Айтыста айтылған ұлағат. «ТАСМАҒАМБЕТОВ БОЛҒАНДА, ТАБАНЫМ ТАЙМАС ЕДІ...»
2014 ж. 10 желтоқсан
15598
12
Бауыржан Байбек: “МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЙТЫСЫ ДА МӘҢГІЛІК БОЛАДЫ”
«Алтын домбыра» иегері – айтыскер Балғынбек Имашев
Астана қаласындағы Конгресс-холл сарайында «Алтын домбыра» айтыскер ақындардың финалдық фестивалі аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізген «Мәңгілік ел – мұратым» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті.
Тәуелсіздік күніне арналған «Мәңгілік ел-мұратым» айтысы жоғары деңгейде өтті. Екі күнде де ел «Конгресс-холға толып отырды. Айтыстың ақберендері де барын салды бұл бәйгеге... Шабытына шабыт қосып шаппағанда қайтеді, ата-бабамыз аңсап кеткен Тәуелсіздік мерекесі болса, қарсы алдында жеңімпазға берілетін ауыспалы «Алтын домбыра» көздің жауын алып жарқырап тұрса... Бұл айтысқа мұндай жоғары лауазым иесінің тұңғыш рет қатысуы болуы керек, Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың келуі де ақындарға шабыт қосып, олар өз ойлары мен ұсыныстарын айтып қалды. Ең мықты айтыстардың бірі батыстық Жансая мен қызылордалық Ержанның айтысы еді. Сол екеуін қазылар екінші айналым–финалға жібермегені өкінішті болды. Асанәлі Әшімов жансаяны «Атылып тұрған вулкан» деп дұрыс бағалады. Сырым мен Мейірхан да жақсы айтысты. Финалда Бекарыс пен Жандарбектің, Балғынбек пен Еркебұланның, Айнұр мен Әсеттің, Сара мен Мақсаттың айтыстары мықты болып, көрерменді риза етті. Осы айтыскерлердің әрбір шумағы тапқырлық пе көркемдік аясынан табылып жатты.
Биылғы бас жүлде, «Алтын домбыра» иегері – айтулы ақын Балғынбек Имашев болды. Бірінші орынды былтырғы жылдың жеңімпазы Жандарбек Бұлғақов, екінші орынды Еркебұлан Қайназар, ал, үшінші орынды Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алды. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бір тармағы – ұлттық құндылықтарға баса мән беру, мәңгілік ел болу жолында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы міндеттің аясында, қазақ айтыс өнерінің дамуына атсалысу күн тәртібіндегі мәселе екені анық. Бұл айтыс та дарынды жас ақындардың ақындық пен орындаушылық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына және тәуелсіздік идеясын, елдегі халықтар достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты жырлауға, сондай-ақ, сол арқылы жас ұрпақты адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды. Айтыс жеңімпаздарын марапаттау сәтінде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыны кеңінен айта келе, партияның Саяси доктринасында ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытудың стратегиялық басымдық ретінде белгіленгенін атады. «Елбасы алдымызға көптеген міндеттер қойып отыр. Сондықтан да мәңгілік елдің айтысы да мәңгілік болады. Партия осы бағытта жұмыс жасай береді», – деді ол. Шараға белгілі түркітанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата ғылыми зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші Бекболат Тілеухан, Саяси-қоғамдық «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылыр одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Парасат» орденінің иегері Асанәлі Әшімов және айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек қазылық етті. Екі күнге созылған айтысты халықаралық «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Қ. Сейхуни
Айтыста айтылған ұлағат
«ТАСМАҒАМБЕТОВ БОЛҒАНДА, ТАБАНЫМ ТАЙМАС ЕДІ...»
Айтыс барысында ақындар тарапынан ұтымды ұсыныстар, ұйымдастылушылар, қазылар ішінен елдің көңіліне қонатын келелі кеңес, мәнді мәмілелер мен әсерлі әңгімелер де айтылды. Жүргізуші, ел айтыстың жекеменшік жүргізуші-ұйымдастырушысы ретінде санайтын белгілі ақын Жүрсін Ерманның тізгінді қайта қолға алуы да ел кһңілінен шығып жатты. Оны сезген Жүкең де, қолында тұрған билікті босқа жібермей, қазыларды таныстырғанда, әйгілі жыршы Бекболат Тілеуханға келгенде: «Бұл Бекболат өзі менің айтысымды тартып ала жаздады. «Нұр Отанның" шекпені екеумізге де жетеді, айтыста қатар жамылып жүре берейік»- деп, көрермендерді бір күлдірді. Екі қошқардың басы айтыстың бір қазанында қайнап, мәмілеге келгеніне ел де разы болды. Жүрсін Ерман сонымен бірге әдеттегідей әккілігіне салып, «Айтыстың еш жері қырқылмайды, бәрі эфирге кетеді»-деп, «Нұр отан» партиясы төрағасы кеңесшісі Арман Қырықбаев уәде беріп отыр, солай ғой, Арман?» - деп, ел алдында Арекеңе мақұлдатып, «бекітіп» алды. Айтысты зерттеумен келе жатқан, таяуда ғана айтыс туралы 7 том шығарған ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те ұлағатты әңгіме айтты. «1993 жылы республикалық айтыс өтіп жатқанда Орталық Комитет хатшысы, руханиятымыздың сардары Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз, мен онда ОК идеология бөлімінің меңгерушісімін, республика сарайына баратын болдық. Тура жақындағанда, Өзекеңнің шұғыл жұмысы шығып қалып, маған: «әй, сен өзің бара берші» деп, қайтып кетті. Айтысқа келсем Қонысбек Әбілов Әселханмен айтысып жатыр екен, мені көре салып, зарын айта жөнелді. Әайтысқа ешкім қарамайды, жетім баланың күйін кешудеміз, айыс ақындарына атақ та берілмейді» -деп шырылдады. Содан шыдай алмай, айтыс өтіп жатқанда шығып кетіп, дереу Жоғары Кеңес Президиумына келіп, тқрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, хатшысы бір түйедеей орыс қатын еді, соған келіп: «дереу 3 ақынға Қазақ ССр халық ақыны» атағынберуіміз керек, жарлық дайындаңыз»-дедім. Анау шошып кетіп, «ол үшін төменнен ұсыныс, мекемелер қаулысы болуы керек» -деп ойбайлап қоя берді. «онда жүр өзің қазір айтысқа, соны айтасың ақындарға, олар мені жеп қоя жаздады» -дедім, оны бір ақындарға талатып алайын деген ойым ғой. Ол шошып кетіп, «бұл атақ жайлы жарлыққа төраға келісе ме, ол кісі біле ме?» деп еді, мен «Нұрекеңе өзім айтып, келістіремін» дедім. Содан айтыстың соңына дейін жарлық шығарып алып келіп үш ақынға «Қонысбай Әбіловке, Әселхан Қалыбековаға және Әсия Беркеноваға «Қазақ ССР халық ақыны» атағы беріледі» деп, Республика сарайынан жариялағанымда ел қуанғаны сонша, орнынан тұрып кетіп, қол шапалақтады. Сол кезде осы үшеуінің аты дүрілдеп тұрған еді. Бұл қазаққа ешуақытта жақпайсың ғой, бәрі разы болып жатқанда, бір-екі ақсақалдар «бәрі де дұрыс қой, бірақ үшеуін де орта жүздің ақындарына беріпсіз»-демесі бар ма? Сасып қалдым, лардың жүзін кім ойлапты ол кезде, ашуланып: «МЕН ЖҮЗГЕ БЕРГЕНІМ ЖОҚ АТАҚТЫ, ҚАЗАҚҚА БЕРДІМ» деп, шығып кеттім»-деді Мырзекең сол кезді бір еске алып. Ел разы болып, қол шапалақтады. Мырзекең тағы да толғады. «Елді, мына қазақты ешқашан алдай алмайсың. Ел біледі, кімнің не істеп, Ұлтқа қандай қайрат көрсетіп жүргенін. Жаңа ақындардың барлығы неге Иманғалиды аузынан тастамай айтуда. «Имекең болғанда «Конгресс-холға» тез жетер едім, жол таза болар еді, табаным таймайтын еді, Тасмағамбетовке сенген Елбасы оны ең қиын жерге жібереді, ол барған жер мықты болады - Қорғаныс министрлігі күшейетін болды»-деп жырлап жатыр. Ел разы болуда. Қырымбекті де айтып жатыр қызылордалықтар. Міне, кеше Шығыстан келе салып, Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев келіп отыр айтысқа арнайы. Мынау ел міне, қуанып жатыр. Біздің кейбір министрлеріміздің өзі айтыс десе, қашады. Рахмет, Сізге, Беке! Елбасымыз ел руханиятына баса назар аудару керек деп айтыпкеле жатқаны белгілі. Мына халық қазынасы айтысты қанатының астына алып, «Нұр Отан» партиясы жақсы шаруа жасап жатыр. Бауыржан Байбек қарағым, ризамыз, жолың ашыла берсін!» деп, Бауыржан Байбекке ақ батасын беріп, оның айтысқа келіп, қатысып отырған әке-шешесіне, Қыдырғали ақсақалға ел атынан арнайы алғыс айтты. Айтыстың қазылар алқасының төрағасы болған Мырзекең шаруақор дихандай алдағы жылын да, бүгіннен қамдап, «Келесі жылы Ассамблеяның 20 жылдық мерекесі, енді осындай үлкен айтысты сендер өткізсеңдер дұрыс болар еді» -деп, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы орынбасары Ералы Тоғжановтың мойнына жүк арқалатып жіберді... Айтыста барлық маңызды мәселелер түгел қамтылды. Ең көп айтылған мәселе – мемлекеттік тіл мәселесінің ширек ғаксырдан бері шешілмеуі, тұрғын үйдің жетіспеушілігі, несие мен банкттердің тонаушылығы, Тәуелсіздік мерекесінен бұрын шыршалардың қаптап кетіп, ең басты мерекеміздің шыршалардың тасасында қалуы, т.б. сөз болды. Дәл осы тіл, ұлттық мүдделер айтылғанда ел қатты қолдап, дуылдап, дүбірге бөлеп отырды. Бұдан шығатын қорытынды – осы ұлттық мүдделер шешілмей, бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін, қайта асқына беретінін айқындайды. Иә, Мырзекең айтқандай, елді алдай алмайсың... Елге қызмет еткенді, ел де құрметтейді. Елдің сөзі, көзі, үні - қаламгерлер де, айтыста ақындар да, Айнұр Тұрсынбаевадан бастап, барлығы дерлік Иманғали Тасмағамбетовтың іскерлігін, руханиятқа қамқор, ұлтшылдығын жырға қосты. Айтыста айтылған ұтымды ұсыныс – ақын Айнұр Тұрсынбаеваның айтыста айтқан, кейін жүлде алып тұрып, тікелей вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа жырмен «ақындық сауал» жасаған ұсынысы – «Конресс-хол» сарайының атын қазақша «Айтыс сарайы» деп атау болды. Бұл ұсынысты ел ду қол шапалақтапғ қызу қолдады. Жалпы, «Мәңгілік ел – мұратым» айтыс ы өте жоғары деңгейде өтіп, ел разы болып қайтты. Тәуелсіз Елімізге Алла дәйім Мәңгілік болуды жазғай! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz