Қош, Ибаға!

к-ке   2014 жылдың соңғы күндерінің бірінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі ақын Ибрагим Исаев дүниеден озды. Кеше ғана көз алдымызда күлімдеп жүрген ағамыздан айрылу исі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырғаны белгілі. Бүгін яғни, 7 қаңтар күні Ибағамыз көзі тірі болғанда 66 жасқа толған болар еді... Газетіміздің редакциясына үнемі келіп тұратын көкеміз: «Қал жақсы ма, жарқыным» деп кіріп келуші еді. «Бүгінде басылым көп. Бірақ «Қазақ үні» ұлттың газеті. Ең адал қызмет – ұлтқа қызмет» деп бізді бір арқаландырып қойып, арасында өзінің сиясы кеппеген өлеңдерін оқып та беретін. Сұхбаттаса қалсақ, өзінің өмірден көрген білгендері турасында сыр ақтаратын. Тұманбай, Олжас сынды ел ағаларының шарапатын көргенін де тілге тиек ететін. Әңгіме барысында: Гүлмира қалқам, айтшы бүгінде сондай іні-қарындасқа қамқор бола білетін аға буын өкілдері бар ма? – деп ойландырып та қоятын. 2014 жылдың қыркүйек айы болатын. Ибрагим ағамен сұхбаттасу тапсырлығандықтан, ол кісіге хабарласып, жолықтым. Өзінің өмір жолынан сыр ақтарған ағамыз ұрпаққа үлгі баларлықтай көптеген келелі әңгіме айтты. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, артына өзінің талай жүректі тебірентетін отты жырын қалдырған Ибрагим ағамыз да қазақ халқының есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Қазақтың зиялы қауым өкілдерінің арасында ардақты аға тұтқан Ибрагим ағамыз сырлы сұхбат барысында: Айналайын Гүлмира! Жетер жерге жетпей шаршап, тоқтама, Таныт елге өз күшіңмен өзіңді. Халық сүйіп оқыса екен тек ғана, Сенің жазып, сенің айтқан сөзіңді, –  деген жыр жолдарымен өзінің ағалық ақ тілегін білдірген еді. Тағы бір жолы редакциямызға келген сәтінде өзінің соңғы шыққан «Ой өлшемі» атты жыр жинағын сыйлап, кітаптың алғашқы бетіне: «Гүлмира, қалқам, қазақ халқына да, қазақ баспасөзіне де сен сияқты адами қасиеті бар қыздар керек. Осы қасиетің-ақ сені елге сыйлы қылады» деген қолтаңбасын жазып қалдырған еді. Қош, Ибаға! Сіздің жылы жымиған жүзіңіз біздің жадымызда мәңгілік сақталып қала бермек! Ақын Ибрагим Исаевтың туған күніне орай ол кісінің «Туған күнімде» атты өлеңімен өзге де жырларын оқрыман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Гүлмира САДЫҚ, «Қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы.                                                                  ТУҒАН КҮНГІ СӨЗ Уақыт шіркін өтіп жатыр байқалмай, Жүретін жан сияқты едік қартаймай. Енді отырмыз біраз жерге жеткен соң, Шаршап қалған жолаушыдай қайта алмай.   Өзімізді үлкендермен тең көрмей, Бұрынғылар айтқан сөзге мән бермей жүруші едік, ақауымыз көбейді. Машинадай жүрген дұрыс жөнделмей.   Түнге қарай жетектеумен күндізді, Қайда алып бара жатыр жыл бізді? Өзімізбен ертіп жүрміз шаршатып, Бір кездегі үлбіреген бір қызды.   Өткен жылдар сияқтанып көмескі із, Алда жарқын жол күтіп тұр демеспіз. Бір кездері есеюге асықсақ, Асығуға енді құштар емеспіз.   Бірақ қайта жасаратын жоқ амал, Шамамыз жоқ жоғалтқанды таба алар. Бізді үмітке жетелейтін әйтеуір, Алдымызда аз да болса аға бар.   Солар біздің межеміз ғой алдағы, Шақыратын тек солардың жолдары. Өкінішті, арман күннің алыстап, Туған күннің тым азайып қалғаны.   Өткен күндер айналған соң елеске, Туған күннің қалмапты ғой көбі есте. …Босамайық, тост алайық, кәнекей, Бүгін менің туған күнім емес пе!   2011 жыл, 7 қаңтар.   ӨЗІМ ЖАЙЛЫ   Терең өлең жазбауға да бекіндім, Керең өлең жазбауға да бекіндім. Ойға келген бірдеңені, амал жоқ, Ішім пысып, тағы жазып отырмын.   Қызығумен қараймын да өткенге, Қалам алам, ішім пысып кеткенде. Жазғанымды жырта салғым келеді, Осыларды кім оқиды деп кейде.   Қалт-құлт етіп жар басында тұрмыз ғой, Мылжыңның да сөзін естіп жүрміз ғой, Деймін дағы отырамын шимайлап, Жұрт сияқты біз де тірі жанбыз ғой.   Ойлары жоқ адамдар бар оймақтай, Қара сөзді сапыратын қайнатпай. Бір ғажайып теңеу тапсам, сөз тапсам, Өз-өзімнен болып кетем әруақтай.   Отың өшсе, қалатын тек күл ғой деп, Бір сөзі жоқ бейшаралар жүр ғой деп, Әдемі бір жылуы бар сөздермен, Өзімді өзім отырамын әлдилеп.   Жаратқанның сыйы шығар, амал не, Жыр оқимын мылқауға да, кереңге. Орынымды сайлап қойған осылай, Құдай мені байлап қойған өлеңге.                                             2013 ж. КӨҢІЛ СЫРЫ   Денем ұйып барады, ұйып денем, Бұған дейін бұл денем бүйтпеген. Басымдағы байланған күйікпенен. Мазам кетіп жүр ме деп күдіктенем.   Несі жарты денемнің, несі бүтін, Тыныш ұйықтайтын келеді есіме түн. Мынау жарық дүниеде шіркін өмір, Қалды ма әлде азайып мен сүретін.   Неге әлсіреп барамын күннен күнге, Қайда кеткен көңіл-күй жүрген бірге. Қорғандай боп тұратын алынбайтын, Қалғандай ма босаңсып іргем мүлде.   Тұрсам неге кетеді бас айналып, Таба алмадым себебін еш ойланып. Күңгірттеніп кетеді ашық аспан, Тұратұғын бір кезде арайланып.   Тәбетім жоқ ауқаттың ешбіріне, Асқазан да әлсіреп, ескіре ме. Бір кездегі жайнаған жайлауынан, Менің қайран көңілім көшті неге?   Көңіл-күйім, бұрынғы мазам қайда, Қызығы да көңілдің азайған ба?.. Бір кездегі армандар арайланған, Кеткен сынды айналып тозаңдарға.   Көлбеңдейді көңілде көбелегім, Қалғандай ма төмендеп төбелерім. Тоқтай бергім келеді аяңдасам, Ұйықтай бергім келеді неге менің?   2013 ж.