Естісін әлем, білсін шындықты!

жамбыл Шерхан МҰРТАЗА

Тұлпардың тұяғы

Емханада, палатада жалғыз өзің жатқанда басыңа неше алуан ойлар келеді. Ұйықтасаң әртүрлі түс көресің. Таң алдында осы Орталық Емханада Нұрғиса көз жұмды. Бұл түс емес. Көз көргендер, көңілдес, доспейіл азаматтар дүниеден өткен сайын, әсіресе, емханада, палатада жалғыз жатқанда өзіңнің де бұл фәниге небәрі бес күн қонақ екеніңді ойлайсың. Алдыңда түрлі газеттер, теледидар сайрап тұр. Газеттерді ашып қалсаң да, теледидарды басып қалсаң да – қым-қуыт қиыншылық. Әсіресе, КТК құтыртады. Бір жерде газ жарылып, үй өртеніп кетіпті, бір жерде біреуді біреу өлтіріп кетіпті. Қажыгелдинге «қастандық» жасалыпты. Ұрылар үйді тонап кетіпті. Әйелдерді былай қойғанда, еркектер де тәнін сататын болыпты... Сұмдықтардан сүрініп, аяқ алып жүре алмайсың. Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы жұлдыз­дардай жыламсырап әрең-мәрең көрінеді. Сонда бұл дүние – өзің бес-ақ күн қонақ болсаң, несі қызық? Қызық ету, сірә, сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар. Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден. Бірақ ол қиыншылықтар көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар. Оған мойымаған. Қайғысыз, мұңсыз адамнан анадай сұрапыл да сұлу күйлер, әуендер төгілер ме еді. Таланттар раушан гүлі сияқты: жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені – азабы өзіне. Талантсыздар шошқа тікен сияқты. Гүлде­мей­ді. Азабы – өзгеге. Жамандық солардан. Бес күн қонақ өмірде жарқылдап өткен­дердің бірі – Тахауи Ахтанов еді. Оның да азабы аз болмаған. Бірақ жаймашуақ жаралған. тахауи                                                                       Тахауи АХТАНОВ      Әдебиет әлемінің табалдырығын аттар-аттамаста Мұхтар Әуезовтей алыптың оң назарына іліккен жігіт жаман болмас. Кейде түсіме кіреді. Жазушылар одағының ғұмырындағы бір жылымық кезең еді. «Горный Гигантта» Жазушыларға арналып шығармашылық үй салынды. Кереметтей емес. Бірақ сонда Ғабит Мүсірепов жатып «Ұлпанды», «Жат қолынданы» жазды. Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесінді» жазды. Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабы «Тамұқты» жаздым. Алмай-бермей, Тахаң мені іш тартты. Інісіндей сырласты. Мен оның 60 жылдық мерейтойына арнап «Айға шағылған найза» деген эссе жаздым. Әңгімеқұмар кісі еді жарықтық. «Ант» атты атақты пьесасын жазғанда тарихты қалай қопарғанын айтады. Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Бұл дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен адамдарды қабірлерінен «қайта қазып алып», оларды тірілту керек. Оларды бір кездегідей жүргізіп, тұрғызып, сөйлету керек. Күлдіру керек, жылату керек. Олардың тірі екеніне, Әбілқайырдың – Әбілқайыр екеніне, Фатиманың – Фатима екеніне көрермен, оқырман шынынан сену керек. Олардың бұл жалғаннан баяғыда-ақ өтіп кеткенін көрермен де, оқырман да мүлде ұмытуы керек. Театр залында көрермен өзін сол XVIII ғасырда жүргендей сезінуі керек. Ал бұл қойторының қолынан келмейді. Бұл хас таланттың ғана қолынан келеді. – Әбілқайыр – трагическое лицо, – дейді Тахаң. – Ақылды, нағыз қолбасшы. Бірақ заман – трагедия. Тағдыр оны орыс патша қатынға тәуелді етті. Ал Әбілқайыр ханның баласы – Нұралы, міне, бұл дундук, – дейді Тахаң. – Дундуктың қайдан шыққанын білесің бе? –Жоқ, – деймін мен, – әйтеуір орыстар дундук деп жатады ғой. – Ол қызық, – дейді Тахаң қыза түсіп. Қасы кейде керіліп, кейде екі қастың арасы жиырылып кетеді. – Ол былай. Анау Еділдің ар жағындағы қалмақ бар ғой. Сол қалмақтың Аюке деген ханы болған. Кәдімгі қиссалардағы Аюке ше? – Иә. – О, Аюке, – коварный. Біресе орыстармен дос болады. Біресе башқұрттарға жақтасады. Енді бірде басшқұрттарды орыстармен бірге шабады. Қырым хандығымен де дос болады, тіпті, Осман-түрік сұлтандарымен де септеседі. Сол Аюке өлгеннен кейін оның ұрпақта­ры­ның бірі – Дундук таққа отырып, Еділ қалмақтарын Түркияның қол астына қаратпақ болады. Ондайды орыстар оңдыра ма. Содан кейін орыстар есалаң шатыстың бәрін «Дүндүк» деп атап кеткен. Тахаң сигарет тұтатады. Оймақтай рюм­келерді қағыстырып, аздап-аздап коньяк ұрттап қоямыз. – Нұралы хан, оның туысы Айшуақ сұлтан орыстардың шен-шекпеніне, сыйлықтарына мәз болып естектерге көп обал жасады. – Естек кім? – Біздің жақта башқұрттарды естек дейді. Башқұрттарда Қарасақал, Батырша деген кө­семдер болған. Орыс патшасына қарсы көтерілістің көсемдері. – Салауат, – деп қаламын мен де бір нәрсе білгендей болып. – Ол кейін, – дейді Тахаң сөзді бөлме дегендей тыжырынып. – Патша аясын ба, естектерді қырып жіберді. Естектер бас сауғалап қазақ даласына қашпай ма. Орыстың айдап салуымен Нұралы хан, Айшуақ сұлтан босқын башқұрттарды әбден азаптады... Әңгіме «Анттың» қалай жазылуынан басталып, аяғы Аюке, Айшуақтарға жалғасып кеткенін байқамай да қалыппыз. – Апыр-ой, Таха, мұның бәрін мына университет бітірген біз білмейміз, тіпті, оныншыны да бітірмеген сіз қайдан білесіз? – деймін мен (мүмкін, коньяктың әсері шығар. Кейін ойласам, қолапайсыз сұрақ). – Е, сендер университетте Маркстың «Капиталын», Лениннің «Эмприокритицизмін» оқыдыңдар. Ал, мен өзімше өзіме керегін оқыдым. – Тахаң риясыз аңқылдап күліп алды. – Мені қойшы, менікі біршама ғой. Ал, ана Ғабиден Мұстафин ағаң ше? Үш-ақ кластық білімімен классик болып отыр ғой. Сен өзің жылдар бойы жазып жүрген Тұрар Рысқұлов небары орман-тоғай техникумын бітірген. Мемлекет басқарды. Немесе, өзіміздің Баукеңді ал. Рас, кейін ол военный академияда оқыды. Және военный академияда генералдарды оқытты. Содан әңгіме енді Баукеңе қарай ауысты. Оның таяуда өткен жетпіс жылдық тойы еске алынды. Жиырма сегіз гвардияшы-панфиловшылар паркінде Ұлы Отан соғысының отыз жылдығына арнайы мемориал ашылғандағы салтанатта Баукеңнің «қылығын» мәз болып әңгімелейміз. – Өзің де көрдің ғой, – деп Тахаң мені шынтағымен түртіп қояды. – Шыжандай халық. Қонаев бастаған бюро мүшелері төрде тізіліп тұр. Әскери парад өтпекші. Жай халық о жаққа жолай алмай анталап тұр. Алдында қабат-қабат әскери қарауыл. Бір кезде сол қамалды бұзып, біреу алға шықты. Бәукең! Басындағы дөңгелек қазақы бөркі, қолында таяғы. Тура бюро төрелеріне қарай тартты-ау сабаз! Ту сыртынан келіп, Қонаев пен Ниязбековтің аяқтарының арасына таяғын сұғып тұрып, ары-бері ырғап-ырғап жіберіп еді, ана екеуі шошып қалып, аралары ажырап қалды. Сол екі араға Бауыржан өзі қасқайып тұра қалды да, оң қолын шекесіне апарып, честь беріп, парадты өзі қабылдады ғой қайран ағам! Тахаң көзі жасаурап кеткендей болды. – Сөйтсе, – деді Тахаң сәл тыныстан кейін, – сорлылар Баукеңді әлгі салтанатқа шақыруды да ұмытып кетіпті. Әлде әдейі... Жеңістің отыз жылдығы. Панфилов... Оу, мұндай да жетесіздік болады екен-ау! Әйтпесе, Бауыржан әдепсіз емес еді ғой. Өз орнын біледі. Сыйлап шақырса, тұрар еді ғой басқа бір жерде-ақ. Әй, айызымның қанғаны-ай сонда. Сирақтарының арасына аса таяғын сұғып жіберіп... Тахаң шығармашылық үйді басына көтере қарқылдап, жарқылдап бір күлді дейсің. Сол найзағайлы шақ менің есімнен кетпейді-ақ. Баукеңе жағымпаздар, екіжүзділер, мақтаншақтар ұнай бермейді. Ал Тахауи десе: – О, ол батырларың Көтібар көкеңнің тұқымы ғой. Ұқсайды бабасына, – деп қоятын. Шынында да аты қиын бабамыздың батыр­лығы, адалдығы, аңғалдығы, турашыл­дығы Тахаңның тұла бойында тұнып тұрғандай еді. Тағы да Баукең: – Осы күні: «Менің бабам батыр болған. Менің бабам пәлен болған, түген болған» дейтін дуайпаттар көбейді. Жарайды, болса, болған шығар. Ал сол ұлының ұрпағы бабасының тырнағына тати ма? Енді оның келер ұрпағы онымен мақтана ала ма? Соны неге ойламайды?! – деп қаһарланады, – ал ұр­пақтары ұялмай, Тахауимен мақтануына болады... Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда Тахауи қабір басында жан-дүниесін ақтара хас шешендігі еселей ашылып: – Бауыржан Момышұлы – мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам! – деді. Тахауи өзі де сондай еді-ау. Қайтыс боларынан біраз бұрын көңілін сұрап үйіне бардым. – Мына жүрекке жәрдем беретін стимулятор Германияда бар екен. Әттең жете алмаймын. Қаржы керек. Терещенкоға хат жаздым. Жауап жоқ, – деді. Дәл осы тұста Терещенко үкіметі Қазақстан қазынасын талапайға салуды бастап жатқан шақ. Қазақ әдебиетінің бір бәйтерегі құлайын деп тұрғанда соған тіреу болуға жарамаған сондай үкімет кімге опа береді?! Келді-кетті. Тура келген ажалға амал жоқ. Ал көпе-көрнеу көмекпен сол ажалды тежей тұруға болатын сәтте қол ұшын бермеу – тасқұдайлық. Бетеге кетіп, бел қалар, Бектер кетіп, ел қалар. Ел аман болса, Тахауи естен кетпес. Волховта болдым, орманын көрдім Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық дегендей, жарықтық Жәкемнің – Жамбыл ақынның арқасында былтыр біраз жердің дәмін таттық. Сәті түсіп, мен Санкт-Петербург бағытына баратын топқа қосылдым. Жамбыл ақынның жүз елу жылдығын Санкт-Петербург аса бір құрметпен атап өтті. «Ленинградтық өрендерім» деген үн Балтық жағалауын тағы бір жаңғырықтырып жіберді. Жалғыз Санкт-Петербург емес, оның жан-жағын да араладық. Бір жағы Выборг, бір жағы Волхов. Волхов деген жерде есіме екі адам сарт етіп түсе кетті. Біреуі – өзіміздің Жуалының Мыңбұлағындағы Шолақ Сияқұл, екіншісі – исі қазақтың бәрі білетін Сырбай ақын. сырбай                                                                        Сырбай МӘУЛЕНОВ Оқтай түзу асфальт жол. Қос қапталда – ойдым-ойдым орман. Солтүстіктің нар қарағайлары мен ақ қайыңдары сыңсып тұр. Ешқашан ештеңе болмағандай мүлгиді. Ал, осы орманның бір жерінде менің ағам Сияқұлдың оң қолы қалған. Снаряд топшысынан жұлып кеткен. Ол елге оралып, өмір бойы оң қолының бос жеңін сипалайды да жүреді. Жоқ қолының орны ұдайы сыздап тұратындай, құр жеңді уқалай беретін. Осы орманның бір жерінде Сырбай жатқан окоп бар. Өзі: Тар окоп болды сонда үйім менің, Жұпыны күйіне оны сүйінгенмін. Жанымның ұясындай жауға бермей, Өтінде тұратын ол құйын-желдің, – деп жазған соң, қай жерде екен деп орманның тұлабойын көзіңмен тінткілейсің. Сол сұрапылда тіке келген ажалдан окоп та құтқара алмады. Бағымыз бар екен, қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, бағымызға Сырбай ақын елге қайта оралып, халқына жомарт жырдан інжу-маржанды аямай шашты. Бірақ соғыс салған, өмір салған жарақат бір басында көп еді: Жасымнан аштық, соғыс көрген күнім, Жайылған олар жайлы елге жырым. Ұят-ау, қырық жамаулы көрпешедей, Жаралы денемменен жерге енуім... Бұл шумақ біле-білгенге Сырағаңның жеке басының халі емес сияқты. Бұл бүкіл қазақ халқының халі. Бүкіл қазақтың тұп-тұтас бір дене деп елестетіп қарасаңыз, тұлабойының қырық жамау жарақат екені рас. Сырбай – қазақ деген сөздің синонимі. Қырық құрақ денеменен қара жердің қойнына кіруге ұялудың өзінде қаншама иман, қаншама ұлы қасиет жатыр. Бұл өлең Сырағаңның өмірінің соңғы жылдарында жазылған. Ал мен Волховқа келе жатырмын. Асфальт жол түп-түзу. Қос қапталда – ойдым-ойдым орман. Жол-жөнекей тағы да Сырбай ақын алыстан құлағыма: Болдың ба сен Волховта, Көрдің бе оның орманын? Сол орманның әр талын Өз жанымдай қорғадым, – деп сыбыр­лағандай болады. Бұл – аппақ адал шындық. Қиял қоспасы жоқ. Сол соғысқа шамамен алты жүз мыңдай қазақ қатысыпты. Алты жүз мың қазақ Ресей жерін өз жанындай қорғапты. Сол үшін де мәңгі-бақи ризашылық керек қой. Ал, Кеңес дәуірінде түсірілген мақтаншақ фильмдерден мойынды қанша созсаң да, бір қазақты көре алмайсың. Кейінгі ұрпақтың кейбір ақынсымағы «Біз Жамбылдың өрендері емеспіз» деп тауфихсыз мінез танытады... Асфальт жол. Ойдым-ойдым орман. Енді Сырбай сыбырламай: Болдың ба сен Волховта, Көрдің оның орманын? Сол орманның әр талын Өз жанымдай қорғадым! – деп орасан зор күркіреме дауысымен бір әлемге жар салғандай болады. Естісін әлем, білсін шындықты! Қазіргі ұрпақ, келер ұрпақ білсін. Әйтпесе, өткен жойқын соғыста фашистерді тек орыстар ғана жеңгендей әсер қалдырып тұр қазіргі насихат. Ресей теледидары, кейбір әсіреұлтшыл газеттері қазіргі Қазақстанды, қазіргі қазақтарды Ресейдің жас буынына жамандап қалғысы келеді. Ресейдің орманының әрбір талын өз жанындай қорғаған қазақтарды ауызға ала бермейді. Соғыс туралы хикаяларды, дастан, жырларды көп оқыдым, көп толқыдым. Бірақ олар «Құлын» деген шағын өлең сияқты тебіренткен емес. Міне, ақынның ұшпағы. Әсіресе, боямасыз, жай ғана қарапайым өлең сияқты. Бірақ жай көзбен емес, ой көзімен оқысаң соғыстың тіл жетпес сұмдығын, тіршіліктің қасқыр тарамыс тіршілігін, өмір мен өлім арпалысындағы ғаламат суретті көрерсің. 1942 жылы он жасар бала кезімде колхоздың жылқысын бағып жүргенімде тұрқы есік пен төрдей, тұқымы, бітімі бөлек қара биені соғысқа алып кетіп еді. Сол соғыста Қамбар ата баласының қаны да көп төгілді. Атты әскері өз алдына, зеңбірек пен арбаны сүйреткен көбінесе жылқы баласы екен. «Құлын» атты өлеңді жаттап алған мен мына Волхов орманының алаңқайларынан баяғы қара биені іздейін: Шаршаған жол батып, Волховтың батпағында, Жатыр бие толғатып, Зеңбіректің арт жағында. Фугас бомбасы Жерді өртеген қиын күнде Тіршілік жолдасы Бүлкілдейді биенің бүйірінде... Сол баяғы менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием емес пе екен деймін. Адамзат жапа шегіп құса-мұңнан Сәби бір үн сағынған. Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап, Солдат оны сипайды құрсағынан. Шашыраған көк жалын бүркіп темір, Орманның іші үрейлі. Ал оттың ортасында, Шіркін, өмір Құлын боп кісінейді... Дүниеге іңгәлап келетін сәбидің ләм-үнін сағыну – күллі сағыныш атаулының атасы, қасиеттісі шығар. Зеңбіректер зіркілдеп, Фугас бомбалары ышқына жарылып, жер-орманның ішек-қарыны ақтарылып, дүн-дүние астан-кестені шығып жатқанда менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием құлындап, қан майданның қақ ортасында құлын дауысын естіртті. Сол құлын шіңгірлеп кісінегенде зеңбірек те, бомба да жым болғандай. Тіршілік атты құдірет осы. Мұны жазған Сырбай ақын. Сырбай ақын сонау Михаил Светлов, Михаил Дудин, Сергей Наровчатов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Дәуіт Күгілтинов, Қайсын Құлиевтермен қатар тұрған, бәлкім, олардан еңселірек тұрған ақын. Бірақ біз осыны әлі жетелеп түсініп, бағалап болған жоқпыз. Бажайлап, талдап, түсіндіріп беретін әдеби сын да жоқ. Тағдыр екен, мен Сыр-ағаңның із­ба­сары болдым. Ақындық жағынан емес, редак­торлық, журналистік жағынан. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. 1957 жылдың көктемінде қазақ тілінің мәртебесі, тағдыры туралы газетте үлкен мәселе көтерген Сырбай «ұлтшыл» атанып орнынан алынды. «Қырық жамаудың» үлкені сонда түскен. 1980-1989 жылдары тоғыз жыл қатарынан Сыр-ағаң отырған креслода мен отырдым. Сырбай дәстүрі сол тұста жалғасты білем, Сыр-ағаң ісімізді қолдап, ақ батасын беруден айныған емес. Оның риясыз мейірбандығы, бұланай тұлғасы, нәсілге бөлмес бауырмалдығы өз басыма жөн-жоралғы болды. Сыр-ағаңның ұлы Қасым мырза жақында үйіме келіп, Сыр-ағаң туралы жазылған естелік-кітапты беріп кетті. Сонда «Құлын» өлеңі тағы да есіме түсті. Волховқа бардым. Орманын көрдім. Сыр­бай ақынның окобын, құлынын іздедім. Сөйт­сем оларды әркімнің жүрегінен іздеу керек екен. Қайсар Ғафу Ғафудың ақындығын айтып, ділмарсудың керегі жоқ. Ғафудың ақпа-төкпе асыл өлең-жырларын қайта-қайта оқу керек, зерделеу керек. Прозасы, көсемсөз-публицистикасы өз алдына. Аудармашылығы ше? Байрон, Пушкин, Лермонтов... Қайсыбірін айтарсың. Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты атақты туындысын баспа тапсырысы бойынша бір аптаның ішінде қазақша мөлдіретіп сайратқанда әдебиет әлемінде таңғалмаған адам қалған жоқ. Ал менің айтпағым басқа. Ғафудың отансүйерлігі. Қазақстанда Ғафу бармаған жер, баспаған тау жоқ. Шығармаларында соның бәрінің ізі сайрап жатыр. Әсіресе, жанындай жақсы көретін ағасы Ғабит Мүсіреповпен сапарлас болған айлары мен жылдары... «Елтінжал». Міне, бұл нағыз көркемсөз қазынасы. Екі жақсы достығынан дария шалқығандай. Қазақстан – ұлы Отан болғанда, Торғай, есіл Торғай Ғафудың алтын бесігі еді ғой. Ғафудың поэзиядағы Торғайын есі бардың бәрі біледі. Ал енді Торғайдың жоғын жоқтауға келгенде Ғафудай пәруана ер болды ма екен. «Егемен Қазақстан» газетінде «Торғай облыс болсын, Торғай тақымыңа толмай ма?!» деп арыстандай ақырған осы Ғафу. Әдетте мұндайға керенау Үкімет Ғафу айқайынан соң Торғай облысын қайта құрғаны белгілі. Бұл 1990 жыл еді. Ақындар әулеті де әрқилы. Біреулер кеудеде бұлқынған жырды қағаз бетіне төгіп жазады. Біреулер қаламын тістелеп, саусақтарын сорып жазады. Ал Ғафу өлеңдерді жанартау атқылаған­дай, жазып үлгере алмай жататын. Ойланып, кү­шенбейді. Жүрегінде бір періште өлеңді күні-бұрын «осыны айт» деп даярлап қойған­дай. Жалма-жан, қолма-қол суырып салмаға шебер еді. Бір жолы Жазушылар одағының секретариаты «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторын ор­нынан алмақшы болып жатты. Ал Ғафу сол бас ре­дактордың орынбасары еді. Бір белсенді тұрып: – Онда орынбасары да орнынан алынсын, – деп қойып қалды. Сонда Ғафу атып тұрып: – Орынбасар болу деген ойын ба екен, бас кетсе бірге кетер мойын ба екен?! – дегені ғой. Көшеде Ғафуға Шота Уәлихан кездесіп қалады. – Аға, мен алпысқа толдым, – дейді Шота. Сонда Ғафу ойланбастан: – Жап-жас болған жігіттік келбе­тің­мен, алпысқа толдым дейсің не бетіңмен?! – дегенде Шота шөже тістерін көрсетіп, күлгеннен басқа ештеңе дей алмай қалады. Ғафекемнің осындай-осындай төкпе-тапқыр бірқақпайлары көп-ақ. Шіркін, бәрін жинап, жеке жинақ шығарса жарасар еді. Бұл оқумен-тоқумен келген ақындық емес. Ежелгі қанда бар, түп-тұқиянда, қазақта бар қасқа-даңғыл ақындық дәстүр еді ғой. 1955 жылы мен оқу бітіріп, Қазақтың көркем әдебиет баспасына қызметке келдім. Шет жерде оқығаннан соң, мұндағы әдебиет дүниесінен алыстап қалған адаммын. Әрі десе жазушы да емеспін. Бірақ редактормын. Дипломда солай жазылған. «Саяси және көркем әдебиет редакторы» делінген. Қиын соқты. Бағыма қарай, нешебір жайсаң жандар бар екен баспада. Қарағанды – Жезқазғаннан – Сейфолла Оспанов (бұ кісі бүгінгі белгілі ақын Сейфолла Оспанмен аттас басқа адам. Ред.), Торғайдан – Ғафу Қайырбеков, Алматыдан – Қасым Қайсенов, Оралдан – Берқайыр Аманшин, Қызылордадан – Әбдікәрім Ахметов, Оңтүстіктен – Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев... Кілең сайдың тасындай тарландар. Мені жатсынбады, жандарына алды. Үйі жоқ, күйі жоқ жас қызметкермін. Сонда көбінесе дастарханға, шайға шақырып үйіне ілестіріп апаратындар осы Сейфолла мен Ғафу еді. Гафу                                                                      Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ Ғафу Тастақтан үй тұрғызып жатыр екен. Асарына қатыстым ғой деймін. Асылы азаматтың жары жақсы болмаса, жора-жолдас үйіңе үйір бола ма. Сейфолланың жұбайы Майра, Ғафудың келіншегі Бәдеш мені туған қайындарындай көріп кетті. Ал Ғафу мен Сейфолла мені бауыр тартты. Соның куәсіндей етіп, Ғафекең маған «Елтінжал» атты көркем кітабын сыйлады. Бұл кітап нар Ғабең туралы, Ғабит Мү­сі­репов туралы күмбірлі күміс толғау. Ақын адам проза жазса бәрібір поэзия есіліп тұрады. Біз көбінесе нағыз жазушының кітап­та­рын оқимыз, таңырқаймыз, таңдай қағамыз, сүйсінеміз. Санамызға – сана, көзімізге – нұр, жүрегімізге жылу қосылады. Ондай олжаны жақсы кітаптан басқа саған ешкім де, ештеңе де бермейді. Шалқыған баймын деген адамның өзі ондай сезімге бөлене алмайды. Алтынға шомылсаң да таба алмайсың... Жаңа жыл қарсаңында ылғи да Ғабеңнің өз үйіне арнайы шақыратын адамдары болады. Олар министрлер де емес, әкім-патшалар да емес, ең жақын тартатын рухани достары. Еркеғали өзінің Клара келіншегімен, Жұмағали келіншегімен, Сәбеңнің бәйбішесі Мәриям апай, Шериаздан – Жаңыл, Ғафу келіншегі Бәдеш екеуі, Базарбай Жұманиязов Банумен, мен және Мәрия... Жаңа жыл құрметіне Ғабит Мүсірепов үйінде тай сойылады. – Әрбір жаңа жыл – менің басты мерекем, – дер еді Ғабең. – Жаңа жылға аман-есен жеткеніңе тәубегершілік керек. Бұл отырысымызда сол – Тәуба тойы. Әй, Ғазиза, домбыра қайда? Әкел, Ғафуға бер. Ән шырқалсын. Ғафу ғаламат әнші еді. Радиодан күнде естіліп, мезі қылған әндер емес айтатыны. Торғайлық Нұрханның, Нұржанның әндері, қиссалары... Содан-содан... Қасым Аманжоловтың «Дариға қызы». «Дариғаны» айтқанда Ғафу аруақтанып кетеді. Көздері жасаурайды. Дариға есімді қызды көріп отырғандай, «қып-қызыл оттың ішінде» өзі келе жатқандай аңырайды. Соғыстың сұрапыл суреті, оқ тиген солдаттың өліп бара жатқаны, бірақ Дариғаны бір көрмек арманы арқылы қайта түрегелгені – бәрі-бәрі көз алдыңа келеді, жүрегіңе жетеді, жан-дүниең күнделікті күйбің тіршіліктің шаң-тозаңынан тазарып, анадан жаңа туғандай ғажайып хал кешерсің. Ғафуда «халық әртісінің» дауысы бола қоймаған шығар. Ал бұл әнді халық әртісінің айтуында да тыңдап көріп едім, бірақ ол мынадай тебіренткен жоқ. Асылы, дауысқа жүрегіңді, жаныңды жұптамасаң, құр дауыс алысқа бармас. «Дариға қызды» әркім-ақ айтады. Сірә, нота бойынша. Ал Ғафу бұл әнді Қасым Аманжоловтың өз аузынан естіген. Естіп қана қоймай, әрбір ырғағын, иірімін, дірілін, шырынын үйренген. Әттең, біздің радио осы әнді Ғафудың дауысымен айтпайды, бәлкім, жазылмаған да шығар, өйткені радио мұндайға құнтсыз, керенау. Содан сол дастархан үстінде Мәриям апай Ғафу мен Бәдешке: – Әй, екеуің қосылып, әлгі битетін әнді айтсаңдаршы, – деп қос қолын құстың қанатындай қағады. Әннің атын айтпаса да түсінікті. Күлеміз. Ғафу мен Бәдеш. Әннің мазмұны: екеуміз мәңгі-бақи ажырамаймыз, құстың қос қанатындаймыз. Тауларды бетке алып, асулардан асып, болашаққа бірге барамыз... Бірімізсіз біріміз өмір сүру өте қиын... Екеуі де шабыттанып, шалқар айдында жүзіп бара жатқан аққулардай ажарланып кетеді. – Ой, айналайын, ажырамай, ұзақ жасаңдар, – деп риза болады Мәриям апай. Кім біледі, о да өз Сәбитін сағынып отырған шығар. Сол Сейфолланың, жігіттің сұлтаны болған Сейфолла Оспановтың жесір зайыбы Майраның туған күніне осы көктемде туысқандар Алматыдан, Қарағандыдан, Семейден, Алтайдан көп жиналды. Қызық қыза-қыза келе, Ғафу мен Бәдешті жақсы білетіндер Бәдешке: – Ғафу екеуің қосылып айтатын әндерің бар еді ғой. Соны айтшы, – деп қолқа салды. Ақкөңіл Бәдеш алғашында ет қызумен әнді бастап алды да, әлдене жетпейтінін енді аңғарғандай кілт тоқтап, жылап жіберді. Солай. Енді ол сыңарқанат. Бірақ ер-азаматқа сүйген жарды Бәдештей-ақ жаратсын. Ғафу деген ер есіміне қылау түсірмей, түтінін түзу шығарып отырған гүлдей нәзік, тастай берік адал жар, ардақты ана. Ғафу бұл дүниеден көшер бұрын Уәлихан Қалижан екеуміз емханаға барып, ағамыздың көңілін сұрадық. Төсегінен тұрып отырды. Жарқырап сөз сөйлеп, жайдары күлгеніне қарап: «Е, ағамыз жазылып кетеді екен», – деп жайраңдап қоштастық. Сөйтсек, рухы берік адамның соншалықты шыдамдылығы екен ғой. Қысқа ғұмырда қайсарлықпен найзағайша жарқылдаған жан о дүниеге қасқайып аттанды.