Мақсатымыз – түркілік бірлік
2015 ж. 07 сәуір
4682
3

Түрік халқы – батыр халық! Түрік халқы – арыстан ер халық! «Кімнен таяқ жегендей, біздің түрік баласы?! Алдырып жүрген дұшпанға арасының аласы!» Бұл нақыл сөзді біз ұмытпауымыз керек! Бәріміз бір болсақ, жеңбейтұғын жауымыз жоқ.
Мұстафа Шоқай
Жердің жүзін өрмекшінің торындай шырмап, жайлап бара жатқан жаһандану толқынына бодандықтан есін жия алмаған күйі қазақ елі де ойланып жатуға мұршасы болмастан қойып кетті. Жаңа дәуір біздің алдымызға мүлдем жаңа жолдар ашып, ұлттық, өмірлік мәні бар тың мәселелерді шешу міндеттерін ұсынып отыр. Әдетте, бұрын жүрмеген жерлердің ой-шұқырлары көп болады. Жарқ-жұрқ етіп, алыстан өзіне тартатын жағымды жаңалықтарымен өзіне баурап, жарқын болашақтікі деп түскен жолымыз қайда апарады, адастырып, құрдымға бастап кетпей ме деген мазмұндағы сан-сапалақ сауалдар көзі ашық әрбір қазақты мазалайтыны тағы да анық. Өмірдегінің бәрі жалған; мәңгілік ештеңе жоқ. Бүгін бар, ертең жоқ. Бұл дүниеден бәрі де өтеді; бәрі де өзгереді; бәрі де өткінші, уақытынша. Кезінде бүкіл әлемді уысында ұстаған небір патшалар, небір империялар болған. Бүгін соларды оқыған бірлі-жарымдар болмаса, қалың көпшілік біле бермейді. Кешегі мықтылар мен жақсылар бүгінгі күні басқаша бағалануы мүмкін. Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың) «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, Сүйегіміз таразыға талай әлі тартылар» деген жолдарында адам өмірінің бүкіл философиясы жатқан жоқ па? Десек те жаһандануды өткінші ғана нәрсе деп, одан бейтарап қала алмайтындай жағдайдамыз. Қалайық, қаламайық, одан біз сырт қала алмайтын сияқтымыз. Қалай десек те жаһандану бүгінгі күннің шындығына айналып, бізді ертеңгі күннің қамын жеуге мәжбүрлеп отыр. Егер де біз ғаламдасудың алға тосып отырған мәселелерін шешуге қазірден дұрыстап, шындап кіріспесек, ол бізбен жақсылап тұрып айналысып, өз дегенін істейтін болады. Ендігі біздің алдымызда тұрған мәселе – жаһандануға қалай кіреміз, қандай жолмен жүреміз, не ұтып, неден ұтыламыз деген сауалдарды барынша саралап барып іске кірісу. Жаһанданудың алғашқы кезеңіндегі тәжірибелерге сүйене отырып, осы төңіректе кейбір ойлар қозғауға болады. Бұл реттегі ең басты мәселе ғаламдасудың ұзын құрығынан ешкімнің қашып құтыла алмайтындығы анық болғандықтан да бұл үдерістен барынша пайдамен, аз шығынмен шығу жақтарын ойластырған жөн. Нақтылай айтқанда, ұлтымыздың, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін қоғамдық дамудың, ғылым мен техниканың, технологияның соңғы жетістіктерін мүмкіндігінше пайдаланып, титімдей болса да, зиян келтіретіндерінен бойды аулақ салған дұрыс.Жаһанданудың әсеріне ең алдымен көп ұшырайтын, көп ұтатын да, ұтылатын да – ұлттық тіл. Бір сөзбен айтқанда, тіл майданында тілін сақтай білген ұтады да, сақтай білмеген барлық жағынан да ұтылып, ең соңында ұлтын жоғалтып тынады. Қазақ тілінің жағдайына келгенде, осы уақытқа дейін жетістіктерімізге қарағанда, өз шешімін таппай жатқан мәселелердің, ұтылыстарымыздың басым жатқандығы ойлантпай қоймайды. Қазақ тілі – әлем тілдерінің ішінде ешқайсысынан кем емес, тілдік