ШАХАНОВТЫҢ ЖАҢА КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

d0bcd183d185d182d0b0d180-d188d0b0d185d0b0d0bdd0bed0b2-300x199 Алматыдағы «Қазақконцерт» залында Қазақстанның халық жазушысы, «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері Мұхтар Шахановтың «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық және адами өмірі туралы «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Ақын шығармашылығы қашанда оқырмандарының көңілінен шығып жүргені белгілі. Бұл жолы да аумақты залда ине шаншар бос орын болмады, жиналғандардың біразына үш сағат бойы аяқтарынан тік тұруларына тура келді. Кеште ақынның Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп жазылған бұрындар айтылып жүрген және осы күнге дейін белгісіз болып келген әндері орындалды. Бір өкініштісі, осы екі автордың әндерін әншейінде таласа-тармаса орындайтын белгілі әншілердің бір де біреуі төбе көрсетпеді. Жалғыз Жұбаныш Жексенұлы ғана халықтың сүйікті тұлғаларына құрмет көрсетіп, бірнеше ән орындап берді. Бірақ, ақша қуып аспанда қалықтаған «жұлдыз» әншілер келмесе де кеш өте қызықты өтті. Көрермендердің ақын кітабына қолтаңба алу үшін кезекке тұруы Шаханов шығармашылығына деген үлкен қызығушылықты көрсетсе керек. Зейнолла АБАЖАН