Курстасым Төрегелді Байтасов туралы ойлағанда көңілі ашық, аңқау мінезді, жаратылысынан жайдары, үнемі жымиып жүретін, тіпті қабақ шытуды білмейтін, ақкөңілдігі, жанының кіршіксіз тазалығы көзінен көрініп тұратын иманжүзді, аққұба бала жігіт көз алдыма келе қалады. Алғаш рет абитуриент кезімізде танысып, жатақхана бөлмесінде бірге тұрдық. Жандос деген жігітпен үшеуіміз едік.
Бір күні бөлмемізге айдарынан жел есе қызып алған екі студент екілене кірді. Жастары үлкен. Балқаштың суы балтырларынан келмей, екеуі де «ақынбыз» деп дүр-дүр етеді. Біреуі - кеуделі, дәу, аты есімде жоқ, ал сұңғақ бойлы екіншісінің М. деген ныспысы есімде қалып қойды. (Дәуі, дәу де болса, оқудан шығып кетсе керек, кейін ұшырастырмадым, ал М.- ды бүгін ел біледі. Сол ұрыншақ қалпы). Келе бізді дүкенге жұмсамақ болды. Әлгі дәу неме кіріп келген бетте жайбарақат кітап оқып отырған Жандос екеумізге килікті. Жандос болса - Қызылордада вокзал маңында өскен қаланың қарасирақ төбелескіші, мен болсам бір жылдан артық Өскемендей қазаққа жайсыз, бұзықтау қала көріп келгенмін, күреске қатысып жүргем, қоқан-лоққыға ыға қоймадық. Ал М. болса ішіміздегі ең жасымыз, ауылдан жаңа шыққан Төрегелдіні қорқытып, қаужай бастады. Ол қой аузынан шөп алмайтын момын мінезді Төрешке төніп келіп:
-Қасым Аманжоловты сен өлтірдің! Айбергеновті де өлтірген сенсің! Мені де өлтірмек ойың бар! Білеміз! Қылмысың оңай кешірілмейді! Айыбыңды жумасаң – ажалың біздің қолымыздан!- деп, дөңайбат көрсете, жұдырығын түйіп, тап берген кезде, сасып қалған Төреш терезенің алдына секіріп шығып:
-Боғыңмен жасты баламен неге төбелесесің?- деп шырылдады.
Осы кезде Жандос араға түсіп, жайымен ғана:
-Әй, жігіттер-ау, ауылдан келген ақшасы жоқ абитуриентпіз, бізде нелерің бар? Қоймайсыңдар ма?- деп еді, әлгі дәу:
-Ей, бізге қой дейтін сен кімсің? Келші бері! Көрсетейін!- деп, Жандостың жағасынан алмақ болып тап берді.
Жандос бір-екі әңгімесінде өзінің боксер екенін айтқан болатын. Соны қолма-қол дәлелдеді. Кеуделеп келген әлгі дәуді иек астынан бір соққанда жалп еткізіп құлатты. Екі бүктеліп төсектің астына бір-ақ кірген ол есеңгіреп отырып қалды. Оны қасындағы серігі сүйемелдеп тұрғызып, сүйрелеп, екеуі «Біз сендерге әлі көрсетеміз!» деп домбытып шыға жөнелді. Біз дардай болып қалдық. Бұл кішкентай абитуриенттер үшін үлкен жеңіс еді. Соның құрметіне қасымызға әнші-ақын Мұрат Тастағановты қосып алып, Никольский базарынан лағман жеп, даурығып қайтқанымыз есімде.
Қабылдау комиссиясы емтихан кезінде бірдей балл жинаған бір топ абитуриенттердің арасында сұрыптау өткізді.
Бір-бірлеп шақырып жатыр. Кезегімен мен де кірдім. Үлкен аудиторияда ҚазМУ-дің ректоры Өмірбек Жолдасбеков пен комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков бастаған мұғалімдер самсап отыр. Ешқайсысын танымаймыз. Ішіндегі белсендісі, дауысы ащы, көзі бақырайған, тығыншықтай қасқабас ағайдың журналистика факультетіндегі келешек деканымыз Темірбек Қожакеев екенін кейін білдік қой. Біреу менің облыстық газетте жұмыс істеп келгенім жөнінде анықтаманы оқып, мінездемеммен қысқаша таныстырып өтті. Түрегеп тұрып «Қандай мақалаларың шықты?», «Газетте қай бөлімде істедің?» деген сияқты бірнеше сұраққа жауап бердім. «Журналистік стажы бар екен, қабылдансын» деді біреу. Аудандық газетте істеп келген Қонысбай Әбіловті де көп қинаған жоқ. Сәдібек Түгелдің күрестен спорттық дәрежесі бар болып шығып, «Бізге балуан керек» деп оны да қабылдайтын болды. Гүлсім Мұқышевадан «Қандай өнерің бар?» деп сұрап еді: «Ән саламын, би билеймін, домбыра шертемін» деп жауап берді. «О, бізге әнші, бишілер керек, өтсін» деді. Бір кезде біздің Төрегелді Байтасовты шақырды. Оның өмірбаян, мінездемесін оқып жатыр: «Шымкент облысының Шаян ауданында Алғабас орта мектебін бітірген. Газеттің редакторы болған» деген жеріне келгенде, біреу:
-Өзінен сұрайықшы, редактор болғаны рас па екен? Жап-жас қой! Қай газеттің редакторы болды екен?- деп қалды. Жұрт түгел елең етісті.
Қожакеев дауысы шаңқылдап:
-Әй, Байтасов, сенің редактор болғаның рас па?- деп сұрады. Төрегелді тайсалмай, жігермен:
-Рас!- деп сақ етіп, нық жауап берді. Жұрт гу ете қалды.
-Қай газет? Шымкенттегі бір заводтың многотиражкасы ма? Әлде аудандық газет пе? Қай аудандық газетте редактор болдың?- деп шұқшиды Қожакеев. «Заводтың газеті, многотиражка» дегенді Өскеменде жүргенде естуім бар еді. Төрегелді саспады:
-Аудандық газетте емес, ағай. Мектептің қабырға газетінің редакторы болдым!- деп жауап бергенде жұрт түгел күлкіден қырылып қалды.
-Қабылдансын! Бұдан әлі үлкен редактор шығады. Қабылдансын! - деді ректордың өзі. Бәрі бір ауыздан мақұлдасты. Оқуға қабылданатын болғанға іштей «шүкір» айтып, бір-бірімізге жымыңдаса қарап отырмыз.
Сол кезде Темірбек ағамыз бәрімізге сынай қарап:
-Мұнда оқуға қабылданбаған бір қыз қалып қойды. Міне, Майемгенова Төлеу. Балы бәріңмен бірдей. Проходной. Бірақ оған орын жетпей тұр. Обал! Сендердің іштеріңде осы қызға өз орнын бере алатын бір жентелмендерің жоқ па? Орнын берген адам сырттай оқуға бірден қабылданады! Кім бар? Жентелмен бар ма? Қане, қайсың жентелменсің?- деп қоймастан нығарлай қайталап, қадала сұрады.
«Оқуға түстік пе, түспедік пе, рас па?» деп отырған біз тұқшия қалдық. Әупіріммен әрең түскен оқуынан кім өз еркімен бас тартсын? Осы кезде Өскеменнен келген балуан абитуриент Сәдібек Түгелов орнынан ұшып тұрып:
-Мен - жентелменмін! Ол қызға өз орнымды беремін!- деп саңқ етті. Жұрт түгел ду ете қалды.
-Бәрекелді! Көрдіңдер ме - қазақта осындай ер жігіттер бар, мінеки!- деп, Қожакеев мәз болды. Бізге бұл оқиға үлкен әсер етті.
Тізім шыққанда оқуға түскендер қуанып, арты әжептәуір жуысқа айналды. Біразының әңгімесі Сәдібектің ер қылығы еді. Мақтау да, кінәлау да болды. Бірге жүрген Жандос пен Мұрат балл жетпей, тізімге ілікпей, елге қайтатын болды. Қимай қоштасып жатырмыз.
Арманшыл Төрегелді жатақхананың төртінші қабатындағы бөлменің өткен жолы өзі ырғып шығатын ашық терезесінің алдында төменге көз салып, қиялдана қарап отыр екен. Жүрегі аса нәзік, сезімталдығы сондай, біреулерге ілесіп бір шөлмек сыра ішкенге қызып қалыпты.
-Мен осы жерден секірсем –жерге қалықтап барып түсетін сияқтымын,-деді. Қарғығысы келгендей, қомданып-қомданып қояды.
-Қой-ей, өйтіп қалжыңдама, құласаң быт-шытың шығады,-деп, райынан қайтардым.
Сөйтіп студент атанғанбыз. Курсымызда Қонысбай Әбіл, Жәнібек Кәрменов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Батық Мәжитұлы, Серік Жанәбіл, Қуандық Түменбай, Мылтықбай Ерімбетов, Сайлаубай Тойлыбай, Жүніс Сахи, Серікқали Байменше, Жанұзақ Аязбек, Сейтқұл Оспанов, Жеңіс Баһадүр, Сейдолла Садықов, Ораз Қауғабай, Әбдімүтәл Әлібеков, Орынбек Жолдыбай, Бекен Шоланов, Марат Әбдіхалықов, Тоқтар Баймағамбетов, Ораз Қауғабай, Рахымжан Өтемісов, т.б. қаламының желі бар жігіттер болды. Қазір бұлардың көбінің есімі елге белгілі. Ал Сәдібек Түгел өз орнын тарту еткен Төлеу қыз жарты жылдан кейін біреуге тұрмысқа шығып, оқуы жайына қалды... Талдықорғанның Киров ауданындағы ауылда бір үйдің отанасы болып, бақытын тауыпты. Көп жылдан кейін тойда кездейсоқ жолығып қалдық.Үлкен бажам Ақансерінің ауылдас көршісі болып шықты. Үйіне шақырды, дастарханынан дәм таттым...
Ал сырттай оқуға ауысып, әскерге алынып кеткен джентльмен Сәдібек Түгел жерде қалған жоқ, аудандық газеттің редакторы, кейін Астана әкімінің баспасөз хатшысы, ұлттық спорттан еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Бірнеше кітаптың авторы. Жекеменшік газет-журналы, баспасөз орталығы, басқа да тіршілігі бар. Ақмолада Құлагерге еңселі ескерткіш орнатқан азамат сол.
Студент кезінде Төрегелді Байтасов Шоқанның суретшілік өнерін зерттеп жүрді. Өзі де суретпен шұғылдана бастағаны есімде. Мылтықбай екеуі тұратын бөлменің қабырғалары оның акварельдеріне толы болатын. Ұмытпасам, оның дипломдық жұмысы да Шоқан Уәлихановтың шығармашылығына байланысты болған. Төрештің салған суреттерінде шеберлік жағынан кемістік болуы мүмкін, бірақ ой мен сезімнен олқылық болмайтын.
Әркім өз бейіміне қарай спортпен айналыса бастадық. Алғашқы курста Төреш досы Жанұзақпен бірге боксқа барып жүрді. Бірде мен әзіл-шыны аралас:
-Төреш, бокста қандай соққы үйреніп жүрсіңдер?- деп сұрадым. Сұрап нем бар еді десеңші?!.
- Оны қимыл болмаса сөзбен түсіндіре алмаймын,- деді ол.
-Онда қимылыңмен көрсетші,- дедім мен. Деп нем бар еді десеңші?!. Сол-ақ екен, Төрешім ойланбастан жұдырықпен тұмсығымнан салып жіберіп:
-Мынадай соққы үйреніп жүрміз!- деп қарап тұр. Өзімнен де бар... Қараптан-қарап мұрным қанады. Төреш ұруын ұрып алып, «байқамай қалдым» деп құшақтап, кешірім сұрап жатыр. Кешіргенді айтады, тіпті ашулана да алмай қалдым.
Ішімдікке, дырду-думанға жоқ болғандықтан ол бізге көп еріп жүре алмайтын. Бірде оларды - Жанұзақ екеуін өзімізбен бірге «жорыққа» ертіп шықтық. Басшымыз – ұстазымыз Абдул-Хамит Мархабаев. Ол Қонысбай екеумізді жақын тартып, қасынан тастамайтын. Алматы қонақүйінің 7- қабатында сыра сыздықтатып едік, Төреш пен Жанұзақ екеуі көп ұзамай-ақ тілдері бұралып, сүдіндері кетіп, сүрепеттері бұзыла бастады. Соны байқап қалған Мархабаев ағамыз:
-Мен – составпын, сендер вагонсыңдар. Әй, сен – екі жас вагон, қызып қалдыңдар, сондықтан мен сендерді ағытып тастаймын, тез жатақханаға қайтыңдар! Басқалар жолдан қалмауы керек!- деп, екеуіне таксиге ақша беріп, жатақханаға қайтарып жіберген.
Сол бір тұста Төрегелді мен Рахымжан Өтемісов комсомол жиналысына түсті. Екеуі вокзалда ішімдік ішіп, милицияға ұсталып қалған екен. Деканатқа қағаз келіпті. Талқылау басталды.
-Рахымжан, милицияға қалай түстің? Оқиға қалай болды, соны айтшы?
- Вокзалға барғанбыз. Шығарып салған досымыз жолын жуды. Алдымен бір жағалатып жібердік. Екінші жағалата бергенде милиция келіп қалды,- деді ол.
-Әй, мынаның сөз саптасына қарасаң талайдан ішіп жүрген тәжірибелі тісқаққанның өзі ғой. Анау екіншісі не дер екен? Соны тыңдайық,- деді кураторымыз Рамазан Сағымбеков ағай. Бәрі сілтідей тына қалды.
-Төрегелді, енді сен айтшы, милицияға қалай түсіп жүрсіңдер?
- Рахымжанның бір ауылдасын шығарып салуға барғанбыз. Перронда дөңгеленіп тұрдық. Жігіттер арақ шығарып, соны құя бастады. Бір стақанға жартылай құйып маған да берді. «Іш» деді, мен іше алмап едім, бәрі «ішіп жібер» деді, мен зорланып, іше алмай, тыжырынып, бір ұрттадым. Сосын қоймағасын тағы бір ұрттадым. Маған бәрі жан-жақтан анталап, «стақанды босат», «тез іш» деп бастырмалатты, сосын тағы бір ұрттап жатқанымда милиция жетіп келіп, ұстап алды,- деп тәптіштей жауап берді Төреш. Екеуінің суреттеуі екі түрлі. Әйтеуір, оқудан шығарылмай, сөгіспен құтылды.
Төрегелдінің осындай аңқаулығы мен риясыз тазалығы үнемі өзін арашалап алып қалатын.
Біздің тобымызда Қонысбай Әбілов екеуіміз газетте жұмыс істеп, аздап өмір көріп келгендіктен «шал» атанған едік. Бізден басқасы мектеп қабырғасынан жаңа шыққан кілең сарауыз балапандар болатын. Біз оларды «молодойлар» деуші едік. Олардың көбі, әсіресе, Төрегелді мен Серікқали, Жанұзақ, Әбдіразақтар кітапханадан шықпайтын. Сессияға тыңғылықты дайындалатын. Олардың сол дайындығы көбіне «көгалды қуып, гөлайттап» жүретін Қонысбай екеумізге азық болушы еді. Өйткені, олар емтихан алдында бір бөлмеге бас қосып, өзара сабақ пысықтап, оқыған-білгендерін бір-біріне қайталап жатқанда, Қонысбай екеуміз кітап бетін ашпай-ақ естіп, ұғып алатынбыз. Сол естігенімізді ертеңіне өз сөзімізбен дамытып, өз білгенімізбен толықтыра жауап бергенде, олардан гөрі тәуір баға алсақ, «молодойлар» бас шайқап, таңырқап қалатын. «Екі шал, сен екеуіңнің «кітап бетін ашпадық» дегендерің өтірік, бізден жақсы біліп тұрсыңдар. Тығылып оқып жүргенсіңдер ғой» деп сенбестік білдіретіннің бірі Төреш еді.
Екінші курста жүргенде «Қанат қақты» жинағында Қадыр Мырзалиев ағаның алғысөзімен «Көздеріңе ғашықпын» атты тұңғыш жыр дәптерім жарық көрді. Оның біздің ортамызға әсері үлкен том шыққаннан бетер болды. Әлі есімде, Қонысбай екеуміз жігіттердің «жу-жуына» құлақ асып, жатақханаға үлкен сөмкені толтырып, бір жәшік портвейн көтеріп келгеніміз... Сол алқа-қотан отырыста қуақы Қонысбай біздің бәрімізге суырып салып сықақ арнап, қыран-топан қылды. Ол абитуриент кездегі оқиғаны еске алып, Төрегелдіге де әзіл шығарды.
-Әйгілі «кісі өлтіргіш» Төрегелді.
Өлтіріпті Қасымды, Төлегенді.
Баспадан бір кітабы шыққан екен,
Ұлықбекті де өлтіруі керек енді!- деген шумақ ауыздан-ауызға тарап кетіп еді.
Екеуміздің бет-әлпет, түр-тұрпат жағынан біраз ұқсастығымыз бар. Оның пайдасын да, зиянын да көрген кезіміз болды, өйткені бізді талайлар шатастырып жататын. Мұғалімдер де. Әсіресе қыздар... Әйтеуір, абырой болғанда оқу бітіріп, екі жаққа кетіп тындық.
Біреулер егіз, біреулер ағайынды деп ойлайтын. Соңғы курста, бірде сол ұқсастықты пайдаланып, бір қыздарды жаңылыстырмақ болып, екеуміз киім ауыстырып кидік. Мен оның бір сарыала, қызылала курткасын киген едім, артынан мен шешкен соң тағы кім «киіп» кеткенін таппадым, бөлмеден қолды болып, Төрештің алдында ыңғайсыз жағдайға ұшырағаным бар, содан орнына өз курткамды ұсындым. Екі күнге суретші достарымның пәтеріне қонып келсем, шкафтан ұшты-күйлі жоғалыпты.
Төрегелді кейін, 90-жылдардың басында Шымкентте «Жібек жолы» журналын, баспасын ашып, аты дүркіреп тұрды. Мен ол кезде «Жас қазақ» газетін ашқан кезім еді. Өзінен сұрап алып, оның журналынан газетімізге «Абылай ханның сүйегі қайда?» деп аталатын көлемді проблемалық мақаласын көшіріп жарияладық. Иасауи кесенесін жөндеу кезінде әлдебір құрылысшылар онда жерленген мүрделерді күреп шығарып, бір жерге үйіп, араластырып жібергені, енді қайта жерлемей тұрып, мұқият зерттеу жүргізуді жедел бастамаса, ертең ұлыларымыздың сүйегін бір-бірінен ажырату, анықтау қиынға соғатыны жөнінде қоғамға, билік тарапына қозғау саларлық ащы жан айқайы болатын. Шынымды айтайын, бертінгі археологтардың «Абылай ханның сүйегін таптық» деген сүйіншілеген хабарына өз басым сене қоймай, көз алдау, құр дабыра деп қарағаным рас. Әлі де сондай сезімдемін. Антропологтардың жасаған мүсіні де маған ұлы ханның емес, басқа, әлдебір сопының бейнесіндей көрінеді. Бойы да бір тұтам. Міне, Төрегелдінің қаламынан шыққан, зор резонанс тудырған материалдың әсерінің өміршеңдігі. Аса толғақты мәселе болмаса анау-мынау науқандық шаруаларға пысқырып та қарамайтын классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов ағамыздың өзі осы тақырыпқа ашына үн қосқаны есімде. Бірақ құлаққа ілген құзыр болмады. Сол тұста Төрегелдінің қанатты ойға толы мақалалары мен афоризмдері туралы жұрт аузында жылы пікір, ыстық лебіздер жиі айтылушы еді. Төрегелді мезгілсіз дүниеден өткеннен кейін, Шымқалаға бір барғанымда отбасымен таныстым. Балаларының басынан сипадым. Жан жары оның мезгілсіз шайқалған шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп, алтын асықтай ұлдарын бағып-қағып, өсіріп-жеткізіп отырғанына куә болдым. Қазіргі күнде Төрегелдінің бір баласы – Төребек Байтасов оңтүстіктегі «Хабар» телеарнасының жұлдызына айналғанын көріп-біліп, сүйсініп жүремін.
...Төрегелді екеуміздің мінезімізде де ұқсастық бар еді,- кімге де болса ашық көңілмен, бүкпесіз ақ ниетпен тіке қарайтынбыз, үнемі жадырап, жайдары жүретінбіз, жүзімізге күлкі үйіріліп тұратын. Мен, байқасам, жылдар өтіп, жас ұлғайған сайын сол бір риясыз сезімнен, қамсыз күйімнен арылып, қабағыма кіреуке түсіп, миықтағы жымиыс ізін ой мен мұң табы басып, көбірек тұнжырайтын болыппын... Өмір өзгертті, тағдыр түнертіп бақты... Егер тірі болып, осы жасқа жетсе Төрегелді де езуінен жайлары күлкі арылып, тұнжырап жүрер ме еді, деген ой келеді. Әй, қайдам?! Бәрі бір, Төрегелдіні мен қабақ түйіп, қабарған, абыржыған, тұнжыраған немесе түңілген, торыққан күйде ешқашан елестете алмаймын. Өйткені, ол – нағыз кіршіксіз жан, ақжарқынның ақжарқыны болатын... және мәңгіге жап-жас күйінде қалды. Енді оның асыл бейнесін әжіммен әлеміштеуге уақыттың өзі дәрменсіз.
Ұлықбек Есдәулет, ақын
Abai kz
КІРШІКСІЗ
2015 ж. 15 маусым
4185
0