Сакен Сыбанбай. ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ немесе ЖЕҢІЛ БУЫҢЫЗБЕН!

жеңіл буыңызбен

Көрерменді  сиқырлап тастайтындай не құдірет бар осы фильмде?

Бізде мынадай дәстүр бар: жыл сайын 31 желтоқсан күні бәріміз достарымызбен бірге... жо-жоқ, моншаға бармаймыз, телеэкранға телміреміз де, Эльдар Рязановтың лирикалық комедиясын тамашалаймыз. Бұл дәстүрдің ТМД халықтары үшін шампан немесе шырша тәрізді Жаңа жыл мерекесінің тұрақты атрибуттарының біріне айналғанына да 39 жылдың жүзі болыпты. Фильмді біз бұған дейін де қырық рет көрдік, неден кейін не болатынын және немен бітетінін жақсы білеміз, кейіпкерлердің сөздерін әбден жаттап та алдық, әндерді де ыңылдап жарыса айтып отырамыз. Бірақ жыл сайын теледидардан көрсетілгенде, тағы да тамашалаудан жалықпаймыз. Неге? Көрерменді өзіне арбап, сиқырлап тастайтындай не құдірет бар осы фильмде? Біріншіден, біз «Тағдыр тәлкегінен»... өзімізді көреміз. Өзімізге, досымызға, танысымызға, айналамыздағы адамдарға ұқсас кейіпкерлерге кезігеміз. Олар – бойларында ерекшелігі де, кемшілігі де бар біз секілді қарапайым жандар, мінездері, тіршіліктері, тіпті мереке қарсаңындағы қарбаластары да біздікінен аумайды. Жалғыз өзі бір батальонды қырып салатын жалған қаһарман немесе, біздің кейінгі фильмдеріміздегідей, бір-бірімен сағаттап сөйлеспей жүріп алатын түсініксіз, нанымсыз кейіпкерлер мұнда жоқ. Екіншіден, ересектерге де ертегі керек. Ертегі болғанда, адам нанғысыз қиял-ғажайып емес, ақиқатпен ара-жігі жымдасып кеткен, шындыққа бергісіз шынайы жаңажылдық ертегі. Өйткені, кім де болсын, Жаңа жылдан бір жақсылық, қуаныш, бірсыдырғы өмірін өзгертіп жіберер тосын жаңалық күтеді. Фильм сол күткен нәрсемізге деген ынтызарлықты үдете түседі, алға үмітпен көз тастауға шақырады, өмір сүруге деген құштарлықты арттырады. Үшіншіден, режиссер кеңес қоғамының жұртты әбден жалықтырған теңгермешілдік саясатын әжуалайды. Картинаның ең басындағы 5 минуттық мультипликациялық пролог есіңізде ме? Бір-бірінен аумайтын көпқабатты қорап-үйлер секунд сайын көбейіп бара жатады. Мұндай кіріспеден және А.Ширвиндт оқитын автор түсіндірмесінен кейін басты кейіпкердің жоқ жерден жаңылысып, басқа қаладағы «өз пәтерін» оп-оңай тауып, оған кіріп алғанына аса таңқала қоймайсыз. Бұл жерде режиссер комедиялық оқиға арқылы кеңес қоғамының инкубаторлық сипатын көрсетіп отыр: үйлер де бірдей, кілттер де, жиһаздар да, көшелер де, адамдар да, тіпті олардың ойлары да бірдей... болуы керек. Ешкімнің ешкімнен бөлектенуіне, асып кетуіне, өзгеше ойлауына рұқсат жоқ. Төртіншіден, картинада кез келген ортада бар «романтиктер» мен «прагматиктер» тартысы да көрініс табады. Бұл әсіресе Надяның екі жігітті бірдей үйден қуып шығатын тұста анық аңғарылады. Далада бүрсеңдеп тұрған екеудің диалогы – фильмдегі ең түйінді тұстардың бірі. «Сен сияқтыларда ешқандай тұрақты ұғым, қасиетті нәрсе жоқ! – деп кесіп айтады прагматик Ипполит. – Сендер суық ақылға емес, буырқанған сезімге сүйенесіңдер! Сен тәрізділерден қай кезде не күтеріңді де білмейсің, өйткені, келесі сәтте не істейтіндерің өздеріңе де беймәлім». «Ал сіздер қай кезде де өз дегендеріңіздің