім. Дегенмен, уақытынан шамалы кешігіп келгенім бар, студенттерге дәріс оқудың реті келген жоқ. Университет басшысы Бақберген ағамыз маған жоғары оқу орнының редакциялық-баспа бөлімінде қызмет атқаруға ұсыныс жасады. Сол жерде «Қызылорда университеті» газетін шығаруға мүмкіндік туды. Басылым атын олай қоюдың да себебі бар. Сол жылдарда бұрынғы педагогикалық институт іріленіп, университет мәртебесіне ие болған еді. Сондықтан, басылымға солай деп ат қойсақ деген шешімге келдік. Ұстаздарымның ақыл-кеңесімен газет жұмысы басталып кетті. Әрине, өзге редакция секілді мұнда толып жатқан адам жоқ. Барлық жұмыс өзіңе жүктелген. Бауыржан және Амантай ағаларым – республикалық газет-журналдарда ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, бұл саланың ыстық-суығын әбден сезінген жандар. Білмегенімді сол кісілерден сұрап аламын. Осылайша жоғары оқу орнының жаңа басылымының тұсауын кестік. Онда университет жаңалықтары, студенттер шығармашылығы, қызықты ақпараттар және өзге де тақырыптар жан-жақты қамтылды. Жастар өз туындыларын сол басылымда шығаруға ынтасын білдірді. Газетті айына бір мәрте шығарып тұрдық. Бақберген ағамыз ректор бола тұра сол басылымның ойдағыдай шығуына атсалысты. Кейбір басшылар секілді «Өздерің шығарып алыңдар» деп кеудемсоқ пейіл көрсеткен жоқ. Газетіміз шағын болса да қызғылықты болуы үшін ақыл-кеңесін айтып отырды. Осының өзі ағамыздың қарапайымдылық қасиетін көрсетті. Өйткені, жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас маман қай кезде де тәжірибелі азаматтар алдында бүгежіктеп, өзінің ой-пікірін білдіре алмай, тосылып қалатыны жасырын емес. Ағамыздың кең пейілінің арқасында газет жөнінде ұсыныс-пікірімізді білдіріп, ол кісінің сол жайында ұйғарымын біліп отырудың сәті түсті. Бұл мен үшін жұмыс істеуді жеңілдетті. Газеттің әрбір нөмірін қызықты етіп шығаруға қолдан келгенше күш салуға қанат бітірді. Сол жылдарда еліміздің алмағайып кезеңді бастан кешіп отырған шағы еді. Алаш жұрты арайлы азаттық таңының нұрлана атқанына қуанды. Дегенмен, мемлекетіміздің енді-енді қалыптаса бастаған уақытында халықтың әлеуметтік жағдайы толықтай оңала қойған жоқ болатын. Осы тұста істің көзін білетін іскер басшылардың қажеттілігі туды. Одан қалды, Сыр өңірінің еліміздің өзге аймақтарынан айырмашылығы жер мен көктей. Бұрыннан аграрлық салаға арқа сүйейді. Ірі өндіріс орындары жоқтың қасы. Облыста мұнайға түрен тигеніне көп уақыт бола қоймаған. Қазына қазанына қаржы түсірудің өзі оңай шаруа емес. Қызылорданы облыс орталығы демесеңіз, түрлі проблемасы бастан асады. Шаруа шаш етектен. Бұл жылдарда облыс басшысы қызметінде Бердібек Сапарбаев болатын. Облыс әкімі қаланың қан тамырын қыж-қыж қайната білетін азамат ретінде Бақберген ағамызға қолқа салды. Бұрынғы жылдарда тек ғылым саласында жемісті еңбек еткен ол кісі осылайша Қызылорданың қым-қуыт қарбалас тіршілігіне араласты да кетті. Жергілікті жұрттың назарын аударған мәселе – Қызылорданың арнайы экономикалық аймақ есебінде жұмысын бастауы. Оның қандай өзгешелігі бар, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қаншалықты септігін тигізе алады? Бұл көптің көкейінде жүрген сауал еді. Оның келешегі жөнінде сол тұста көңілде түрлі күмәнді ойдың қонақтап жатқанын несіне жасырамыз? Әрбір істің жөн-жобасын білетін басшылар бұл игі бастаманы халықтың игілігі үшін қолға алды. Бұрынғы кезеңде қолға алынбаған іс болса да тәуекелге бел буды. Сондай-ақ, сол бір жылдарда Қызылорда қаласында қос бірдей бұқаралық ақпарат құралы тұсауын кесті. Қазіргі күні аймақтың жүрек лүпілін тап басып көрсете білетін Қоғам-ТВ алғашқыда арнайы экономикалық аймақтың шарайнасы ретінде жұмысын бастаған еді. Өңірдің тыныс-тіршілігіне өзіндік үнін қосып жүрген «Ақмешіт ақшамы» басылымы да әуелгіде қалалық газет болды. Осының өзі Бақберген Сәрсенұлының БАҚ өкілдеріне оң көзбен қарайтынын тағы да бір мәрте дәлелдесе керек-ті. Көп ұзамай-ақ арнайы экономикалық аймақтың елге пайдасы тие бастады. Мұндай жемісті еңбекті жергілікті жұрт көзбен көрді. Оны күнделікті өмірінен сезінді. Ілгеріде бұйығы қалпында сырт көзге тыныс-тіршілігі сезіле бермейтін Қызылорданың бұл жаңашыл бастамасы еліміздің өзге өңірлеріне өнеге болды. Осылай айтуымызға толық негіз бар. Себебі, бізден кейін арнайы экономикалық аймақ атанған қалалар біршама еді. Олардың барлығында да осындай игілікті іс қолға алынғаны қуантады. Оның әрбірі елдің жағдайына оңалтуға, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың түзелуіне зор үлесін қосты. Сондай оң бастаманың әуелі біздің топырақта бастау алғаны Қызылорда жұртшылығы үшін зор мақтаныш. Сол ілкі істің ілгері басуына Бақберген ағамыз секілді беделді басшылар көп еңбек сіңірді. Оған ешкім де дау айта алмайды. Қазына қазанына қыруар қаржы түсіп, көпшіліктің әл-ахуалы бұрынғы уақыттан көп түзеліп қалды. Қаладағы көптеген түйінді мәселелердің шешімі табылып, ұзақ жылдардан бері күрмеулі күйде қалып келген сан алуан жұмыстар оң бағытта өрби түсті. Қай істе де білікті, білімді, іскер, жауапты азаматтың атқарған еңбегі елдің назарында болады. Қалауын тапса, барлық тірлік өз деңгейінде атқарылады. Оған ең алдымен ынта-ықылас, талап, қажыр-қайрат, жігер қажет. Бұл – өмірдің заңдылығы. Сырт көз – сыншы десек, ол кісінің әрбір шаруаның тыңғылықты атқарылуына ерекше маңыз беретінін аңғаратын едік. Бүгінгі таңда елдің өмірінде ондай соны жаңалық көріне қоймайтын істердің бастауы сол бір жылдарда жасалғанын айта кетуіміз лазым. Қазіргідей емес ол уақытта қаржы тапшы, қол қысқа болды. Дегенмен, бүгінгі күннің беделінде атқарылып жатқан ауқымды істердің басым бөлігіне негіз қаланды. Осының өзі сол жылдарда басшылық қызметте болған азаматтардың алысты болжай білгендігі деп айтуға толық негіз бар. Соның бірі – Қызылорда қаласын газдандыру жобасы. Біз сан алуан алқалы жиындарға барған сәтте бұл жоба жөніндегі ұсыныс-пікірлерді құлағымыз шалып қалатын. Жасыратын несі бар, сол бір кезеңде жалақы, зейнетақы, жәрдемақы төлеу мәселесі өткір проблеманың бірі еді. Мұндай қиын уақытта алдағы күннің бедерінде осындай жаңалықтар болады дегенге екінің бірі сене қоймайтын. Ол құр қиял секілді көрінетін. Десе де басшылық қызметінде ғылымның көптеген тетіктерін шебер пайдалана білген абзал азаматтар осылайша өңірдің жарқын келешегіне негіз қалай білді. Одан бергі жылдарда сол жобадан өзге де іргелі істер ілгері басып, халықтың жоғары бағалайтын ілкімді еңбектеріне айналды. Қазекем «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген тәмсілін осындай ардақты азаматтардың оң жұмыстарына көз сала отырып, жүрек түкпірінен шығарған болуы керек-ті. Қызылорда халқы Бақберген Сәрсенұлының халық қалаулысы атанып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында елдің жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген игі істердің ұйтқысы болғанын жақсы біледі. Бұл орайда ол кісінің экономика саласындағы алғыр қабілеті көзге көрініп тұратын. Үлкен мінбелерде, республикалық басылым беттерінде ауқымды мәселелерді көтере білді. Олардың барлығы дерлік заң жобаларын, өзге де құжаттарды жасау барысында назарда ұсталғаны белгілі. Ағамыздың білім саласында атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Бүгінгі таңда аймақтағы жоғары оқу орындары арасында зор беделге ие болып отырған «Болашақ» университетінің іргетасы сонау жылдарда қаланды. Қазір ол тек біздің өңірде ғана емес еліміздегі беделді оқу орындарының қатарына қосылды. Материалдық-техникалық базасы жақсарды. Сыр өңірінің өміріне қажетті сан алуан мамандықтар ашылды. Оған білікті мамандар тартылды. Осындай іргелі істері ағамызды шебер ұйымдастыра білетін қабілетін айғақтай түседі. Біз, ізін басқан інілері аға буынның жақсы істерінен үлгі аламыз. Сондай жаны жайсаң азаматтың бірі ретінде Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовті зор мақтанышпен айта аламыз. Ағамыздың алдағы уақытта атқаратын істері аз емес екеніне толық сеніммен қараймыз.

Әділжан ҮМБЕТ, "Қазақ үні" газеті