Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет министріне ойлануға кеңес берді
2015 ж. 24 шілде
2861
2
Қазақстанның белді әртістері “халық қаржысына негативті фильмдерді түсіруді тоқтатуға” шақырған Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиді сабырлыққа шақырды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Мәдениет министрі «Қазақстанды масқаралайтын» деп қара тізімге енгізген кино жайында пікірін білдіріп, жұртшылықты тағы бір дүрліктірген еді.
Айтуынша, Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары», «Риэлтор», Әділхан Ержановтың «Қожайындар» атты туындаларын шетел түгілі елде көрсетуге қарсы. Бір адам көрмеген осы фильмдер халықаралық байқаулардан топ жарып жатқанын елегісі келмейтін министрге, өнердегі әріптестерінің өкпесі де қара қазандай.
ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов еліміздің мәдениет және спорт саласына жауапты шенеунікке: “Бәлкім, министр ініміз ойланар, толғанар. Бұл алашапқын дүниеменен дырдулап, ала шауып, қырып тастаймын, алып тастаймын дегенмен дүние бітпейді. Керісінше кәсіби мамандарды бағалау керек. Солармен ақылдасу керек. Бәрін біле беру мүмкін емес қой”, – деген кеңесін берді.
Бұдан былай Мәдениет министрі енді бюджет ақшасына «Қазақфильм» түсіретін туындыларды жеке өзі бақылауға алмақ.
Арыстанбек Мұхамедиұлы жас режиссерлердің азғындықты, қоғамның көлеңкелі тұстарын емес, елдегі жақсылықты көбірек насихаттағанын қалайды. Тіпті тақырыпты да өзі тауып беріп, атыс-шабыстың орнына миллионерлер жайлы кино түсіруге кеңес берді.
nur.kz