Иманғазы Нұрахметұлы: ТЫҢДА МЕНІ ЖҮРЕКПЕН!

17
2654

 

АҚПАН КЕТІП БАРА ЖАТЫР БІЗ ЖАҚТАН

 

Жел айдаған  тұман қашып,  ықпалы,

Ыдырады аспанымның бұлттары.

Көңілімнің көкжиегі сызылып,

Менің күнім келе жатыр шыққалы.

Сейілтетін  дүниенің түнегін,

Күнге қарап талпынады жүрегім.

 

Лақылдатып нұрын төксе күн шығып,

Ұясына тығылады түн суық.

Маңдайының терін сүртіп оянар,

Таңдайына  шуақ тамған тіршілік.

Қуаттанып   тамырына қан жүріп,

Жасай берер  нәзік өмір мәңгілік.

 

Тамырдағы ыстық қанды мұздатқан,

Жүректерді, сүйектерді  сыздатқан,

Кірпігіне бурыл сүңгі мұз қатқан,

 Ақпан кетіп бара жатыр біз жақтан.

Ақпан кетіп бара жатыр, ал енді,

Көктем келер, шуақ сүйіп денемді.

 

 МЕН АҚЫНМЫН

 

Кім екенін білгің келсе  атымның,

Мен ақынмын,

Бояуы оңған мынау жүдеу тірлікті,

Өлеңіммен безендіріп жатырмын.

 

Кім екенін білгің келсе  атымның,

Мен ақынмын.

Түгендейтінін тарихтың еншісін,

Жоқшысымын  20  ғасырдың.

 

Шындық сөзі  келмейтұғын жасырғым,

Мен ақынмын,

Жақыслығын жария етер   әлемге

Ақтаушысы  21  ғасырдың.

 

Кім екенін білгің келсе  атымның,

Мен ақынмын,

Тіршіліктің қара түнін қақ  жарып,

Бір жарқ еткен жасынмын.

 

КӨКЖИЕККЕ КЕТІП БАРАМ МЕН ӨРЛЕП

 

Қара тастың  жараланған жүрегін,

Қолыма алып  қайғырамын, күлемін,

Жарық күннің  сәулесіне ғашық боп,

Мамық түннің  бауырында  түнедім.

 

Ағаштар тұр  мұрттарына мұз қатқан,

Желдің  әні жүректерін  сыздатқан.

Дала жатыр  аппақ мамық жамылып,

Ақ көрпедей қыз жапқан.

 

Төрт төңірек  мүлгіп  тұрған   тыныштық,

Тыныштықтың өзі бақыт, ырыс-құт.

Ақ мамық қар – ақ көрпесі  арудың,

Бірі суық,  бірі ыстық.

 

Аспан анау, биік, биік, биік тым!

Бауырында тұр ақ тамағын сүйіп түн.

Мен отырмын  көк аспанға телміріп,

Құшағында қуаныш пен күйіктің.

 

Мен аспанға, аспан маған  тұр қарап,

Жел қашады  шыққан демімді ұрлап ап.

Жұлдыз ағып  шыңырауға құлайды,

Көк аспанның күмбезінен сырғанап.

 

Аққан  жұлдыз  менен шалғай алыс тым,

Тіл қатады  түкпірінен ғарыштың.

Сол дауысқа араласып жетеді,

Жердің  мұңы – таныс  мұң.

 

Аққан жұлдыз келе жатыр төмендеп,

Не көрсем де, нар тәуекел, көнем деп,

Сол жұлдызбен орын ауыстырғалы,

Көкжиекке  кетіп барам мен өрлеп.

 

 

САБЫР ЖӘНЕ ТӨЗІМ

 

Қарқылынан қарғаның,

Тарғыл- тарғыл  шырылынан торғайдың,

Естілуші ед қандай  әуен, қандай мұң.

Адасты  ма арманым,

Баяны жоқ, бояуы жоқ әуенге

«Бойым балқып», өзімді-өзім алдаймын.

 

Бақай қулық, пендешілік  есепке,

Жаным құмар, тым-ақ жүйрік болдым  мен.

Шүңкілдесіп әр бір жерде  әр кіммен,

Өзі ұшынған өсекке

Ақ жол тілеп,теріс оқып дем салып,

Қанша мәрте енші бердім  ернімнен.

 

Жағасында теңіздің

Жұрттың бәрі  желік биін билеген,

Құла құмға із қалдырған ирелең.

Сорабымен сол іздің,

Өзімді де, өзгені де  жазғырып

Билеп  қайтып келе жатам үйге мен.

 

Жаным  шөлдеп  қаталап,

Көз алдымда  быт-шыт болған  төзімдер,

Жараланған, шала-жансар  сезімдер.

Нәпсі арбаған махаббат,

О, Тәңірім, жаныма,

Сабыр сыйла, төзім бер.

 

ТҮСІНІКСІЗ ӘУЕН

 

Мынау әлем  кешкілік,

Ала-құйын дүрлігіс,

Тұрады ылғай естіліп,

Азынаған  бір дыбыс.

 

Өксігі ме  бұлттардың,

Қара сан ғып жел қуған,

Ентігі ме боранның,

Соға-соға болдырған.

 

Өз үнім бе болмаса,

Бағыт таппай қаңғырған,

Жалғыздықтың  зары ма,

Тасқа тиіп жаңғырған.

 

Ойға  батып отырам,

Құлақ түріп  сол үнге,

Арбап тұрған өлім бе,

Алдап тұрған өмір ме?!

 

КӨЛЕҢКЕЛЕР ӘЛЕМІ

 

Мөп-мөлдір боп тамған тамшы аспаннан,

Жұлдыздардың сорғалаған сезімі,

Түнгі боран ойда  жоқта басталған,

Табиғаттың өз үні.

Бірі тәтті, бірі зарлы екеуі,

Бір-біріне  бауыр басып кетеді.

 

Шайтан жүрсе  қолтықтасып пендемен,

Көз қалмады оны көрер көлденең,

Әзәзілдің  әуеніне би билеп,

Сусын қылып көздің жасын көлдеген,

Кеуіп қалған кенезесін жібітіп,

Пенде жүрер  бірі ұтылып, бірі ұтып.

 

Төңіректе көлеңкелер жүр қаптап,

Бірі жылап, бірі күліп ыржақтап.

Қол аяғы ебедейсіз еребеңдеп,

Әлдекімнің   әрекетін тұр жаттап.

Бір шегініп, бір тебітіп ілгері

Қалбаңдайды,  қорқынышты сүлдері.

 

Әрі сұсты,  әрі өңді,

Көлеңкелер билеп алған әлемді,

Қаптап  жүрген елестерден – үрейден

Мықты болсаң құтқарып көр, ал енді.

Бұл әлемге қорған болар ерлікті,

Күтеді жұрт азаматтан ең мықты.

 

БІЗДЕГІ АРМАН

 

Біздегі арман,

Лапылдаған ақ жалын,

Түзде жанған,

Біздегі арман,

Тапсам деген бақыт қой,

Іздеп алдан.

 

Біздегі арман,

Ескі шекпен,

Баяғы бабалардан бізге қалған.

Біздегі арман,

Сынық найза

Иесінен айырылып  түзде қалған.

 

Біздегі арман,

Жұмыртқасы бүркіттің

Мұзға оранған.

Біздегі арман,

Жалқы қыран шығандап

Құзға қонған.

 

Біздегі арман,

Сыбырлаған ақ жауын

Күзде  жауған.

Біздегі арман,

Лапылдаған ақ жалын,

Түзде жанған.

 

 ҚАЙ ҒАСЫРДА ЖАСАП ЖҮРМІН МЕН ОСЫ

 

Қай ғасырда жасап жүрмін мен осы,

Біле алмадым,

Есі ауысқан демеші,

Тірі жан жоқ, айналамда қаптаған,

Адамдарың  елесі.

