1932-33 жылдардағы ашаршылық - ең зұлмат ГЕНОЦИД
2015 ж. 30 мамыр
12371
2
Алапат ашаршылықты «геноцид» деп жариялап, халықаралық деңгейде мойындату керек! 31-ші мамыр саяси қуған сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында тарихшылар мен алаштанушылар осындай бастама көтерді.
Бұл – қазақтың ұрпағы сағат сайын азайып, шетінен қырылған, аштықтан қасірет шеккен кез. Амалсыз қалған адамдар өз баласының сирағын ұйытып жеп, тірідей көр азабын тартқан ХХ ғасыр. Кеңес үкіметінің сұрқия саясатының кесірінен келген нәубет жылдар.
“1932 жылдары аштықтың қарсаңында қазақтың саны 7 миллионнан асса, 1933 жылғы аштықтан кейін 2 миллионнан аз болған. Демек, қазақ халқы өзінің 70-80 пайызынан айырылды. Бұны «геноцид»,» этноцид» десе де негіз бар. Ашаршылық деп халықаралық деңгейде мойындатуымыз керек. Бұны БҰҰ термин енгізуіміз керек. Қазақ халқының басынан өткен мұндай қайғы-қасіретті ешкім көрген емеспіз”, – деді Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы.
Егер алапат ашаршылық болмағанда, қазақты қасақана қырмағанда қазір халқымыздың саны 60-70 миллионнан асар еді, – дейді тарихшылар. Бүгінде сол жазықсыз жер жастанған миллиондаған құрбанды жоқтайтын арнайы күн де бұйырмаған. Еліміз оларды 31-ші мамырда репрессияға ұшырағандармен қоса бірге еске алады.
“Аштық геноциті жөнінде жеке күн ылғи күн тәртібіне қойылып келеді. Бірақ, әлі шешілмей келеді. Бұл үлкен саяси мәні бар, сипаты бар дүние. Бұған ұлт ретінде, ұлыс ретінде мемлекет ретінде мән беруіміз керек”, – деді сенат депутаты Нұрлан Оразалин.
Сондықтан тарихшылар қуғын-сүргінге ұшырағандарға тағзым етуді 27-ші қыркүйек, яғни Алаш үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан атылған күнге ауыстыруды ұсынып отыр. Қазақтың қасіреті ашаршылықпен шектелмейді. Бұдан кейін ұлтының сөзін сөйлегені үшін зиялыларды ату, асу, ит жеккенге айдау науқаны басталды. Солардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Таңғы шәй үстінде ағасын сүйреп әкеткенін көзбен көрген Ырымжан апа ол кезде 5 жаста болған.
“Екі адам есіктен кіріп келді. Екеуі де орыс. Сейфуллин сіз боласыз ба деді. Мен болам деді. Қалталарынан қағаз көрсетіп еді, Сәкеннің өңі бұзылып кетті. Сосын киініңіз деді. Галифе костюм-шалбар, жеңіл шубасын алды да кетті. Содан кейін Сәкенді көрген ешқайсымыз жоқ. Дзержинский мен Калиннин көшесінде НКВД болатын, сол жаққа алып кеткен”, – дейді Сәкен Сейфуллиннің қарындасы Ырымжан Сейфуллина.
Алматыдағы Алаштың талай арысы атылған, қазақтың қаймағының қаны төгілген НКВД ғимаратын әкімдік жеке қолға сатып жіберген. Қазір онда медициналық клиника жұмысы қызып тұр. Азапхана маңындағы саябаққа ескерткіш қойылады деген уәде де 20 жылдан бері сөз жүзінде қалды.
“Қазір сол коммерциялық құрылымдарға беріліп жатқаны тарихымызға, қазақтың тәуелсіздік үшін өзін құрбандыққа шалған азаматтарымыздың аруақтарын аяққа таптау, бұны қалай кешіруге болады?”, – дейді Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы.
Респессияға 130 мыңнан астам қазақ ұшырады, оның 25 мыңы оққа ұшқан. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев. Олардың көбінің қаны қайда төгілгені, қабірі қайда қалғаны белгісіз.
Қуғын-сүргін қасіретін қазақтың арыстары ғана көрген жоқ. Астана маңындағы «Алжир» түрмесінде олардың әйелдері де, отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде жазықсыз жазаланды. Кезең-кезеңмен 20 мыңнан астам қыз-келіншек азапты жылдарын өткізген.
Оларды сол лагерге теплушка деп аталатын вагонмен тиеп әкелген екен. Қазір атақты «Алжир» мұражайға айналған. Жыл сайын 31-мамырда жұрт ол жерге барып құрбандарға тағзым етеді.
Дереккөз: КТК