Менің алғашқы "көлігім"
2015 ж. 29 сәуір
3778
1
Ол кезде Алматының тұрғыны едік. Біздің үйіміздің балконында бір-екі жастағы балаларға арналған жеңіл көк арба жататын. Әке-шешемнің айтуынша, бұл менің ең алғашқы мінген «көлігім» көрінеді. Менен кейін бұл арбаға өзімнен бір жас кіші інім Дәурен иелік еткен. Содан соң өмірге келген інім Дәулет отырған. Тіпті, сәл кейінірек туған қарындасым Айжан да көк арбаға біресе жайғасып, біресе сүйреп жүретіні есімде. Үйде бұдан басқа арбалар да болды, әрине. Бірақ мына жаны сірі көк арбаның жөні басқа еді.
Қазіргі бесік-арбалар бір маусым пайдаланған соң қаусап түсіп жатады ғой. Ал біздің үйдің көк арбасы шынында да кеңес үкіметінің сапа белгісіне лайық берік бұйым еді. Ертелі-кеш бір-бірімізді сүйреп ойнағанымызда былқ етпейтін. Көк түсті брезент материалын керіп, темір таяқшаға мықтап бекіткендікі болар, майысып не болмаса жыртылған емес. Балалар үздіксіз үстінен түспеген соң әбден кір басып, көк арбамыз ара-тұра қарақошқыл арбаға айналады. Бірақ шешеміз оны жақсылап тазалап жуып берген соң қайтадан көгереді.
Бүгінде өз балаларымды мектепке дайындап жүрген мен сол көк арбаның қайда қалғанын да білмеймін. Білетінім, маған оны әкемнің жақын жолдастарының бірі – Амантай Шәріптің сатып салып бергені. Сапасы мықты болған соң бағасы да удай қымбат болғанға ұқсайды. Кеңес ақшасымен бақандай жиырма бес сом! Ол кездегі орташа жалақының төрттен бірі болған деседі.
Амантай аға Алматыдағы біздің үйге жиі келетін. Жалпы, тек ол ғана емес, шаңырағымызға көкемнің дос-жарандары үнемі жиналады. Әсіресе, Исағали аға (Әлімжанов), Қыдырбек аға (Рысбеков), Әміржан аға (Қосанов), Әлімжан аға (Сабыржанұлы), Әнуарбек аға (Әуелбеков), Болатбек аға (Қожанов), тағы басқалар тұрақты бас қосатын. Шешем оларға дастархан жаяды. Түн ортасы ауғанша әңгімелесіп, өте көңілді отырады. Бәрі де шетінен әңгімені жақсы айтады.
Біз бертін келе көкемнің қызмет бабымен Қызылордаға көштік. Одан Алматыға қайтып оралдық. Кейін Астанаға ауыстық. Қайтадан Алматы, тағы да Астана... Әйтеуір реті солай ма, әлде кездейсоқтық па, кім білсін, соның бәрінде де Амантай ағамен бірге болып келеміз. Ол да Қызылордада қызмет істеді. Алматыға қайтып келді. Қазір Астанада тұрады. Белгілі ғалым, білімді азамат. Көп білетіні сөйлеген сөзінен көрініп тұрады. Айтайын дегенім, көкемнің сол Алматыда жиі араласқан жолдастарынан қазір қасында үнемі бірге келе жатқаны осы Амантай ағам ғана екен.
Жалпы, бұл отбасының біз үшін жөні бөлек. Амантай аға да, Мира тәте де, менің әке-шешем де бір өңірде туған. Менің әкем мен Амантай ағаның мамандығы – журналист, ал Мира тәте мен шешемнің мамандығы – дәрігер. Сондықтан олардың айтатын әңгімесінің тақырыбы ортақ. Араласатын адамдары да ортақ. Үйімізде жақсылық болғанда бірге қуандық. Басымызға қиындық түскенде бірге қайғырдық. Өмірден тым ерте кеткен қарындасым Айжанды ойласам, көз алдыма Амантай ағаның Толғанайы қатар елестейді... Бір қызығы, қай қалада болсақ та, ылғи көрші тұрып келеміз. Алматы мен Қызылордада үйіміздің арасы алыс болмап еді, ал Астанада тіпті іргелес қоныстандық. Көңілдің жақындығы деген осы шығар.
Үйге журналистер көп келетін болған соң, біз бұл мамандықтың қандай екенін жастайымыздан біліп өстік. Көз ашқалы көргеніміз – солар. Шетінен сөзге шешен. Әңгімелерінің бәрі қызық. Айтылатын сөздің көбі газет-журналдың, ақын-жазушылардың айналысы болатын. Сол кезде бәрін құлақ қойып тыңдадым деп айта алмаймын. Бірақ, әйтеуір, солардан бойымызға бірдеңе сіңген шығар. Інім Дәурен екеуміз журналистикаға келдік. Дәуреннің атын Қыдырбек аға қойды. Ал Дәулеттің атын көкем Қыдырбек ағаның жақын досы, өзі де тәуір сыйласқан атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың құрметіне қойды. Сөйтіп, біздің атымыздың аталуына да журналистер себеп болды.
Амантай аға маған көк арба сыйласа, ол кісінің анасы – Шәмшагүл апай көкеме: «балаңа кигіз», – деп, қымбат костюм алып беріп жіберіпті. Бұл қызыл костюмді кигенім есімде болмаса да, кейін көрдім. Үйде бертінге дейін болды. Өмірге келе салысымен астыма «көлік» мінгізіп, үстіме «шапан» жапқан бұл әулет маған, әрине, ыстық. Қазір көліктің талайын мініп, киімнің талайын киіп жүрсем де...
Мені Амантай ағамен байланыстыратын екі жәдігерлік осы. Екеуі де әлдеқашан тозған. Қазір жоқ. Тек олардың бір кезде біздің үйде болғаны осы мақаланы жазатын тұста ғана есіме түсті. Жоқ, екеу емес, үшеу екен. Және сол үшіншісі әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Ол – Амантай ағаның жаңа туған мені көтеріп тұрған суреті. Құндақтаулы кезім. Көрпем ашық-ашық. Жиырма екі жастағы Амантай аға. Мен көкемнің көбірек араласатын жолдастары арасындағы дүниеге келген алғашқы баланың бірі едім. Содан кейін бәрі мені көтеруге қызыққан болар.
Енді міне, Амантай аға екеуміздің жолымызды түйістіретін төртінші себеп пайда болды. Ол – Халықаралық Түркі академиясының басшыларының бірі. Ал мен үш жылдан бері Түрік Республикасында қызмет істеймін. Оған да, маған да түріктермен көбірек араласып тұруға тура келеді. Оның да, менің де қызмет тілдерімнің бірі – түрік тілі.
Әкелер мен балалардың өмірде тоқайласатын осындай тұстары таусылмасын, Амантай аға! Жеткен жасыңыз құтты болсын! Өзіңіз жиі байланысып тұратын Түркиядан жолдаған сәлемімді қабыл алыңыз!
Бақытжан ОМАРОВ, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Түркиядағы тілшісі
Анкара қаласы
"Қазақ үні" газеті