Кеңестік форматтағы жазушылар қоғамның, ұлттың санасын бұрмалады...

Айдос САРЫМ

Жазушылар қоғамның ары болса, онда аруақтардан кешірім сұрау керек еді?..

Қазақстан Жазушылар одағына 80 жыл толған екен.

Тойлау да керек шығар. Бірақ... Өкініштісі мынау: мерекелік "Қазақ әдебиеті" газетін, осы күнге орай жарияланған баяндамалар мен мақалаларды оқып шықтым. Егер жазушылар ұлттың, қоғамның ары, ұяты, намысы, жанайқайы дегендері рас болса, онда арылу, аруақтардан кешірім сұрау деген қайда? Бүгінгі ЖО-ғы кешегі 1920-1950 жж. ЖО-ның ізбасары екені хақ. Бұдан ешкім бас тартып көрген емес. Сол кездегі қазақтың қаламгерлеріне осы ұйымның жасаған қиянаты, қысастығы, қуғындауы туралы неге айтылмайды? ЖО-ның қарарлары, отырыстарының стенограммалары, бір-біріне жазған сыны, арыздары, шағымдары талай талантты жазушының, қазақ марқасқаларының тағдырын сындырып, олардың қудалуына, тіпті өліміне алып келген жоқ па? 1920-1930 жылдардағы қазақ газеттерін оқып көріңіздерші? Доностың үстіне жазылған доностар ғой! Бүгінгі зиялы қауым ортасындағы біраз дау-дамай, жікшілдік сол 1920-1930 жылдардан бастау алып келе жатқан жоқ па? Кеңестік, кеңесектік форматтағы жазушылар қоғамның, ұлттың санасын бұрмалады, тоталитарлық машинаның идеологиялық жұмысын жасады. ЖО еліміздегі тоталитарлық тенденциялардың өріс алуына қызмет етті, соларды ақтап, үгіттеп, насихаттады. Осы үшін халық алдында кешірім сұраса да артық болмас еді. Әрине, бүгінгі ЖО-ның басшылары адам атқан жоқ шығар. Бірақ, қоғамға, ұлтқа, билікке жақсы үлгі көрсетуі керек еді. Абайға тағзым ету керек, одаққа мүше болған қазақ қаламгерлерін еске алу керек. Менің ойымша, осы күндері ЖО-ның басшылығы болған жайды айтып, атылған, қудаланған ақын-жазушылар, олардың туыстары алдында басын иіп кешірім сұрауы керек еді. Арнайы құрбан шалып, шейіт болған Алаш азаматтарына бағыштап дұға қылуы керек еді. Қазақ қоғамын тоталитарлық заманның қылмыстарын әшкерелеуге шақырып, тазару, арылу, отарсыздану жұмысын өздерінен бастап кетуі тиіс еді деп санаймын. Өкінішті... Бәлкім бүгінгі жазушылардың ұлы дүниелерді жаза алмай жүргеніне осы "күнә" мен "кінә" кедергі жасап отырған болар. Ұлт, қоғам болып арылсақ, ішіміз тазарса, қаншама ұлтқа қажетті шығармашылық энергияны босатып, кәдеге жарата алар едік. Айдос САРЫМ Facebook парақшасы