Қаны сұйылған Қазақ айтысына жүйе керек

Соңғы жылдары Айтыстың басынан дау арылмай жүр. Әрине, халықтың ең сүйікті әрі тарихи өнері қай кезде де құрметке лайық. Саяси жағынан алғанда халықтың мұң-мқұтажын жырлап, қоғамда дүмпу қозғай алады немесе биліктің де сойылын соғуға дайын. Әне, сол үшін де бұл өнер көкпарға айналып жүргенін көріп жүрміз. Айтыстың қалай өткенін  “кімнің ықпалында өткен айтыс” екеніне байланысты біле алатын болдық.

Қазір айтыс ақындары да мақсат-мүдделеріне, дүние танымындағы көзқарастарына орай жіктеле бастаған. Біреу билік жағаласа, біреу әлде бір топтың сойылын соғып нәпақасын тауып жүр. Дегенмен өз деңгейінде салауатын сақтап жүргендер де баршылық. Пенделік не істетпейді дейсіз!? Оның үстіне тұрақты жұмысы мен дайын пәтері болмаған соң сары бала, қара қазанның қамы үшін ақшасы мол радикалды танымдағы топтардың сойылын соғып жүргендер де жоқ емес немесе бәз біреулерден сыйлығының қарымжысын қайтаруды мақсат тұтқандары да бар.  Бұл жағын кей топтар мықтап пайдаланып, түрлі сый мен сиапат арқылы өздеріне тартып әлек.

 1355909167_aytys

Жалпы Айтыс – саяси партиялардың күресі емес, сөз сайысы. Ендеше сол айтылған өлең сөзінің мәні мен сұлулығы, оралымдығы мен құнарлылығы, ғажайып көркемдігі мен тапқырлығы, сөздік қоры мен тәбиғилығы таласқа түссе құба құп болар еді. Әзірше оның ауылы алыс. Себебі: төмендегідей кедергілер Айтыстың бағын байлап, айтыскерлердің ізденісіне кедергі келтіріп отыр.

Біріншісі, Айтысты бағалудың жүйесіздігі. Атап айтқанда, Айтысты бағалаудың нақты ережелері жоқ(критерилері) жоқ. Дайындап алған бір сөзін(загатовкасын) 5-10 жыл сықпыртып, сөзінде көркемдік құнар болмаса да, халықтың шер-мұңын айтып арзан өлеңмен ақын атанғандар жетеді.  Бұл тіптен, үкіметтің ренішін тудырып, Айтыстың біраз уақыт шектелуіне себеп болды.

Екінші, Айтысты бағалайтын қазыларды тағайындау ережелері жоқ. Атап айтқанда, әлдебір атағы бар көлденең көк атты Қазы атанып, өзі ұнатқан көзқарас пен ақынға бағасын береді. Мейлі ол айтыс пен өнерден, сыннан хабары болмаса да.

Үшінші, Айтыста ақындардың жүрегін соқтырып, тәубесін есіне түсіретін сын жоқ. Егер сын айтыла қалса әлгі бір мүдделі тобы өре түргеліп, сыншының шашын жұлуға бар. Бірін-бірі қорғаштаған топ.  Сондықтан, бағалайтын қазылардың көзқарасы мен дүниетанымына, дәрежесіне қарай дайындалу ақындардың дағдысына айналған. Сосын аудитория деп аталатын халықтың шерін шығаратын сөздер арқылы эмоцияны пайдаланып баға алуды көздейді. Тіптен, тұшымды сын мен пікір айтуға ілікпейтін болғасын бұрыннан айтып жүрген сөздерін(загатовкаларын) төгіп жіберетінін қайтерсіз.

Төртінші, Айтыскерлер одағы мен айтыскерлер факультеті жүйелі түрде жұмыс істемеуде. Негізі Астанда құрылған Айтыс факультеті айтыскерлерді дайындап қана қоймай, диплом беріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасайтын орын болуға тиісті еді. Өкініштісі, сол факультетте 4-ақ бала оқиды.  250–ден астам айтыс ақындары бар Қазақстан үшін бұл түкке тұрғысыз. Шын мәнінде, бұл құрылымдар түрлі семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы ақындардың дәрежесі мен зяткерлігін көтерулері, нағыз сөз сайысы ретінде қалыптасуына жетелеуі керек еді. Қазыларды да арнаулы семинарлар арқылы  әділ де асқақ қазылар тобын құруға, дайындауға міндетті болатын. Өкінішке орай саяси мүдде үшін немесе ақындарды пайдаланғысы келгендер үшін бұлар қазірше тиімсіз болып тұр –ау!

Міне бұлар, айтыскерлердің алға дамуына кедергі жасап, сөз өнерінің нағыз сынға түсуіне мүмкіндік бермей отыр.  Оның үстіне әртүрлі Діни көзқарастағы түсініспеушіліктері айтыстың өз деңгейде өтуіне салқынын тигізіп, жікке бөліне бастағанын көрсетеді.

Ұлы Тәңірдің берген сыйын өз деңгейінде көтеріп жүру – бізге сын. Десе де қазіргі айтыстың басы-қасында жүрген  ағаларымыздан оны әлі күтіп жүрміз. Мүмкін бұл да біздерге немесе ұрпақтарымыздың  санасына артылған  аманат шығар!

Осындайда кезінде Айтыс сахнасының саңлағы болған Ринаттың сөзі еріксіз ойға оралады. “Мен қазіргі айтыссымақ, айтысқа ұқсас шоуға қатысқым келмейді. Айтыс болады, болса сонда қатысамын… Қазіргі болып жатқан дүниелер – ол мүлде айтыс емес. Оны 100% дәлелдеп бере аламын. Қазір айтыс жоқ. Қазір айтысқа ұқсас шоу бар”.

Алтай Бұқарбаев

“Қамшы” сілтейді