ЕРМҰХАН БЕКМАХАНОВТЫҢ ӨМІРІНЕН 15 ФАКТ
2015 ж. 18 сәуір
3488
2
1. Павлодар облысы Баянаула ауданының Төре ауылында дүниеге келді. Төре десе дегендей, ол шынымен де төре тұқымынан еді. Жорамал бойынша, Ермұхан Абылай ханның 7-інші ұрпағы, Шыңғыстан санағанда 25-інші перзент.
2. Отбасында екі ұл, бір қыз – үш баладан аман қалған жалғыз тұяқ. Әкесі ел қатарлы қара шаруаның адамы екен. Бала кезінде тұрмысы жұпыны, жағдайлары ауыр болған. Ағасы Дінше білім қуып, ерте қаулап өсіп келе жатқан жерінен көктей солды. Ал отызыншы жылдардағы ойраннан (аштықтан) анасы мен қарындасы көз жұмған.
3. Болашақ тарихшыға көз қырын салып, қол ұшын берген қазақтың азаматтары көп болған. Семейдегі оқуға баруға жазушы Зейтін Ақышев, оқу кезінде қатты сырқаттанған кезде дәрігер, Алаш арысы Асылбек Сейітов көмектескен.
4. Табиғатынан дарынды, оқуға алғыр жас Ермұхан атышулы 1937 жылы Воронеж педагогикалық институтын бітіреді. Осы білім ордасында ол орыстың небір тамаша тарихшыларынан дәріс алып, өмірлік мақсат қойды. Тарихқа бала жасынан құмартқан оның жазуы да маржандай болған деседі.
5. 1943 жылы «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған бостандық күресі» атты кандидаттық диссертациясын Мәскеудегі ССРО Ғылым академиясында қорғады. Академик А.М. Панкратова бастаған ірі 16 тарихшының барлығы да оң бағасын берген. Сонымен қатар «Қазақ ССР тарихының» 14-тарауын жазып шықты. Онда бір бөлімнің атауы «Қазақстан – отар ел» делінген екен.
6. 1946 жылы Ташкентте Халима Адамбекқызымен танысады. Кейін осы кісі тарихшының жан серігі болып, 20 жыл бірге ғұмыр кешсе де, күні бүгінге дейін сол бейнесімен, елесімен өмір сүріп келеді. Осы екі тұлғаның шынайы махаббаты, кіршіксіз сезімдері – жас ұрпаққа өнеге.
7. Е. Бекмаханов 1946 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген докторлық диссертациясын қорғайды. Сөйтіп, Ермұхан Бекмаханов қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы бақытына ие болады. Бұл, әрине, кәсіби тұрғыдан да берілген шынайы баға. Осы зерттеу жұмысы бір жылдан соң кітап болып, басылып шығады. Ғалымның зерттеуіне «аттандаған» «домалақ арыздар» жоғары жаққа үздіксіз жазылып жатты.
8. Тарихшының зерттеу жұмысына байланысты 5 мәрте жиын өтеді. Әрқайсысы бірнеше күнге созылады. Пікір негізінен екіге жарылады. Бірі «Кенесарының көтерілісі ешқандай да халықтық көтеріліс емес, өз мүддесін, атасының хандығын көксеген жеке мүдде», «феодал, хандарды асыра дәріптеді» деп қарсы болса, екінші топ «тарихи құжаттар негізінде шынайы жазылған деректер», «Кенесарының қозғалысы шын мәнінде барша халықтың ойын, мақсатын қозғаған көтеріліс» деп айтысып жатты. Қарсы болғандар: Т. Шойынбаев, Толыбеков, Х. Айдарова, М. Ақынжанов, А. Нұрқанов, С. Аманжолов, В. Шахматов, С. Покровский, Б. Сүлейменов, т.б. Жақтағандар: И. Будовниц, А. Нүсіпбеков, Х. Әділгереев, Ә. Жиреншин, Б. Аспандияров, Е. Ділмұхамедов. Аралық позицияны ұстанғандар: Ә. Тұрсынбаев, Т. Елеуов.
9. Шу ауданының Новотроицск ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болу мазағына да көнді. Мұнда сабақ берумен қатар, тағы бір үлкен еңбекті бастайды, 800 беттік зерттеу жазып шығады. Сондағы Ахметжан есімді сенімді азаматқа аманаттап тапсырады.
10. «Правда» газетінде жарық көрген атышулы мақаладан соң, тарихшы сабақ беріп жүрген ауылда, 1952 жылы 5 қыркүйекте ұсталып, 2 ай бойы тергеген. 5 желтоқсан күні 25 жылға сотталсын деген үкім шықты. Ғылыми атақтарын тартып алып, алдымен Петропавл қаласында, кейін Бодайбо өлкесіндегі түрмеге айдайды. Бір қызығы, сол түрмеде бір кездері өзіне қарсы сөйлеген Бегежан Сүлейменов те осы жерден бір-ақ шыққан екен.
11. 1954 жылғы жеке басқа табынушылық әшкереленген соң жазықсыз сотталған қаншама зиялы адамдар түрмеден шығып жатты. Сол кезде атақты тарихшы А.М. Панкратова Хрущевке хат жазып, талантты тарихшының тағдырына араша түсуді сұрайды. ССРО Жоғарғы Советі Президумының мүшесі Панкратованың өтініші аяқсыз қалмай, 1954 жылғы 14 ақпанда Е. Бекмаханов толық ақталып шығады.
12. Айдаудан, азапты жылдардан оралған соң, бұрын жазып қойған (Ахметжан есімді шәкірті жасырып ұстаған, аманатын жеткізген) монографиясын «Қазақстанның Ресейге қосылуын» жарыққа шығарды. Бұл ғылыми атақтарын қайтарып алу үшін жазылған, яғни екінші рет қорғалған докторлық диссертациясы еді.
13. Ол өмірінде не-бары 3-ақ монография жазды. Тағы да көптеген құнды дүниелер беруге , білім-білігі де, қарым-қайраты да жетіп тұрғанымен, сол кездегі жүйе, сол жүйенің жандайшаптары оған мүлде мұрша бермеді. Ал оның қызы, академик Найля Бекмаханова – 10 монографияның авторы.
14. Ғалым өз өмірінде көптеген игі жақсылардың шарапатын көрді, өзі де қаншама шәкірттерінің ғылым жолына түсуіне жәрдемдесті. Оның ең басты қағидасы: «Әділдік қашанда жеңеді!» болды. Және соны өз өмірімен де дәлелдеп кеткен ұлы тарихшы.
15. Ермұхан Бекмаханов алғашқы әйелі Әминадан үш бала, кейінгі қосағы Халима Адамбекқызынан үш бала көрген. Барлығы да жоғары білімді, қайраткер деңгейіне дейін көтерілген мамандар.
Суретте: әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов екі ұлымен. 1952 жылдың жазы
Заңғар Кәрімхан
adebiportal.kz