ТӨКЕН ИБРАГИМОВТЫҢ БҮКІЛ ӨМІРІ - ӨНЕР!
2014 ж. 11 желтоқсан
2968
0
Заманды адамның, адамды заманның жаңғыртып, құбылтып жатқан кезінде өлең - өмірді, өмір-өлеңді еске салады. өзін таппаған қаламгер оқырманын да таппайды. Санаңа сәуле, зердеңе ақыл болып құйылатын ойлы жырлар кез келген оқырман үшін азық. өмір - дегеніңе көнбейтін тылсым тіршілік. Кілтін табу қиын сыр сандық. Ертеңің түгілі бүгінгі кештің қалай батарын білмейсің. Адам тағдыры да түрліше. Ол да айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүретін астыңдағы ат емес. Сол өмір сыр сандығынан, адам ғұмырының жаңа қырларын ашып, жыр қашау ақынның ақынына ғана бұйырады.
Әдетте кемшілікке кеңшілік жасап, көңілге қарап, оған соқтықпай айналып өтіп кету оңай да, бетпе-бет келіп қақтығысу қиын ғой.
Мен Төкен ағаны бұрыннан танып біліп жүрсем де, тағдырыммен бетпе-бет келе алмай, налып жүрген кезімде жолықтым. Сыртымнан ғана танитын Төкен аға жылы қабақ танытып қабылдағанымен бас-аяғыма сын көзбен қарап отырып жағдайыма қанық болған соң;
- Айналайын сыртыңнан өлеңдерің арқылы танып-біліп, өзіңді сұрастырып
жүруші едім. Жақсы кездестік. Өлеңдерің жақсы, әйтсе де, әйел адамға өлең жазу, поэзиямен айналысу оңай шаруа емес. Ақынға тағдырды жаратушы бет алды бере салмайды. «Қасіретті күндерден қасиетті дүние туады» дейді қазақ. Сенің өмір жолыңды білмесем де өлеңдеріңнен танып отырмын. Егер әдебиеттке келем десең, оның қиындығы мен ауыртпалығына төзуің керек. Төзе алмаймын десең әдебиеттің шетін былғамай, осы бастан кеткенің жөн – деді.
Кабинетке үмітпен қуанып кіргеніммен күйреп, сүлдерімді сүйреп шықтым. «Мүмкін менен шынында да ештеме шықпайтын шығар, босқа әуре болмайын» деген ой келді. Ұзақ ойланып, Төкен ағаның алдына қайта бардым. Селдір шашын артына бір қозғап қойып, Абай, Мұхтар, Шәкір, Төлеген, Мұқағали, Қадыр сынды алыптар жайлы ұзақ әңгімеледі. Ерекше ықыласпен тыңдай отырып, бұл адамда сарқылмайтын бір жігер бар екенін ұқтым. Шабытыма қуат беріп, шабытыма қозғау салған да сол жігер болды. Шарасы сараңдай аялы көздерінен нұр құйылып, әсерленіп сөйлейді екен. Шынында да белгілі әдебиет тарландары Мұқағалидан бастап, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Рымғали Нұрғалиев сынды ақын-жазушылардың шығармаларына сын жазып, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Айбек Сапышев, Әбубәкір Қайранов сияқты ақындарды сөз сиқырына тәрбиелеп, Тұрсынғазы Рахимов, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Бақыт Үдербаева, Серік Малаевтай өнер тарландарының қамқоршысы болып жүрген белгілі жазушы, сыншы, өнер зерттеушісімен қатар отырып, пікір таластыру біз сияқты әлі бастықпаған жастарды бұйдадан жетектеген тайлақтай желдіртіп ала жөнеледі екен. Кемшілігіңді кеңшілікпен қабылдап, ақыл-кеңес беріп отыратын осындай ағалардың ықпалымен әдебиетке келдім.
Ширек ғасырға жуық уақытын Абай мұражайының қара шаңырағында өткізіп, оған сіңірген еңбегі, жампоздығы жайында айтар әңгіме бөлек. Философиялық ой-толғамдары мен әдебиет, өнер зерттеу мақсатындағы еңбектері де мен емес, өзінің тұстастары айта алатын бөлек әңгіме.
Ал менің айтайын дегенім – өнер адамдары үшін қашанда жанын салып жүретіндігі. Тек әдебиет өлкесінде ғана емес, өнердің қай саласында да қамқоршы бола білетіндігі. Күллі өмір, оның ішінде өнер дүниесі Абай тілімен айтқанда «сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан жасты» артық көретіндігі. Өнерді сүйетіндерді сүйетіндігі. Сондықтан да соңынан ерген тұяқ – жеткіншек буынға әкелік қамқорлықпен, ағалық махаббатпен қарайды.
Халқымызда асыл сөз көп. Соның бірі «аға» деген сөз. Мен Төкен ағаны үнемі осылай атаймын. Осы бір ауыз сөзде үлкен ұлағаттылық жатқанымен «ағалыққа» лайық жандар азайып барады. Төкен ағаның бойынан болмысынан ағалыққа тән мол қасиет табылады. Оның ағалығы адамның азаматтық ағалығы, адамгершіліктің ағалығы, жазушы-сыншының ағалығы.
Әдетте ағалардың үлгісі мол, өзінше ғажап тағлымы мен тәрбиесі таусылмайтын шежіре мектеп. Біздер – Жұмабек Қамбаров, Гүлшат Еруова, Берік Омаров, Толу Сембаев сынды кейінгі толқындар сол ардақты ағалар тобынан қалыптасқан ұлағатты мектептің түлегіміз. Қиналғанда, қуанғанда қасымыздан табылар ақылшымыз, қамқоршымыз болып қолдап, қорғап, іштей еркелетіп, күбірлесе сөйлесіп жүреді.
Төкен ағаның өмір жолы, әрбір қыры, әрбір сыры өзіне ғана тән қасиетімен ерекшеленеді. Өйткені оның бүкіл өмірі – өнер. Бүкіл өнері – өмір. Кезінде осындай өмір шындығына ден қойған Абай; «Жүректе көп қазына бар - бәрі қызық» дегенді айтқан. Жаратушының өзі берген ерекше нұрдың арқасында көңіл жадыратып, ой сергітер әдемі әңгіменің, сұхбаттың бастаушысы, тамаша ұйымдастырушысы.
Әр адамның оңашада өз ойымен өзі қалар оңаша шақтары мен сәттері көп болады. Өзімен-өзі іштей тілдесіп, тіршіліктің күйбеңімен жүріп, өмірдің қалт кеткен жерлерін көңіл күйіне салып тербелетіні бар. Төкен ағаның өзі айтқандай; « Мен өлең жазғанмен тікелей өлең жолдарын тұрақты өлең жолдарын қуған жан емес едім. Өлеңнен гөрі өлең туралы сын жазғанды артық көретінмін.Жазудың жолы да солай басталған. Өлеңдегі қуаныстарды өзімдікіндей көп қуаныштаймын. Кезі келіп қалғанда өлең ырғақты жолдар келіп қалады» дейтіні бар. Мақсат – көңілді тыншытпаған сезім қозғалысын сөзге түсіріп, көкіректі босату екенін де жасырмайды.
Кәдімгі аңсарымыз ауып, айызымыз қанып, алғаш ауызға алатынымыз махаббат тақырыбы. Төкен ағаның жыр жолдарындағы нұрлы жобасы махаббат мәңгілігі. «Оймен оңаша» жинағындағы мына бір жолдар еш ақын жырларынан кем емес;
Сол жанардан ұшқын түсіп арманға,
Байыз тауып, сабыр бойды алғанда.
Иек артып, мен де үмітке селт еттім,
Жер ортасы жасқа келіп қалғанда.
Немесе;
Махаббат деген өзге емес,
Сарылып күткен сағыныш.
Баураған жанды жүректе,
Айта алмай жүрген жалыныш.
- деп күрмеуі қиын күрделі өмірдің шытырман шындықтарын шудадай ширатып, шиыршық ата жыр жолдарына көшіреді. Күнделікті үйреншікті қоңыр тіршіліктен қаншама сыр ашып, сұлулық тауып көңіліңді өзгеше күйге бөлейді. Бір басында сан ғашықтың жүрегі бар ақынның жастық махаббат жырлары, дала аруымен жолыққан сәттегі тебіренісі өлеңмен ғана суреттеуге тән сияқты. Жан сарайының жићазын жырға қосып, жарқырата жазып көңіл пернелерін дәл басқан.
Төкен аға шалқар шабытынан туған толқынды жырлары хат, өлең түрінде өріліп, «Толқын толғау», «Оймен оңаша» сияқты жинақтарға негіз болды. «Ақын неге ауырды», «Қасымға», «Фаризаға» және экспромтты жырлары сіз бен бізге жан сырын ақтарып, өз өмір жолында кездескен аяулы адамдарды, солардың ғұмыр бойы ұмытылмас асыл бейнелерін, барша ізгілік, ірілік, адамгершілік, мейірім-қайырым, имандылық сияқты қадір-қасиеттерін айшықтай түседі. Адамды пері соққан пенделіктен, ар аттаған арамдықтан, жан жаралайтын, жазықсызды қаралайтын жалтаңдықтан аулақ жүруге негіздейтін өлеңдер оңашадағы ой ермегіне айналған.
Қасым Аманжолов айтпақшы - ақынның өлеңі - өмірбаяны. Өзі жүріп өткен кезеңнің келбетін жадында жақсы сақтап, ойында толғап, көп шығармаларына арқау етеді.
Қай халықтың да өмірі өнерімен ұзаратынын ұқтыруға ұмтылған тілектен туған өлеңдер мен сөз иірімдері Төкен аға шығармашылығында көп. Ой - арманы халық тағдырымен тамырласып, біте қайнасып кеткен кезде ғана өнердің өміршеңдігі артып, ұлттың рухани байлығына айналары ақиқат.
Ақынның шығармашылығы оның бел баласы.
Ендеше ол автордың бүкіл болмысын жалғанның жалпағына жаятын делдал. Ұлы Абай. «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» дегенді осыған орай айтқан. Шығармашылығы арқылы ақынның жұмбақ жан дүниесін, мінез - құлқын, ой - арманын бірден біле қоясыз. Шығармадан оның шын бейнесі айнадағыдай айқын көрінеді. Ақын атаулының жан сыры да, шыны да шығармаларының негізгі арқауына айналады.
Айта берсем, шыға беретін сияқты. Бір жолғы әңгімеде бәрән тауысып айту мүмкін де емес, әрі барлығы бірдей табан астында ойға орала да бермейді. Жасырып жабар бүкпесі жоқ өнерге деген талабы бар адамға кеудесін кең ашып, құшақ жайып қарсы алар ардақты аға әрбір өнерсүйер қауымның көңіл түкпірінен өз бағасын алары ақиқат.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
АҚын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Қазақстан-Ресей университеті «Абайтану» орталығының директоры