қасиеттері жағынан келгенде, алдыңғы кеудеден көрінетін кемел тілдердің бірі. Демек, қазақ тілі –жаһандық тіл майданына салып жібергенде, бұзып-жарып шыға алатындай, әбден жетілген, «мың өліп, мың тірілген» күрескер, өміршең, сұлу да көркем тілдердің қатарында. Сонда, бар гәп қазақ тілінің нашарлығында, болмаса, замана ағымына ілесе алмауында емес, сол алдаспан ана тілін заманға лайықты ұстанып, баптап, жал-құйрығын күзеп, бәйгеге қоса алмай жүрген қазақтардың өзінде. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазылған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» (Ахмет) екендігін әрдайым есте ұстай алмағандығымыздан да ана тілімізді осындай күйге ұшыратып отырмыз. Турасын айтқанда, Қазақстандағы қазақ тілінің осындай мүшкіл халі өз ұлтынан жиренген кейбір қазақтардың ана тілін менсінбей, жаһанданудың арқасында қазақ елінің есігін сығалап, ішке кіре алмай жүрген келімсек тілдердің арбауына түсіп қалуынан туындап отыр. Іштен шыққан жау жаман демекші, қазіргі қазақ қоғамында ана тілін білмейтін мәңгүрттердің, көзқамандардың көбейе түсуі біртұтас ұлтты екіге жарып, оның болашағына шындап қауіп төндіре бастады. Ауруды емдеу үшін алдымен, оның неден пайда болғанын анықтайды. Диагнозы дұрыс болса, ол ауруды емдеуге болады; ал оны анықтай алмай, ауруға сәйкес ем қолданылмаса, дімкәстің беті бері қарауы қиын. Бір жақсысы, қазақ тілінің әлеуметтік жағынан ауруға ұшырауының себептері де, диагнозы да белгілі. Ендігі мәселе сол қазақ тілінің еңсесін түсіріп, кежегесін кері тартып тұрған кеселдерден арылтып, оның толыққанды өмір сүруі үшін жағдайлардың барлығын жасап, оны қоғамдық өміріміздің төріне шығарудың жолдарын шұғыл қолға алмаса, уақыт кеш болып қалуы мүмкін. Қазақ халқының үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қол астында болуы оның ұлттық, рухани жағынан дамуына орны толмастай олқылықтарға ұшыратты. Патша өкіметі негізгі соққыны қазақтың ұлттық сана-сезімін өзгертуге бағыштап, мұны қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласынан дерлік ығыстырып шығару арқылы жүзеге асыру көзделді. Міне, осындай саясат жүргізудің барысында қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесіне, тек ауылдың анайы қазақтарының тіліне айналды. Мұндай жағдай кеңес өкіметі жылдарында да жалғасып, тіпті орыс тілін неғұрлым тезірек меңгерсек, коммунизмге соғұрлым жылдам жетеміз дегенге дейін жетті. Отаршылдықтың басты мақсаты – «орыс билігін, орыс мәдениетін, орыс тілін тек Ресейде ғана емес, Еуропа мен Азияда да үстем ету. «Социализм идеясын дүниежүзінде орнықтыру керек» деген ұрандаудың астарында да осындай тойымсыз ұры пиғыл жатыр» (З.Валиди. Тілден, діннен, айырылмаңдар! «Қазақ әдебиеті», 09.04.1996) болды. Үш жүз жылдай бодандықтың астында тұншыққан қазақ тілі тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, өз тұғырына қона алмай келеді. Қазіргі таңдағы ең алдымен, шешімін табуы тиіс мәселе осы. Бұл проблема Атазаңда көрсетілген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қағаз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде орындалуын қатал талап ету арқылы шешіледі. Ол үшін