Қазақстан Ұлттық музейі түрік президентіне сый жасады (фото)

muzei-6-500x333 19.04.2015  АСТАНА.19 сәуір. Астанаға ресми сапармен келген Түркия Республикасының президенті Реджеп Ердоған мен оның жұбайы Эмине Ердоған ханым Қазақстан Ұлттық музейінде қонақта болды. Бұл туралы Kazmuzeum.kz сайты хабарлады. Мәртебелі меймандарды музей директоры Дархан Мыңбай қарсы алып, музейдегі ұлттық жәдігерлерімізді таныстырды. Түркия басшысы Ұлттық музейдің «Алтын залына» қызығушылығын білдіріп, ерекше әсермен тамашалағанын жеткізді. Ал Эмине Ердоған ханым музейдегі қазақтың алтын және күміс әшекейлеріне қызығушылық танытқанын білдірді. Кездесу барысында Түркия басшысы алдағы уақытта екіжақты тәжірибе алмасу мақсатында көрмелер өткізуді ұсынды. Соңында Дархан Мыңбай түрік лидеріне биліктің символы ретінде қазақ қамшысын тарту етті. Ал оның жұбайына күмістен жасалған ұлттық әшекейлер сыйға берілді. Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған Ұлттық музей қорына символикалық кәдесый сыйлады. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Kazmuzeum.kz. Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/19/58146