Дархан дала дарабозы
2015 ж. 15 шілде
2437
0

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ИЕГЕРІ, ЖАЗУШЫ СӘБИТ ДОСАНОВ ТУҒАН ЕЛ ҚҰШАҒЫНДА
Академик Серік Қирабаев: «Күні бүгінге дейін жалпы көлемі 30 томдай көркем шығарма жазып жарияланған Сәбит шығармашылығы біздің ұлттық әдебиетіміздің бағалы үлгілерінің бірі» деп бағалаған жазушы Сәбит Досановтың 75 жасқа толған мерейтойы туған жері Қостанай облысында жалғасты. Облыс орталығындағы «Мирас» мәдениет сарайында өткен салтанатты кеште облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов кіріспе сөз сөйлеп, қазақы дәстүрмен жазушының иығына шапан жауып, темір тұлпар сыйлады.
Туған жеріне келген Сәбитіне өз елі де зор құрмет көрсетті. Бастауын сонау Мәскеуден алған бұл іс-шара Қырғыз елінде тойланса, өзі тұрып жатқан Алматыда он екі елдің құрметті қонақтарының қатысуымен аталып өткені белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын алған жазушының мерейтойы Қостанай қаласында жалғасты. Жазушының туған елі Байғабыл топырағында ата-баба рухына тағзым етіліп, құран оқылды, ас берілді. Аманкелді ауданының орталығындағы Қазыбек Әбенов атындағы Мәдениет үйіндегі салтанатқа жазушының достары, Ресей елінің ақындары Л.Щипахина, Н.Попова, Әзірбайжан жазушылары И.Хасиев, Э.Маммадов, сонау Түрік елінен Ш.Назми, өзбекстандық М.Исламқұлов, Қырғыз Республикасындан А.Абдықалықов, М.Ааматов арнайы бірге еріп келіп жазушымызға деген ыстық ықыластарын білдірді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастаған көрнекті тұлғалар, Қазақстанның Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов қостаған өнерпаздар мен ақын, жазушылар мерейтойдың салтанаты мен салмағын арттыра түсті. Қазақтың белгілі ақындары Қасымхан Бегманов пен Қазыбек Иса бастаған ақын-жазушылар Сәбит Досановқа арнаған өлеңдерін оқып, мерейтой иесімен қоса қалың жұртшылықты да риза етті. Бұл мерекелік шараға жазушының жары, академик Құралай Аққошқарова да қатысты.
Сүгірбай НҰРМАН, Арқалық қаласы, «Қазақ үнінің» тілшісі