Қазақ хандығы туралы фильмді түсіруге 1 миллиард теңге жетпей қалды
2015 ж. 09 шілде
3054
10
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмді түсіруге бөлінген 5 миллион доллар дайындық жұмыстарынан артылмай қалған деп хабарлайды КТК арнасы.
Қыруар қаржы костюм мен декорация дайындап, кастинг жүргізуге ғана жетіпті. Енді сценаристер сюжет желісін қысқартуға мәжбүр. Яғни, басында айтылғандай фильмде 4 емес бір ғана – Жәнібек ханның билік құрған кезі көрсетілмек.
«Қазақ елі» деп аталатын сериал Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп шығып, қазақ мемлекетінің негізін қалаған тұсынан басталуы керек болған.
15-ші ғасырдың ортасындағы геосаяси жағдай мен хандыққа төнген қауіпті жан-жақты көрсету де жоспарланып еді. Бірақ енді оның біразын көрсету мүмкін болмай тұр. Өйткені, бөлінген 5 миллион доллар декорация мен костюмнен артылмапты. Оның үстіне уақыт та тапшы. 10 бөлімнен тұратын картина жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.
“2 апта отырып сценарийді қайтадан қарап шықтық. Бұрынғыдай сол 10 серия болып қалады, бірақ оқиғаның өрбу уақыты қысқарып отыр. Егер бірінші нұсқада Жәнібектің, Жәнібек ханның дүние салуымен, сосын Қасым мен Бұрындыққа өсиет айтуымен біткен болса, ендігі мына қысқартылған нұсқасында Жәнібектің таққа отыруымен ғана аяқталмақ”, – дейді кинорежиссер Рүстем Әбдірашев.
Қаржы тапшылығына байланысты әскери киім үлгісінің саны қысқартылып, жоспарланған 23 киімнің орнына тек 11-і дайындалмақ. Оның өзі Қытайда тігіледіҚаржы тапшылығына байланысты әскери киім үлгісінің саны қысқартылып, жоспарланған 23 киімнің орнына тек 11-і дайындалмақ. Оның өзі Қытайда тігіледі екен. Декорациялардың да саны айтарлықтар азайған. Енді фильмнің басы-қасында жүргендер қосымша қаржы іздеуге мәжбүр.
“Бізге берілгені 5 млн доллар. Оның басым бөлігі костюмдер мен декорацияны дайындауға, актерлерге кастинг жүргізуге жұмсалды. Сондықтан демеушілер іздеп жатырмыз”, – дейді жоба продюсері Арман Әсенов.
Енді демеуші табыла қойса, фильмді түсіру жұмыстары қыркүйекте басталуы тиіс. Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында үлкен экранға шықпақ. Сондықтан шығармашылық топ, уақытында үлгеру үшін Моңғолия мен Қытайдан мамандарды шақырту көздеп отыр.
Бірақ бұл жағдайда фильмнің бюджеті көбеймесе азаймайтыны анық. «Қазақфильмге» енді алдымен қаржысы мол демеуші табу керек.
Дереккөз: КТК