Елбасы туралы жаңа кітап жарық көрді

с.сс. Тұсаукесер Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Ұлы Дала генераторы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынды химия ғылым­дарының кандидаты, доцент Ж.Дәрібаев жүргізіп отырды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазірет Тұрсын кітапта көтерілген өзекті мәселелердің маңызына назар аударды. Кітап авторы, ф.ғ.д., университет профессоры Сейдолла Садықов Ұлт көшбасшысының туған халқы алдындағы еңбегін жан-жақты көрсете білген. Ежелгі Түркістанның өсіп-өркендеуіне, Түркістан мемлекеттік университетін ашу жөніндегі идеяны қолдап, Халықаралық қазақ-түрік университетіне жасап отырған қамқорлығы да кеңінен әңгімеленеді. Рәсімде қосымша баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Камалқызы еңбектің «Мәңгілік елдің ұлттық идеясы», «Ұлттық мемлекеттік құрылыстың өзекті мәселелері» деп аталатын бөлімдеріне баса тоқталып, автордың Елбасы­мыз­дың тіл, діл, дін тағы да басқа бағыттарда атқарып отыр­ған еңбектерін кеңінен са­ра­лай білгенін тілге тиек етті. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде университеттің вице-президенті, профессор Т.Райымбердиев, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Қ.Ергөбек, Филология фа­культеті Қоғаммен байланыс орталығының басшысы, университет профессоры Б.Сердәлі өз пікірлерін білдірді. Кітап авторы С.Садықов «Нұр Отан» партиясы Түркістан қа­лалық филиалы мен университет басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды. Тағы бір айта кетерлігі, осы кітап жайлы Президент кеңсе бастығы М.Қасымбековтен құттықтау хат келіп түсті. Онда кітаппен Елбасының танысып, авторға алғысын білдіргені жазылған. Кітап Президент кітапханасының қорында сақталатын болады.

Жанар БЕЙСЕНБАЕВА, Түркістан қаласы