Күйші Жанғали Жүзбайдың Кетбұға бидің күй мұрасына арналған кітабы жарық көрді!!!
2015 ж. 14 сәуір
6688
5
Қазақтың біртуар күйшісі Жанғали Жүзбайдың Кетбұға бидің күй мұрасына арналған кітабы мен аудиожазбасы жарық көрді.
Кетбұға (шамамен 1150-1225 ж.ж.) - жырау, күйші, аты аңызға айналған тарихи тұлға, Алтын Орданың ұлы жыршысы, Жошы Ұлысының іргесін қалаған саяси қайраткер, Алтайдан Дамашыққа дейін әмірі жүрген би, Полистаинды бағындырған абыз. Қобыз бен домбыра күйлерінің ұлыстық мектебінің негізін салған күйші, ұрпаққа ұлағатты сөзі қалған ойшыл. Кетбұға жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер "Шаджарат әл-атрак" (Түркі шежіресі) кітабы және қазақ, қырғыз, башқұрт, татар, орыс, парсы, араб, қытай, мұңғұл дереккөздерінде кездеседі. Бұл жинаққа Кетбұға күйші мұрасының ноталары мен аңыздары топтастырылған, жинаққа енген туындылардың аудиожазбасы да қосымша құрал ретінде ұсынылады.
Кітап "Қазіргі заман музыкасы" жобасы бойынша, ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Ғылым комитеті 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламалармен жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде шығарылып отыр. Жанғали Жүзбай - Жезқазған музыка училищесін, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1988-2003 жылдар аралығында жезқазған музыка колледжінде ұстаздық еткен. 2003 жылдан бастап қазақ Ұлтық өнер университетінде еңбек етеді. Күйші, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері". Қазақ Ұлттық өнер университетінің "Дәстүрлі музыка өнері " факультетінің профессоры. "Қазақтың шертпе күйлері", "Шертпе күйдің төрт мектебі", "Ұстаздың педагогикалық репертуары","Шертпе күйлер жинағы" атты кітаптар мен көптеген ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. "Мәңгілік сарын", "Қазақтың 1000 күйі" күй антологияларына Арқа, Алтай, Қаратау күйлерін жазған, бірнеше күйтабақтары жарық көрген.