Қытайда алғаш рет Абай оқулары өтті

Қытайда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына арналған шаралар өтті. Бейжіңде алғаш рет өткізіліп отырған Абай оқуларына танымал қытайлық және қазақстандық қоғам қайраткерлері, сонымен қатар, жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Барша қазаққа ардақты әрбіріміздің жанымызға жақын бір есім бар. Ол – Абай есімі. Қазақтың бас ақыны туралы сөз болғанда ойымызды жүйелеп, сөзімізді салмақтап, саралап аламыз. Бейжіңдегі Абай оқуларына қатысушылар да тыңғылықты дайындалған. Қазақстандық студенттер, жергілікті қазақтар қара сөздің майын тамызып, ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды.

Қытай астанасындағы ең көрікті саябақтардың бірі Чаояңда Абай ескерткіші 2012 жылы орнатылған болатын. Бүгінде бұл жер Бейжіңдегі қазақтар жиі серуендеп, рухани демалатын жерге айналған. Алдымен шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Содан кейін қазақ және қытай ақындарының өлеңдері оқылды.

Ел болашағы жастарды кемел келешекке бастайтын қайнар бұлақ – Абай мұрасы.

«Ақынның сөздері мен өсиеті өміршең, ғасырдан-ғасырға ескірмейтін асыл ойларымен қымбат», – дейді Абай шығармаларын қытайша сөйлеткен Қабай ақсақал. «Бірақ бұл елде менен басқа ақынды зерттеп, аударушылар жоқ», – деп қынжылады қарт аудармашы.

Қабай, әуесқой аудармашы:

- Меніңше біздің елімізде Абайды тануымыз әлі жетерлік емес. Мәселе Абайды үгіттеуіміз оны аударуымыз аз. Абайды мен жалғыз аудардым. Абайдың кітабын бір адам ғана емес, қанша адам аударса, сонша көп болады.

Абай шығармашылығы жастардың білімді, отансүйгіш болып өсуіне ерекше әсер етеді. Әркімнің де рухани әлемін байытып, ой-өрістерін кеңейтеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген бір ғана сөзі бүкіл адамзат баласын татулыққа үндейтін ұлағатты сөз», – дейді Фариза Айтілеуова.

Фариза Айтілеуова, Қытай Мұнай-газ университетінің студенті:

- Абай атамыздың 170 жылдық мерейтойының басы деп білеміз. Әрі қарай да Қазақ елінде ғана емес, өзге де елдерде біз секілді қазақ студенттері тойлайды деген үміттеміз. Ұлы ойшылдың асыл сөздерін ұрпақ санасына сіңіру үшін Абай оқуларын жылда өткізу жоспарда бар.

Khabar.kz