Сауық ЖАҚАНОВА, ҚР Еңбек сіңірген артисі: Кейде өзімді микрофонмен бірге жаралғандай сезінемін...

ссс Қазақ радиосының «алтын дауысына» айналған ардагер диктор өте қунақ көрінді. Сырлы аяқтың сыны кетпейді дегендей, ұзақ жылдар шығармашылық іспен үздіксіз айналысып, кілең шәкірттер арасында жүретіндіктен бе екен, біршама жас көрінгендей әсер қалдырғаны да рас еді. Әйгілі диктормен тілдесуге келе жатқанда ойыма «осы кісі әуелде әнші болуды армандамады ма екен?» деген сұрақтың оралғаны. Әңгімені де осы сауалдан бастадық. – О-о! Жас шақта бәріміз де әнші емес пе едік! Оқушылық, студенттік кездерде сахнаға талай шықтық қой. Талай шырқадық. Қазір де ептеп әу деп қоюдан тартынбаймыз. – Көпшілікті дикторлыққа келу жолыңыз қызықтыратыны анық қой... – Телерадио жұмысына жаста­йымнан-ақ араласа бастаппын. Әкемнің Алматыда тұратын қарындасы Биғайша әпкем мен сол үйдегі Жақия жездем екеуі менің осы әуестігімді байқаған сияқты, бір күні: «Радиода дикторлыққа байқау жарияланып жатқан көрінеді, барып қатыссаң қайтеді?» – деп қалды. Ол кезде республика көлемінде бір ғана телеарна мен радио жұмыс істейтін. Мемлекеттік Комитет деп аталатын еді. – Тартыс қиынға соққан шығар? – Иә, оңай болған жоқ. Елдің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер бірінен-бірі өтеді. Онда тым жаспын. Дауысым өте жіңішке еді. Ал, о тұста радиодағы маңызды бағдарламалардың бірі – «Соңғы хабарды» дауысы қою апаларымыз Мина Сейітова, Шәрипа Бейсекеева, Қатира Әзімбаева, Жәнель Асқарова, Жаңыл Аяпбергеновалар (Біржанова) оқитын. Сонда байқаудың қабылдау комиссиясында отырған мүшелердің бірі: «Бұл қыздың дауысы тым нәзік екен, басты хабарларды оқуға онша келіңкіремейтін сияқты» деген пікірлер білдіріпті. Әйтсе, де болашағымнан үлкен үміт күткен болуы керек, комиссия мүшелері радиоға қабылдауға шешім қабылдапты... – Ондағы алғашқы ұстазыңыз есте ғой? – Әрине! Асыл Рахымжановадай ұстазды қалай ұмытарсың! Радио деген сиқырлы әлемге енді ғана бет алған мені дикторлықтың қыр-сырына жалықпай баулыған осы кісі. – Содан?.. – Содан, мен де тырмысып, әрбір сөздің мағынасын терең түсініп оқуға ұмтылдым. Сөйте-сөйте тәжірибе жи­нақтала бастады. Уақыт өте келе редакторлардың өздері «Менің хабарымды Сауық оқысыншы!» деп сұранатын болды. Тіпті, Ілия Жақанов, Яхуда Амандықов сынды ел білетін атақты мамандардың өздері іздеп келіп, хабарларын арнайы маған табыстайтын. Кім де болса, өз хабарының жақсы шығуына мүдделі емес пе?! – Ерекше қоңыр дауыс кімнен дарыған деп есептейсіз? – Анам әнші кісі еді. Дауысымдағы бояу сол кісінің ақ сүтімен дарыған шығар деп ойлап қоямын. – Өзіңіз еліктеген өнер иелері кімдер еді? – Студент кезімізде облыстарға, колхоз, совхоздарға концерт қоюға шығып тұрамыз. Сондай сапардың бірінен ұстаздарымыз «Қазақ» радиосының редак­ция­сындағы «Ұшқын» бағдарламасына хабар дайындауды тапсырды. Хабарды оқу маған жүктелді. Сонда: «Біз ауылға барып концерт қойдық. Жақсы қабылдады, жұмысшылармен кездестік» деп жай ғана хабар ретінде жеткізудің орнына, әрбір сөзді созып, шектен тыс әсірелеп жіберіппін. Лирикаға қатты ұшырап кеткендіктен болуы керек, бағдарлама тартымсыздау шықты. Кейін ойланып қарасам, мен сонда Зәмзәгүл Шәріповаға еліктеп оқыған екенмін. Дауысым тура апайдікіндей болса жақсы, ондай шықпайды ғой. Зәмзәгүл апайдың дауысының тембрі да өзгеше, әрі ешкімге ұқсамайтын ерекше ырғағы бар. Ол кісіге ұқсағым келгені де апайдың дауысы өзгелерден ерек болғандықтан шығар. Бір-екі жылдан соң әлгі хабарды тауып алып, тыңдап, қатты ұялғаным бар. Әркімнің өзіне тән дауысы, өзіне тән үні болуы керектігін де кейіннен ұқтық қой... – Ертерек замандарда радио ықпалының күшті болғанын сезінеміз. – Қазақ өзі басынан небір қилы тағдырды кешірген халық қой. Басына қиын қыстау күн туғанда, өзге жаққа ел асып, жер асып кете берген. Әсіресе, өзге мемлекеттерге еріксіз қоныс аударуға мәжбүр болған қандас­тарымыз «Қазақ» радиосының үнін ерекше күтетін. Сондықтан да, біз мейлінше жағымды жаңалықтарды жеткізуге асықтық. Алыстағы елім деп еміренген жұртты қуантуды парызымыз деп санадық. Қазір жұрт мүлдем радио тыңдамайды демеймін. Әйтсе де, бүгінде радиоарналардың саны көп, оның үстіне ғаламтор бәрінен де оперативті ақпарат таратып тұрғандықтан ба, кім білсін, радионың ықпалы бұрынғыдай аса зор емес... – Ол кезде дикторларға қойылатын талап та қатаң секілденеді... – Өз ойымша, дикторлық қызметті жоғары деңгейде атқару үшін ең алдымен тіл заңдылықтарын жетік білген жөн. Бұл тұрғыда филология саласына маманданғаным көп септігін тигізді. Ал радиоға артистікті бітіріп келгендердің сөйлеу техникасы жақсы болғанымен, сөздің мағынасын, түп-төркінін жете түсіне бермейтіндіктен, автордың идеясын толық аша алмайды. Бұл мәселеге қатысты академик Рабиға Сыздықова апамыз да қазіргі эфирден шығып жүрген журналистердің сөзді дұрыс жеткізе алмайтындығын жиі айтып жүр. Диктор ретінде хабар оқудың негізі фонетикадан басталады. Яғни, бір әріп дұрыс шықпай қалса, сөз шолақ болып қалады. Сондықтан бұл жердегі басты талап – тілдің заңдылықтарын сақтау. Сонымен бірге, сөйлемдегі сөздің түп-төркінін түсіну. Әр ұлттың өзіне тән сөйлеу ерекшеліктері болады. Біздің қазақтың сөздері басқа ұлттарға қарағанда өте нәзік келеді. Эфирден оқыған дүниеңді өзің түсініп оқитын болсаң, сенің ойың автормен бірге үндестік табатын болса, онда ортақ мақсаттың орындалғаны деп ойлаймын. – Мұндайда тағы да білікті ұстаздар еске түседі-ау... – Иә, дұрыс айтасың. «Ұстазы жақсы­ның ұстанымы жақсы» демеуші ме еді қазақта. Бұл тұрғыда мен Әнуарбек Байжанбаевтан бастап, Шәрипа Бейсекеева, Асыл Рахымжанова, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Қатира Әзімбаева, Жәнель Асқарова, Жаңыл Аяпбергеновалардың еңбектерін жоғары бағалар едім. Тағы да бір айта кетерлік нәрсе – өзің оқып отырған хабардағы мәселеге жан жүрегіңмен берілуің керек. Әйтпесе, ол тыңдаушыға өз деңгейінде жетпейді. – «Қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті екеніңізді лайықты мақтан тұтатын шығарсыз? Сауык апай-4 – О кісі туралы ойлағанда тебіренбеу мүмкін емес. Нағыз талант иесі еді. Әнекең бір дүние оқығанда өз-өзін ұмытып, сол шығарманың ішіне кәдімгідей еніп кететін. Әнекеңнің оқып отырған хабары құдды бір сол оқиғаның ортасында отырғандай әсер қалдыратын. Қан майдан туралы хабар таратқанда, ерекше бір тебіреніске бөленетін еді ол кісі. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Жеңістің хабарын әуе толқыны арқылы халыққа ең бірінші жеткізген жан ретінде Әнуарбек Байжанбаевтың есімі ерекше аталуы керек деп ойлаймын. Әрі ол кісі сұрапыл соғыстың тікелей куәгері болған адам. Әнуарбек ағаның пейілі қазақтың даласындай кең болса, дауысында да қазаққа тән қоңыр үннің самалы есіп тұратын. Әнекеңнің дауысы тұтас қазақ даласын шарлады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тыңдады ол кісіні. Әнекеңнің өнердегі орны өз алдына бір төбе де, адамдық қасиеті, көңілінің кіршіксіз тазалығы, жақынды да, жатты да жанына жақын тартатын бауырмалдығы ол кісіні ел есінде қалдырған ерекше қасиетінің бірі екені сөзсіз. Ән ағаңдай алаштың арда азаматымен қызметтес болудың өзі менің өмірімдегі айрықша сәттің бірі десем артық айтқандық емес. Менің радиодағы алғашқы хабарларымның бірі – «Пионер серігі» атты балалар хабары болатын. Әнағаңмен осы хабарды бірге жүргіздік. Радиоға әлі төселе қоймағандықтан болса керек, хабар кезінде даусым дірілдей бастайтын. Мұны байқаған Әнағамыз маған жекіместен, керісінше жігер беріп қолдай түсетін. Әнекеңнің хабарға алдын ала дайындалмайтындығы, мәтінді қолына алған замат сол шығармаға бірден еніп, әрі халыққа сенімді етіп жеткізетін. Мұның өзі ол кісінің тума дарын екенін көрсетсе керек. Сондай-ақ, ол кісі қандай бір ауыр тақырыпты эфирге алып шыққанда эмоцияға берілгендігі соншалықты, көзіне жас алатын да кездері болатын. Яғни, бұл дегеніңіз – Әнекеңнің жүрегінің нәзіктігін көрсетсе керек. Радиода қаншама жыл қызмет атқарған білікті дикторлар көп болды. Әйтсе де, сондай азаматтардың арасынан Әнекеңнің дауысы халықтың жадында мәңгі сақталып қалды. – Осы биік тұлғаны аса қарапайым болған деп естиміз. – Иә, бұл кісінің бойындағы ең керемет қасиетінің бірі – осы қарапайымдылығы дер едім. Кеңес заманында жалпы жұрттың көп нәрсеге қолы жете бермейтін. Кез келген тауарды кезекке тұрып әзер алатынбыз. Әсіресе, Кеңестік Одақтағы елдерден шыққан сөмке, көйлек секілді бұйымдарға қолымыз жетіңкіремейтін. Тіпті, ет, май сияқты тағамдарды да кезекке тұру арқылы алатынбыз. Сондай сәтте қыздар жағы: «Әнеке, сіз бізбен бірге дүкенге барып, осындай заттарды әпере алмас па екенсіз?!» – деп қиылып тұратынбыз. Сонда ол кісі біздің көңілімізді жықпастан, біздің алдымызға түсіп, қажетті заттарымызды ешбір қиындықсыз алып беретін. Сөйтіп бәрімізді риза қылатын. Өз ұлтының бағына туған мұндай жандар өмірде сирек кездесетіні сөзсіз... Сауык-3 – Бүгінгі радио саласында жүрген жас мамандарға не жетіспейді деп санайсыз? Көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма? – Қазіргі радиожүргізуші­лер сөздің «бісмілләсін»: «Сәлеметсіздер ме, құрметті радиотыңдарман?!» деп бастайды. Негізінен, осы уақытқа дейін «радиотыңдарман» емес, «радио­тыңдау­шы» деп айтылып келді. Бұл тұрғыда: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деген Ұлы Абайдың сөзіне жүгінсек артық болмас еді. Жалпы алғанда, кейінгі жастардың беталысы жаман дей алмаймын. Әйтсе де, кейбір жүргізушілерге көркем сөйлеу жетіспейтіндігін айта кету керек. Ең бастысы, жүргізуші өзінің не айтып тұрғанын жетік түсінуі тиіс. Сонымен қатар, сөйлегенде қазақтың өзіне тән мақамын сақтап, ауызекі тілдік үндесуді, әріптердің дұрыс айтылуын білуі керек. Кейде тілдік заңдылықтар назардан тыс қалып қояды. Осындай кемшіліктерді жібермесе құба-құп болар еді. Сауык-1 – Қызмет жолында аяғыңыздан тартқандар болды ма? – Өкінішке орай, біздің қазақта көреалмаушылық деген қасиет бар ғой. Біреу биікке шықса, оны қолпаштап көтерудің орнына аяғынан тартып жатамыз ғой. 1985 жылы Бүкілодақтық радионың 60 жылдығына орай маған «Құрмет белгісі» ордені тапсырылды. Сол кезде арнайы бұйрық шығып, орден тапсырылып қойғаннан кейін менің үстімнен Орталық Комитетке өзімнің әріптестерімнің біреуі «Бұл марапатты Телерадио төрағасы Камал Смайыловтың жерлесі болғандықтан алды» деген мағынада арыз жазыпты. Кейін осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс та өтті. Бірақ отырыс барысында маған ешкім де қарсы келместен, бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. – Жалпы, осы атақ-даңқ деген мәселе төңірегіндегі көзқарасыңыз қалай? – Әрине, бірінші кезекте атақ-даңқ емес, халықтың саған деген ерекше ықыласы маңызды ғой. Дегенмен, мысал ретінде айтатын болсам, бізден халқының саны жағынан әлдеқайда аз, қырғыз елінің дикторларының көпшілігі сол кездің өзінде-ақ Халық әртісі атағын алып жатты. Ал бізде Әнуар Байжанбаевтан басқа ешкімде ондай атақ болмады. Атақ берілейін десе, сол қу пендешілік, бір-бірінің аяғынан тартады ғой біздің ағайындар. Мәселен, мен «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі» деген атаққа бір емес, үш рет ұсынылдым. Бірақ сол аяқтан шалудың арқасында ол кезде маған бұл атақ берілмеді. Тек ел егемендігін алғаннан кейін, 1995 жылы ғана алдым. Әйтсе де, мен ол үшін көңілімді түсірген емеспін. Өйткені, ең бастысы, менің қалай еңбек еткенімді елім біледі. Әрі көпшілік орындарда тіпті дауысымнан-ақ танып, өнеріме деген өздерінің ықыласын білдіріп жатады. Мұның өзі маған деген үлкен құрмет деп білемін. Қазір осы атақ дегеніңіз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен сияқты. Неге, десеңіз, бұрындары елі үшін аянбай еңбек еткен өнер адамдарына, ең бірінші, Қазақтанның Еңбек сіңірген артисі, одан кейін барып Халық артисі атағы берілетін. Ал, қазір бұрынғыдай сатылап жатпай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы беріледі. Менің ойымша қайраткер сөзінің мағынасы терең. Осыны ұғына білгеніміз жөн. –Сіздің телевизия саласына да еңбегіңіз сіңгенін білеміз. Сондықтан, бүгінгі телеарналардағы кемшіліктер де көзіңізге алдымен ілігетіні даусыз ғой. – Қазір телеарнаның қайсысын қарасаң да таңның атысы, кештің батысы әншілерді насихаттайтын сияқты. Құдды біздің қоғамда олардан басқа мамандар қалмағандай әсерде боласың. Кейде маған мұның астарында жұрттың назарын қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерден алшақтату саясаты жатқандай көрінеді. Осындайда ұлы Абайдың Крыловтан аударған: «Шырылдауық шегіртке, ыршып жүріп ән салған» деген жыр жолдары ойыма еріксіз оралады. Ертеңгі күні ыршып жүріп ән салып, аш қалған шегірткенің күйін кешпесек болғаны деп алаңдаймын. Рас қазақ өнеріне, мәдениетіне насихат керек-ақ! Әйтсе де, кез келген нәрсенің шекарасы болуы керек емес пе?! Менің ойымша, әншілердің ішкен-жегенінен әріге аспайтын хабарлардың орнына, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді қаузайтын әлеуметтік-мәдени хабар­лардың қатарын толықтырса дұрыс еді. Сауык-2 – Өкінішіңіз бар ма? – Өкінетінім, кезінде тым жұмысбасты боламын деп балаларыма, отбасыма жағдай жасай алмадым. Кезінде Алматы қаласында қазақ мектептері санаулы болды. Сондықтан, ұлдарымды орыс мектебіне беруге тура келді. Қазіргі таңда қазақ тілін біледі. Әйтсе де, кішкентайынан қолға алғандай болмайды екен. Анда-санда осыған қиналып қоятыным бар. Бұйыртса, немерелерімнің бойына қазақ тілін кішкентайынан сіңіремін деген ойдамын. – Бүгінгі жастар тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? – Жастардың тәрбиесіне, негізінен, бірінші кезекте ата-аналар ықпал ететіні белгілі. Әсіресе, қыз балалардың тағдырына ата-анасы бей-жай қарамаса екен деймін. Кез келген ана қызы тұрмыс құрғаннан кейін барған жерінде «тастай батып, судай сіңуі» керектігін ерте бастан санасына сіңіре білгені жөн. Өзі келін бола тұра, келіп түскен жерін сөгетін қыздарды аналары тыйып тастамаса, оның ақыры ажырасуға апарып соғатынын ескергеніміз дұрыс. Шындығын айту керек, жастардың тәрбиесі қазір жүгенсіз кеткендей. Жастар күн санап қатары сиреп бара жатқан қарттарын құрметтеудің орнына, көшеде көрсе, соғып кетуден тайынбайтын болды. Қоғамдық көлікте де қарттарға орын беріп, құрмет көрсетудің орнына, автобус жүргізушілері аялдамада тұрған ақсақалды көрсе, тоқтамай кетіп жатады. Көптеген қариялар туған бала-шағасы бола тұра, қарттар үйін мекендеп жүргенін көргенде жаным ауырады. Осының барлығы отбасындағы тәрбиенің осалдығынан. Сонымен қатар, жастарға мектептерде, жоғары оқу орындарында ұстаздары үлкенге қашан да құрмет көрсетілуі керектігін үнемі ескертуден жалықпаса, онда біздің жастарымыз сөзсіз тәрбиелі, өнегелі болатын еді... * * * Тіршіліктің жүректе мәңгі жанар, Оты өшкенде – күтесің соңғы хабар. Сауық диктор оқиды соңғы хабар, Не айтар екен, япырай, мен қуанар, Меніменен бірлесіп ел қуанар, – деп ақын Кеңшілік Мырзабеков жыр арнағанындай, кезінде қалың қазақ елі Сауықтың сыңғырлаған үнін асыға күтетін еді. Әйтсе де «Қазақ» радиосының сандуғашы жасы ұлғайғанына қарамастан, радиодан қол үзе қойған жоқ. Сонымен қатар, елімізде тұңғыш рет жасалған жаңа заманғы тәрбие құралы – «Электронды қазақ үй» арқылы бесік жырын, қазақтың халық ертегілерін толғай жеткізеді. Сауық Мәсіғұтқызы ұлағатты ұстаз ретінде зейнет жасына шыққаннан кейін де студенттерге білім беру ісіне белсене араласуда. Яғни, ол өзі айтқандай, кейде өзін әлі күнге дейін микрофонмен біте-қайнасып кеткендей сезінеді. Оған ұстазы Әнуарбек Байжанбаев бірде: «Сауық, сен эфирдің Ақбаянысың!» деген екен. Біз де осы бағаға қол қойып, күміс көмей апаймызға зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз. Қызық-ай! "ТЕЛЕАРНАДА ЖҰМЫС ІСТЕМЕГЕНІМ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ БОЛҒАН..." – О тұста ауа-райы хабарлары таңғы сағат 6.50-де берілетін. Мұны әрбір диктор кезектесіп оқиды. Тағы бір ерекшелік – бізге орыс тілінде ұсынылатын мәтінді өзіміз қазақшалап оқуға тиіс едік. Үйім жұмысқа жақын болғандықтан кешігу деген де болмайтын. Бірақ бір жолы қатты шаршаған болуым керек, ұйықтап қалыппын. Жаз мезгілі болғандықтан, үстіме бір көйлекті іле салып жұмысқа қарай ұштым. Негізінен, ауа-райы хабарының қазақшасы бірінші берілуі керек-ті. Эфир уақыты таяп тұрғандықтан, алдымен орысшасын өткізіп жібердік. Осы аралықта мәтінді апыл-ғұпыл аудардым да, қазақшасын оқып шықтым. Біткен бетім сол еді, орыс редакциясының дикторы маған қарап, әбден қарқылдап күлгені... Сөйтсем, көйлегімді теріс киіп алыппын. Қатты ұялдым. «Телеарнада жұмыс істемегенім қандай жақсы болған!» деп қоямын өзіме-өзім...   Гүлмира САДЫҚОВА