Ринат Зайытов: Тойға барып, танымайтын адамды мақтап тұру оңай деп ойлайсың ба?!

Танымал айтыс ақыны Ринат Зайытов baistars.kz сайтына сұхбат беріп, қазіргі айтыс, эстрада және қоғам туралы ойымен бөлісті. Көптен бері айтысқа шықпай жүрген ол неліктен сахнадан алыстап кеткенін айтқан.

"Мен қазіргі айтыссымақ, айтысқа ұқсас шоуға қатысқым келмейді. Айтыс болады, болса сонда қатысамын… Қазіргі болып жатқан дүниелер – ол мүлде айтыс емес. Оны 100% дәлелдеп бере аламын. Қазір айтыс жоқ. Қазір айтысқа ұқсас шоу бар", - деді ақын.

Сонымен қатар, қазіргі жас ақындарға көңілі толатынын жеткізген ол ақындардың айтысты ластамай, адал болуын сұрады.

Айтыс деген — мал жинайтын немесе атақ жинайтын жер емес. Оған әдемі шапан киіп шығайын деп емес, ой айту үшін шығу керек.

"Айтыс деген — мал жинайтын немесе атақ жинайтын жер емес. Сондықтан, жас ақындардың бойынан тек қана өнерге деген адалдық көргім келеді. Сонан кейін, айтысты қаншалықты өнер дегенмен, ол ән емес, ол би емес… Бұл тікелей қоғамға қатысты, халықтың дауысы ғой. Сол қоғамда болып жатқан бүкіл жағдайларды өлеңге салып баяндайтын орта. Оған әдемі шапан киіп шығайын деп емес, ой айту үшін шығу керек. Сол себепті, қазіргі жастардан бір ғана сұрайтыным – айтысқа адал болу керек", - дейді Ринат.

Өнердің белді өкілі ретінде ол болашаққа сақтықпен қарау керектігін жеткізді.

"Қазақта жақсы сөз бар "Сақтықта – қорлық жоқ" деген. Сақтанбаған адам түбінде біреудің қорлығына келіп түседі. Біз, әу баста Ресеймен жолдас болған кезде ешкім сақтанған жоқ. Өзінің ұлыларын, бас көтерер білімділерін атып, абақтыға қамап жатқан кезде ешкім сақтанған жоқ. Соның кесірінен біз 70 жыл бейшара болып өстік. Бізге қазір жан-жақтан өте ауыр соққылар келе жатыр. Біреуі өзіміздің іргелес Ресейден болса, енді бірі батыстан. Одан қалса, өз бауырларымыздың өзі сақал өсіріп, балақ кесіп уахабит болып жүр", - деп ақын өз ойын ортаға салған.

Тойға барып, мүлде танымайтын адамды мақтап тұру оңай деп ойлайсың ба?

Ол соңғы кезде өзін толғандырып жүрген мәселелердің көптігін айтып, елдің болашағына алаңдайтынын жасырмады.

"Мен ұлтымның болашағына қобалжимын. Егер ұлттық болмысымызға немқұрайлы қарай беретін болсақ, егер біздің тарихымыз талан-таражға түсетін болса… Біз қазір қолдан тұлғалар жасап алып жатырмыз. Осының бәрі неге әкеліп соғады? Таза мәңгүрттікке әкеліп соғатын нәрсе. Мені толғандыратын ең бірінші осы мәселе. Біз 1991 жылдан бері қарай өте жағымпаз, өте қорқақ, өте өтірікші, өте мәнсапқор, өте ақшақұмар бір буын тәрбиелеп алдық. Енді олардың баласы да сондай болып кетеді. Мені толғандыратыны осы – ертеңіміз", - деді Ринат Зайытов.

Сондай-ақ, шоу бизнес әлемі туралы да ақын өз ойын айтқан.

"Шоу-бизнестен ештеңе ала алған жоқпын. Керісінше, шоу-бизнес рухани жұтауға ұшыратады. Мысалы, тойға барып, мүлде танымайтын адамды мақтап тұру оңай деп ойлайсың ба? Болмаса, әнге сөз жазғанның өзінде кейбір әншілер өз талаптарымен келеді. Ол да эстраданың талабы. Сол себепті, соның ығына жығыла бастайсың", - дейді ол.

Біз қазір қолдан тұлғалар жасап алып жатырмыз. Осының бәрі неге әкеліп соғады? Таза мәңгүрттікке әкеліп соғатын нәрсе.

Ринат Зайытовтың соңғы кезде көптеген әндерге сөз жазып жүргені белгілі. Жақында "Тюрквижн -2014" байқауында бас жүлде алған Жанар Дұғалованың "Ізін көрем" әнінің сөзі тыңдармандар тарапынан сынға ұшыраған болатын.

Ақын аталған ән сөзінің 30 пайызын Жанардың өзі қосқанын айтты.

Источник: NUR.KZ