Ақын тойында «Еңлік-Кебек» ескерткіші жаңарды

enlik kebek Семейден шығып жер кіндігі Жидебайды бетке алған жұрт Абай елінің шетіне іліккеннен аңызға айналған тарихи ескерткіштердің куәсі бола бастайды. Күшікбай асуы, сырт Қасқабұлақ, Бөрілі деп басталып кете беретін жер атауларының астарына үңілсеңіз өздері-ақ сайрап қоя беретін қасиетті мекенде ел назарын аударатын тағы бір ерекше нысан бар. Ол – «Еңлік- Кебек» ескерткіші. Расын айту керек, бұрындары Қарауыл мен Семейдің арасында қатынаған жолаушылар арнайы қонақтары болмаса, ескерткіш басына көп аялдай бермейтін. Аялдаған күннің өзінде естелік суретке түсіп, ару Еңлік пен батыр Кебектің тағдырын талқылаумен шектеліп, жөндеріне кететіні шындық еді. Сол себептен да бұл жердің қадір –қасиетін кеңінен ұғыну үшін бір демалыс орнының қажеттігі білініп тұратын. Міне, Абай тойы аясында осынау олқылықтың орны толды. Күні кеше құлазып көрінетін ескерткіш енді көз тартатын әдемі кейіпке енді. Алдымен соны баяндалық. Ғашықтар мазарының айналасы асфальтталып, ескерткіш басына келгендер отырып әңгімелесуіне қажетті темір күркешік орнатылды. Ал қасына елік бейнесі жарасқан Еңлік-Кебектің мүсіні махаббат құрбандарының басына келушілер үшін мағыналы әсер береді. Туындының авторы – жергілікті мүсінші, Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебінің мұғалімі Ертіс Тәтиев. -Әрине, мүсінші ретінде іске кіріскенде қай туындының болсын тарихи маңызына назар аударасың ғой. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» поэмасында ғашықтардың бастан кешкендері әсерлі баяндалады ғой. Соны негізге алып, ұлым екеуіміз бір жарым ай ішінде жасап шықтық. Ескерткішті жасағанда қос мұңлықтың психологиялық ішкі жандүниесінің дұрыс көрінуіне назар аудардық. Екі ғашықтың қасына елікті қоюымыздың да өзіндік мәнісі бар. Кебек Еңлікке аң атып жүргенде кез болмай ма?.. Сол аңның символы ретінде елікті таңдадық. Өз ойымша жаман шықпаған сияқты. Оның бағасын беретін әрине, халық. Ең бастысы бұл іс «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу бағытында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков пен облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битеновтердің мұрындық болуымен жүзеге асты,-дейді Е. Исайынұлы. Енді ел қуана қабылдаған тағы бір жақсылыққа тоқталайық. «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басына келгендер енді ат шалдыратын да орын бар. -Расын айту керек, бұл бұрын да көпшіліктің көкейінде жүрген, бірақ, қолға алар азаматын күтіп жатқан жер еді,-дейді Қарауылдан әдейілеп келген Ботабек ақсақал. -Енді міне, Семейдегі «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, ШҚО мәслихатының депутаты Марат Құрманбай Абайдың 170 жылдық тойына тарту ретінде демалыс үйін өз қаражатына салып беріп отыр. Семейде, Абыралы өңірінде Мараттың аты жиі естіледі. Өйткені, ол елге керекті дүниелерді жүзеге асыруға өз қаражатын, қажыр-қайратын жұмсап жүрген азамат. Осынау жерден дәмхана ашқаны өз алдына, жергілікті азаматтарға жұмыс орнын ұсынғанына да разы болып отырмыз. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы. Тоқ етерін айтқанда, біздің «Шіркін, осы жерді иелігіне алатын адам болса» деген арманымыздың орындалуына себепші болды. Демалыс үйінің ашылуына куә болған Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен Шыңғыстаудың ел тарихын жақсы білетін аузы дуалы ақсақалдары осынау ісі үшін Марат Құрманбайға зор алғыстарын білдіріп, ілтипат көрсетті. Шындығында да «Сүйер ұлың болса, сен сүй сүйінерге жарар ол» деп хакім Абайдың өзі айтқандай, мәслихат депутаты ретінде де жергілікті жұрттың ойында жүрген мәселелерді шешуден сырт қалмайтынын осы шаруаның өзі айтып тұр. Демалыс үйінің жарық көзін, суын өз қаражатына тартып, құрылысын да жылдам аяқтатып елге ұсынған меценат осыдан 20 жыл бұрын, 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланғанда да кәсіпкерлік үлесін қосқанын айта келіп, алда да осы төңіректе жақсы істер жалғасын табатынын айтты. Жалпы, толықтай кешенге айналдыру үшін оған қомақты қаражат бөлу де ойда бар. - «Еңлік-Кебек» ескерткішіне келгендер, осы тұстан өткен жолаушы болсын, аялдап, дәм татуына болады. Жолаушыларға ұсынылатын ұлттық тағам өнімдері өзіміздің «Құрманбай» шаруа қожалығындағы төрт түліктен бұйырады, - дейді Марат Серікжанұлы. – Ет жеп,қымыз ішумен бірге ыстық бауырсақ жеп, шай ішкенінің өзі бір ғанибет емес пе?! Иә, шежірелі Шыңғыстау үшін биылғы Абайдың 170 жылдық тойының аясында атқарылып жатқан игілікті істер аз емес. Оның қай-қайсына тоқталсақ та рухани-мәдени жағынан ғана емес, елдік бірлік тұрғысынан да маңызы айрықша. Жоғары да баяндап өткен жағымды жаңалығымыз да сол істердің бір парасы. Сәтжан Қасымжанұлы, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы. qazaquni.kz enlik kebek 2   ЕҢЛІК - КЕБЕК «Еңлік-Кебек» қасіретнамасын Мұхтар Әуезов 20 жасында жазды. Еңлік-Кебек! Зарнамаға жырыңды келдік теңеп, Қасіреттің бағасын бердік бөлек... Естілерге ескерту жасап кеткен Ессіз ғашық болумен Еңлік-Кебек!   Қорған болар қол созып кім оларға?... Белден кешер бейнетін біледі алда... Сүю деген ─ сүйел ме көзге шыққан, Сүйекке дақ түсірмес сүре бар да...   Жаным күйді жаралы жайға менің, Қайыры бұл даланың қайда дедім?.. Махаббатқа өртенсе екі ғашық ─ Қаталдықты қалаған қайран елім...   Дүбірімен елді бұл елеңдетіп, Нелер келді өмірге нелер кетіп... Ойқұдықтың осы бір оқиғасы Ой құдығын кетті ме тереңдетіп...   Өтседағы өксіген жылдар лезде, Шемен болды шер жұтқан жырлар да өзге... Еспембеті заманның есіркемес, Кеңгірбайы кектеніп тұрған кезде...   Ессіз ғашық ─ Есіл ер ─ Еңлік-Кебек!.. Ұлықтаған ұлт едік елдікті ерек... Құрбан етер құдірет ─ сүю деген, Махаббатқа осындай Ерлік керек!.. Қазыбек ИСА Жидебай-Семей-Алматы. 30.09.2007