Конституцияда жазылған орыс тілі ресми тіл, ол мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады деген бапты алып тастап, аттан түсіру керек. Сонда ғана барып, қазақ тілі шаужайына жармасқан орыс тілінің өктемдігінен құтылып, өзінің алдына қойылған мемлекеттік тіл мәртебесіне орай айқындалған міндеттерін абыройлы орындай алатын болады. Қазақ елі өркениетті елдер қатарынан көрінеміз десек,«қазақтың өз бірлігі, түркі бірлігі, ислам бірлігі – осы үшеуі біздің ел болуымыздың шарты» (Р.Бердібай. «Ел боламыз десек...», Алматы, 2000, 113-бет). Осындағы бірінші айтылған «қазақтың өз бірлігі» тек тіл арқылы ғана жүзеге асады. Бұл дегеніміз – күллі қазақтың қазақ тілінде сөйлеуі, сол тілде жасалған рухани қазынамен нәрленіп, қазақша өмір сүру, яғни, қазақша ойлап, қазақша сөйлеу, өмірге қазақтың көзімен қарап, қазақтың мүддесіне қызмет ету; ұлттық тілден басталатын «тіл бірлігі, ой бірлігі, іс бірлігінің» жүзеге асуы. Сонда ғана барып, ұлт біртұтас қоғамдық организм ретінде толыққанды өмір сүріп, тура жолда дами алады. Тілге түскен сәл ғана сызаттың өзі ұлттың, халықтың қалыпты рухани жағдайда дамуына айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан да біз еліміздің ертеңін ойлайтын болсақ, осы бағыттағы жұмыстарды тілдің жағдайын жасаудан бастау керектігі талас тудырмайды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бұл салада батыл түрде қолға алынуы тиіс қыруар жұмыстардың күтіп тұрғанын еске салудың артықтығы жоқ. Жаһанданудың сөз алысып, сөз беріскен тіл майданында мықты, қуатты, отқа салсаң, жанбайтын, суға салсаң, батпайтын, әбден сайланып шыққан тілдердің ғана жолы болатындығы анық. Бұл жағынан келгенде, ағылшын тілі әзірше алдына ешкімді салмай тұр. Миллиардтан астам сөйлеушілері бар қытай, хинди тілдерінің өзі ағылшын тіліне иіліп, сыр беріп, жол беріп тұр. Ал қазақ тілі ше? Қазақ тілі ағылшын түгілі, көршілес жатқан туысқан әзірбайжан, өзбек, түркімен, тіпті, қырғыз тілдерімен салыстырғанның өзінде де ұтылатын, кем түсіп жатқан жақтары баршылық. Бізден басқа мемлекеттік мәртебесі бар түркі тілдері Батыстан аранын ашып келе жатқан жаһанданудың ауанын тез байқай қойды да, тас-түйін бекініп, жан-жағын қымтап алды; келсең келе бер дегендей, әрекеттерін жасауда. Ал біз ше? Жан-жағымыздан анталап, ішке кіруге әрекеттеніп, сығалап, тіміскіленіп, тесік іздеп жүрген арам пиғылдылардың көптігіне қарамастан, баяғы «қонақжайлығымызды» паш етіп, «қош келдіңіздер, жоғары шығыңыздар», «біз көпұлтты елміз», «біз толерантпыз» деп, есік-тереземіздің барлығына шық-шашық тастап, өзге жұрттардың, солармен бірге өзге тілдердің, мәдениеттердің жайлауына барынша жағдай жасап жатқан жайымыз бар. Қонақжайлылықтың да, төзімділіктің де, сыйластықтың да шегі бар емес пе? Шектен шыққан, жатжұрттықтардың алғашында ішімізге имене кіріп, қазір ұлттық үйіміздің төрін бермей, рухымызды лайлап жатқан осындай жағдаймен біздің жаһандану заманында табыстарға жете алуымыз екіталай. Қазақтың тілі дәл қазір халықаралық аренаға шықпақ түгілі, өз үйінде өзіне өзі келе алмай, ішкі жағдайын реттей алмай жатқаны тағы да – ақиқат. Қазақ тілінің жағдайын жақсартуды ел ішілік жағдайды жақсартудан бастау – кезек күттірмейтін аса зәру мәселе. Біздің бұл жерде негізгі айтпақ болып отырғанымыз – әлемдік жаһандануға ешбір дайындықсыз, ойланбастан қойып кетуіміздің салдарынан ұлтымыздың көп ұтылып, зиян шегіп жатқандығы. Сонда не істеуіміз керек? Жаһандану біздің өз өзімізге келіп, ойланып алайық, мұрсат бере тұрыңдар дегенімізге қарап жатпайды. Міне, осындай жағдайда құрдымға кетіп қалмау жағын қарастыруымыз керек. Ол жағын қалай ойластырамыз, қайдан табамыз? Біздіңше, ондай жол бар. Ол үшін ең алдымен, ұлтты сақтап қалатын, халықтың мүддесін қорғайтын ұлттық идеологияны мемлекеттік саясатқа айналдырып, оның орталық мәселесі ұлттық тілді, ұлттық мәдениетті сақтау болу керек. «...қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды» (Н.Назарбаев. Ой бөлістім халқыммен. Алматы, – 2006, 87-бет). Ұлттық идеологияға негізделген мемлекеттің басты міндеті Қазақстанның материалдық, рухани құндылықтарын талан-таражға түсуден, жаһанданудың жағымсыз әсерлерінен жастарды, қарапайым халықты қорғау болуға тиісті. Сонда ғана қазақтың тілін, сол тілді қолданатын халықты жойылып кетуден сақтауға болады. Бұл – ұлт болашағының бірден бір шарты. Одан кейін міндетті түрде орындалуға тиісті екінші шарт ол – жаһандануға түркітектес елдермен бірге бару. Өйткені жаһанданудың барысында түрлі себептермен өзін сақтай алмаған ұлттардың жаһанданудың жемтігіне айналып кету қаупі зор. Әсіресе, біз сияқты өз тілін, рухани құндылықтарын қадірлей алмай, Батысқа табынып отырған елдер үшін бұл жолдың жөні бөлек. Қатар отырған түбі бір тілдерді бұзып-жарып өту кімге болса да оңайға түспесі анық. «Түрік» деген сөз (тарихта 542 жылдан белгілі) «күшті», «ержүрек», «айбынды» деген мағынаны білдіреді» (А.Тоқтабай. Түркі халықтарының этномәдениеті. Алматы, 3-бет). «Түрікшілдік – түркі халықтарын бірлікке, өзара байланыстарын нығайтуға үндейтін қоғамдық-саяси ағым» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8 том, Алматы, 2006,603-бет). Түркі халықтарының бірлігі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Жалпы бірлік мәселесі қоғамдық өмірдің аса бір қажетті шарты екендігі әлімсақтан белгілі. Бірлік сақталған жерде ғана толыққанды өмір бар. Ұлттық бірлік ұлт өмірінің бірден-бір шарты. Ұлттық ішкі бірліктің сақталуы – ұлт өміршеңдігінің басты кепілі. Сондықтан да бұл мәселе түркі халықтары қоғамдық өмірдің даму жолына түскелі бері күн тәртібінен түскен емес. Түркі әлемінің бірлігі жетпей, құлдыраған, біртұтас болып, әлемді аузына қаратқан тұстары да тарихта жеткілікті. «Солтүстік Азия мен Кіші Азияның, Байкал мен Балқанның аралығындағы ұлы кеңістікті, дүниедегі ең үлкен екі құрлықты иен жайлаған түркі халықтарының бағы жанып, мәртебесі биіктеген де, сәтсіздікке тіреліп, қасірет шеккен де кезеңдері аз болмаған. Тегі, тілі, салты, кәсібі, дәстүрі ұқсас туыс жұрттар өзара ынтымақ тапқан кезде даңқы көтеріліп, ісі оңға басқан, ал алауыздық дертіне ұшырап, берекесі қашқан тұста сырт жаулардың қармағына түскенін, тарихтың бұралаң жолдарында қанша рет қайталанғанын толық баяндайтын кітаптар әлі жазылған жоқ» (Р.Бердібай. Ататүрік және түркі бірлігі. «Айқап», 2013, №4, 16-бет), Әсіресе, соңғы бес ғасырдай уақыт бір кездерде әлемдік өркениетке айтарлықтай үлес қосқан түркі әлемінің берекесі қашыңқырап, соның салдарынан тұтастығына сызат түсіп, бір-бірінен ажырай бастады. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, көпшілігі бодандыққа ұрынып, этнос ретінде жойыла бастады. Өткен ғасырдың басында түркі халықтарының не ел болып қалу, не тозып, тарихтың сахнасынан түсуі тарихтың таразысына қойылған сәттерде түркі бірлігі жаңаша мазмұнда барынша қайтадан көтерілді. Түркі жұртын этнос ретінде сақтап қалудың бірден бір жолы ретінде «тілде, ділде, істе бірлікте» (Ысмайыл Ғаспарлы) болуға шақырған түркішілдердің ұраны түркі әлемінің көгінде қалықтады. Мұны түсінген түркі әлемінің халықтары барынша бірлікке ұмтылғанымен де астыртын қарсы күштердің жасырын әрекеттерінің барысында бұл мақсатқа қол жеткізе алмай келеді. Керісінше, бір кездерде бір бір шаңырақтың астында Алтайда тұрған көк түріктің ұрпақтарының арасы бір-бірінен қашықтай түсіп, алды құрдымға құрып бара жатқандай көрінеді. Сондықтан да бүгінгі жаһандану үдерісі барынша қатты қарқын алып, мұның өзі түркі әлемінің тұтастығына, болмысына айтарлықтай зиянын тигізіп жатқан тұстарда бұл мәселе барынша өзекті болып отыр. Түрікшілдік дегеніміз не? Бұған Зия Көкалып төмендегіше анықтама береді: «Түрікшілдік» түрік ұлтын («түрік ұлты» бұл жерде барлық түркі халықтары мағынасында, Д.Ы.) биіктету деген сөз». Бұл жердегі басты мәселе түрік ұлтын көтеріп, басқаларды төмендету емес, керісінше, басқа ұлттарды да мойындай, олардың озығынан үйрене отырып, өз ұлтыңды сүю, оған адал қызмет ету болып отыр. Тағы бірде З.Көкалып: «Түрікшілдік – бар ынтасымен тек өзінің бірегей мәдениетіне ғана ғашық болу, бірақ шовиниз немесе фанатизм емес. Еуропа өркениетінің құндылықтарын толық және жүйелі түрде ала отырып, онда басқа ешқандай ұлттық мәдениетті жатсыну немесе төмендету ниеті жоқ. Керісінше, барлық ұлттық мәдениеттерді бағалаймыз және құрметтейміз. Тіпті, біз бірқатар жамандықтарын көрген ұлттардың да саяси ұйымдарын құрметтеумен бірге олардың мәдени туындыларына таңданамыз, ойшылдары мен өнер адамдарына құрмет көрсетеміз» (З.Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, 2000, 74-бет) – депті. Түрікшілдіктің түркі халықтарын ынтымаққа, бірлікке шақырудан басқа ешкімге зияны жоқ, бейбітшіл ағым екендігіне қарамастан, отаршылдар одан өздерінің зымиян ойларының жүзеге асуына кедергі келтіретін, түркі халықтарын күшейтетін бірден-бір қауіпті көріп, қорқып, түп-тамырымен құртуға барынша әрекет жасады. Түрікшілдікке, түркі бірлігіне шақырған түркі халықтарынан шыққан ұлт зиялылырын «пантүркішілдік», «ұлттық шовинизм», панисламшылдық», «діни фанатизм», «реакцияшыл қозғалыс» деген не бір саяси айыптаулармен айыптап, дүркін-дүркін жазалаулар ұйымдастырып отырды. Ал шын мәніне келгенде, түркішілдік түрік халықтарын басқалардан ерекшелейтін әсіреұлтшылдық емес, керісінше, алпауыт елдердің өздерін жоғары санайтын өктемшіл, шовинистік, отаршылдық саясатына қарсы қойған қорғаныстық мақсаттағы түркі халықтарын бірлікке шақырған ұлт-азаттық қозғалыс болды. Отаршылдық саясат күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандықтан да ұлт азаттығына негізделген түрікшілдік қозғалысы да өмір сүріп, түркі халықтарының бостандыққа, бақытты өмірге жету жолындағы бірден-бір қозғаушы, біріктіруші күшке айналуда. Қазіргі заманның қоғамдық дамуында негізгі екі жол көрініп тұр. Оның біріншісі барынша насихатталып, өмір сүруге ең қолайлы, бақытқа жеткізетін жол деп, ұсынылып жатқан батыстық құндылықтарға негізделген американдық өмір салты болса, екіншісі әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұлттық құндылықтары негізіндегі ұлттық даму жолы. Қазір шамасы келген мемлекеттердің көпшілігі екінші жолға түсіп, өзіндік болмыстарын сақтап қалуға тырысып жатыр. Шамасы келмегендері амалдың жоқтығынан да бірінші жолға түсуге мәжбүр болғанымен де, «суға кеткен тал қармайды» дегендей, өзін сақтап қалудың қолдан келер соңғы әрекеттерін жасау үстінде. Біз жаһанданудың осы екі жолының қайсысына түсуіміз керек. Біріншісі – құрдымға апаратын жолға түскіміз келмейтіні түсінікті. Ал екінші жолға шығу үшін тілі, сол тілде жасалынған мәдениет, ұлттық сана-сезім, экономика, жалпы мемлекет күшті болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық болмысымызды сақтай алатын, барлық жағынан да бәсекелестікке қабілеттілікті талап етіп отыр. Бұл жағынан келгенде, бізге ойлануға тура келеді. Шындығын айтқанда, біз сияқты ұлттық дамуында әлі де жеткенінен жете алмай келе жатқаны көп елге жаһанданудың жолымен жеке дара жүру аса қауіпті екендігіне бүгінгі күндері көзіміз анық жетіп отыр. Жаһанданудың алғашқы аяқ алысында, әсіресе, шағын ұлттарға қауіп қатты төніп тұр. Оның қарқын алып, күшейе келе ірілерге де ауыз сала бастауы анық. Қазірдің өзінде миллиардтан астам қолданушылары бар қытай, хинди тілдерінің өзі де ағылшын тілінің алдына тосқауыл қоя алмай отыр. Түрік ғалымы Ферхад Тамирдің ағылшын тілі қазіргі түрік тілінің ішіне дендеп кіріп жатыр; қазір қаупі онша болмағанымен де сезіле бастады; 2-3 ұрпақ ауысқан соң, үлкен ұлттық проблемаға айналуы мүмкін деген сөзі ойға оралады. Түркі халықтарының ішіндегі ұлттық мәселелері біршама мығым шешілген 80 миллиондай түріктердің өзі жаһанданудың ұлт болашағына тигізер әсері жайлы толғана бастауының өзі басқа азсанды халықтар үшін көп нәрсені аңғартуы тиіс. Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия республикасының он жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «Ең алдымен, мен біртұтас түркі ұлтшылымын, яғни ұлтжандысымын, солай тудым, солай өлемін. Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатындығына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады» (Қараңыз: Қ.Аманжолов, Қ.Рахметов. Түркі халықтарының тарихы. Алматы, 1997, 8-9 беттер) – деп, түркі бірлігінің болашағына үлкен үміт артқан болатын. Өткен ғасырдың соңына қарай КСРО ыдырап, түркітектес Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан тәуелсіздік жолына түскенде, достық қолын алғаш созған туысқан түріктер болды. Кезінде Түркияның президенті, бірнеше дүркін премьер-министрі болған С.Демирел «Кеңес Одағы ыдыраған кезде біз Қазақстанның әлемге Мәскеу терезесінен ғана қарамағанын қаладық. Тәуелсіздігін жариялаған елдердің алдында келесі бір қиындық тұрды. Қазақстанға нарықтық экономикаға көшу керек болды. Міне, осы тұста Түркия елі Қазақстанның жанынан табылып, қолтығынан демеді. Өзінде жоқ қаржыны өзгелерден несие алып, Қазақстанға берді. Түркияның да сол кезде асып-тасып бара жатқан байлығы жоқ болатын. Бірақ соған қарамастан, бұл біздің бауырларымызға қосқан үлесіміз болсын деп, өзгеден үнемдеп, 1 млрд. долларлық несие бағдарламасын аштық. Егер Қазақстан бұл несиені дәл мерзімінде төлемесе, онда бұл қаржыны Түркия өз есебінен төлеуге мәжбүр болатын. Қазақстан өзіне алған міндеттемесін уақытысында орындады. Кейін Қазақстанның осы іс-қимылы француздардың, жапондардың, американдықтардың сеніміне кіруге жол ашып, шет ел инвестициясының келуіне алғышарттар жасады. Осылайша қазақ елі Түркия арқылы әлемге терезе ашты» («Алматы ақшамы», 16.12.2014) – деп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы екі елдің арасындағы бауырластықтың жүзеге аса бастау көріністерін қанағаттанғандық сезіммен еске алады. Жаһандану үдей түскен бүгінгі таңдағы түркі бірлігі хақында түрік ғалымы, профессор Әбдіуақап Қара төмендегіше ой айтқан: «Бүгінгі таңдағы түркі халықтарының мәселесі жаһандану деп айтылған ұлы мәдениеттердің кіші мәдениеттерді жалмап-жұтып жатқан кезінде бір-біріне жақын немесе туыс мәдениеттердің өзара ынтымақтастықта ұлттық ерекшеліктерін сақтау мәселесі болып табылады. Жаһандану дәуірі өздерін басқа елдерден оқшаулаған елдер ұтылған, өзге елдермен ортақ нүктелер тауып, ынтымақтастық пен достықты көпжақты дамытқан елдер ұтқан дәуір» (Ә.Қара. Түркі дүниесінің ортақ әліпби жүйесі бола ма? «Түркістан», 14.03.2013). Қазақ зиялыларының пікірлері де осы арнада көрінуде. Мысалы, академик Өмірзақ Айтбайұлы түркілік тұтастыққа қол жеткізу қазіргі замандағы түркі мемлекеттерінің алдында шешімін күтіп тұрған аса маңызды мәселе деп біледі: «Егер түрік халықтары ортақ бірлестікке қол жеткізіп, үлкен одаққа айналмаса, түптің түбінде шағын елдер ретінде ірі мемлекеттерге жем болуы ғажап емес. Сондықтан да біз биік мақсаттарға ұмтыла отырып, шағын болса да үздіксіз қадамдар жасай бергеніміз абзал. Бұл қадам мәдени өріс, тілдік тұтастық саласындағы рухани қарым-қатынастардан бастау алғаны тиімді» (Ө.Айтбайұлы. Тілтірес. Алматы, 2014, 314-315 беттер). «Жаһандану дәуірінде қазақтың болашағы түбі бір түріктердің етене жақындасуына тікелей байланысты екеніне күмәндануға болмайды» – дейді Түркі халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясының президенті Е.Сұлтанмұрат. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді қазақ. Ы.Алтынсариннің бір әңгімесінде мынадай оқиға суреттелген. Бір-бірімен ұрысып-таласып, тату болмаған балаларын әкесі шақырып алып, қолдарына бір-бір шыбықтан ұстатып, сындырыңдар дегенде, бәрі де қиналмай, оп-оңай сындыра салады. Ал енді мынаны да сындырыңдар деп, бір бума шыбықты бергенде, біреуі де сындыра алмайды. Сонда әкесінің «Сендер бір-біріңмен тату-тәтті болмай, жеке-дара жүрсеңдер, қолдарыңдағы сынған шыбық сияқты күй кешіп, көрінгенге қор боласыңдар, ал барлық уақытта бірге болсаңдар, сендерге ешкім тиіспейді, тиіскен күннің өзінде де шамасы келмейді» деген ақыл-өсиет айтқан екен. Осы бір аталы сөздің тек қана туысқан адамдардың арақатынасында ғана емес, ұлтаралық, мемлекетаралық қатынастарда да аса маңыздылығына, өзінің мәнін жоймағанына жазылғанына ғасырлар өткеніне қарамастан, күні бүгін де көзіміз жеткендей болады. Түркі халықтарының тарихы мен бүгінін ойлағанда, осы бір нақыл сөздер ерекше бір маңызға ие болғандай. Өткенімізге көз жіберсек, түркі халықтарының салтанат құрған, сонымен бірге, өзара бір-бірімен тату болмауы салдарынан ұтылған тұстары да аз болмапты. Әсіресе, азулы көршілеріміздің түрлі жымысқы әрекеттер жүргізіп, іштей алауыздықтар туғызып, «бөліп ал да билей бер» мақсатындағы саясатынан көп зардап шегіпті. Осындай зымияндықтардың салдарынан түркілік тұтастық, бірлік бұзылып, шетке шығып қалған кейбір ұлттардың аранның аузында тұрғаны қазір жасырын емес. Ішкі алауыздықтардан, басқа да түрлі себептерден туындаған мұндай келеңсіздіктерге алдағы уақыттарда тосқауыл қоя алмасақ, мұның өзі түркі әлемінің болашағына деген айтарлықтай зардаптары болуы мүмкін. Сонымен, жаһандануға жұтылып кетпес үшін бізге ең қолайлысы – түркілік жол, яғни тегі, тілі, рухани құндылықтары ұқсас, бір түркі халықтарымен бір болу. Бұл тек қазақтар үшін ғана емес, түркітектес қырық шақты ұлттың да болашақта жойылып кетпей, аман қалуының бірден-бір жолы түркілік тұтастық екендігін бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр. Түркілік даму – біздің болашағымыз деп отырғандағы біздің басты дәлеліміз – олардың тегінің, тілінің, рухани құндылықтарының бірлігі, біртұтастығы. «Түркі әлемінің эпостары – қазіргі түркі тектес халықтардың тарихымен мәдениетінің біртұтас екендігін терең түсініп, жете сезіну үшін теңдесі жоқ құнды қазыналар. Сонау есте жоқ ежелгі замандардан бері бауырлас түркі халықтарының асыл қазынасы болып табылатын эпостар олардың даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде халықпен бірге жасасып, бірге сақталып келеді» (Н.Назарбаев. Ой бөлістім халқыммен. Алматы, – 2006, 83-бет). Халықаралық Түркі академиясының экс-президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев «Ал әлемдік жаһандасу үрдісінен қазақ жұртының үні естілетін жолға келсек, бұл – түркі әлемінің жолы. Түркілік тұтастық, түркілік ортақтық арқылы рухани бірлігімізді дамыта алсақ, сол жолмен жаһандануға ілессек қана біздің мәдениетіміз де, әдет-ғұрпымыз да, жүріс-тұрысымызда белгілі бір дәрежеде өзгеріссіз сақталып қана қоймай, оның жоғары деңгейде болуына өзіміз жауапты болған болар едік. Сөйтіп қана қазақ өзінің үлес салмағын жаһанның жұмырланған уысынан алып шығар еді» (Ш.Ыбыраев. Түркілік рухани бірлік идеясы қазақтың ұлттық мәселесі болуы керек. «Алаш айнасы», 26.02.2013) – дейді. Жалпы өмірге келген әрбір адамның өзін қоршаған қоғамнан, табиғаттан тыс өмір сүре алмайтындығы, оның болашағы айналасымен қарым-қатынасының қалай құрылуына тікелей қатысты болатындығы сияқты ұлттардың дамуында да бұл – ерекше маңызға ие. "Қазақ үні" газеті