Иманғазы Нұрахметұлы: ТЫҢДА МЕНІ ЖҮРЕКПЕН!

фото   АҚПАН КЕТІП БАРА ЖАТЫР БІЗ ЖАҚТАН   Жел айдаған  тұман қашып,  ықпалы, Ыдырады аспанымның бұлттары. Көңілімнің көкжиегі сызылып, Менің күнім келе жатыр шыққалы. Сейілтетін  дүниенің түнегін, Күнге қарап талпынады жүрегім.   Лақылдатып нұрын төксе күн шығып, Ұясына тығылады түн суық. Маңдайының терін сүртіп оянар, Таңдайына  шуақ тамған тіршілік. Қуаттанып   тамырына қан жүріп, Жасай берер  нәзік өмір мәңгілік.   Тамырдағы ыстық қанды мұздатқан, Жүректерді, сүйектерді  сыздатқан, Кірпігіне бурыл сүңгі мұз қатқан,  Ақпан кетіп бара жатыр біз жақтан. Ақпан кетіп бара жатыр, ал енді, Көктем келер, шуақ сүйіп денемді.    МЕН АҚЫНМЫН   Кім екенін білгің келсе  атымның, Мен ақынмын, Бояуы оңған мынау жүдеу тірлікті, Өлеңіммен безендіріп жатырмын.   Кім екенін білгің келсе  атымның, Мен ақынмын. Түгендейтінін тарихтың еншісін, Жоқшысымын  20  ғасырдың.   Шындық сөзі  келмейтұғын жасырғым, Мен ақынмын, Жақыслығын жария етер   әлемге Ақтаушысы  21  ғасырдың.   Кім екенін білгің келсе  атымның, Мен ақынмын, Тіршіліктің қара түнін қақ  жарып, Бір жарқ еткен жасынмын.   КӨКЖИЕККЕ КЕТІП БАРАМ МЕН ӨРЛЕП   Қара тастың  жараланған жүрегін, Қолыма алып  қайғырамын, күлемін, Жарық күннің  сәулесіне ғашық боп, Мамық түннің  бауырында  түнедім.   Ағаштар тұр  мұрттарына мұз қатқан, Желдің  әні жүректерін  сыздатқан. Дала жатыр  аппақ мамық жамылып, Ақ көрпедей қыз жапқан.   Төрт төңірек  мүлгіп  тұрған   тыныштық, Тыныштықтың өзі бақыт, ырыс-құт. Ақ мамық қар - ақ көрпесі  арудың, Бірі суық,  бірі ыстық.   Аспан анау, биік, биік, биік тым! Бауырында тұр ақ тамағын сүйіп түн. Мен отырмын  көк аспанға телміріп, Құшағында қуаныш пен күйіктің.   Мен аспанға, аспан маған  тұр қарап, Жел қашады  шыққан демімді ұрлап ап. Жұлдыз ағып  шыңырауға құлайды, Көк аспанның күмбезінен сырғанап.   Аққан  жұлдыз  менен шалғай алыс тым, Тіл қатады  түкпірінен ғарыштың. Сол дауысқа араласып жетеді, Жердің  мұңы – таныс  мұң.   Аққан жұлдыз келе жатыр төмендеп, Не көрсем де, нар тәуекел, көнем деп, Сол жұлдызбен орын ауыстырғалы, Көкжиекке  кетіп барам мен өрлеп.     САБЫР ЖӘНЕ ТӨЗІМ   Қарқылынан қарғаның, Тарғыл- тарғыл  шырылынан торғайдың, Естілуші ед қандай  әуен, қандай мұң. Адасты  ма арманым, Баяны жоқ, бояуы жоқ әуенге "Бойым балқып", өзімді-өзім алдаймын.   Бақай қулық, пендешілік  есепке, Жаным құмар, тым-ақ жүйрік болдым  мен. Шүңкілдесіп әр бір жерде  әр кіммен, Өзі ұшынған өсекке Ақ жол тілеп,теріс оқып дем салып, Қанша мәрте енші бердім  ернімнен.   Жағасында теңіздің Жұрттың бәрі  желік биін билеген, Құла құмға із қалдырған ирелең. Сорабымен сол іздің, Өзімді де, өзгені де  жазғырып Билеп  қайтып келе жатам үйге мен.   Жаным  шөлдеп  қаталап, Көз алдымда  быт-шыт болған  төзімдер, Жараланған, шала-жансар  сезімдер. Нәпсі арбаған махаббат, О, Тәңірім, жаныма, Сабыр сыйла, төзім бер.   ТҮСІНІКСІЗ ӘУЕН   Мынау әлем  кешкілік, Ала-құйын дүрлігіс, Тұрады ылғай естіліп, Азынаған  бір дыбыс.   Өксігі ме  бұлттардың, Қара сан ғып жел қуған, Ентігі ме боранның, Соға-соға болдырған.   Өз үнім бе болмаса, Бағыт таппай қаңғырған, Жалғыздықтың  зары ма, Тасқа тиіп жаңғырған.   Ойға  батып отырам, Құлақ түріп  сол үнге, Арбап тұрған өлім бе, Алдап тұрған өмір ме?!   КӨЛЕҢКЕЛЕР ӘЛЕМІ   Мөп-мөлдір боп тамған тамшы аспаннан, Жұлдыздардың сорғалаған сезімі, Түнгі боран ойда  жоқта басталған, Табиғаттың өз үні. Бірі тәтті, бірі зарлы екеуі, Бір-біріне  бауыр басып кетеді.   Шайтан жүрсе  қолтықтасып пендемен, Көз қалмады оны көрер көлденең, Әзәзілдің  әуеніне би билеп, Сусын қылып көздің жасын көлдеген, Кеуіп қалған кенезесін жібітіп, Пенде жүрер  бірі ұтылып, бірі ұтып.   Төңіректе көлеңкелер жүр қаптап, Бірі жылап, бірі күліп ыржақтап. Қол аяғы ебедейсіз еребеңдеп, Әлдекімнің   әрекетін тұр жаттап. Бір шегініп, бір тебітіп ілгері Қалбаңдайды,  қорқынышты сүлдері.   Әрі сұсты,  әрі өңді, Көлеңкелер билеп алған әлемді, Қаптап  жүрген елестерден – үрейден Мықты болсаң құтқарып көр, ал енді. Бұл әлемге қорған болар ерлікті, Күтеді жұрт азаматтан ең мықты.   БІЗДЕГІ АРМАН   Біздегі арман, Лапылдаған ақ жалын, Түзде жанған, Біздегі арман, Тапсам деген бақыт қой, Іздеп алдан.   Біздегі арман, Ескі шекпен, Баяғы бабалардан бізге қалған. Біздегі арман, Сынық найза Иесінен айырылып  түзде қалған.   Біздегі арман, Жұмыртқасы бүркіттің Мұзға оранған. Біздегі арман, Жалқы қыран шығандап Құзға қонған.   Біздегі арман, Сыбырлаған ақ жауын Күзде  жауған. Біздегі арман, Лапылдаған ақ жалын, Түзде жанған.    ҚАЙ ҒАСЫРДА ЖАСАП ЖҮРМІН МЕН ОСЫ   Қай ғасырда жасап жүрмін мен осы, Біле алмадым, Есі ауысқан демеші, Тірі жан жоқ, айналамда қаптаған, Адамдарың  елесі.   Елестердің  арасында жүремін, Бірін аға, бауырым деп біреуін, Біреулерін жек көремін, қарғаймын, Біреулерін сүйемін.   Шыныменен тірімін бе мен осы, Біле алмадым, Есі ауысқан демеші, Төңірегім қаптап  жүрген тірі өлік, Жүрегі жоқ адамдардың денесі.   Соларменен жағаласып  жүремін, Біреуін  дос, дұшпан санап біреуін, Қараймын да беттеріне, себепсіз, Жылаймын, күлемін.   Қай ғасырда жасап жүрмін мен осы, Біле алмадым, Есі ауысқан демеші, Ғұмыр кешкен  уақыттың сыртында, Емеспін пе әлдененің елесі.   Есімім кім білетұғын жан бар ма, Кім таниды мені мына  жалғанда, Айтыңдаршы, ей, өліктер, елестер, Осы менде сезім бар ма, жан бар ма?   БҰЛДЫР ӨЛЕҢ   Танымай жүрмін сені бұлдыр өлең, Сені іздесем, ақ сағым - нұрды көрем. Шөлдеген махаббатқа жас шағымда, Қыз болып   жолығып ең  үлбіреген. Арбап ең назыңмен де,  күлкіңмен де, Дайын ем арбалуға, шіркін,  мен де.   Өрт болып мұз үстінде жанғаныңда, Айналды менің  жаным ақ жалынға, Екеуміз бір дене боп өртеніп ек, Махаббат пейісінің дәл жанында. Сен кеттің түтін болып биікке ұшып, Мен қалдым күл боп мұзды сүйіп-құшып.   Бассаң сен   ақ тұман боп айналаны, Түк көрмей екі көзім байланады. Қалтылдап ақ айдында қарауытар, Жүрегім түнек басқан  қайғы аралы. Адасып сол аралда  тентіредім, Халімді өзің келіп көрші менің.   Айналып  күннің нұры  ақ жауынға, Үзіліп таңдайыма  тамғанында. Тамсанып үнсіз ғана жұта бердім, Көктемнің алакеуім  таңдарында. Сол тамшы өзің едің  келіп тамған, Жібітер кенеземді кеуіп қалған.   Көзіме  көрінесің гүлге айналып, Көбінде өкінемін білмей қалып.  Сезінсем сен екенін  ақ гүлдердің, Қалады   көз қарығып,  тіл байланып. Сиқырлап алдың мені бұлдыр өлең, Арусың, аппақ гүлсің үлбіреген.   АДАСҚАН ТАРИХ   Табанын тас тіліп тотығып, Күн қарып қабарып маңдайы, Шөліркеп  дәрмені құрыған, Кеберсіп таңдайы. Жүр менің адасқан тарихым, Жан бар ма  танитын.   Қараңғы түнекке қамалып, Бір сәуле  көре алмай жылт еткен, Өсектің оғына сабалып, Жанына  мезгілсіз мұң шөккен, Жүр менің адасқан тарихы, Жан бар ма  танитын.   Көктемнің  шуақты күнінде, Тап болып қағынды құйынға, Ерікккен  әкімнің  тілінде, Есалаң  ғалымның миында, Жүр менің адасқан тарихым, Жан бар ма  танитын.   ҚАРА ӨЛЕҢ (Қара өлеңнің ұйқасы: «А а б а»)   Қара өлеңім, менің ата-бабамның, Жүрегінің лүпіліндей ырғағың, Орсақ тісі секілденіп адамның, Неге сенің  ұйқаспайды бір жолың?!. Сол ұйқасты  қайтсем іздеп табам деп, Сандалмаған адам жоқ.   Сенің алғашқы екі жолың білемін, Қайсар рухың замандармен арбасқан, Соңғы жолың бәлкім үміт- тілегің, Келер күнге жалғасқан. Тарих пенен болашақты жалғаған, Шіркін, сендей киелі зат болмаған.   Айналайын, менің қара өлеңім, Қарапайым төрт-ақ жолдан құралған. Пенде шіркін қайдан білсін себебін, Төрт жолыңды жаратқанда бір Аллам, Неге бәрін ұйқастыра салмаған, Менде соған таңданам.   Бір ұйқасты   іздеп тауып алар деп, Сынағысы келді ме екен пендесін, Солай жорығаннан  басқа амал жоқ. Жұрттың еркі, сенсін, мейлі сенбесін. Біздікі де болжам ғана далбаса, Оны қайдан білді дейсің болмаса.   Қара өлеңім, өмірімнің тынысы, Жаратылған арманнан, Ұйқаспайтын сол жолыңның бір ұшы, Менің жүрек тамырыма жалғанған, Сабыр, сабыр, бөлінбейміз екеуіміз, Мәңгілікке кетсек бірге кетеміз.   ТҮН ЭЛЕГИЯСЫ   Таң ұрлаған ұйқымды, Түн келеді қайта алып, Жанарында  бір түрлі , Қара жалын шайқалып.   Ерінінен сол түннің, Қара сәуле тұр тамып. Уысымды толтырдым, Қара аспаннан нұр сауып.   Не демейді әрине, Өсек қылып басқа жұрт. Мен жатырмын тар үйде, Өлеңімді жастанып.   Арманымды   көрер ем, Қараңғылық қамаған, Қара тамақ төбеден, Қарауытқан даладан.   Түн сәулесін құнығып, Еме берем  беріліп, Бір сезімім тынығып, Бір сезімім  желігіп.