Аман Төлеев Кемерово облысына басшы болып тағайындалды

tuleev Оқиға, Әлем 19.04.2015  Аман Төлеев Кузбасс губернаторының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы kuzbassnews.ru хабарлады. А.Төлеевтің губернаторлық мерзімі сәуірдің 20-сында аяқталатын еді. Бұл жолы ол күзде өтетін губернатор сайлауына дейін осы лауазымды уақытша атқаратын болып белгіленді. Осыған қатысты жарлыққа 17 сәуір күні қол қойылды. Жаңа тағайындауға байланысты Ресей президенті Владимир Путин бүгін Аман Төлеевті қабылдады. «Мен сізден сайлауға дейін осы міндетті атқаруды сұраймын», — деді президент губернатормен кездесу кезінде оған. «Мен үшін бұл үлкен құрмет. Мен қашаннан сізге адал қызмет етіп келемін. Ресейге қызмет етемін!», — деп жауап берді бұған аймақ басшысы. Мұның алдында Аман Төлеев президент Владимир Путинге Кемерово облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы әңгімелеп беріп, тұтастай алғанда, жағдайдың тұрақты да сенімді екеніне тоқталды. Мұнда губернатор тек көмір өнеркәсібі саласына ғана салмақ салған жоқ, сонымен қатар туризмді дамытудың жарқын болашағы бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, қазір салық кірісінің 24 пайызын осы туризм, ең алдымен Таулы Шория өңірі кіргізіп отыр. «Новый Кузбасс» порталының хабарлауынша, жарлықтың мәтінінде: «Төлеев Амангелді Молдағазыұлы Кемерово облысының губернаторы болып сайланатын тұлға қызметіне кіріскенге дейін Кемерово облысы губернаторының уақытша атқарушы болып тағайындалсын», делінген. Бұдан бұрын «Газета.Ru» басылымы Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің кезекті сайлауға барғалы отырғанын хабарлаған еді. Ал сайлау 2015 жылғы қыркүйек айында өтеді. Алайда, бұл жаңа мерзімге сайланып алатын Аман Төлеевтің оның соңына дейін осы қызметте отыра беретінін білдірмейді. Оған өзіне ізбасар сайлап алғаннан кейін отставкаға кету ұсынылып отырған көрінеді. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: kuzbassnews.ru. Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/19/58155