ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНДАҒЫ №1 ҚҰДАЛЫҚ!

 

Эксклюзив

Былтыр күзде Елбасы Н.Назарбаев пен  жазушы С.Досанов құдай қосқан құда болды

Былтырғы жылқы жылының ең басты құдалығы туралы баспасөзде ешнәрсе жазылмағаны белгілі. Ал "баспасөзде жазылмаған жаңалық – болмаған жайт» -деген қағидаға сүйенсек, онда білгенімізді мамандығымызға сай оқырман қауымға  баяндап беруіміз ләзім. Иә, былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші қызы Әлия  Назарбаева мен Димаш Досанов отау құрды. Ал Димаш Досанов кім десеңіздер, күйеу баланың атасы белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық Шолохов атындағы  сыйлықтың Қазақстандағы тұңғыш лауреаты  Сәбит Аймұханұлы Досанов. Димаштың әкесі Ғабит Аймұханұлы Досанов Сәбеңнің туған інісі. Ғабит Досанов мәдени-әдеби ортаға да белгілі кәсіпкер азамат. Алматыда қазан айында шағын отбасылық топтар  арасында өткен құдалықты  өз үйінде күткен  Нұрсұлтан Әбішұлы той тізгінін  өзі алып, жүргізген. Бас құдалар Н.Назарбаев пен С.Досанов түйдей құрдас – екеуі де 1940 жылы туғандар. Құдай қосқан құдалардың екеуі де биыл, құдай қаласа, мерейлі жасқа – 75-ке толады. Ел тойлайтын Елбасының туған күні бәрімізге белгілі, ал Сәбит ағамыз 15 қаңтарда туған. Нұрсүлтан Әбішұлының еңбек ету қайраты керемет,  есте сақтау қабілеті ғажап,  әдебиет пен мәдениетті, ел тарихы мен ұлттық  салт-дәстүр, жөн-жобаны терең  біледі және ұстанатыны анық. Осы құдалық барысы да қазақтың жол-жоралғысымен сән-салтанатты өткен көрінеді. Әлия Назарбаева туралы ақпарат, әрине,  жеткілікті болғанмен, БАҚ-тарды қызықтырған басты мәселе  - Димаш Досанов туралы ақпар тым мардымсыз. Интернеттегі  Google.kz желісі арқылы іздегенмен, Қазақстан-Қытай құбыры компаниясы бас директорының орынбасары деген хабар және Әлиямен түскен 3 фотосынан басқа  ол туралы ешнәрсе таппағандарын жазады сайттар.  Біздің қосарымыз, Димаш Досанов  - Қазақстан-Қытай құбыры компаниясы бас директоры. Бұрын ҚазМұнайГаз  ұлттық компаниясында департамент директоры болып істеген. Гольф ойынынан  бірнеше рет  жүлдегер болғаны бар. Осы заманға сай білімді де, білікті, ана тілімен қоса шет тілдерін де білетін зиялы, қазақы тәрбие көрген келісті жігіт сұлтаны. Қазақстан-Қытай  құбыры -  Атасу-Алашанькоу аралығындағы 965 шақырым тұратын мұнай құбыры жобасы,  құрылысы және тасымалдауын жүргізетін біріккен кәсіпорын. Оның құрылтайшысы – «ҚазТрансойл» АҚ мен CNODC (China National Oil and Gas Exploration and Development Corporation) компаниясы.

Қ.Сейхуни

Qazaquni.kz