Ерлік ұмытылмайды
2015 ж. 05 мамыр
2841
13
Өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болар жандар көп. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ерлік пен еңбексүйгіштіктің ерен үлгісін көрсете білген сондай ізгі жандардың бірі – Әбдіжапар Жазылбеков туралы аз-кем сыр шерткенді жөн санадық.
«Жақсы адамның артынан із қалады» демекші, Әбдіжапардың саналы ғұмыры алдыңғы буын ағалардікі сияқты әріден бастау алады. 1912 жылы 12-сәуірде Алматы облысына қарасты Нарынқол ауылында кедей-шаруаның отбасында өмірге келген ол өмірдің ыстығы мен суығын бір адамдай-ақ татып өседі. Сол бір қиын-қыстау жылдарда Жаркент қаласындағы интернат тәрбиесіне алынады. Одан кейін Талғардағы ауылшаруашылық техникумына оқуға қабылданды. Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институтында агрономия саласы бойынша кіші ғылыми қызметкер болып бастады. Бұл 1920-30 жылдардың аралығы еді.
Жастайынан-ақ білімге жаны құштар Әбдіжапар 1935 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетінде оқуын одан әрі жалғастырды. Студенттік кездің өзінде-ақ Мәскеудің ауылшаруашылығы саласына қатысты көрмеде тәжірибеден өткен ол осы жерде агрономияның тылсым сырларына қанықты. Қызметтің түрлі сатыларынан өту арқылы тәжірибесін шыңдай түскен жас маман Нарынқол ауданының шаруашылық саласында өз мамандығына сай жемісті еңбек етіп, елдің құрметіне бөлене бастады. Еңбекке етене араласа бастаған сол бір кезде ойда-жоқта, жер-дүниені дүрліктірген Ұлы Отан соғысы басталып та кетті.
Ел басына күн туған сын сағатта Әбдіжапар Жазылбеков қолына қару алып, қан майданға аттанды. Осы жылдары Әндіжандағы Орта Азиялық соғыс округінің офицерлер даярлайтын мектебін бітіріп, кіші лейтенант шенін алып шығады. Ол I Украин және I Беларусь майдандарында алғы шепте жүріп, жауынгерлерді жұдырықтай жұмылдыра білді. Өзге де майдан шептерінен берілген тапсырманы қайсарлығының арқасында тындырымды орындады. Қан майданның арасында жүріп екі рет жарақат алды.
Сұм соғыстың тигізген залалынан денсаулығы сыр беріп, жеңіске төрт ай қалғанда туған елі – Нарынқолға қайта оралды. Ерліктің ерен үлгісін көрсете білген азаматтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін» орденімен, «Наше дело правое – Мы победили» медалімен марапатталды.
Соғыстан кейін де туған ауылына табан тіреген Әбдіжапар Жазылбековтің өмірі өнегемен өрілді. Әбдіжапар аға өзі үшінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, ауылшаруашылығы саласында жанқиярлықпен еңбек етті. Нарынқол ауданының бас агрономы, ауылшаруашылығы басқармасының ғылыми қызметкері сынды жауапты қызметтерді атқару барысында егістік алқаптардың құнарын арттыруға, тұқымның жаңа сорттарын құрастыруға барынша ізденіспен күш салды. Соның арқасында астық дақылдарынан мол өнім алуға қол жеткізді. Мұның өзі ол кісінің өзгеге ғана емес, өзіне де қатаң талап қоя білетін білікті де білгір маман болғандығын айғақтайды. Ауылшаруашылығы саласында ауқымды істерді атқара білгендіктен болса керек, оны өңір жұртшылығы «Алғашқы агроном» деп атап кеткен екен. Сол кездері Әбдіжапар Жазылбековтің аймақ жұртшылығының егіншілік мәдениетін жоғарылату жолындағы еселі еңбегін, әрі тиісті органдарға орынды ұсынысын қоя білетін талапшылдығы оның ел мүддесін бәрінен де биік қойғандығын көрсетсе керек.
Ә. Жазылбеков 1982 жылға дейін Алматы облысы Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылында орналасқан В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында да агроном ретінде еселі еңбек етті. Институт қызметкерлерінің де жаңашылдыққа жаны құштар Әбдіжапар Жазылбековтен алған тәлімі мол болды. Бүгінгі таңда ол кісінің тәрбиесін көрген жастар Алматы облысының аграрлық саласын дамытуға үлес қосып жүргендігін жұрт жақсы біледі.
Еңбексүйгіштік қасиеті ерен ердің адамгершілік болмысы да өзгеше еді. Азамат ретінде бәрінен де ар тазалығын биік қойған Әбдіжапар Жазылбековтің адалдығы өзінен өрбіген алты перзентінің бойына да дарыған. Бүгінде балаларының барлығы да жоғары білімді маман иелері. Олардың әрқайсысы әке жолымен халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Бүгінде Әбдіжапар Жазылбековтің дүниеден өткеніне жиырма жылға жуықтады. Әйтсе де, оның өзі зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін қызмет атқарған Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылындағы бір көшенің аты берілді. «Жақсының аты өлмейді» деген, бәлкім, осы шығар. Жеңісті жақындату жолында жанқиярлықпен еңбек еткен ердің есімі ел есінде мәңгі сақталатындығы даусыз.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
"Қазақ үні" газеті