Бөрілі байрақ астында – бөгеліп көрген жан емен!

9
8623

Алла бұйыртса, 2015 жылы өздерін «Көк Түріктің» ұрпағымыз деп санайтын, қағандары: «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім Түрік халқы үшін» деп тасқа қашап кеткен Бұмын қаған мен Күлтегіннің жалғасы Қазақ хандығына 550 жыл толады! Оған үлкен мән беріп отырған Елбасымыз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды. Біз – бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушыларымыз» деген еді. «Мәңгілік ел» идеясын қайта жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін баяғы Дала империяларының мұрагері, көне мемлекеттілік дәстүрлердің жалғас-тырушысы етіп жариялауда. Енді сол мемлекеттік дәрежеде мән беріліп аталып өткелі отырған осы ауқымды шараның бетке ұстар таңбасы қалай болуы керек деген ой келеді. Өйткені қазіргі уақытта Қазақ хандығының байрағы делініп жүрген көк түсті ту мен оның бетіндегі үш жұлдыз бен қазақ халқына тән емес ою нені білдіреді?.. Мен биыл яғни, 2014 жылы Ресей мен Тува халқының арасындағы достыққа 100 жыл толуына орай байқауға қатысу мәртебесіне ие болып едім, жобам бас жүлдені алмаса да, жақсы марапатқа ие болды. Менің айтпағым мен сол уақыттарда жобаға қатыспас бұрын сол Тува халқының салт-дәстүрін, оның өткен тарихымен таныстым. Егер ол елдің жүріп өткен жолын білмей, зерттемей тұрып қомақты дүние жасаймын деу қалай болар екен… Ал сол уақыттарда мен сол Тува халқының ою-өрнегінен осы біздің қазіргі уақытта қазақ хандығының туы деп жүрген өрнекті көрдім ол «бақыт түйіні» деп аталады екен. Енді қорытынды шығарып көріңіздер, біз оюға бай халықпыз, екі жүзден астам ою түрі бар емес пе, Тува халқының оюын пайдаланатындай басымызға не күн туыпты. Екіншіден байрақтағы үш жұлдыз туралы, сонау 1465 жылы Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысынан бөлініп шыққан кезінде қазақ халқы үш жүзге бөлінді ме?.. Әлде бұл үш жұлдыз сонау ықылым замандағы ғұндардың туына қарап жасалған ба өйткені олардың туында үш жұлдыз болған деген болжам бар. Тарихшы ағаларымыз осы тақырып жөнінде бір қорытындыға келсе, ал сонан кейінгісі суретші мырзалардың ой- өрісі мен қиялына байланысты ғой.



Желбіреген шұбар ту жығылмады,
Үдей берді қалмақтың шұбырғаны…
деген өлең жолдары бар мүмкін ол ту әртүрлі болған шығар? Есім ханның туы қызыл түстес немесе Абылайдың ақ туы деген бар т.б. Демек ортақ бір шешімге келіп «бөрілі байрақ» деп алар. Жобамда да мен күн мен бөрінің басына тоқталуым да сол, «Кірмембес ауыр қолға бас болып, күңіреніп күн түбіне жортқанмын! – демей ме Доспамбет жырау. Ал көк түстің болуы ол «көк Түріктің» тікелей ұрпағы екеніміздің айғағы .
Ендігі айтпағым, Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына арналатын таңбаның (логотип) байқаудың ережесі неге асығыс түрде жарияланып оған тек қана бір апта уақыт берілуі қалай, осындай үлкен туындылар үлкен толғаныспен, ізденіспен келеді емес пе?… Мұндай ауқымды мемлекеттік дәрежеде тойланатын үлкен шараның маңызды екені бәрімізге де аян, ал мәдениет министрі неге сонша асығып отыр әлде бұның құпия тұстары бар ма, тағы да сол қанымызға сіңген жең ұшымен жалғасу ма, көрші мемлекеттерде мұндай мемлекеттік дәрежедегі істерге кем дегенде бір ай уақыт беріледі. Өйткені ол жасалынатын таңба күні ертең дау тудырмайтын туынды болуы керек екені айтпаса да түсінікті, бұл дегеніміз саясат емес пе, ендеше ғаламторда қолданылып жүрген Қазақ хандығының туы ма?.. Бөрілі байрақ астында, ту түсіріп ту алған көшпенділердің байрағында бөрінің басы болғаны ақиқат, тіпті атақты ақын Сүйінбай да өз толғауында: «Бөрі басы ұраным, бөрілі менің байрағым…» деп жырлайды ғой. Тіпті оны былай қойғанда Эрмитажда тұрған бөрінің басы бейнеленген көшірмесі бас қаламыз Астанаға әкелінгені де соның айғағы емес пе. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жолдауын ести сала мамандығым суретші болғасын үн қосқым келіп бірнеше жоба да сыздым, алғашқы жобаларыма сол Қазақ хандығының туы аталып жүрген туларды бейнелегенім де рас. Бірақ оқып саралай келе осындай бөрілі байрақ деген тұжырымға келдім, әрине, мүмкін менікі де жаңсақ пікір болар өйткені мен тарихшы емеспін ғой, дегенмен де ойдан ой туатыны одан сөз, сөзден әрекет туындайтыны табиғи нәрсе. Тасқа түскен таңбасы тарих қойнауынан сыр шертіп тұрған, еліміздің мәдениетін айшықтайтын тастағы мәдениет бастауы таңбалардың да сол таңба ішінен орын алса құба-құп болар еді. Өйткені біздер сол табиғатқа жақынбыз оны сезіне, түсіне аламыз рухани байлық дегеніміз де сол өткенді қадірлеп қастерлей білуде ғой. Мен тек жүрекжарды өз пікірімді айтып отырмын, әйтпесе бірінің айтқанын бірі жоққа шығаратын тарихшыларымыз-ақ айтатын дүние еді ғой. Сол өзім іске кіріскен сәттен бастап қолымнан келгенінше ізденіп жобаларымды сызып жүріп ойламаған жерден 10-қарашада басталып 18-қарашада сағат 18.00-де аяқталып та үлгерген 550 жылдық таңбасы жайлы байқау туралы естіп жігерім құм болды. Неге бұл туралы көлемді түрде хабарланбады, неге ол туралы облыстарға хабарланып ішкі саясат бөлімі арқылы бүкіл Қазақстан суретшілері құлақдар болмайды, өйткені екінің бірі ғаламторға кіре бермейді ғой. Еліміз құдайға шүкір, талантты да ойлай алатын халқымыздың кешегі жүріп өткен жолы мен бүгінгісін байланыстыра алатын суретшілерге кенде емес қой, ендеше министрдің құлағына алтын сырға. Менің бұл жазғанымды еліміздің бір бұрышында елеусіз ғана еңбек етіп жатқан, жүрегінде туған жерге деген адал жүрегі бар, елінің жетістігіне асығы алшысынан түскендей қуана алатын ҚАЗАҚ азаматының еш бүкпесіз адал ойы деп қабыл алыңыздар!

Ерлан Шаяхметұлы,
Семей қаласы

9 ПІКІРЛЕР

  1. Тува ол тибет кикс.бул ту бурын кошпендилер халкында болган.асиресе казактарда коп кездескен.тува халкы бизге жакын болгандыкы

  2. бұл ою тува халықтарында қалай пайда болған????? Шыңғыс хан Тува халықтарын да тізе бүктірген жоқпа? мен бұл оюды Шыңғыс ханның деректерінде көп көрем ал қазақ хандығын Шыңғыс хан ұрпақтары құрған ал біз сол қағанаттың жалғасы біз қазақтар!!!

  3. Қазақ елінің жүріп өткен жолы ешкімнің ойыншығы емес, ендеше бәрі де соған лайықты болуы керек. Біз Тува халқының оюын өрнегін насихаттайтын буддист емеспіз, құдайға шүкір тарихымыз ешкімнен де кем емес!!!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз