Бауыржан атамыздың сөзінен артық қандай құжат керек бізге?!.
2015 ж. 23 маусым
5362
5
Батырға лайық атақ кеңес кезінде берілмеді...
Біздің басылым осыдан он жыл бұрын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60-жылдығы қарсаңында, одан кейін де атақты Панфилов дивизиясында рота командирі, кейін Бауыржан Момышұлы батальон басшылығынан жоғарылап, полкке командир болып тағайындалғанда сол батальон тізгінін қолына алып, қашан 1942 жылы ақпан айында ерлікпен қаза тапқанға дейін абыройына кір түсірмей, елін, жерін ерлікпен қорғаған Мұхаметқұл Исламқұлов жайлы аз жазған жоқ. Баукеңнің өзі болса осы тағайындау туралы өзінің «Москва үшін шайқас» кітабында дивизия командирінде болған әңгімені былайша еске алды: – «Сіз өз орныңызға кімді ұсынасыз? – деп сұрады комдив. Мен: – Бізге көрші батальондағы рота командирі кіші лейтенант Мұхаметқұл Исламқұловты ұсынамын, – дедім. – Оның әкесі болыс болған, – деді комиссар. – Оның өзі болыс емес. – Мен бәрібір қарсы боламын, - деді комиссар. – Сіз менің де полк командирлігіне тағайындалуыма қарсы болғансыз!». Баукеңнің табан тіреп отырып алғанының арқасында Мәскеу үшін болған күзгі шайқастардағы қысылтаяң шақтарда оның батальонына талай рет көмекке келген рота командирі батальон командирлігіне тағайындалады... 1969 жылы Сарыағаш санаторийінде демалып жатқан Бауыржан Момышұлын іздеп барып, сәлем берген М.Исламқұловтың ұлы Қайрат Исламқұловқа Баукең өз аузымен: «Балам, мен соғыс кезінде сенің әкеңе Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы екі рет ұсыныс хат жаздым» деген екен. Батырға кеш те болса оның ерлігіне лайықты «Халық қаһарманы» атағын беру жайында біздің басылым, басқа газеттер де әлденеше рет жазғанымен, ол бастама қолдау таппады... Әйтсе де, биыл, Ұлы жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай М.Исламқұловтың атын Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы (Мұқаң – осы ауданда туып-өскен) Шұбарсу елдімекеніндегі орта мектепке беру туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы бір көшеге де ол кісінің есімі берілді. Осы жақсылық хабарды елмен бөлісу үшін марқұмның ұлы Қайрат Исламқұловтың отбасы аталарына арнап Шымкент қаласында ас берді. Біз әдетте тек, тектілік жайлы әңгіме айтқанды жақсы көреміз. Әсіресе, бүгін. Ана адамды да, мына адамды да апарып тектілердің қатарына қосып қоямыз. Олардың кейінгі кезде көбейіп кеткені сондай, біздің үлкенді-кішілі билік орындарында («жаңа қазақтар» ғой, шетінен жеті атасына бақ қонған қаракөктердің тұқымы болып шыға келді) тек қана текті адамдар отырған сыңайлы әсер қалдырады. Шын мәнінде де солай ма? Басқаны емес, біз әңгіме етіп отырған Мұхаметқұл Исламқұлов атамыздың ұлы Қайратты нағыз текті адам деп айтсақ болады. Сөзіміз жалаң болмас үшін екі ғана дәлел келтірейік. Алпысыншы жылдардан бастап Қайрекең Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтындағы (қазір ол – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) «Металдар технологиясы» кафедрасында жұмыс істей бастайды. Ғылым кандидаты. Үлгілі, озық ұстаздар қатарында. Бірақ, өкіметтің қолына қараған ол заманда тұрмыстық хал-жағдайы оңалып кете қоймайды. Дәлірек, айтқанда бірінші қабаттағы, күн сәулесі түспейтін, жартылай жертөле деуге келерлік пәтерде көп жыл бойы тұрып қалады. Жұбайы Бибіхан апамыз: «Институттың басшылығы бар, кәсіподағы бар, соларға кірсейші, пәленбай жыл еңбегің сіңген сен тұрмақ, жұмысқа кеше келгендер де жайлы да жарық, кең пәтер алып, көшіп кетіп жатыр ғой, балалар тегіс ауру болып өсіп келеді, біз қашанғы отырамыз мына сыз үйде?» деп, қанша рет қайраса да Қайрекең тырс етіп ауыз ашпайды. Қашан институт басшылығы мен қалалық атқару комитеті жаңа пәтер беру туралы шешім қабылдағанша ешкімге жағдайын айтып, өтініш жасап бармаған күйінше қалады... Екінші дәлел. Қайрекең еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Днепропетровскіде бірге оқыған жиырма шақты жігіттің бірі. Елбасы да ол кісінің ғалымдығын, турашылдығын жоғары бағалайды. Сол бірге оқыған топтағы бүгін ел басқарып жүрген азаматтарға, бейресми түрде староста етіп тағайындап қойған да өзі. Елбасы 70 жылдық мерейтойының алдында осы «украиналық» достарына арнап, бөлек дастархан жайды. Сол тойға аттанарда жеңгеміз (жалғыз жеңгеміз ғана болмаса керек...) Қайрекеңе «өмір бойы ешкімнен ештеңеге өтініш жасамаған күйі келесің, осы жолы атамызға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Президентке, досыңа бір ауыз айтсайшы. Сен оны сұрасаң өзіңе сұрамайсың ғой, Баукеңнің әруағы разы болуы үшін сұрайсың. Бәрінен бұрын ол халқымыздың болашақ ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеу үшін керек» деп қанша айтса да, «өлгеннен кейін болса да батыр атақты иелену тағдырына жазылған болса көп қатарлы алар, ал, мен сол көптен артықшылығымды пайдаланып айтпаймын!» деп шорт кеседі... ...Мұхаметқұл атамыздың соғыс кезінде батыр атағын алуына орыс шовинизмі жол бермеді. Жалғыз оған ғана емес, сол 4 жылдық соғыста 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, кем дегенде тағы да соншасы көреалмаушылықтың салдарынан сыбағасынан қағылды деп батыл айтуға болады. Және солай болуы заңды да. Себебі, соғыс дегеніміз өмірдің бір көрінісі ғой. Бірақ, жай, күнделікті өмірден оның бір басты айырмашылығы болатынын әрдайым есте ұстау керек – бейбіт өмірдегі жақсы нәрсе де, жаман нәрсе де соғыс кезінде айрықша анықтала, айқындала, бедерлене түседі. Мысалы, күнделікті өмірде қатардағы нәрсе ретінде ғана қабылданатын «адами фактордың» рөлі соғыс жағдайында аса үлкен маңызға ие болып шыға келеді. Бейбіт өмірде орын алатын әділетсіздіктен соғыс кезінде орын алатын әділетсіздік әлдеқайда ауыр, әлдеқайда қиянатты. Басқаларды айтпай-ақ қояйық, Рахымжан Қошқарбаев кеңес армиясының басшыларының аузымен айтылған Алтын жұлдыз жайлы уәденің бос сөз болып шыққанын жиі еске алған екен. Ал, Рейхстагқа Ту ілу деген аса үлкен идеологиялық маңызға ие тапсырма ретінде қаралып, әр полк өзінің жүрек жұтқан батырларының, әсіресе, барлаушыларының ішінен ең таңдаулыларын іріктеп, дайындағаны, бір сөзбен айтқанда, «Туды кім бұрын іледі, абыройды кім бұрын алады» деген бағытта жариясыз жарыс болғаны белгілі. Ол жарыс үшін ешкімді күстаналуға хақымыз жоқ, соғыс, жоғарыда айтылғандай, өмірдің өзі болғандықтан, ондай бәсекенің болуы да заңдылық. Тек полк командирі дивизия командиріне, ол майданның қолбасшысы, жеңіс жолында сіңірген еңбегі үшін Берлинді алу мәртебесі бұйырған Георгий Жуковқа: «Жолдас қолбасшы, біздің 674-полктың жауынгерлері – лейтенант Кошқарбаев пен қатардағы қызыл әскер Булатов Рейхстагқа бірінші болып Ту тікті!» дегенде, екі батырдың да фамилиясы құлағына жақпай қалған Жуков құттықтаудың орнына: «Не айтып тұрсың? Қайдағы азиаттар ту тігуші ме еді?!» деп ақырып жібергендігі баспасөзде жазылды... Мен 2005 жылы «Евразия.кз» апталығына арнап Қасым Қайсенов атамыздан сұхбат алғанымда, ол кісі: «Халық қаһарманы» атағын алып, Алтын жұлдызды кеудеме тағып, үйге келгеннен кейін, Бауыржан мен Рахымжан ағаларымнан «әруақты ағаларым, сендердің алдарыңды орап кеткенім үшін кешіріңдер мені, мен бұл атақты өзім сұрап алған жоқпын деп еңкілдеп жыладым» деп, сырын ақтарғаны бар еді...Үш жыл бойы Украинаны басып алған фашистердің үрейін ұшырумен болған сол Қасым Қайсенов атамыздың өзіне де Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмады. Оны Тканко секілділер өзара бөлісіп алды. Тәуелсіздік келгеннен кейін де дербес Украина елі оған өзінің батыр атағын қимады. Қазақ жерін дәл Қасекең секілді бір украин азаматы қорғасыншы, кеңпейіл қазақ оған бермеген атақ, тақпаған орден қалдырмас еді... Хиуаз Доспанова апамызбен бірге соғысқан орыс, еврей қыздарының да батыр атағын алмағаны кем де кем. Біз де оған «Халық қаһарманын» жүрерге шамасы қалмаған кезде, өмірден өтерінен екі жыл бұрын ғана бердік.Батырлық атақ бүгін де бұйырмай отыр...
Осы астың алдында ғана Қайрекең Ресейдің Подольск қаласындағы Орталық әскери мұрағатқа барып, Баукең жазған хаттарды табуға әрекет жасап, мұрағат қызметкерлеріне тапсырыс беріп қайтыпты. Олар «кем дегенде жарты жылдай күтесіздер, өзіміз жауап береміз» деп қайтарыпты. Айтыңыздаршы, біз не үшін Бауыржан Момышұлының Мұхаметқұл Исламқұловты ең жоғары марапатқа ұсынған хаттарын іздеп әуреге түсеміз? Табылмауы әбден мүмкін, өйткені, қай заманда да жамандық жақсылыққа қарағанда пысық келеді, атақты қимағандар ондай құжаттың көзін сол кезде-ақ жойған болар – табылмағанын сыныққа сылтау етіп, шынымен-ақ батырға оның өзіне лайықты атағын бермей қоя саламыз ба? Құдай-ау, бізге өмірінде жарты ауыз жалған сөз айтқаннан өлімді артық санаған, бүкіл қазақ деген текті халықтың соғыста да, одан да қиыны, одан да ауыры, бейбіт заманда да Ары мен Ұятына айналған Бауыржан Момышұлындай адамның өз аузымен айтылған сөзінен артық қандай дәлел, қандай құжат керек? Кеңес дәуірі өткен кезең дейік, ал бүгінгі таңда, Тәуелсіздік алған қазақ елінде Мұхаметқұл Исламқұловтай жүрек жұтқан ер жігітке, Бауыржан Момышұлының оттан да, судан да аман өткен, бір емес, бақандай бес рет жау қоршауына түсіп, сол қоршаудың бәрінен болмашы ғана адам шығынымен бұзып-жарып шығып отырған, «бессмертный батальон» атанып, Панфилов дивизиясының еркесіне де, серкесіне де айналған әйгілі батальонды Баукеңнің өзінен артық болса артық, бірақ, кем басқармаған қолбасшыға бермеген Халық қаһарманы атағын кімге бермекпіз? Біздің Шымкент қаласынан Астанаға дейінгі жылы да жұмсақ орында отырған әрбір шенеунігіміз әлгіндей ұсыныс жазылған хатты оқығанда неге осылай демейді? Неге олар «ұмыт болған тағы да бір батырымыз табылыпты ғой, өшкеніміз жаныпты, өлгеніміз тіріліпті ғой» демейді? Олардың әрқайсысының іштей болса да осылай деуіне, «Мұхаметқұл Исламқұловқа осындай атақты беруге атсалысқаным менің бүкіл қалған өміріме азық қой» деп, кейінгі ұрпағына, бала-шаға, немере-шөберелеріне «мен де бұл іске титтей ғана үлесімді қосып едім» деп, кеуде кере мақтанып айтып отыруына болар еді ғой? Неге олар осылай етпеді? Неге оның орнына «болыстың баласы болған сақа журналист Исламқұлов Созақ көтерілісі кезінде қай жақтың сойылын соқты екен, әуелі соны анықтап алайық!» деуіміз қалай? Оның себебі, әрине, біреу емес, бірнешеу. Біріншіден, шынайы патриоттықтың жоғалып, оның орнын жалғандықтың басуы. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ұлттық идеямыздың қандай болуы керектігін анықтай алмағандығымыз. Дәлірек айтсақ, анықтауға құлықты болмағандығымыз. Оның аз өз себебі бар. Халықтың басын біріктірер жалғыз нәрсе – ұлттық идея. Ұлттық идеяны айқындауға мемлекетіміздің мүдделі еместігі. Екіншіден, елдегі жасты да, кәріні де тегіс жайлаған бүгінгі күнгі бойкүйездік, ешкімге ештеңе керек емес немқұрайдылық. Үшіншіден, ең бастысы, жоғарғы билікте орыстық құлдық психологиядан арыла алмағандардың сапы бұзылмай, тұтасып отыруынан. Президентіміз шетелдерде оқып келген деп, білімдері жақсы деп, оларға зор үміт артқанымен, олардың елімізді ұшпаққа шығарғаны шамалы. Идеология саласының сын көтермейтінін, баспасөзді де, теле-радионы да ресейлік ақпарат көздері жаулап алғандығын айта-айта жауыр болды. Бірақ, олар бос жатқан кеңістікті жаулап алған жоқ қой! Олардың осылай жаулап алуына жағдай жасап отырған өзіміздің қаракөздеріміз ғой. Амал жоқ, «мен қазақ тілін білмеймін, білгім де келмейді, менің бас сүйегімде ашып, басқа ми салмасаңыздар, үйренбегенім – үйренбеген!» деп ашық жариялаған министрлер билікте отырғанда осылай болғаны - болған. Бауыржан Момышұлы «Ол - ақылды, білімді, тапқыр, батыл командир» деп атаған М.Исламқұловтардың батыр атағын алмағаны – алмаған. Дегенмен, ешнәрсе де мәңгілік емес. Әлгіндей тоғышар жетекшілердің орнына қазақы тілмен, қазақы дәстүрмен, қазақы болмыспен жаны, рухы суарылып, нәрленіп өскен, өзге елдердегідей бізде де ұлты дегенде жанын беруге даяр, оның мүддесін бәрінен де жоғары қояр ұлтжанды ұрпақ келер. Сол кезде Мұхаметқұл Исламқұловтай аталарымыз да өздеріне лайықты атақ-даңққа бөленер...Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті