Күйші, Седат Солакоглы: МЕНІ ТҮРКИЯҒА ТАНЫТҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ДОМБЫРАСЫ

Седат – Седат, түрік азаматының қазақтын қара домбырасын жанына серік етуінің сыры неде екен? – Негізінен менің ата-бабаларым Румыниядан Түркияға қоныс аударған, түбі румындық татарлар болған екен. Түркияға көшіп келгеннен кейін жылдар өте келе Анадолы түріктеріне сіңісіп кеткен көрінеді. Бала кезімнен-ақ өнерге жаным құштар болды. Лицейде оқып жүрген кезімде түрік дүниесі музыкаларын зерттейтін фольклорлық-сазды ансамбльдің дайындықтарына түрік аспабы багламамен қатыстым. Ансамбльде әртүрлі аспаптарда ойнайтын өнерпаздар болды. Осында жүріп қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен таныстым. Маған қатты ұнады. Қызығушылығым күннен-күнге арта түсті. Кейіннен қолымнан түспейтін айнымас серігіме айналды. 2000 жылы Стамбул қаласына «Қазақ мәдениеті» қоғамына қазақтың атақты күйшісі Бақыт Қарабалинаның баласы, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің өнерпазы Дәурен Әлімбай ағамыз келді. Ол кісімен танысып-біліскеннен кейін маған домбыра туралы толық мағлұматқа қанықтым. Әрі көп нәрсе үйрендім. Шынымды айтсам, домбыраға деген ынтызарлық мені арман көкжиегіне жетеледі. Домбыраға деген ерекше қызығушылықты жай ғана әуестік емес, қанымда бар қасиет деп ұғынам. – Қазақстанда жоғары білім алуды өзіңіз қаладыңыз ба? – Иә, 2003-2008 жылдары Қазақстанның Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша жоғары білім алудың мүмкіндігі туды. Осы тұста ұстаз ретінде әрбір шәкіртінің жүрегіне жол таба білген кафедра меңгерушісі халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосыновтың есімін ерекше атағым келеді. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған қазақтың талантты күйші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Айгүл Үлкенбаевадан да көп дәріс алдым. Ол кісіні де ұстазым ретінде жоғары бағалаймын. Қазақстанда өткен бес жылдың ішінде қазақ ұлтының тұрмысы, салт-дәстүрі, тілі, баға жетпес құндылықтарымен етене таныстым. Домбыраның қыр-сырына да осы жерде қанықтым десем болады. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Ха­лықаралық қазақ-түрік университеті талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан киелі қарашаңырақ. Қазақстандағы түркі әлеміне қазақ халқын танытып отырған бірден-бір оқу орны Халықаралық қазақ-түрік университетінде дәріс алудың өзі мен үшін үлкен жетістік. – Түркияда домбырадан дәріс береді екенсіз. Түрік бауырларымыздың домбыраға деген қызығушылығы қандай? – 2008 жылы университетті бітірген соң Түркияға оралып, қазақ және түрік балаларына бір жылдан астам уақыт дәріс бердім. 2011 жылы Сакария мемлекеттік университеті консерваториясында «Түрік халықтары күй өнері және қазақ түріктерінің күй дәстүрі» атты тақырыпта диссертация қорғадым. Соңғы кезде Түркияда домбыраға деген қызығушылық артты. Бүкіл телевизия домбыра тартатын адам іздеп маған келеді. Шынымды айтсам, Түркияға мені танытқан қазақтың қара домбырасы. – Қазақ тілінде таза сөйлеп тұрғаныңыз қазақтың тіліне деген, еліне деген ерекше құрмет деп түсінсек артық болмас... – Әрине, қазақтың еліне, қазақтың жеріне деген құрметім ерекше. Менің Қазақстанда дәріс алуым, оның ішінде, қазақтың қаймағы бұзылмаған ордасы – Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты қасиетті Түркістан қаласында оқығанымның әсері мол болса керек-ті. Қазақстан – көптеген ұлт пен ұлыстың басын қосқан ортақ мекен – Яссауи университетінде оқу арқылы көптеген ұлттың өкілдерімен достастым. Бір емес, бірнеше ұлттың тілін, дәстүрін үйренуге мүмкіндік алдым. Өзім жоғары білім алған қарашаңырақты осындай қасиеттері үшін құрметтеймін.. Домбыра тек қана шертумен бойға сіңетін аспап емес. Домбыраның қасиетін ұғыну үшін қазақ тілін, салт-дәстүрін жақсы біліп, қазақ сияқты өмір сүру қажет. Қазақтың қара домбырасының құлағында ойнауымның өзі қазақ халқын жаныма жақын тартқандығымнан болса керек. – Айтпақшы, Арысланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әні Түркияның беделді партия­сы­ның әнұраны дейді. Бұл туралы не айтасыз? – Иә, дұрыс айтасыз. Түркиядағы «Ақ» партия осы «Домбыра» әнін өздеріне әнұран етіп алған. Саяси салмағы зор партия Түркияда домбыраны да, мені де танымал етуге үлес қосты. Осы жылғы сайлауда Арысланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әні партия әнұранына айналды. Содан бастап Түркияда домбыраға деген қызығушылық арта түсті. Домбыра менің өнердегі өз орнымды табуыма септігін тигізіп қана қоймай, бүкіл Түркияға танытты деп айта аламын. – Бауырмал қазақ халқын сағынған боларсыз... – Студенттік шақ – әрбір адамның өмірдегі қызыққа толы кезі емес пе?! Өмірімнің ең бір жарқын сәттері Қазақ жерінде өтті. Қашанда қонақжай кейпінен танбайтын қазақтың әрбір азаматының бойынан дарқандылықты, кеңпейілділікті көруге болады. Кез келген елмен терезесі тең Қазақ елінің жетістігіне шын пейіліммен қуанамын. Түркістан – тұтас түркі дүниесінің алтын бесігі. Қазақстан мемлекеті өсіп-өркендеп, тек биік белестерден көрінсін дегім келеді. Қазақстандағы достарыммен, ұлағатты ұстаздарыммен арадағы достық қарым-қатынасым әлі күнге дейін үзілген емес, үзілмейді де... – Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ, Асхат СӘДІБЕКОВ