Ақын ұлын ардақ тұтып еске алды
2015 ж. 13 мамыр
3611
1
Халық арасында «Адам баласы маңдайына жазылған тағдырды көредi» деген тәмсiл бар ғой. Иә, осынау өмiрде абыройлы еңбек етiп, дос-жаран арттырып, ұл-қыздардың қызығын көрiп, әдемi қартайып өткенге не жетсiн. Тепсе темiр үзетiн, атпалдай азаматтардың ортамыздан ерте кетiп жатқанына қынжыласың да.
Қазақ әдебиетiнде өзiндiк қолтаңбасы бар ақын, сыншы, жерлесiмiз Әмiрхан Балқыбектiң де осынау жарық дүниемен қош айтысып кеткенiне бiр жылдың жүзi болып қалыпты. Өткен аптада Әмiрханның туысқандары, бауырлары ақынның жылдық асын өткiздi. Жиынға жергiлiктi тұрғындармен бiрге Әмiрханның әдебиет әлемiндегi ағалары, құрдастары, iнiлерi арнайы Алматы, Шымкент, Астанадан келiп қатысты, Құран iшiнде болды.
Белгiлi ақындар Қ.Бегманов пен Қ.Иса бастаған ақындар легi әуелi Әмiрханның бейiтi басында дұға оқып, әрiптестерiн еске алысты. «Мәлика» дәмханасында өткен жиында Қ.Бегманов, Қ.Иса, Ж.Сәрсек, С.Сыбанбай, М.Райымбек, Ә.Шегебай, Б.Алдияр, Е.Жүнiс секiлдi ақындар талантты тұлғаның әр қырын әңгiме өзегiне айналдырып, тебiрене сыр шерттi.
«Қазақ үнi» газетiнiң Президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса:
Дүбiрiмен шығаратын жыр атын,
«Мен өлгенде қуанса екен бiр ақын…» –
дейтiн едiң, ал жүз ақын жылады,
Орындалса, мұратың…
Күтiп жүрген секiлдi бiр ел үзбей,
Кеткеннен-ақ бастады ғой сенi iздей…
Кеңiстiгiң – көз жетпейтiн көкжиек,
Тереңдiгiң – түбi шексiз теңiздей!..
Шардарадай жарға соққан кемерi,
Шалқып жүрдiң, шабытты ойдың кененi.
Ақ адал ең, көңiлiң де кең едi…
Соңғы сәтте iздегенiң шырқырап,
Жүрегiмде шырыл қағып келедi…
Туған жердiң тартылысы бар бiлсең,
Аңсағанда ерiп кетер әрбiр сең…
Қызылқұмның қызғалдағын күтiп ең,
Қызғалдақты қырда мәңгi қалдың сен!..
Күйбеңдiкпен өтетұғын көп күнге,
Бiр түкiрiп, қалам қудың тек мүлде.
Маңдайына бiткен елдiң маңдайлы ұл,
Маңдайына сыймай ақыр кеттiң бе?!.
Тап басушы ең ғаламдық ой тамырын,
Таланттының бiлдi ме ел қадiрiн?!.
Құбылмалы дүниенi құр қалдырып,
Құбылыс боп кете бардың, дарыным!
Ей, ғұлама бауырым-ай, не бiлдiң?!.
Жаужүрек ең, жеңдiң, әлде, жеңiлдiң…
Өзгермейтiн дертi қалды елiңнiң,
Өкпең болып өртi қалды өмiрдiң…
Мынау дүние шырқ айналып қас қағым,
Арманшыл ұл iздеп кеттi аспанын…
Қатарыңның алды ең, қапы қалдырып,
Ажалға да алдыменен бастадың…
Мынау жарық қызыл-жасыл шамдары,
Сиқырымен сыйдыра да алмады…
Бәрiн тастап кетiп қалдың,
Өйткенi –
Жер бетiнде Сен iстер түк қалмады!? – деп iнiсiне деген сағынышын жыр жолдарымен келтiрдi.
Аудан әкiмi Қ.Айтөреев те ақынның артында қалған туыстарына көңiл айтып, Ә.Балқыбектi мәңгi есте қалдыру шараларын қолға алатынын жеткiздi.
Жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа болсын, Әмiрхан!
Әбдіғаппар АЙДАР
"Қазақ үні" газеті