Депутат қазақ жазушыларының әлемдік деңгейде бағаланбағанына қынжылды
2014 ж. 10 желтоқсан
3223
0
Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл төменгі палатаның жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, қазақ әдебиеті – бай әдебиет. Тек әлемге еркін танылмай отыр. Шығармалары халықаралық беделді тілдерге аударылған қазақ қаламгерлері саусақпен санарлық. Оның өзінде, сол туындылардың аудармасы тамаша деп ешкім айта алмайды. Өйткені, бізде ағылшын, испан, француз, неміс, қытай секілді өтімді тілдерде көркем аударма жасайтын кәсіби аудармашылар болған емес және қазір де жоқ екенін атап өтті.
Сонымен қатар халықты даярлауға ынталы болып отырған мемлекеттік құрылымдарды да таба алмай отырғанын жеткізді. Осы мәселеде Еуразия Ұлттық университеті немесе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі филология факультеттерінен көркем аударма бөлімін ашу туралы Үкіметке жолдаған ұсыныстардың әлі күнге орындалмай келе жатқаны дәлел екенін айтты.
"Осы қиын шаруа ма? Поэзия мен прозаға табиғи қабілетті, сөз өнеріне бейім жиырма шақты жастарды іріктеу, оларға шет тілдеріне көркем аударма жасаудың қыр-сырын үйрету қолдан келмейді дегенге кім сенеді? Бар кінәрат әдебиетке, ұлттық рухани құндылықтарына, халықтың абырой-беделіне жанашырлықпен қарай білмеуде. Мұнай мен темір кімде жоқ, талайларда бар. Ал, Пушкин мен Абай, Бальзак пен Әуезов, Шекспир мен Махамбет бірен-саран ұлттың ғана еншісінде", - дейді депутат Алдан Смайыл.
Осылай деген депутат жуырда ғана Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Бердібек Сапарбаевтан мәселені шешуді сұрады.
"Бұл мәселені түрлі сылтаумен соза беруге болмайды. Сізден, құрметті Бердібек Мәшбекұлы, осы талабымызды, яғни Еуразия Ұлттық университетінің Филология факультетінен көркем аударма бөлімін ашу жөніндегі ұсынысымызды қолдауды сұрай отырып, Қазақстан Республикасының шетелдегі елшіліктерінің жанынан "Қазақ әдебиеті" кітапханасын ашуға ықпал етуіңізді өтінеміз", - деді депутат.
Сөзін қорытындылаған Алдан Смайыл қазақ әдебиетінің тұнған тарихына, шетел назарын осылай аударуға болатынын жеткізді.