Қазақ хандығы туралы сериалды Ақан Сатаев түсіруі мүмкін
2014 ж. 28 қараша
2363
3
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсiрiлетін Қазақстандағы алғашқы тарихи сериалдың сценариi дайын болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлiм еттi деп хабарлайдыҚазақпарат.
"Өздерiңiз бiлесiздер, елбасымыз осы шараға байланысты Қазақ хандығы туралы сериал түсiру керек деп айтты. Бiз әрине ол сериалдың сценарийiн жасадық. Өте күрделi дүние. Сондай-ақ, бiзде сериал ғана болмайды, деректi және анимациялық фильмдер де керек. Бүлдiршiндер де өз елiнiң тарихын бiлуi тиiс. Осы шаралардың барлығын шашыратпай, жоғары деңгейде өткiзу - ол бiздiң мiндетiмiз", - деді министр.
Оның айтуынша, ұсыныс тасталған режиссерлiк топтар бар, дегенмен олардың қайсысы жұмысқа тартылатыны анықталған жоқ.
"Режиссер Қазақстан азаматы болатыны анық. Рүстем Әбдiрашев өзiнiң тобымен жұмыс жасауда. Біз Ақан Сатаевқа да ұсыныс тастадық. Кiмнiң сценарийлiк тобы қызықтырақ болса, соған бұл міндетті жүктейміз. Оны көркемдiк кеңес шешедi. Қазiр бiз сценарийдiң негiзiн жасадық. Соны бiздiң ғалымдарға талқылауға бердiк. Неге десеңiздер, бұл - өте күрделi дүние. Қателiк жасамауымыз шарт", - дейдi Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бас режиссер Қазақстаннан болады. Дегенмен басқа да көмекшi режиссерлердi шетелден шақыру жоспарланып отыр.
"Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда тарихи тақырыпқа сериал әлi түсiрiлiп көрген емес. Көркем фильмдер бар әрине, Ермек Тұрсынов, Сатыбалды Нарымбет, Рүстем Әбдiрашов сынды режиссерлер жасады оны. Бiрақ тарихи тұрғыдан бiзде әлi сериал түсiрiлмеген. Сол үшiн бiз бұл жанрға өте мұқият болуымыз керек", - дедi министр.
Сондай-ақ, министр Қазақ хандығының 550 жылдығы тек қана тойлау жасалып жатқан ритуалдық мереке емес, ең бiрiншi кезекте Қазақстан егемендiгiнiң тағы да бiр көрiнiсi, оның тұғырын нығайтатын нақты шара екенін атап өтті.
"Айтпақшы, тарихқа қатысты көптеген пiкiрлер туындауда. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдан асып кетті дегендер бар. Бiрақ, Хайдар Дулати мен өзге де тарихшылардың деректерiне сүйенiп, бiз 2015 жыл - Қазақ хандығының 550 жылдығы деп есептейміз", - деп түйіндеді өз сөзін Арыстанбек Мұхамедиұлы.