Тәуелсіздік күніне арналған республикалық ақындар айтысы өткізілді

2
8085

      

Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен

Тәуелсіздік күніне арналған «Мәңгілік Ел – Мұратым» атты республикалық ақындар айтысы өткізілді                      

         Бүгін, 5 желтоқсанда, Астана қаласындағы Конгресс-хол сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» айтыскер ақындардың финалдық фестивалі аясында «Мәңгілік Ел – Мұратым» атты республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі болып өтті.

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бір тармағы – ұлттық құндылықтарға баса мән беру, мәңгілік ел болу жолында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы міндеттің аясында, қазақ айтыс өнерінің дамуына атсалысу күн тәртібіндегі мәселе екені анық. Бұл айтыс та дарынды жас ақындардың ақындық пен орындаушылық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына және тәуелсіздік идеясын, елдегі халықтар достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты жырлауға, сондай-ақ, сол арқылы жас ұрпақты адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды.

 Партияның қолдау білдіруімен өткен жылдан бері «Нұр Отанның»                15 жылдық мерейтойына арналған оннан астам халықаралық және республикалық деңгейдегі ақындар айтысының ұйымдастырылғаны белгілі. Бұған биылдың өзінде Талдықорғанда  «Бір ел – бір халық – бір тағдыр», Ақтауда  «Береке басы – бірлікте», Таразда «Отбасым тірегім, отаным жүрегім», Қарағандыда «Ерлерім еңбек еткен жер», Шымкентте «Шырайлы, шежірелі құтты мекен», Өскеменде «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық айтыстардың ұйымдастырылуы дәлел.

Айтысты халықаралық «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.

Шараға белгілі түркітанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата ғылыми зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші Бекболат Тілеухан, Саяси-қоғамдық «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылыр одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  «Парасат» орденінің иегері Асанәлі Әшімов және айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек қазылық етті. Ақындардың өнерін қазылар он балдық жүйе бойынша бағалады.

  Айтыс екі бөлімге созылды. Бірінші бөлімде: Нұрмат Мансұров – Оразбай Болатбек, Жансая Мусина – Ержан Әміров, Айнұр Тұрсынбаева –Айбек Қалиев, Сырым Әуезхан – Біржан Байтуов, Еркебұлан Қайназар – Жандарбек Бұлғақов cөз сайыстырса, екінші бөлімде: Қалижан Білдәшев – Жақсылық Орынбасар, Әсем Ережеқызы – Төлеген Жаманов, Сара Тоқтамыс – Әсет Дүйсебаев, Балғынбек Имашев – Мейірбек Сұлтанхан, Мақсат Ақанов – Нұрлан Мұсаев, Мұхтар Ниязов – Бекарыс Шойбеков сынды ақындар бақ сынады.

Бүгінгі айтыс ақындарының 11 жұбының жеңімпаздары ертең,                       6 желтоқсанда өтетін финалдық айтыс барысында «Алтын домбыра» иегері атану үшін өнер жарыстыратын болады.

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз