82 жыл дәурендеген Қоянды «экспосының» тарихтағы маңызы

Қоянды жәрмеңкесінің қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін өткен тарихымызды парақтап отырып көзіміз жетеді. Алайда, Арқа өңіріндегі осы бір сауда-саттық, мәдени-рухани, тіпті саяси да маңызды орын болған, ғасырға жуық тарихы бар атақты Қоянды жәрмеңкесін бүгінгі ұрпақ біле бермейді.

20141101120549Жетісудағы сан ғасырлық тарихы бар Жібек жолының маңызы қандай болса, Арқадағы атақты Қоянды жәрмеңкесінің де ел тарихынан алатын орны ерекше. Ол кезінде Қарқаралы дуанын дамытуға әсер етіп қана қойған жоқ, бүкіл қазақ даласына сауда капиталының қанат жаюына ықпал жасады. Өндірісі жоқ үлкен өлкенің қажетін шығарды. Қазақтың кең даласында қоныстанған халықтың басын қосуға, өнерін ұштауға жол ашты. Соған орай еліміздің атақты адамдарының ішінде оған ат ізін салмағаны кемде-кем.

Қоянды жәрмеңкесінің алғашқы жылдары тек сауда-саттық басты орын алса, жылдар өте келе саяси-мәдени мәселелер де биік орынға көтеріле бастаған. Мұнда қыр елдері билерінің съезі өтіп, түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелер сөз болып, өз шешімін тауып отырған. Қоянды жәрмеңкесі көптеген ақындардың, палуандардың, халық циркі әртістерінің т.б өнерлерін тамашалайтын орынға айналды. Сондай-ақ жәрмеңке төрінде ойын-сауыққа да кең орын берілген. Айтыс, күрес, өнер сайысы жиі көрсетіліп отыратын болған.

Сол уақытта қазақ жұрты осы жәрмеңке арқылы саудалық элитасын қалыптастыруға жол тапса, сонымен қоса алыс жақын шетелдермен саудалық және мәдени қарым-қатынаста болды. Өздері дүниені тануға бет алды. Әсіресе, Қарқаралы жерінде 82 жыл дүрілдеген Қояндының халықаралық жәрмеңке мәртебесі болды. Оған Үндістан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Жапония қатарлы елдерден саудагерлер ғана келіп қоймай, цирк өнерпаздары өнер көрсетіп тұрды.

«Қоянды жәрмеңкесі» бастапқыда негізін қалаушы орыс көпестерінің құрметіне орай Ботов жәрмеңкесі деп аталып келеді. Кейін жәрмеңке жылдан жылға күшейе түседі. 1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді. 1872 жылы Қояндыда сауда орындарын көптеп салу қолға алынды. 1876 жылы он алты балаған, 120 киіз үй болған. 1883 жылы бұлардың саны тиісінше 110-ға және 250-ке, ал 1890 жылы 247-ге және 1000-ға жеткен. 1889 жылы телеграф тартылып, 1894 жылы банк бөлімшесі ашылды. 1900 жылы 30 дүкен, 276 балаған, 707 киіз үй болады. Сауда нүктелері 55 шаршы шақырым жерді алып жатқан. Осындай тарихи деректерге негізделе отырып, «Қоянды жәрмеңкесін» бүгінгінің тілімен «Қоянды экспосы» деуге болады. Олай дейтініміз аталған жәрмеңке өз заманында қазіргі халықаралық ЭКСПО-ның рөлін атқарды. Атақты сауда орнына келген қонақтар саудаға түскен төрт түлік малмен қоса, жәрмеңкеден мал өнімдерінен жасалған қазақтың әртүрлі қолөнерімен танысты. Сондай-ақ сол жерге жиналған ел іші-сыртынан келген әр ұлт өкілдері қазақтың мәдениет майталмандарының өнеріне куә болған. Қоянды жоғарыда айтқанымыздай, банк, телеграф сияқты өз уақытындағы ең озық құрылғылармен жабдықталып отырған. Қысқасы, төрт құбыласы тең сауда, саяси, мәдени және медициналық орталықтар қызмет атқарған көрме орталығы еді ол.