болатынына сеніп, жаман үйренгенсіздер, – дейді романтик Женя Лукашин. – Әйтеуір қашанда шындық сіздер жақта боп шығады. Сіздер үнемі бір сызықтың бойымен жоспар бойынша жүресіздер, одан сәл де болсын ауытқудан, бір ғана шеңбермен тұйықталған біркелкі өмірді бұзудан қорқасыздар». Фильм соңында мас Ипполит: «Біз қалай сүреңсіз өмір сүрудеміз?! Баяғы жас күніміздегідей тосын ақымақтықтар жасауды мүлде қойдық, сүйіктілеріміздің терезесіне өрмелеп шығып, гүл сыйлаудан да қалдық», – деген әңгімелер айтып, өзінің жеңілгенін мойындағандай болады. Бесіншіден, «Тағдыр тәлкегінде» әу баста жанжалмен басталған таныстықтың небәрі бір түннің ішінде ғаламат ғашықтыққа ұласатыны өте нанымды суреттеледі. Әр оқиға, әр көрініс, әр диалог сайын олар (Женя мен Надя) бір-бірін біле түседі, пікір ортақтығы да өзара жақын танысуға сеп болады. Ер адам ғашық болғанда және әйелдің де өзіне кетәрі емес екенін білгенде, оған бейне қанат біткендей қайраттанып кетеді, өзін тауды да қопара алатындай сезінеді. Бөтен үйге кіріп кеткенін түсінгенде қатты ыңғайсызданып, Надяның алдында кібіртіктеп, қайта-қайта кешіріп сұрап, міңгірлеуге ғана шамасы келген Женяның фильмнің екінші жартысында өзін сол үйдің қожасындай сезініп, қоқиланып шыға келуі содан. Рязановтың кейіпкерлердің бірде-бір сөзінің қысқаруына қарсы болуы да сол себепті: егер бір-екі фраза алынып тасталса-ақ, көрерменнің экрандағы оқиғалардың шынайылығына деген сенімі сетіней бастар еді. Алтыншыдан, фильмдегі кейіпкерлердің қарым-қатынасы психологиялық тұрғыдан өте дәл және шебер берілген. Тосын таныстықтан кейінгі қыздың мерекелік көңіл-күйінің күл-талқанын шығарған бейтаныс «маскүнемге» деген ызасы мен о байғұстың ыңғайсызданып, не қайта алмай, не қала алмай, қарадай әлекке түсуі – арада қым-қуыт оқиғалар өте келе басқаша сипат алады. Бірі сүйген қызымен, екіншісі ертең қосылғалы отырған «бес минутсыз күйеуімен» ренжіскен басты кейіпкерлердің сол мұңдарының ұқсастығы, әрі өмірдегі ең жүрек толқытар сәттердің бірі – 31-інен 1-іне қараған түнгі 12-де оңаша қалуы оларды әңгімелесуге итермелейді. Сырласу барысында Надяның Ипполитті соншалықты сүймейтіні, тек жылдар өтіп бара жатқан соң әйтеуір отбасын құру қажет санайтыны аңғарылып қалады. Бұл болжамын ашық айтқан Женяға қыз «ал сіз – қатал адам екенсіз» дегенде, жігіттің «иә, мен хирургпын, адамдардың әрі қарай жақсы өмір сүріп кетуі үшін біздің кейде олардың жанын ауыртуға мәжбүр болатынымыз рас» деп қайтарған жауабы – егер авторлар шебер болса, комедиялық фильмде де философиялық ойларға орын табылатынын дәлелдейді. Жетіншіден, «Тағдыр тәлкегі» – адам жүрегіне жағар бальзам тәрізді фильм. Бүгін болмаса да, ертең міндетті түрде сіздің өміріңізде әлдебір ғажайып оқиғаның болуынан үміттендіреді, алдағы күннен күдер үзбеуге үндейді. Біздің жыл сайын экранға телміре беретініміз де содан: күнделікті өмірдің сұрқай көріністерінен, ешқашан бітпейтін күйбең тіршіліктен, айналадағы адамдардың қатыгездігінен шаршағанда,мына фильм бұ дүниеде әлі де мейірімнің, махаббаттың, бақыттың бар екеніне және құлшына білсең, көп ұзамай оған өзіңнің де қол жеткізе алатыныңа сендіреді.
Фейсбук парақшасы