Той үстінде стриптиз билеген қызға және есерсоқ биге тапсырыс берген той иесіне айыппұл салып, суреттерін қоғамдық орындарға іліп қою керек.
Соңғы уақытта болып жатқан сорақы құбылыстардан кейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов осындай бастама көтеріп отыр.
Тараз қаласында өткен той халық қалаулырының төбелерінен жай түсіргендей әсер қалдырыпты. "Бұл қазақ қыздарына, қала берді ұлт арына жағылған қара күйе", - дейді депутаттар.
Әлімсақтан қазақ қызы - нәзіктіктің нышаны, әдеміліктің символы тіпті, ұлт арының көрінісі болып есептелгені белгілі. Қара көздеріміз қашанда -сыпайы, ибалы, кісі көзіне тік қарамайтын биязылығымен ерекшеленетін. Ал қазір ше?
" Қыз бала тәрбиесі қазір өте жылайтын жағдайда тұр. Өксіп жылайтын жағдайда тұр", - дейді "Айгөлек" журналының бас редакторы Қымбат Әбілдина.
Ащы болса да, бұл шындық. Қазір қыз қылығы өзгерді. Биязылығын - бұзақылыққа, ұяңдығын - ұятсыздыққа алмастырды. Оған дәлел көп. Мәселен,
дүйім жұрттың жағасын ұстатқан бейнетаспа жақында ғаламторда жарияланды.
Төбелестен өзге тағы бір "өнерді" шығарды қыздарымыз. Турасын айтқанда, той үстінде тәндерін көрсететін болды. Батыстың тілімен айтқанда, стриптиз. Бұл өзі қаншалықты қазақтың тойының көркін ашады? Қаба сақал қариялар, ақ жаулықты әжелер, ауызынан ана сүті кетпеген сәбилер отырған жерде жалаңаш қыздың есерсоқ биі не үшін керек?
"Сөзім жоқ. Сөзім жоқ деген адамның сөзі таусылғанда айтылады ғой. Қазіргі біздің тойдың өзіне үлкен бір көзқарас керек болып тұр", - дейді Қымбат Әбілдина.
Жаңа көзқарас. Осының өзіне бір заң керек болып тұр той өткізуге қазір. Заң демекші, бізде бұл жағдайға қатысты жазалаудың тетіктерін іздестіріп, депуататтарға бардық. Сорақы бейнетаспаны көрген халық қалаулыларының алдымен тілі байланып қалды.
"Бұл көрсеткен видеоңнан менің алған әсерім әрине бойым тітіркеніп, терлеп кеттім. Сіз менің үстімнен су құйып тастағандай позицияда қалып отырмын. Мұндайды көрмеппін. Көргеннен кейін өзім де шошынып қалдым", - дейді Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев.
Есерсоқ бейнетаспаларды депутатарға көрсеткенімізден бір нәтиже шығар деген үміт пайда болды бізде. Себебі, мәжілісмен Нұртай Сабильянов әлгі тойдың иесін де, биші қызды да жауапкершілікке тарту туралы бастама көтеретінін мәлімдеді.
"Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін жаңағы азаматтарды немесе сол ұйымдастырып жүрген адамдарды қатаң жауапкершілікке тартуды қарастыру керек. Әйтпесе ол ары қарай кете береді", - дейді Сабильянов.
Ашынған мәжлісмен тіпті жазаның қандай болатынын да жобалап берді.
"Біріншіден айыппұл салу керек, екіншіден тым шектен шығып бара жатса қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Содан кейін жазаның тағы бір түрі бұл мына қоғамға осындай адамдардың фотосуреттерін көрсетіп, қоғамды осыдан хабардар етуіміз керек", - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Десе де, той өткізу рәсімі азаматтық кодекспен не болмаса басқа да заңдармен реттелмейді. Бірақ, депутаттар "қоғамдық орындарда болып жатқан бассыздықтарды бір жолға саламыз" деп бекініп отыр.
Ал ақ жаулықты аналарымыз бен имамдарымыз да қарап қалмақ емес. Насихат жұмыстарын жүргізу керек деп отыр.
"Қызым сенің арамнан тауып келген ақшаңа мен қуанбаймын дегенді айту керек. Қызың сенің арамнан арыңды таптатып тапқан ақшаң сені бақытты қылмайды дегенді айту керек. Біз де бақытты болмаймыз, сен де бақытты болмайсың дегенді айту керек", - деген пікірде Қымбал Әбілдина.
Имамдар болса, бұған ер азаматтың, отбасындағы әкенің де қатысы барын айтады.
"Еркектердің де осыған тікелей қатысы бар. Сол қызды тәрбиелей алмай өсірген әкесі, әкесі болмаса оның ағасы, ер кісілер. Әке немесе аға осы кісілерге қорған болу керк. Тәрбие беруіміз керек", - дейді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев.
Қазақ қызының ары тапталған тағы бір жайтқа тоқталайық. Бұл жолы эстрада әншілері ұлт абыройын айрандай төкті.
Өзбекстандық Баһадүр Юлдашев деген клип режиссері өздерінің "Даракчи" газетіне берген сұхбатында "Қазақстандық әнші қыздарға клип түсірген оңай, оларға бір керует пен ішкөйлек берсең болды. Сол керуетте аунап, өз тәнін өзі сипалап, аймалап, мәз болып түсе береді" депті. Сөзіне дәлелі бар.
Жади есімді әншіміз Өзбекстанда бейнебаян түсіріпті. Мұнда да ашық-шашық көйлек, керуерт және өз-өзін аймалау.
Біз айтудан жалықпаймыз. Идеал қазақ қызының болмысын қалыптастырудың басты қағидасы бабалар салған 40 тиым. Осыны білген қыз, отбасын, әулетін, ұлтын жерге қаратпасы анық.