 20141101120552Арқа жеріндегі атақты жәрмеңкенің саяси-қоғамдық, мәдени орталық болды деуіміздің өзіндік себебі бар. 1928 жылы жәрмеңкеде «Халық үйі» жұмыс істеп, мұнда қазақша спектакльдер қойылған. Оқу залының есебінде 3300 адам болған. Саяси өмірдегі оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер жоғары билік органдарына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орын да болып табылды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» жазылды. Қоянды жәрмеңкесінің тарихы туралы нақтырақ айтар болсақ, 1848 жылы 15 мамырда Ялуторск көпесі Варнава Ботов өндіріс тауарларымен Қызылжарға мал айдап апара жатқан саудагерлердің алдынан шығып, сауда жасау мақсатында Тоқпақ тауларының баурайындағы үлкен жазыққа келіп қоныстанады. Ол өз тауарларын қымбат бағамен айырбастап, мал мен одан алынатын өнімдерді, қолөнер бұйымдарын Қызылжарға, тіптен Ресейдің еуропалық бөліктеріндегі қалаларына жеткізіп, пайда табады. Мұндай оңай олжаға басқа да орыс көпестері назары ауады. Осы себептерге байланысты 1849 жылы мамыр айында Қояндыда (Қарқаралы қаласынан 50 шақырымдай жер) орыс саудагерлері мен қазақтардың съезі ашылады.

Бірте-бірте дами отырып, бұл сауда орны жәрмеңке дәрежесіне дейін көтерілді. Жәрмеңкенің дәл осы жерде ашылуына оның негізінен Қытайдан Қызылжарға баратын көпестердің жолы болғандығы әсер етеді. Жәрмеңкенің алғашқы саудасы киіз үйлерде жасалса, 1871 жылдан бастап арнайы орындар салына бастады. Жәрмеңкедегі негізгі сауда-саттық түрі жылқы, ірі қара, қой, ешкі сияқты малдарды сату болған. Сонымен қатар мал өнімдері және шай, сары май, жеміс түрлері, азиялық маталардың түрлері болды. Қоянды жәрмеңкесі өзінің алғашқы кезінен бастап Қытай, Моңғолия сияқты көрші елдермен байланыста болды. 1855-1862 жылдары қазақтардың мал санының азайып кетуіне қарамастан 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып түскен. 1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штаб-капитаны Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тануға бұйрық шығарды. Қазақ жерінде осыдан 1,5 ғасыр бұрын Қарқаралыда алғаш өткізіліп, Қазақстан, Моңғолия, Үндістан, Сібір, Орал, Орталық Азия мен Батыс Қытай халқының алыс-беріс орталығына айналған атақты Қоянды жәрмеңкесі 1930 жылы заман талабына сай ғасырға жуық уақыт атқарған міндетін тоқтатады.

Арқа төсінде 82 жылдық дүрілдеген тарихы бар атақты «Қоянды жәрмеңкесінің» үш ерекшелігін бөліп айрықша атауға болады. Біріншісі — сауда тұрғысынан маңызы. Жәрмеңкенің саудасы қазақи киіз үйлерде сауда жасаудан басталып, қазақтың алғашқы сауда элитасын қалыптастырған. 1871 жылдан бастап сауда балағандары салына бастайды. Қояндыда төрт түлік мал (негізінен қой) саудасы басым болған. Жергілікті мал мен мал өнімдеріне Батыс Қытай, Моңғолия, Үндістан, Батыс Сібір, Орталық Ресей саудагерлері өз жерінен қолданыстағы сауда бұйымдарын айырбасқа салған. Бұл Қоянды жәрмеңкесінің халықаралық маңызының зор болғанын білдіреді. Жәрмеңкеде павлодарлық көпес Деровтың үлкен жеке дүкені ашылды. Қояндыда мұсылмандардың намаз оқитын ғибадатханасы да орналасты. Қазақтар жәрмеңкеге қымызды да көптеп жеткізіп тұрды. Қоянды жәрмеңкесіне ат тұяғы жеткен жерден байлар келіп, малын саудалап, базардан керекті нәрселерін алып, өздері сияқты бай-манаптармен кездесіп сұхбаттас болып отырған. Сол жәрмеңке арқылы бір-бірімен саудалық қатынаста болған. Тіпті, сол жәрмеңкеге келген байлар саудаласып қана қоймай, байлықтарын салыстырып, елге өздерін көрсетуге тырысқан деседі.

Екінші бағыт: халықаралық байланыстағы орны ерекше болды. Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасауда, халықтың өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды орын алды. Оларды қалың қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды. Арқа өңірінің небір саңлақтары жиылып, өнер сайысын ұйымдастырып, жәрмеңкенің көрігін қыздыра түскен.

Үшінші маңызды бір ерекшелігі — жәрмеңке халқымызды рухани байытты. Қоянды жәрмеңкесі ұлтымыздың өнер саңлақтары түлеп ұшқан өнер мектебіне айналды. Мысалы, қазақ халқының атақты әншісі, сырнайшы Майра Уәлиқызының танымал болуына осы жәрмеңке себепкер. Қалибек Қуанышбаев көп күнге созылған жәрмеңкенің талай кештерінде дауысын бірде бала, бірде кемпір, бірде шал қылып құбылтып атын бүкіл қазаққа әйгілі етеді. Осының өзі қазақ театрының осы жерден бастау алғандығын көрсететін дәлелдердің бірі. Әсіресе, Қоянды жәрмеңкесі кейін қазақ өнерінің шоқжұлдыздары атанған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Әбдінің Омары, Иса, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сияқты ұлтымыздың біртуар ұлдарын халыққа танытты. «Қоянды жәрмеңкесі» арқылы қазақтың саяси-қоғамдық санасы бірікті. Ол жерге жыл сайын жиналатын қазақтың атқамінерлері елдің жайын ақылдасып отыруға, бір-бірімен барыс-келіс жасап тұруға мүмкіндік алды. Британия ханзадасы Альберттің ұсынысы бойынша 1851 жылы Гайдпаркте бастау алған Эксподан үш жыл бұрын Орталық Азияда пайда болған атақты Қоянды «Экспосы» 82 жыл дәурендеп тұрып неге тарих сахнасынан біржола кетті?

Қоянды жәрмеңкеснің жабылуына көп адам Бірінші дүниежүзілік соғысты және сол уақыттағы саясатты, қоғамдағы аумалы-төкпелі жағдайды көлденең тартады. Бірақ басты себеп ол емес еді. Басында сауда-саттық жасайтын орын болып басталып, кейіннен мәдени-рухани, саяси-қоғамдық орталыққа айналған Қоянды жәрмеңкесінің жабылуының өзіндік себебі бар. XIX-XX ғасырлар аралығындағы тұрақты сауданың тарих сахнасына шығуы тек Қояндының ғана емес, әр өңірдегі үлкенді-кішілі жәрмеңкелердің жабылуына алып келді. XІX-XX ғасырлар шебінде жәрмеңкелердің маңызы төмендей бастады. Оның мынадай себептері болды. Біріншіден, қазақтар барлық жерде бірдей жаппай отырықшылыққа көше бастады. Екіншіден, уездік және облыстық орталықтар аймағында тұрақты сауда кеңінен етек алды. Сауданың бұл түрі қалаларда барынша дамыды. Қалалар фабрика-зауыттар шығаратын өнімдердің тұрақты қоймаларына айналды. Қаладан қажетті бұйымдарын қазақтар мен қоныс аударушы шаруалар емін-еркін сатып алатын еді. Қалаларда тұрақты жүргізілетін сауданың күшейе түсуі ел аралап жасалатын сауда мен жәрмеңкелердегі сауданың жағдайын әлдеқайда әлсіретіп жіберді. Қазақ өлкесінде тауарлық-ақшалай қатынастар дами түсті. Сөйтіп, осы себептерге байланысты уақытында бүкіл қазақ баласына даңқы жеткен, Сарыарқаның «Жібек жолы» атанған атақты Қоянды жәрмеңкесі тарих сахнасынан түсті. Бірақ біз тарих бетін парақтай келе Қоянды жәрмеңкесі Қазақстан тарихында, керек болса дүние тарихындағы сауда экономикалық, рухани қарым-қатынаста өзіндік орны бар жәрмеңке екеніне көзіміз жетті.

Бейсен Сұлтанұлы

http://qiyan.kz/?p=3013