Рухты жаңғыртып, асылдарын түгендеді

0
1133

Қарағандыда «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген 100 томдық әдеби жинақтың тұсаукесері өтті.
Аталған антологияда Орталық Қазақстан өлкесінде туып-өскен Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жыраудан бастап бүгінгі жас дарындарға дейінгі үш жүз алпыс екі автор қамтылған екен.


Қаладағы «Нұр Отан» ХДП ғимаратында басталып, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында жалғасқан мерекелік кеш Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылды.
Салтанатты жиынға Алматыдан арнайы келген академик Серік Қирабаев пен ақын Ғалым Жайлыбай дүбірлі оқиғаны: «Сарыарқа кітапханасы» сериясы – аймақтың паспорты десе артық емес. Аса бағалы құндылық. Көзайым інжу-маржан. Бұл – билік пен зиялы қауымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жемісті аққұла еңбегі» – деп бағалады.


Сондай-ақ мінберге көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров те әдебиет пен мәдениеттің халықтың қастерлі рухани азығы болғандықтан, қарағандылықтардың көптомдық шығаруы үлкен елдіктің нышаны екеніне тоқталды. Кешке мейман ретінде қатысқан академик Әлия Бейсенова: «Елдің ел болмағы, ұлттың ұлт болмағы зиялы қауымның соңына осындай лайықты із қалдыруынан басталады. Бұл – өлшеусіз игілікті шаруа. Жас ұрпақты тәрбиелеудің ұтқыр жолы. Және облыстың рухани көрсеткіші» деп ағынан жарылды.
Жүзтомдықты құрастыруға екі жылдай уақыт кетіпті. Антологияны басып шығару үшін облыстық бюджеттен 90 млн. теңге қаржы бөлінгені де мәлім болды. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков көптомдықты шығару ісі жалғасын табатынына сендірді.
Антология таныстырылымына Алдан Смайыл бастаған бірқатар ҚР Сенаты және Парламентінің депутаттары, жергілікті ақын-жазушылар, сондай-ақ Жүрсін Ерман, Жұмабай Шаштайұлы, Нұртөре Жүсіп, Дидар Амантай, Құлтөлеу Мұқаш сынды бірқатар алматылық қаламгерлер қатысты.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз