КИІЗ ҮЙІ ҚАЗАҚТЫҢ!

1
5810

   Атакәсіп

                    

     Шаңырағынан  күн  сығалап  қарайтын,  көрген  адам  ішін  көшпелі  мұражайға  балайтын,   қазақтың  киіз  үйін  кім,  қашан  ойлап  тауып,  жасағаны  белгісіз. Оның  қандастарымызға  құтты  қоныс  болғанын  тереңдеп  зерделесек, арта  қалған  мыңжылдықтарға  бойлайтынымыз  анық. Тіршілік  түбі  тамырлас  қазақ,  қырғыз, қалмақ,  мұңғылдарға  және  олардан  сабақ  тартатын  көшпенді  ұлыс,  тайпаларға  тау,  дала  табиғатының  қытымыр  аязы  мен  шіліңгір  ыстығынан  қорған  баспана  болған,  киіз  үй  құрылысы  уақыт  сынынан  өтіп,  мызғымастай  үлгіде  бізге  жетілдіріліп  жеткені  даусыз.

«Ескірмес  басқұр,  сырмақ  өрнегі  әсте,  қазақтың  киіз  үйі  көрме  емес  пе», – деп  Оразақын  Асқар  ақын  жырлағандай, іші  мен  сырты  тартымды,  жарасымды  өрнекке  толы баспанасы  еліміздің  ерте  мәдениетінің  де  тәбәрігі. Ең  бастысы  оның  көшпенді  дала  тіршілігіне  өте  қолайлылығы.

Қазір  дамыған  шет  елдерде, өз  елімізде  де  саяхатшыларға  арнап  әр  алуан  жинамалы  баспана  шатырлар  ойлап  тауып, сауда  орындарына  көптеп  сатуға  шығарылуда. Алайда  солардың  қандайын  барлап  қарасаңыз  да  киіз  үйден  жанға  жайлылығы  шамалы. Әсіресе  кенептен  жасалған  баспаналар  жазда  ыстық,  қыста  суық  тартатыны  баршаға  белгілі. Ал  ішіне  асхана,  жататын  орындар  орналастырылған  доңғалақты  бустарды,  киіз  үй  сияқты асқар  биік  таудың  жоталарына  жолсызбен  жеткізу  қиын. Қысқасы,  көшпенді  елдің  ежелгі  баспанасы,  жылдың  төрт  мезгілінде  де  жер  таңдамай көшіріп,  қонуға  қолайлы  киіз  үйдің  қазірге  теңдесі  табыла  қоймаған  сыңайлы.

Сондықтан  киіз  үйге  деген  сұраныс  қазіргі  таңда  да  төмендей  қойған  жоқ. Тіпті  соңғы  жылдарда  елімізде  мал  саны  өсіп,  төрт  түлік  өсірушілер  көбейген  сайын, дала  тіршілігіне  жайлы  осы  баспанаға  деген  сұраныс  артып  отыр. Біздің  елде  жекелеген  кәсіпкерлер  болмаса,  киіз  үй  жасайтын  арнайы  өнеркәсіп  орыны  жоқтың  қасы. Керсінше  сұраныс  сыңайын  тез  аңғаратын  шет  елдіктер  ежелгі  көшпенділердің  киіз  үйін  көптеп  жасап,  өзімізге  саудалауда. Мысалы  көрші  қытай  елінен  шаңырағы, керегесі  мен  уығы  темірден  жасалған  киіз  үйлерді  отандастарымыз  әкеліп  пайдаланып  жүр. Бір  жерде  тапжылмай  тұратын  қымызханаларға  болмаса,  темір  сүйекті  үй  көшіп – қонуға  қолайсыз. Кезінде  Үштөбедегі  киіз  үй  фабрикасынан  бір  ғана  станокты  сатып  алған  Қырғызстанның  Тоқмақ  қаласындағы  киіз  фабрикасы  өз  еліндегі  қой  жүнін  ұқсатып, өндірісін  өрлетіп,  табысқа  белшесінен  батып  отыр.

Орайы  келгенде  мал  өнімдерін  ұқсату  жөніндегі  бұрын  да  сан  мәрте  айтып  жүрген  ойларымызды  қайталауға  мәжбүрміз. Төрт  түліктің  ең  құнды  өнімі  ет  пен  сүттен  кейін  терісі  мен  қой,  ешкі,  түйе  жүні. Теріден  тігілген,  жүннен  тоқылған  киімдер  мен  басқа  да  бұйымдар  әлемнің  кез  келген  базарында  бағалы. Ендеше,  бұл  Қазақстан  ауыл  шаруашылық  еңбеккерлері  мен  мал  өнімдерін  ұқсатушы  өнеркәсіп  орындарының  әлем  базарына  батыл  шығудың  бір  тиімді  жолы  емес  пе? Алайда  елімізде  мал  саны  жыл  санап  артқанымен  оның  өнімдерін, әсіресе,  терісі  мен  жүнін  өңдеп  ұқсататын  кәсіпкерлер  жоқтың  қасы. Сондықтан  жергілікті  жерде  қазір  мал  терісі  мен  жүні  өте  құнсыз. Әсіресе  «Еділбай», «Қаракөл»,  «Дегерес»  сияқты  қазақы  қойдың  жүні  мен  терісін  алыпсатарлар  алмай  қорлайды, алса  100 – 150  теңгеге  тегін  сұрайды. Жылқы  терісі  де  құнсыз, сыйыр  терісі  сұранысқа  қарай  мың  теңгенің  ар  жақ,  бер  жағында  ғана.

Кезінде  Панфилов  ауданының  Қоңырөлең  ауылдық  округінде  тері  илейтін  шағын  цех  жұмыс  істеп,  біршема  қарымды  қарекеттер  жасаған  еді. Малды  өңірдің  жұрты  өз  өнімдерін  өздері  ұқсатып, қой  терісінен  тон  тігіп  сатып, табысқа  да  кенелген. Кейінен  шаруашылық  тараған  соң  бұл  өндіріс  орыны  жабылды.Қазір  Райымбек  ауданында  «Еділбай», «Дегерес»  тұқымды  қой  жүнінен  пима  басып,  саудалап  жүрген  кәсіпкерлер  бар. «Ұқсата  білген  ұтады»  демекші, ғасырлар  қойнауында  киімін  де,  төсеніші  мен  жамылғысын  да,  күнделікті  тұрмысына  қажет  ат  әбзелдері  мен  ыдысаяқ,   басқа  да  бұйымдарын  мал  терісін  қолмен  илеп  пайдаланып  күн  көрген  қазаққа,  бүгінгі  техника  мен  технология  жетілген  заманда  ден  қойса  мал  терісі  мен  жүнін  өз  елімізде  ұқсатып,  кәдеге  жарату  қиынба?Тек  ел  ішінен  атакәсіп,  ұлттық  қолданбалы  өнерге икемді,  атакәсіпке  жаны  құмар    азаматтарды  іздеп  тауып, олардың  киіз  үй,  ат  әбзелдерін, басқа  да  бұйымдар  жасауына  қолайлы  жағдай  жасау  керек.Бұл  біріншіден  еліміздегі  мал  шаруашылығының  бұрынғыдан  да  өркен  жайып, мал  өсірушілердің  де  табысы  молығуына  мүмкіндік  туғызбақ.  Екіншіден  тері  мен  жүн  шет  елдерге  шикізат  ретінде  арзанға  сатылып, оның  өзімізге  ұқсатылып  қымбаттап  келуіне  түбегейлі  тосқауыл  қоймақ. Үшіншіден  шағын  кәсіпкерлік  өркен  жайып, ел  қолына  қолайлы  жұмыс  таппақ. Сол  арқылы  бізге  ата – бабаларымыздан  мұра  болып  қалған  киіз  үй,  ертоқым  жасау, қамшы  өру, басқа  да  ат  әбзелдерін, торсық,  саба  сияқты  бұйымдарды  көптеп  шығарып,  шетелдік  саяхатшыларға  ұлттық  бренд  ретінде  ұсынуымызға  қолайлы  жағдай  жасайды.

Айтқандарымызды  нақты  мысалмен  айшықтау  үшін  Жаркент  қаласында  тұратын,  өз  үйінде  қамшы  өріп, киіз  үй,  ертоқым,басқа  да  ат  әбзелдерін  жасап,  базарда  саудалап  отырған  Сейітнұр  Жексенбиевтің  тіршілігімен  таныстырайық. Оның  қаладағы  шағын  үй  ауласында  бірнеше  бәйге  аттарын,  қазақы  жүйрік  тазы итін  баптап  ұстап,  сәнді  күйме  арбасымен  мерекелерде  халыққа  қызмет  көрсетуі  де  ұлтжандылығын  аңғартады.

Тегінде  Сейітнұр  шеберлікті  бойына  қанмен  сіңген  қасиет  деп  айта  алмайды. Ол  ес  білгеннен  әкесі  Қизат  Жаркент  өңіріндегі  атақты  екі  мәрте  Еңбек  Ері  атанған  Николай  Головацкий  басқарған  «Қазанның  40  жылдығы»  агроқауымдастығында  малшы  болып,  жылқы  бақты. Анасы  Нұрқия  да  ісмер  адам  емес  еді. Жанға  қажеттің  бәрі  бар  бай  шаруашылықта  еңбек  еткен  оларға  көшіп – қонып  мал  бағып  жүргенде  киіз  жамап,  уық,  кереге  түгендеудің  қажеті  де  бола  қойған  жоқ.

Сейітнұрдың  ұлттық  қолөнерді  жанына  серік  етуіне  себеп  болған  екі  жағдай  болды. Оның  алғашқысы – қолданбалы  өнер  бұйымдарын  бала  кезден  жетік  біліп, көз  қанықтыруы,  екіншісі  отбасын  асыруау  үшін  қолына  қолайлы  кәсіп  деп  қарауы.

–  Ата – анам  кезінде  аудан  орталығынан  үй  сатып  алып,  балаларының  бәрін  Жаркент  қаласындағы  Ы. Алтынсарин  атындағы  қазақ  орта  мектебінде  оқытты. Жазғы  каникулда  жайлаудағы  жылқы  бағатын  әке – шешеме  барып, ат  мініп,  көкпар  тартуға  асығатынмын, – дейді  Сейітнұр.

Атқұмарлық  оның  бойына  балажастан  сіңген  қасиет. Ол  қазір  де  қорасында  жүйірік  үш  сәйгүлікті  баптап  ұстап, әр  жердегі  ат  бәйгелерінде  бағын  сынап  жүр. Бәйгеде  жылына  екі – үш  жүлде  алатынын  мақтанышпен  баяндайды. Ал,  киіз  үй  жасап,  қамшы  өруді, ат  әбзелдерін  әспеттеуді  осыдан  он  жыл  бұрын  шындап қолға  алды.Алғашында  атарба,  оюлы  сандық,  ертоқым  жасап  базарға  апарып  саудалап,  напақасын  ажырататын. Кейінен  өзі  бала  кезден  көз  қанықтырып,  көріп  өскен  киіз  үй  сүйектерінің  әркімнің  қорасында,  үй  шатырларында  керексіз  болып  шашылып  жатқанын  көріп  ойға  берілді. Оларды  жинап,  уығын,  керегесін,  шаңырағын  түгендеп,   бірыңғай  түске  бояп,  құрап  ретке  келтірді. Киізін  өзі  қырғыз  қызы  Гүлбібіге  үйленген  соң  біраз  жыл  қайынжұрт  жағалап,  Қырғызстанның  Тоқмақ  қаласындағы  киіз  үй  фабрикасында  жұмыс  істеген  жерінен  барып  сатып  алып  келді.  Оны  жолдасы  екеуі  пішіп  кесіп  тігіп,  көрген  көзді  қызықтыратын  үй  жасады. Сәтін  салып,  алғашқы  құраған  киіз  үйі  жақсы  бағада  сатылып,  талапты  азаматқа  жаңа  кәсіп  құлшыныс  әкелді. Оның  тұтынушылары  көбінесе  мал  баққан  шаруа  жандар  болғандықтан  олар  Сейітнұрдан  ертоқым,  қамшы,  жүген,  ноқта  сияқты  ат  әбзелдерін  жасап  беруін  өтінді.

Жаңа  кәсібіне  ынтасы  артқан  Сейітнұр  мен  Гүлбүбінің  күн  санап  шеберліктері  де  арта  түсті. Әкесінен  мұраға  қалған  үйдің  жанындағы  жазғы  сарайды  шеберханаға  айналдырып,  оған  киіз  тігуге  арналған  23  класс  текті  тігін  машинасын  қойып,  тұтынушы  талабына  сәйкес  алты, сегіз  қанат  киіз  үйлердің  іші – сыртын  заман  талабына  сай  оюлап,  өрнектеп,  сәндеп  ұсынады. Әйелі  Гүлбібі  Шолпанқұлова  киізді  үй  пошымымен  пішіп  берсе,  оны  Сейітнұрдың  қарындастары  Күлжан  мен  Айгүл  тігеді. Ағаштан  жасалатын  шаңырақ,  уық,  керегені  жасау  отағасының  міндеті.

– Жазда  Бел  жайлауына  барсаңыз  Аяқсаздан  жайлаудың  төріне  дейін  ақшаңқан  оюмен  көмкерілген  жүздеген  киіз  үй  тұрады,  солардың  бәрі  дерлік  менің  қолымнан  шыққан  баспаналар, – деп  мақтанады  Сейітнұр. – Өткен  жылдың  өзінде  10  үйдің  киізін  пішіп, тігіп  саттым.Бірақ  түскен  қаржы  қанатты  кең  жаюға  жетпейді. Киізді,  үйдің  іші – сыртын  өрнектейтін  маталарды  шет  елдерден  алып  келеміз.  Жұмысымыз  қол  күшін  көп  талап  ететіндіктен  жұмысшы  жалдаймыз. Осының  бәрі  көп  қаржыны  талап  етеді.

   Кәсіпкер  шеберханадағы  тігін  машиналарын  көбейтіп, ағаш  жонып,  өңдейтін  станоктар  сатып   алып  қарымды  қарекет  жасап  отыр. Қазір  баяғыдай  әржерде  керексіз  болып  шашылып  жатқан  киіз  үй  сүйектері  жоқ,  сондықтан  уаық,  кереге,  шаңырақты,  есігін  шебер  өз  қолымен  жасайды. Оған  көбінесе  жергілікті  жерде  көп  кездесетін  тал,  терек, қолға  түссе  қарағай  ағаштарын  қолданады.Ол  да  арзанға  тоқтамайды. Киізді  Тоқмақ  қаласындағы  киіз  фабрикасынан,  үйдің  іші – сыртын  сәндейтін  маталарды  қытайдан  әкеліп  жүр. Өткен  жылдан  бері  Жаркенттегі  «Жібек  жолы»  базарынан  дүңгіршек  сатып  алып, ертоқым,  өмілдірік,  құйысқан,  тартпа,  қамшы,  таға  сияқты  өз  қолымен  жасаған  бұйымдарын  және  артылған  киіз  қиындыларынан  табанға  салатын  ұлтарақ  қиып  саудалап  отыр.

« Әттең,  тонның  келтесі – ай»  демекші,  құлашты  кең  сілтеуге  қаржының  тапшылығы  кедергі. Ойға  алған  мақсаттарын  жүзеге  асыру   үшін   көп  қаражат  керек. Үкімет  жеңілдетілген  несиемен  қолдаса,  киіз  үй,  ат  әбзелдерін  жасайтын  үлкен  кәсіпорын  ашпақшы. Сонымен  қатар  Жаркент  қаласының  маңынан,  күре  жол  бойынан  жер  алып,  оншақты  киіз  үй  тігіп,  тұрақты  қызмет  көрсететін  қымызхана  ашу  да  ойында  бар.

Арман,  мақсат  адамды  алға  жетелейді. Құлашты  кеңге  жайып  самғауға  қаржы  тапшылығы  кедергі  келтіріп  жүргенімен,   Сейітнұр  жаны  қалап  шұғылданатын  кәсібін  тастамақ  емес. Тынымсыз  тіршілік  жасаудың  нәтижесінде,  бұл  кәсібінен  отбасына  береке  беретін  азынаулақ  пайдасын  да  көріп  келеді.

Қалталы  азаматтар  тарапынан  сәнге  тігер  сегіз  қанат  киіз  үйге  тапсырыс  аз  берілмейді. Алайда  олардың  тілегін  үнемі  жоғары  деңгейде  атқаруға  қолдың  қысқалығы  кедергі  келтіреді. Өзін  Үкімет  қаржылай  қолдаса  тұтынушы  талабынан  шығатынына  Сейітнұр  сенімді.Ол  болашақта  соңғы  10  жылдан  астам  уақыттан  бері  үйреніп,  меңгерген  өнерін   аянбай  жұмсап, өндірісін   өрістетер  үлкен  киіз  үй  жасайтын  кәсіпорын  ашуға  да  ниетті.

Мырзағали  Нұрсейіт

Жаркент  қаласы.

Алматы  облысы.

qazaquni.kz

Жоғарыдағы фотолардың мәтінге қатысы жоқ.

 

Сейітнұр жасаған  кереге

 

 

 

 

 

Сейітнұрдың  Жаркент  базарындағы ат  әбзелдерін  сататын  дүңгіршегі

 

 

 

 

 

 

 

 

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз