Менің жолымды ашқан - Ғабит аға

Габит ага                Мұхтар МАҒАУИН Асан Қайғы, Қазтуғаннан бастап, Шалкиіз, Доспамбетпен жалғасатын, Бұқар жырау, Шал ақынмен аяқталатын ежелгі қазақ әдебиетінің төрт ғасырлық қазынасы! Көбінің шығармасы түгілі, аты-жөнінің өзі белгісіз он екі ақын, жырау! Бұлардың әрқайсысы бір адам, жай ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір ғасыр, Алаштың өткен өмірінің, үлгілі рухани тарихының, биік санасы мен көркем ойының көрсеткіші. Осы ұлы жыраулардың арасында қазақ сөз өнері орта ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты. Көне жыраулар мұрасы – біздің кісілігіміздің ғана емес, елдігіміздің көрінісі. Біреуінің аты өшсе, тұтас бір ғасыр үңірейіп қалмақ. Ырысың ортайып, рухың төмен түспек. Сондықтан ұмытылмауға тиіс еді. Жарыққа шығуға, ең алдымен, өзімізді өзімізге танытуға, советтік идеология қалыптастырған кемшін санадан айыруға тиіс еді. Жеке бір кісіге емес, бүкіл ұлтқа керек еді. Адамға рас, Аллаға анық – сол ұлы жыраулардың қайтадан тірілуі біздің азап-бейнетіміздің арқасында ғана мүмкін болды. Ұмытылғандарды еске түсірдік, есімі көмескілерді қайта жаңғырттық, бір өлең, жарым өлеңнен тірнектеп құрадық, ғылыми-текстологиялық екшеуден өткіздік, әрқилы көшірме, басылымдарын беттестіру арқылы кетігін бүтіндедік, сөйтіп тұтас бір дәуірдің әдебиетін нұсқаладық, сол әдебиеттің деректі негіздерін айқындап, мән-мағынасын белгіледік, нәтижесінде, ұлт тарихындағы төрт ғасыр – қазақ ордасы заманындағы әдебиет мүмкін болған дәрежесінде қалпына келтірілді. Осының бәрі «Қобыз сарыны», «Алдаспан» деген кітаптар негіздеп, жүзеге асырған іс. Егер, есірік болмаса, аз-маз сауаты бар әдебиетшінің ешқайсысы бұған күмән айта алмайды. 2 Дегенмен, қазір бәрі де оңай көрінсе керек. Ал, ол кезде, барлық заманға тән ғылыми тұрғыны айтпағанда, оңай ештеңе жоқ еді, ескілікке үңілудің өзі қылмысқа парапар іс саналатын. Мен жыраулар туралы дайын еңбектің алғашқы талқысында білімдар ғана емес, ғұлама саналатын, парасатты ғана емес, ақылман есебіндегі әдебиетшілердің болмашыны түсінбес тасырлығына таңғалған едім. Ғылыми жетекшім профессор Бейсембай Кенжебаев пен көлденеңнен келген, университетте уақытша, аз ғана дәрісте жүрген профессор Мәлік Ғабдуллин ғана қолдап шықты. Қазақ университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының басқа мүшелері – ақ бас академик, доктор, профессор, қара сақал доцент, жазушы, сыншы, зерттеуші – түгелімен төбе шаштары тік тұра қарсы болды: бірыңғай ағым еді, идеологиялық тұрғысы ұстамсыз деді, Шалкиіз бұл айтқан көкте жүрген жоқ, жерде жатқан киіз деді, менің өзімді «таланты теңіз» деп мадақтай келе, қоғамға жат элемент дәрежесіне жеткізді. Мен кейін, тіпті, күні кешеге дейін осы 1965 жылғы 11-қазанда өткен талқы туралы көп ойландым. Өзімді тану үшін, өзгені тану үшін, заманымның сұрқия кебін байыптау үшін қажет еді. Бірақ дәл осылай өткеніне ешқандай шешім таппадым. Мен университетке он жеті жасымда келдім. Мұрты тебіндеп үлгермеген бала. Ұстаз деген ұлағатты сөз – Бейсекеме ғана тиесілі, бірақ қалған жұрттың – осы отырған доцент, профессор, әдебиетші, жазушы қасқа мен жайсаңның алдынан өттім. Жақсы жүрдім, жаман атым шыққан жоқ. Бірден аспирантураға қалдым. Бес жыл студент, үш жыл аспирант – сегіз жыл бойы қыздай сызылдым. Көлгірсу емес, жасы үлкен алдындағы әдеп. Кафедрада түрегеп сәлем бердім, көшеде қол қусырып, иба білдірдім. Ешқайсының алдын кесе көлденең өткем жоқ; қараптан-қарап жақпай қалатын, әдеби ортадан аулақ, жеке-дара тіршілік кешіп жатырмын, жазғаным жақпай қалды дейтіндей, қанша құлшынсам да баспасөзге өтпей келдім. Ал соңғы үш жылда осы, алдарына тартылып отырған жұмысты жеріне жеткізуден басқа тіршілік болмапты. Міне, ұсындық. Басқасын айтпағанда, қаншама жаңалық дерегі бар. Әдебиет тарихындағы жаңа сөз демесін, қопарыпты, төңкеріпті демесін, мейірленбей-ақ қойсын, жан салып қолдамасын, – қайткенде де қарсы болмауға тиіс еді. Ғылым мұратын жинап қояйық, адамдық ар-ұят қайда? Сегіз жыл бойы алдарында жүрген, үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас баланың обалы... Ойламайды. Жақсымен жақтасудың орнына қастасуды ғана білген адам ешқашан обал, ұятты ойламайды. Десе де... Ол – жоспарлы шаруашылық заманы, мана, ағам айтпақшы, соңғы бес жыл бойы бір аспирант қорғамай, кафедра жаманатқа ілініп тұр. Міне, осы кезде осындай жұмыс әкелген мені көтеріп әкетсе керек қой. 3 Жас баладан сақа балаға дейінгі сегіз жыл – бар саналы ғұмырымда алдын кесіп өтпеген, ақ тілеуден басқа ниеті жоқ деп білген мәртебелі ағаларымның әлпетінде сыз, сөзінде зіл бар еді, жеті атадан қалған кегін қуғандай, екілене ұмтылысты, жапырып, майырып тастамақ болды. Жүйке берік, жүрекке қорқыныш енбеген кез, мен жасығам жоқ, жабыққам жоқ, тек қана қайран қалдым, сосын оқыс қатайдым, оралымсыз жала, орынсыз аудың бәрінің бетін қайырдым, ағаларымды серпінді сөз, нақты жауаптармен, күтпеген дағдарысқа – шарасыз кейіпке түсірдім, ақыры жұмыс мақұлданып, қорғауға ұсынылды. Маған бір нәрсе айқын еді – мына адамдардың ертең Ғылыми кеңесте дауыс бермесі, қорғатпасы. Бір нәрсе жұмбақ еді – осыншама өшпенділіктің сыры. Мен ол кезде ұлылық – қашанда ыза мен кек туғызатынын білмеуші едім. Қош. Біздің төрт ғасыр бойғы қазақ рухын арқалады деген еңбегіміздің әуелгі қабылы осындай болды. Мұндай алмағайып жағдайда мен жападан-жалғыз, қорғансыз қалуға тиіс емес едім. Түріктің Тәңірі, Алаштың аруағы бәрін көріп отыр екен. Үшінші күні сес берді, хабар айтты, он жеті күн толғанда астыма ат мінгізіп, қолыма қылыш ұстатты: күш-қуат, қолдау-демеу – туа біткен еншім. Енді көзбен көріп, құдіретін тануға тура келген, сенім бекіп, қайрат қабындай түскен. Кафедрадағы қым-қиғаш талқыдан соң арада не бары үш күн өткенде, 14-қазан күні мен ғана емес, мен арқалаған, бәлкім, менің арқалаған, шынында да солай, бәрі жабылып, қансырамасам да қатты жарадар болған, тас қабырғаға маңдайым тиіп, мәңгірмесем де дағдарып тұрған мені демеуге біржола ден қойған аталарым алдымнан қасқа жол ашарын, әрине, нақты білгем жоқ. Жарым әскерінен айырылып жеңіске жеткен Эпир патшасы Пирр сияқты, келесі қадам, келесі ұрыстың байыбын барлап тұрғам. Алды-артымды жинақтадым, төрт дана диссертациямды түгел алдым, енді анда-мұнда мақала тасу керек. Ол өтеді-өтпейді. Жұмыс іздеп көру керек. Оның қисыны тағы аз. Ең дұрысы, Семейге кету. Пединститутқа. Ұзынқұлақтан естуімше, орын бар. Әрі келіншегің үзілген оқуын тәмамдайды. Бірақ Алматыдан, орталық баспасөзден алыстаймын. Мұндағы сұғанақ ағам ай бойы отырып, түгел көшіріп алды. Енді бой-бойымен бастырады да отырады. Байбаламға қарамайды. Құдайдан қорық­пайды. Сенің қан төгіп, миыңды сығып жазып бітірген еңбегің итжемеде басқаның иелігіне өтеді. Ең қиыны осы еді. Мен қайткенде де Алматыдан кетпеуге бекіндім. Келер айда ауылға барып қайтпақпын. Кемпір-шалдың барын сыпырып әкелемін. Одан соңғы ілігімді тағы артамын. Айына жүз сом жеткізіп тұрса. Шамалары келмейді. Жоқ, бұрынғы мөлшер – алпыс-жетпіс сом. Бұл да көп ақша. Жиырма бес сомнан пәтерге, қалғаны айлық сорпа-суға... жетпейді. Арасында өзім де қаламақы, немесе басқа бірдеңе тауып қалармын. Тек уақыт ұтып, ептеп жылжи беруім керек. Қысты өткеріп, жазға жетсем. Жай жатпаймын, жұмысымды бір белеске шығарсам... Осылай деп шештік. Екі күн ойланып. Үшінші күні еңсемді жазып, қалаға шықтым. Қандай шаруа болғаны есімде жоқ, сірә, еріккеннен, әйтпесе, әдепкі, жай сәлемдесу, Әбішке көшедегі автоматтан телефон шалдым. Әбіш Кекілбаев курстас, қанаттас, тілектес досым, бұл кезде Мәдениет министрлігінде әлдебір қызметте отыр. – Кекілбаев... деймін. – Ау, әй, сен Тұңғышбаймен сөйлестің бе? – Қайдағы Тұңғышбай? – деймін. – Смағұлов. Сені іздеп жүрген. Білесің бе? Іздегенін білмеймін, өзін білем. Университетте бірер курс бізден жоғары оқыды. Орта бойлы, дембелше, ұяң, сары жігіт болатын. Адал, жақсы жігіт екені, имене сөйлеген сөзінен, сыпайы жымиған күлкісінен көрініп тұратын. Мәселе былай екен. Тұңғышбай республикалық теледидарда қатардағы бір қызмет атқарады. Сірә, комментатор. Қазақ руханияты туралы хабар өткізуге тиіс екен. Қазақтың ән-күйі, сәулет өнері және ежелгі әдебиеті. Соған мен сөйлеуім керек. Жоспарға енгізіп қойған, эфир – бүгін кешке. Міне апта болды, сені іздеп таба алмай жүр. Менің теледидарға шығып, былжырап отыруға ынтам жоқ дедім. «Әй, сен де...». Әбіш күйгелектеніп, кейіп қалды; мұндайда бұртиып, балаша өкпелеп, үндемей қалатыны болушы еді, арықарай жалғастырды. – Әй, сен бара салсаңшы... Жырауларыңды насихаттайсың». – Жыраулар... Мен жырауларымның ауыр ахуалын айта жаздап, іркіліп қалдым, ұзақ әңгіме, қажеті қанша. Мен іркілгенге ойланып тұр деп шамаласа керек. Әбіш шынын айтты. – Сен бармасаң, ол жігіттің жоспарлы хабары құлайды. Обалы маған. Сені енгіз, осындай-осындай кереметі бар деп, аузымнан қағынып айтқан мен едім. – Онда жарайды – дедім. Әбіш қуанып кетті. Тұңғышбайдың телефонын берді. Сен автоматтан іздеп тапқанша, мен хабарлап қоям деді. Ол заманда қазіргідей ілкі жазба жоқ, эфир – тікелей. Мезгілді уағында студияға бардым. Тұңғышбай мені сағынып күткен туысындай, қызара күліп қарсы алды. Хабар басталды. Маған он бес минут бөлінген еді, тарихи дерегі бар, әдеби бағасы бар, арасында семсердей жарқылдаған отты толғаулары бар, ол кезде де, қазір де қағазға қарау әдетімде жоқ, бірақ сөз әуезім қазіргіден сәл көтеріңкі, әрі тез болса керек, бірқалыпты екпінмен соқтырып шықтым. Оператордың желкесінде тұрған Тұңғышбай сұқ саусағын көтеріп бір минут қалды деп белгі бергенде, әрең қайырып үлгердім. Хабар аяқталды. Риза болған Тұңғышбай алақанын уқалап, қызара күліп, «жақсы болды, жақсы болды» дей берді. 4 Сөйтсем, мен сөйлеп жатқанда үлкен оқиғалар болыпты. Көзі тірісінде классик атанған, ақ дегені алғыс болған, дәл осы кезеңде Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит аға Мүсірепов кешкілікте, кейінгі жас жеңгеміздің көңілін аулап, немесе оқудан, жазудан жалығып, тыныстап, теледидар көріп отырады. Біз экранға шығып, сөзге қосылғанда, біз емес, ежелгі жыраулардың ешкім білмеген ғажайып толғаулары арындай, арқырай тоғытыла бастағанда... риза болады, қайран қалады, қолма-қол телефонын алып, одақтың үшінші хатшысы, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтан сұрайды. «Ә-ә-әй, бұл кім-м, сөйлеп жатқан-н?» дейді. Қабдыкәрім аға теледидарды ашып қалады да, «атын білмеймін, осыдан бірер күн маған келіп кеткен сияқты, қызмет сұрады ғой деймін, бұл жігіттің жайын Нығмет біледі, университетте аспирант болса керек» дейді. «Онда бұл баланы маған тауып бересің» дейді Ғабең. Ол кезде Ғабең айтқан әрбір сөздің заң күші бар, арада он-он бес минут өтпей, Қабдыкәрім қайыра телефон соғады: «Нығметтен білдім, аты-жөні сондай, аспирант екен, мынау – біткен жұмысының бір ұшығы болса керек, «Қазақ әдебиеті» үлкен бір мақаласын басыпты. «Лениншіл жаста» да шықты дейді, мен жазда, демалыста жүргенде көрмей қалыппын. Нығмет өте жақсы деп отыр, бала да жақсы, білем, табам, деп отыр» дейді. «Онда келер дүйсенбіде... жоқ, ертең... ертең түстен кейін келсін маған, шақырыңдар» дейді Ғабең. Ертеңіне көңілім күңгірт, университетке, өткен тал­қылаудың мәжіліс хатының жайын білмекке кафедраға барып едім, Бейсекеңмен бірге қайта шығып келе жатқанбыз, бұл кезде университеттің негізгі оқу корпусы және филология факультеті – Бас почтамптың қасында, бір заманғы үкімет үйі, Мұхтар Әуезовтің дәрістерін біз осы жерде тыңдадық, Жазушылар одағына жақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің орынбасар редакторы Нығмет Ғабдуллинге есік алдында, қарсы жолықтық. – Бейсеке, сізге келе жатырмын – деді Нықаң. – Кел, кел... – деді Бейсекең. – Бір қалауым болып тұрғаны... – Ал, ал... – деді Бейсекең. – Қалауым – мына жігітіңізде аз ғана шаруам бар еді... – Дұрыс... – деді Бейсекең. Біз Нықаң екеуміз оңаша қалдық. – Кешегі теледидардағы сөзіңді Ғабең тыңдапты – Ғабит Мүсірепов, – деді Нықаң мәселеге бірден кірісіп. – Қабдыкәрім арқылы біліп, маған шықты. Сені іздеп жатыр. – Не үшін іздейді? – дедім мен бұл сөздің байыбына бармай. – Сөйлескісі келеді. Мүмкін жұмысқа шақырар. – Қандай жұмыс? – «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімінің меңгерушісі. Әбірашты Сырбай сұрап отыр. Орын босайды. Сонда келгеніңді қалар едім. Сен... – деді содан соң өзімсініп, – саған газет жұмысы қиынға түспеуге тиіс. Ғылымның ешқандай бөгеті болмайды. Әдетте, – деді содан соң ағынан жарылып, әрі мен келіспей қоя ма деген қауіп, – бұрын баспасөз маңында істемеген адамның жазуы ойқы-шойқы болады. Ал менің таңғалғаным, сенің қалыптасқан, жақсы тілің бар. Біздің жазғыштардың мақаласын түзеу, редакциялау қиынға түспейді. Әрі өзіңнің мына еңбегіңді бөлек-бөлек мақала түрінде жарыққа шығаруыңа жол ашылады. Баспа да қасыңда. Жазушылар қауымымен жақынырақ танысасың. Көп нәрсе көресің. Академия, институттардан бұрын одақта, баспасөзде біраз қызмет атқарған жөн... Мен сенер-сенбесімді білмей, бас изегендей болдым. – Жөн, – деді Нықаң қанағаттанған сыңаймен. – Менің айтып тұрғаным – құдай қаласа деген сөз. Ғабеңнің көңілі түссе. Қазір одаққа барып сөйлесіп, шет жағасын тақатып қоям. Бүгін сағат үште қабылдайды. Оған дейін маған емес, Қабдыкәрімге кел. Сол ертіп барады Ғабеңе. Артынан бар жағдай­ды Қаб­дыкәрімнің өзінен білем, – деді. Қабдыкәрім аға өткендегідей емес, өзімсіне, көтеріңкі қарсы алады. Орнынан тұрып, қолымды алды. Зерттеу ең­бегімнің мән-жайын тәш­піш­теді. – Жөн-ақ, – деді, – қайырлы болсын! Ал, үшке бес минут қалды, Ғабең қабылдауға тиіс. Қабекең мені жазушылар одағының осы, екінші қабатының орталық алаңға қараған, сол жақ қапталындағы, бірінші хатшының, ауызғы бөлмесінде секретарь-машинистка отырған атшаптырым кабинетіне алып кірді. Ғабит аға шалқая шіреніп, төрдің қақ төбесінде отыр екен. Оң жақ қатарында, сәл төменіректе, есікке дейін созылған ұзын, кең столдың басында тағы бір кісі отыр – Жұбан Молдағалиев, білуімше, одақтың екінші хатшысы. – Ғабе, мынау – кешегі, өзіңіз теледидардан көрген бала, – деді Қабекең мені төрге таман, бас столдың қарсы алдына жеткізіп. Ә-ә... сенн екеннсіңң ғғо-йй!» деді Ғабең ыңырана қозғалақтап. Сол отырған қалпында еңсесін иместен қолын созды. Ыстық та емес, жұмсақ та емес. Мен сәлемдескен кісімнің қолын қатты қысып ұстайтынымды кейін байқадым, өлі балық сияқты, сылқ еткізіп тастай салатындар көбейіп кеткеннен болар, соған қарағанда, Ғабең қолын жай ғана соза салмаған, адамша амандасқан сияқты. Мен келесі ілтифатты күтіп, селтиіп күтіп тұрғам жоқ, бас изеген ишарат байқалды ма, білмеймін, бірден отырдым. – Алл, балаа... – деді Ғабең. Аты-жөнімді сұраған. Мұхтар Мағауин. – Атың үлкен екен, – деді Ғабең. – Өзің де ұнадың маған. Сөзің ұнады. Ал, мұның бәрін қайдан теріп жүрсің? Мен бұл деректердің бәрін қадым кітап, қолжазбалардан алынғанын айттым. Порт­фе­лімде тұрған диссертацияны алып көрсету ыңғайсыз тәрізді, қолым барып қана қайтты. – Талқылаудан өтті, қорғауға ұсынылды – дедім. Өтірік емес, талқыдан шықты, қорғауға жіберілді. Жұбан ағама көзім түсіп еді, ол кісі тұқырған қалпы, жағын шынтағына сүйеп, үнсіз тұнжырап отыр екен. – Бойдақсың ба? деп сұрады Ғабең. – Жоқ үйленгем. Кішкентай қызым бар. – Оқуың... қалай? – Аспирантураның барлық минимумы тапсырылған. 1-қараша күні уақыты да бітеді. – Онда... бізге жұмысқа келуге қалайсың? – деді. Күткен сөзім болса да, жүрек лүп ете түсті. Қатып қалған, кешегі аттан, талапай кезінде де селт етпеген жүйкем балбырай босаңсып кеткендей. Шынында да ғажап емес пе! Кешегі ғалым ағаларым өздерінің көз алдында өскен баланың соны серпін, тың дерек, мәнді толғам, түйіндерге құрылған, қазақтың ұлттық әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, төрт ғасырлық бастау көзін айқындаған жұмысын алақайлап қарсы алуы керек еді, ал олар ұрандай аттандап, тарпа жабылды, басымды мүжіп, етімді жеп, сүйегімді итке тастамақ болды, ал айдаладағы, менің атымды естіп, жөнімді білмеген, әрі атақ-абыройы аспандап тұрған ақсақал – тірі классик жазушы ағамыз, менің екі-ақ ауыз сөзімнен өткен ғасырдың сырын, ежелгі әдебиет жөнін аңдап, өзі іздеп тауып, өзі сұранып, қамқорлық тауып отыр. Маған емес, ұлттық сана, әдебиет шеруі, ежелгі мұраға жасалған қамқорлық. Сол сәтте дедім. – Ондаа – деді Ғабең ыңыранып, Жұбақаңа қарап еді, мен де қарағам, ол кісі манағы қалпы, сұлық отыр. – Ғабең қоңырау басты. – «Жұлдыз» журналының сын бөлімін басқаруға барасың... Есіктен кірген орта жастардағы шашы қиылған, толықша, қара торы әйелге қарады. – Роза, – деді. – Сырбайды шақырып жібер. Жұбақаң аз-маз ғана қозғалақтап қалды: – Ғабе, ол орынды... ол орынды Әбірашқа уәде беріп қойып едіңіз ғой... – Ә-ә... солай екен-ау... онда... – Роза апай үнсіз бөгеліп қалды. – Онда Әбіраштың орны босамай ма? – деді Ғабең қиын есептің түйінін тапқандай жадырап, қабағын көтеріп. – Онда, Қапанды шақыр. Роза апай майда тілмен: «қазір» деп бұрыла берген еді. Ғабең тағы да тоқтатты: «Бірер минуттан соң Сырбайды да шақыр!». Қазіргі бас редакторлар қызмет орнында үнемі отыра бермейді, өзіміз де санатқа енгелі қанша заман, редакция жұмысының көбі үйде жасалады, кеңседе көп болмаймыз, ол кездегі жұмыс тәртібі басқаша, әрі біздің істің сәті, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Қапан Сатыбалдин орнынан табылды, тез келді. Ортадан төмен бойы бар, шашы жалбыраған, ұшпа, қағылез кісі екен. Қапан, мынау осындай бала деп, Ғабең екі ауыз сөзбен менің мән-жайымды айтты. «Осы жігітті, Әбіраш «Жұлдызға» кетеді, сын бөлімінің меңгерушісі етіп аласың ба? – деді. Қапекең қалбалақтап қалды. «Әрине, әрине! Сіздің сөзіңізден артық не керек. Аламын» деді. «Ал, Сырбай, – деді Ғабең. Сырбай ағамның қашан кіріп, қалай отырғанын аңдамаппын. – Енді мына Мұхтар – бала Мұхтар деген жігіт саған үлкен мақала әзірлеп береді, осы бір аптаның ішінде. Қырық бет. Мына көтеріліп отырған мәселені, әдебиет тарихының түп негіздерін ашып көрсетуі керек сенің журналың. Сол үлкен мақаланы таяудағы алғашқы нөміріңе басасың!». «Жарайды, басылады» деді Сырағаң салмақпен, бір жақ қолының бірнеше саусағы әлде бітеу, әлде молақ екен, жағын уқалап-уқалап жіберді, маған қабағының астымен қарап, бас изегендей болды. – Онда бітті, жолдарың болсын, – деді Ғабең.