Сәкен Сыбанбай. МАРАТ МЕКТЕБІ

марат қабанбай ...Қазақ журналистикасы кеңестік кезеңнің өзінде-ақ өз оқырманына қажетті, оның менталитетіне сәйкес рухани азықты тауып беріп отыруға талпынғанымен, өзі өмір сүрген қоғамның қилы-қилы қитұрқы мүдделеріне тікелей тәуелді болып келгені рас. Сондықтан болуы керек, «тәуелсіздік алдық!» деп бөрікті аспанға атқан 90-жылдардың басында сонша уақыт ақырын сөйлеп, абайлап айтып келген ұлт баспасөзінің тығыны атылды да кетті! Ел, жер тағдырына байланысты талай ащы ақиқат ашылды, ұлттың бойындағы ірілі-ұсақты кемшіліктер де кеңінен жазылды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына баспасөздің тигізер әсері бұрынғыдан да күшейіп, қалам ұстаған жұрт өзге бағыттардан гөрі публицистикаға көбірек ден қоя бастады. Әрине, жауынгер жанр саналатын бұл салаға бет бұрғандардың бәрінің бірдей айдарынан жел есе қойған жоқ, дегенмен, жалпы алғанда, сол жылдардан бері қарай қазақ баспасөзінде жоғары деңгейдегі публицистикалық үрдіс қалыптасты деуге болады. Сол үрдістің үздік өкілдерінің бірі, әрі сол лектің көшбасшысы – жазушылығы мен жорналшылығы итжығыс түсіп жататын жан-жақты қаламгер Марат Қабанбай еді. Рас, «ұлтым!», «елім!» деп екпіндетіп бәріміз де жаза аламыз, ал сол ұлтыңыздың, еліңіздің еңсесі неге төмен, оларды бұл күнге жеткізуге «септігі тиген» биліктің басты қателіктері мен кемшіліктері неде, оны қайткенде түзеуге болады, ол үшін қандай батыл әрекеттерге бас тігу ләзім, биліктің қай оң қадамын халық дұрыс түсінбей отыр, қалың бұқараның өзі неден қателесуде... бәрін-бәрін ішек-қарнын ақтара жазып, талдап-түсіндіру адамнан терең білім мен біліктілікті қажет етеді. Марат Қабанбайда мұның бәрі де бар-тын. Оның елдегі кез келген мәселеге деген жеке азаматтық позициясы болды және ол позиция әрқашан қазақ ұлтының мүддесінен бастау алып жататын. Ұлттың мүддесіне қайшы келетін әрекеттердің барлығын ол баспасөз бетінде, баяғы тарих оқулығының тілімен айтқанда, «аяусыз әшкерелеп отырды». Қазақ мәдениетінің тарихында жазушылығымен-ақ аты қалатын Мәкеңнің жетіскеннен журналист болмағаны анық. Ол публицистикаға шындап бет бұрған 1994-95 жылдары елде әлі де аумалы-төкпелі көңіл-күй басым еді. «Қазақ мемлекеттілігін, ұлттық қауіпсіздігімізді қайтсек нығайта түсеміз?» деп, шақшадай басы шарадай болған зиялылардың байсалды үнін ол шақта орысшыл шовинистік ұйымдар мен тұрғылықты ұлт мүддесін жиыстырып қойып, «тарысы піскеннің тауығы» боп жүрген популист саясаткерлердің шәңкілдек дауыстары басып кете беретін. Сол кезде бетімен кеткен бейдауаларға дәлел-дәйектермен «дәріленген» қарсы соққы беруші «ауыр артиллерияның» алдыңғы сапына Марат Қабанбай шықты. Оның «Ана тілі» газетінде жарияланған «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?», «Біз – көкектің бір ұядағы балапандарымыз», «Үндемеген – үйдей пәле», «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды» және тағы да басқа өткір мақалалары қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Жауынгер жанрдың жүгін арқалаған жазушының өз ұлтын қаншалықты сүйетіні, өз еліне қаншалықты елжірейтіні оның «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Талант тас жарады... Бас жаруы да ықтимал», «Маймылдың бізге керексіз қоңыраулы құйрығы», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Шенеуніктер шеру тартып барады» сынды арада он жыл өткен соң оқысаң да, еріксіз «ойпырай!» дегізетін ащы ақиқатқа толы дүниелерінен анық байқалады. Оның осы сипаттамаға лайық «Тайқазан, яки ошақтың үш бұты» атты мақаласын оқып көріңізші: «...Біз өркениет тарихын, әлем ой ағынын ең алдымен дұрыс түсініп алуымыз керек. Көне қытай, үнді ғақлияларынан бастап, грек, рим көзқарастарын, содан бергі арабтың жауһарларының басын қоса отырып, еуропалық ой түйіндерімен таныспаса, аса қиын. Аталмыш ілімдерді ондаған ғасыр тарихы бар, бірақ өзге түгілі өзіміз жаңа-жаңа біліп жатқан көшпелілер мәдениетінің тайқазанына салып жіберіп, қайта суытып, қайта пісірмей, оны және қазақ көкейіне сіңірмей, бізге әлемтану бастиондарына көтерілу екі дүниеде жоқ. Тек дала мәдениетімен шектеліп қалсақ, шумер, қытай, үнді, мысыр, грек, рим, араб, еуропа, славян кемеңгерлерінің арасындағы екі езуі екі құлағында, санын шапаттап, мәз болып жүрген тентек баланың халіне түсетініміз хақ шындық. Мұны ұға және дұрыс қорытынды шығара білмесек, «әлемдік» дегенге кеп қалатын адамауи басқа көшпелілер мәдениетіндей тарпаң жылқы-тұлғаны есебін тауып, кіріктіре білсек, біз өте-мөте зәру, қуатты да қайырылуы сингармониялы мәдениет сонда барып шығады». Демек, әуелде елтану, тілтану бағытындағы танымдық басылым боп ашылған «Ана тілінің» – газетке Мәкең келгеннен бастап, Қазақстандағы бүкіл қоғамдық-саяси оқиғаларды қазақ халқының мүддесі тұрғысынан саралап-сараптап отыратын таза ұлттық ақпарат құралына айналғанына таңқалуға болмайды. Ақпарат демекші, өзі шағын болғанымен, «шашты ағартар» шаруасы көп осы жанрды барынша қазақы қалыпта беру де «Ана тіліне» сол кісі келген соң қарқын алған-ды. Батысты да, Шығысты да көп оқыған (бір ғана мысал - қайтыс боларының алдында Стейнбектің алты томын оқып шығыпты да, «мен әлі түк білмейді екенмін ғой» депті: ең білімді қазақтың бірі осылай дегенде, біз не білеміз сонда?) Мәкеңнің, кейбір қаламгерлер секілді, сол оқыған-тоқығанының жетегінде кетіп қалмай, қазақы тілдің қайнарын да молынан сақтағанын оның шығармашылығымен таныс адамдар жақсы біледі. Сондықтан да кез келген, тіпті таза экономикалық, энергетикалық тақырыптағы хабарлардың өзі ол кісінің қаламы тиген соң-ақ қазақы бөрік киіп, шапан жамылып, аяғына саптама етік іліп, жұтынып шыға келетін. «Журналистің сөп саптау, сөйлем құруының өзі сірескен стильден аулақ, барынша қарапайым (бірақ қарабайыр емес), оқырманның жанына жақын да ұғынықты болуы керек» дейтін ол. Бірақ оның бұл талабына бала кезден «қазақ cовет газеттерінің» ресми реңктегі ақпараттарын оқып өскен біздің қатып, тікейіп қалған тіліміз оңайлықпен көне бермейтін. «Фактіні сөйлетсең жетеді, ақпаратқа сенің эмоцияңның, жеке көзқарасыңның түкке де керегі жоқ!» дегенді де жиі айтатын еді. Әйтеуір ол кісі әрбір сөзге, сөйлемге жауапкершілікпен қарап, біз әбден қалыптасқанша, түзеп-күзеуден жалыққан жоқ. Мәшіңкеге бір басылған дүние ол жөндеген соң бірнеше рет қайта басылатын, кейде тек белгілі бір сөйлемдер мен сөздер ғана қайта бөлек теріліп, әлгінің үстіне жапсырылатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта шеніндегі «Ана тілі» журналисі үшін қалам мен қағаз ғана емес, желім мен қайшының да күнделікті қажетті құралға айналғанына компьютермен ғана «сөйлесетін» бүгінгі күні сену де қиын шығар. Сөйтіп, артық сөзден, қасаң сөйлемдерден «арылып», жіптіктей болған материалға ғана қол қойып, бас редактор Бейсенбайұлы Жарылқап ағаға жіберетін. Бұл «қосымша жұмыстың» салдарынан газет номері кешігіп жатыр ма, Мәкең оған тіпті де елең етпейтін. «Барлық материал бетке тап-тұйнақтай боп, таза түсуі керек» деген ұстанымнан ол ешқашан тайған емес-ті. Ал басқа-басқа, тілшінің өз ойын пікірін сұрау, оның пікірімен (егер көкейге қонымды болса) санасу – Марат Қабанбай үшін еш ұмытылмайтын қағида болатын. Өзі келбетті болғанымен, көзқарасы сұсты сезілетіндіктен бе, бір қараған кісіге оның өте қатал адам болып көрінетіні рас-ты. Ал оны жақынырақ білген кісі Марат ағадай аса мейірімді де мәдениетті жанның өте сирек екеніне көз жеткізер еді. Бірге қызмет бірнеше жылдың ішінде бізге бірде-бір рет (!) дауыс көтеріп ұрыспауы (ал, ұрсатындай жағдайдың онша аз бола қоймағанын жасырып қайтейік), оны-мұны өкпе-ренішінің бәрін де «жағдай былай ғой, жігіттер...» деп сыпайылап отырып қана жетеңе жеткізіп, дымыңды құртатыны, соңында «қатты айтып отырған жоқпын ба сендерге?» деп шын ниетімен өзі қысылып отыратыны – сөзімнің дәлелі. Мұндай әңгімеден соң, ештеңе ұқпас әңгүдік біреу болмаса, кім-кімнің де дереу ширап, «қой, ендігәрі ағайдың алдында ұятқа қалмайық» деп бекініп шығары, белсеніп жұмыс істері анық-ты. Солай болды да... «Журналистика – менің көңілдесім ғана, ақырында бәрібір әдебиет-әйеліме қайтып ораламын» (өз сөзі) деген көзқараста болса да, Марат Қабанбай қазақ журналистикасына қыруар еңбек сіңіріп кетті. Оны қазір біреу бағалап, біреу бағаламауы мүмкін, бірақ болашақта қазақ баспасөзін зерттейтіндер ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы ұлттық журналистиканы саралағанда, қадам басқан сайын Марат Қабанбайға жүгініп отырары хақ. Қазір ұлттық баспасөзде «Марат мектебі» жеткілікті дәрежеде мойындалып, қалыптаспағанымен, өздерін Марат Қабанбайдың шәкірттері санайтын журналистер тобы бар. Қазақтың бүгінгі талай танымал қаламгерлері «Шерханның шекпенінен шыққанбыз», «Сейдахмет баулыған буынбыз» деп мақтана алса, біз де «Марат мектебінің түлектері» деп айта аламыз. және соны мақтаныш тұтамыз...