 

Елестердің  арасында жүремін,

Бірін аға, бауырым деп біреуін,

Біреулерін жек көремін, қарғаймын,

Біреулерін сүйемін.

 

Шыныменен тірімін бе мен осы,

Біле алмадым,

Есі ауысқан демеші,

Төңірегім қаптап  жүрген тірі өлік,

Жүрегі жоқ адамдардың денесі.

 

Соларменен жағаласып  жүремін,

Біреуін  дос, дұшпан санап біреуін,

Қараймын да беттеріне, себепсіз,

Жылаймын, күлемін.

 

Қай ғасырда жасап жүрмін мен осы,

Біле алмадым,

Есі ауысқан демеші,

Ғұмыр кешкен  уақыттың сыртында,

Емеспін пе әлдененің елесі.

 

Есімім кім білетұғын жан бар ма,

Кім таниды мені мына  жалғанда,

Айтыңдаршы, ей, өліктер, елестер,

Осы менде сезім бар ма, жан бар ма?

 

БҰЛДЫР ӨЛЕҢ

 

Танымай жүрмін сені бұлдыр өлең,

Сені іздесем, ақ сағым – нұрды көрем.

Шөлдеген махаббатқа жас шағымда,

Қыз болып   жолығып ең  үлбіреген.

Арбап ең назыңмен де,  күлкіңмен де,

Дайын ем арбалуға, шіркін,  мен де.

 

Өрт болып мұз үстінде жанғаныңда,

Айналды менің  жаным ақ жалынға,

Екеуміз бір дене боп өртеніп ек,

Махаббат пейісінің дәл жанында.

Сен кеттің түтін болып биікке ұшып,

Мен қалдым күл боп мұзды сүйіп-құшып.

 

Бассаң сен   ақ тұман боп айналаны,

Түк көрмей екі көзім байланады.

Қалтылдап ақ айдында қарауытар,

Жүрегім түнек басқан  қайғы аралы.

Адасып сол аралда  тентіредім,

Халімді өзің келіп көрші менің.

 

Айналып  күннің нұры  ақ жауынға,

Үзіліп таңдайыма  тамғанында.

Тамсанып үнсіз ғана жұта бердім,

Көктемнің алакеуім  таңдарында.

Сол тамшы өзің едің  келіп тамған,

Жібітер кенеземді кеуіп қалған.

 

Көзіме  көрінесің гүлге айналып,

Көбінде өкінемін білмей қалып.

 Сезінсем сен екенін  ақ гүлдердің,

Қалады   көз қарығып,  тіл байланып.

Сиқырлап алдың мені бұлдыр өлең,

Арусың, аппақ гүлсің үлбіреген.

 

АДАСҚАН ТАРИХ

 

Табанын тас тіліп тотығып,

Күн қарып қабарып маңдайы,

Шөліркеп  дәрмені құрыған,

Кеберсіп таңдайы.

Жүр менің адасқан тарихым,

Жан бар ма  танитын.

 

Қараңғы түнекке қамалып,

Бір сәуле  көре алмай жылт еткен,

Өсектің оғына сабалып,

Жанына  мезгілсіз мұң шөккен,

Жүр менің адасқан тарихы,

Жан бар ма  танитын.

 

Көктемнің  шуақты күнінде,

Тап болып қағынды құйынға,

Ерікккен  әкімнің  тілінде,

Есалаң  ғалымның миында,

Жүр менің адасқан тарихым,

Жан бар ма  танитын.

 

ҚАРА ӨЛЕҢ

(Қара өлеңнің ұйқасы: «А а б а»)

 

Қара өлеңім, менің ата-бабамның,

Жүрегінің лүпіліндей ырғағың,

Орсақ тісі секілденіп адамның,

Неге сенің  ұйқаспайды бір жолың?!.

Сол ұйқасты  қайтсем іздеп табам деп,

Сандалмаған адам жоқ.

 

Сенің алғашқы екі жолың білемін,

Қайсар рухың замандармен арбасқан,

Соңғы жолың бәлкім үміт- тілегің,

Келер күнге жалғасқан.

Тарих пенен болашақты жалғаған,

Шіркін, сендей киелі зат болмаған.

 

Айналайын, менің қара өлеңім,

Қарапайым төрт-ақ жолдан құралған.

Пенде шіркін қайдан білсін себебін,

Төрт жолыңды жаратқанда бір Аллам,

Неге бәрін ұйқастыра салмаған,

Менде соған таңданам.

 

Бір ұйқасты   іздеп тауып алар деп,

Сынағысы келді ме екен пендесін,

Солай жорығаннан  басқа амал жоқ.

Жұрттың еркі, сенсін, мейлі сенбесін.

Біздікі де болжам ғана далбаса,

Оны қайдан білді дейсің болмаса.

 

Қара өлеңім, өмірімнің тынысы,

Жаратылған арманнан,

Ұйқаспайтын сол жолыңның бір ұшы,

Менің жүрек тамырыма жалғанған,

Сабыр, сабыр, бөлінбейміз екеуіміз,

Мәңгілікке кетсек бірге кетеміз.

 

ТҮН ЭЛЕГИЯСЫ

 

Таң ұрлаған ұйқымды,

Түн келеді қайта алып,

Жанарында  бір түрлі ,

Қара жалын шайқалып.

 

Ерінінен сол түннің,

Қара сәуле тұр тамып.

Уысымды толтырдым,

Қара аспаннан нұр сауып.

 

Не демейді әрине,

Өсек қылып басқа жұрт.

Мен жатырмын тар үйде,

Өлеңімді жастанып.

 

Арманымды   көрер ем,

Қараңғылық қамаған,

Қара тамақ төбеден,

Қарауытқан даладан.

 

Түн сәулесін құнығып,

Еме берем  беріліп,

Бір сезімім тынығып,

Бір сезімім  желігіп.

17 ПІКІРЛЕР

  1. Имамғазы , білуімше, тағдыры ақын адам. Өлеңінде табиғи өрнегі бар, өйткені ақын қазақтың тілін терең сезінумен бірге, сөзді сезінетіндей ұлттың тарихы мен дәстүрін тәуір біледі. Қазір жазармандар арасында тілді білу мен сезінуді бірдей ұғынатындар пайда болды. И. олардың қатарынан емес. Оны әр жанрға салып өлеңіне біржолата жібермей жүрген тұрмысы ғой. Бәлкім, ақынға ол да керек шығар. Әйтеуір, ақын жаны үнемі сергек болуы керек болар, Әйтпесе, ақын болып бастап өлеңшіге айналған замандас баршылық қой. Ғылымға, прозаға іс салды. Өзіме Имамғазының ақындығы жоғары көрінеді. Тілекшімін.

  2. Иманғазы аға, өлеңдеріңіздің мазмұны терең, философиялық астарлы тұжырымы бар, керемет екен!!!
    Бір сусындап қалдық. Көп рахмет сізге!

  3. ақындық алып тәңірден,
    өмірдің жазған өлеңін.
    сағасына жеткізіп,
    толтырған жырдың кемерін.
    бүгіннің Қадыр, Жұбаны
    Иманғазы аға дер едім.

  4. Өлеңдеріңіз өте тамаша! Өлеңдеріңіздің өрті өзекке тұнып қалады екен… өте сырлы,астарлы,бірнеше рет қайталап оқысам да, иіріміне иіріп әкете береді. Аға, қаламыңыз ешқашан мұқаламсын!

  5. Иманғазы Нұрахметұлын өлең әлемінде қолтаңбасы бар ерекше ақын деп бағалаймын. Әсіресе адам бойындағы мінез қасиеттерін табиғат тылсымдарымен ұштастыра отырып жырлаудың шебері. Тілі шұрайлы, ойы орамды, көркем образға бай жыр тудыра алатын талантты ақын. Қаламыңыз мұқалмасын, Имеке!

  6. Ағайдың өлеңдері қысқа, алайда терең мағыналы екен. Ұлттық құндылықтар көтерілген өлеңдерді оқу барысында ойландырып тастады.Өлеңді қабылдау да аса қиын емес

  7. Иманғазы ағаның өлеңдерін жақсы көремін.Ағаның өлеңдері осындай сайттарға көп жарияланып тұрса екен.Әр сөз орнында шебер құрылысшының берік қалаған кірпішіндей көркем де,берік құрылымды.

  8. Бір диуана кісі «әкем марқұм өлгелі қарнымның тойғаны осы екен»деп айтқан екен.Біз мойындасақ та,мойындамасақ та Мұқағали Мақатев қатарлы абыз ақындарымыз өмірден озған соң қазақтың өлең сүйгіш «диуаналары» оқта текте болмаса тұшынып жыр оқи алмай қалған еді.Кейбір евро стильде жазатын ақындар ойға кенен болғанымен,шыны керек тілге кедей соғып жатады.Иманғазы Нұрахметұлының мына бір жыр шоғыры өткеннің көзін тірілтіп, болашақтың шырағын жаққандай екен мен осы өлеңдерді оқи отырып қазақи өлең құрылысымен көркем де терең ойлы бейнелеуге болатынына толық көзім жетті.Мұнда ойды көркем айту шеберлігімен бірге қазақтың бай және өзіне ғана тән сөздік қорын қою ұлттық стильмен алысқа көсілте,еркін ойната қолданған.Мұндай өлеңді қазақтың қай бұрышындағы оқырман болса да әрі түсініп,әрі тұшынып оқитыны даусыз.Шіркін жас буын ақындар әлемдік деңгейдегі терең ойын осындай қазақы шеберлікпен жеткізе алса ғой! Мен оқырман ретінде Иманғазы бауырыма ірі тілеулестік білдіремін,әрі зор рахмет айтамын!

  9. Иманғазы ағай, өлеңдеріңіз өте жақсы. Өмірден алынған және тәрбиелік мәні өте зор. Қаламаңыз ұшқыр болғай!!!

  10. Иманғазы қызыл тілінен қыран ұшырған ақиық ақын ғана емес, қара сөздің қиюын қиыстыратын ойлы,талғамды «тұлыбы кең» тұлға. Оның айғағы «Менің күнім келе жатыр шыққалы» деген өлең жолдары «айтарым алда» дегендікті білдірсе,арғы дүниені де тебірентетін «Аруақтарды оятар, Дайын менің сөздерім» деп тереңнен сыр шертетіндігі.Теңіздің дәмін тамшыдан аңғартатын осындай шөгіп жатқан алтынды қалмалы қазаққа жарқыратын көрсетіп жатқан Қазыбекке Құдай қуат берсін, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қаламдарыңызды қаңтармай, алаштың туын жықпай, рухын көтере беріңіздер!

  11. Өлеңдер ырғағы, ұйқасы, құрылымы және тақырыптық жағынан да стандарттан тыс, ерекше екен. Атына заты сай демекші өлеңдер тақырыбы толық ашылып, көркем түрде нақты жеткізілген.

  12. Имекең желғабыз, сартаңдай ұлы ақын. Өлеңнің қу жағын ашып, сарнатып, тереңге батырып, образбен сомдап, жұтындырып жіберген. Ішкі пікір тартысы арқылы қарапайым ойдан үлкен мазмұнды сурет салады. Қоғаммен, табиғатпен, адамның жан дүниесімен шебер жымдасып жатқан бір мұғжиза!
    Біздегі арман,
    Сынық найза!Иесіненен айралып түзде қалған.

    немесе: Біздегі арман.Жұмыртқасы бүркіттің,мүзға оранған.Біздегі арман,Жалқы қыран шығандап,Құзға қонған.
    т.т. осылай кете береді.Әрине, түсінетін жан болса.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз