ЖАРҚЫЛДАП, жай отындай жанып кеткен

Сағат Әшімбаев туралы сыр

..Қайран Сағат, жандың, сөндің – от едің, Парызыңды, қарызыңды өтедің. Өзімсінген бүкіл қазақ баласын Есіміңді елге үлгі етемін. (Жарасқан Әбдірашевтің «Қайран Сағат» өлеңінен)

Қазір жыл сайын ел Тәуелсіздігінің туған күндері дүбірлі аталып өтіп жатады. Әттең, Сәкең сол тойларда көрінбейді. Барлап қарасақ, Сағат Әшімбаев та сонау Алаш арыстары секілді туған халқының кемел келешегі жолында жан аямаған тұлға екен. Ол әлгіндей мемлекеттік алқалы жиындарда жарқылдап жүрер ме еді?! Жалындап сөйлер ме еді? Бірақ, өкінішке қарай, арамызда жоқ. Таяуда Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығы аталып өтті. Сәкең онда да көзге түсе қоймады... Бірақ, ол өзінің мәңгілік ғұмырына жол тартты ғой! Иә, Сағат Әшімбаевтың екінші өмірі басталып кеткеніне де бірталай болды. Оның дарынды қаламгерлік қана емес, көрнекті қайраткерлік қырлары да енді ғана айқындала бастағандай.

Сагат Ашимбаев

Суретті салған автор

Әрбір замандағы түрлі тарихи жағдайлар сол дәуірдің өз серкелерін лықсытып, алға шығарып отыратыны белгілі. Ал қастерлі ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тігіп, аянбай тер төккен сондай тұлғалардың ел тағдырындағы атқарған рөлі туралы заманалар тезінен кейін ой толғау аса қиын да, сонымен бірге өте қызықты да нәрсе болар. Мәселен, өткен ғасырдың аяқ тұсында қазақ қоғамын әлемдік өркениет кеңістігінің төрінен көруге ұмтылған ардақты замандасымыз, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың нағыз күрескерлік болмысының уақыт өте келе ғана айшықтала түскенін аңдаймыз. Демек, Сағаттың да қайраткерлік және суреткерлік қырлары әлі толықтай ашылып біткен жоқ. Бір ғажабы, ол қоғамдағы жалынды күрескерлік орнын, бәрінен бұрын, қара­па­йым ғана қалам қуаты арқылы белгілеп алған екен. Яғни, философиядағы «жалқыдан – жалпыға» деген белгілі ұғымдағыдай, өз орнында отырып-ақ, ұлы ұлттық мүдделерді шешуге зор ықпал еткен. Анығырақ айтқанда, кейбіреулердей кеңірдек жыртпай-ақ, телпек жылтыңдатпай-ақ, өз ісін адал орындау арқылы биік елдік мұраттар бағытында қыруар міндеттер атқарған. Сағаттың білікті замандастары мен әріптес іні-қарындастары қазір оның осынау қасиеттерін мейлінше дәл бағалап, орнықты байлам жасайды. Мәселен, белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Құлбек Ергөбек Сағат Әшімбаевтың әдебиеттегі жетістіктерін, ұлт өмірдегі күрескерлік қырларын ең алдымен оның айрықша болмысынан іздейді: – Өзі әдебиетті жасайтын тұлға. Мәселен, Сағат Әшімбаев қазақ әдеби сынын шын мәнінде өнер биігіне көтеріп өткен жан еді. Ол осынау жанрды тек әдеби сын күйінде қалдырмай, оны қоғамдық ойдың қозғау­шысына айналдырған, оны философиялық ой-толғам шыңына жеткізген азамат еді... Расында да, елін сүйген адал ұлдың сонау тоталитарлық жүйе тұсындағы халық тағдырына қатысты атқарған әрбір ісі де қазір үлкен даналықтай көрінеді. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы болса Сағаттың қайраткерлік қасиетін оның жеке азаматтығының биік­тігімен ұштастыратын сияқты: – «Ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың» дегендей, сол қастерлі парызын ақтап өткен бірден-бір адам болса, ол біздің аяулы Сәкең еді... Кезінде Сағат дүниеден өткеннен кейін «Сүйген ұл, сүйсінткен ғұмыр» аталған үлкен естелік жазып, көзіқарақты қауымды ойлантқан осы Дидахмет Сағаттың не туралы толғанса да, не жазса да, әрбір мәселеге азаматтық тұрғыдан келетініне тәнті болады: – О кісінің «Азаматтық туын алға ұстап», «Абай тағлымы – азаматтық тағлымы», «Аза­маттық позиция – айқындаушы күш», «Азаматтық формуласы» деп аталатын мақалаларының өзінен-ақ бүкіл шығармашылық ғұмырын қайда бағыттағаны анық көрініп тұрған жоқ па! Азамат адамның өз ұлтына, жұртына, қоғамына тигізер пайдасы да ересен... Белгілі сыншы Әшірбек Сығай сияқты тұрғы­лас­тары Сағатты дүниетаны­мы­ның тереңдігіне байланысты көп жағдайда аға тұтқан екен: – Біз екеуміз түйдей құрдаспыз. Бірақ көптеген ойлы мәселелерге келгенде Сағатты ағамыздай көретінбіз. Ол жан-жағына ой салғыш, кез келген жағдайдан философиялық мағына іздегіш жігіт еді. Өз қатарластарынан сонысымен де оқ бойы алда жүретін-ді. Құлбек Ергөбек Сағаттың сын міндетін тек әдебиет аясында қалдырмай, үлкен ауқымды елдік мақсаттармен шендестіргенін айтады: – Әдебиет сыны – үлкен жанр. Ол: «Ақын өзінің өлеңіне жауапты, жазушы өзінің прозасына жауапты. Ал әдебиет сыншысы поэзияға да, прозаға да жауапты болуымен бірге сынға, одан соң қоғамға жауапты, – деп айтып отыратын еді. – Сыншы қоғамдық ойдың қозғаушысы болуы керек. Халықтың ұлы бола білуі керек. Елдің қайраткер тұлғасына айналуы керек. Жазсаң – жанып жаз. Өртеніп жаз. Бұл қолыңнан келмесе, сын жанрын қорлама!» дейтін. Танымал сыншы Амангелді Кеңшілікұлы да әдеби сын жанры мүмкіндіктерін пайдалануда Сағат ағасын үлгі тұтатындай: – Сәкең тек сын жазумен ғана айналысқан жоқ. Біз сынды көбінесе белгілі бір адамның шығармашылығы туралы, оның әдебиеттегі орны жөнінде жазылған дүние деп түсінеміз. Негізінде, сынның ауқымы ол ұғымнан өте кең. Сағат Әшімбаевтың, мысалы, Тіл, Ұлт, Рух мәселелеріне қатысты жазылған мақалалары халық үшін өте керек дүниелер болды. Және өзінің ел алдындағы миссиясын орындаған еңбектер еді... Көрнекті эстет Сағаттың тартымды да, танымдық, тағылымдық жағынан өте терең келетін әрбір мақаласының астарынан шекспирлік «Боламыз ба, жоқ бордай тозамыз ба?» деген сауалдың атойлап жататынын аңдар едік. Құлбек Ергөбек айтады: – «Жүректен қозғайық» деген хабар жасады. Қазір көп жұрт оны білмейді. Айтпайды да. Осы хабар кешегі кеңестік дәуірдің өзінде ұлттың ұлт болып, халықтың халық болуын армандайтын хабар еді. «Жүректен қозғайықта» саясатқа берілмей, шын­дығымызды айтайық, осы біз кімбіз, қайдан келеміз, қайда бара жатырмыз деген сұрақтар қоятын. Бұл қазақ ел бола ма, жоқ па деген сауалдарды сол қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тұсында астарлы түрде, философиялық ойға негіздеп қоя білген хабар еді. Көп адам, тіпті, оған қатысуға қорқатын. Әрине, кеңестік дәуірде ұлттық мүддеге қатысты сөз қозғаудың өте қауіпті болғаны мәлім. Бірақ елін шексіз сүйген Сағаттай ұлдың кезінде халқының дербестігіне қатысты ақ алмастың жүзіндей батыл ойларын іркіп қала алмағанын көреміз. Қоғамдық ойды қозғап, ел санасын азаттыққа бейімдеуде орасан міндет атқарған «Жүректен қозғайықтай» хабардың жай-жапсарын Сағат ағамыздың жан-жары, белгілі қаламгер Шәрбану Бейсеновадан артық ешкім біле қоймас: – «Жүректен қозғайық» деген он төрт хабар эфирден жиырма сегіз рет өтті. Осылардың барлығы да сол кездегі қоғамда орын алған елдікке қатысты жәйттерді кеңінен қамтыды.Сәкең соны айта отырып, қоғамдық мәселелерді батыл көтере білді. «Қарыз бен парыз» хабарында сол заман идеологиясына ұнамайтын сөздер көп айтылды. Ол кезде әлі Алашорда ақталмаған, дін мәселесі айқындалмаған, коммунистік партияның бар кезі. Міне, сол кезеңде Сағат Әшімбаев демократиялық-либералдық рухани қозғалыстың басында болғандардың айтулысы еді. (Ғарифолла Есімовтің«Сағат туралы сыр» мақаласынан) Сағат Әшімбаевты жақсы білетін замандастары бүгінде оның шығармашылық дарынына ғана емес, саяси көрегендік қабілетіне таңдай қағады. Құлбек Ергөбектің сөзі: – Мен Сағат ағаның кітап­тарын қайта парақтаған сайын бір нәрсеге қайран қаламын. Негізінде, советтік жүйе тұсында өкіметке қарсы сөйлеу тіптен де мүмкін болмаған шаруа. Бірақ Сәкеңнің мақалаларын оқып отырсам, ақын-жазушылардың шығармаларын талдай келе: «Осы, біздің келешегіміз бар ма, мынау жер-көкке сыйғызбай мақтайтын қоғамымыздың ғұмыры шынымен баянды ма» дегендей сауалдарды қоя біледі екен. Соған тәнті болдым. Сағаттың ғұмыры мызғы­майтындай көрінетін шови­нистік империяның түбі бір құлайтынын білгеніне, расында да, таң қалмасқа лаж жоқ. Шәрбану Бейсенова айтады: – Әсіресе, сонау 1970-80 жылдары өзінің авторлық бағдарамаларын жүргізгенде әртүрлі әдебиеттерді қарап, көп ізденуші еді. Қазақ тарихы туралы, қазақ қоғамының жағдайы жөнінде, Тәуелсіздік жайындағы ойларын әріптестері арасында ашық айтып отыратын. Сонда ірі классиктердің еңбектерінен мысалдар келтіріп: «Империя атаулы қай ғасырда да ұзақ тұрмаған. Мынау да түбінде бір күйреп тынады. Азаттығымызды ақыры бір аламыз» дейтін-ді. «Қарыз бен парыз» хабары да, негізінен, қазіргі кезде жиі айтылатын Тәуелсіздік мұраттарына бағытталған екен. Бұл жөнінде танымал ақын Ұлықбек Есдәулет айтады: – Ол сол хабарлары арқылы Әдебиеттегі алған өз орнын, тұғырын дейміз бе, әбден биіктете түсті. О тұс тоқыраудың батпағына батып жатқан кез ғой. Міне, осы уақытта Елдік туралы ой қозғау үшін айрықша азаматтық ерлік керек екені өз-өзінен түсінікті. Шынында, «Қарыз бен парызда» көтерілген жәйттердің мәні, бүгінгі таңда арта түспесе, ешбір бәсеңсімегені анық. Шәрбану Бейсенова: – Сәкеңнің күрескерлік қабілеті сол шақтарда жарқырай көрінді ғой деп ойлаймын. Сол хабарлар арқылы оның қоғамдық келбетін, мемлекетшілдік белсенділігін анық байқауға болады. Тақырыптары да әр алуан болып келді. Меніңше, сол бағдарламада сөз болған нәрселерді әлі де қайталап ұсынса артық болмас еді. Амангелді Кеңшілік: – Бұрын-соңды болмаған жаңаша форматтағы хабарлар жасады. Қазір олар, әрине, аса таңсық болмауы мүмкін. Бірақ дәл сол уақытта үлкен жаңалық-тын. Қоғамдық ойға орасан серпіліс берді. Ұлықбек Есдәулет: – Теледидардағы «Қарыз бен парыз» сияқты хабарларды ұйымдастырып, бүкіл жұрттың көкірегіне сәуле түсіре білуінің өзі Сағаттың ересен қайраткерлігін танытқан құбылыс-тын. Құлбек Ергөбек: – «Қарыз бен парыз» ұйықтап қалған қазақты оята­тын ағартушылық хабар болды. Халықтың биік рухын сер­пілткен аса мәнді хабар болды. «17-18 желтоқсан! 1986 жыл! Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы!». Сағат Әшімбаевтың күнделігінен. Бір қарағанда өте биязы, бекзат бітімді Сағаттың зор күрескерлік қажыр-қай­ра­тын көрсеткен сәт – әйгілі Желтоқсан көтерілісі еді. Бұл тұрғысындағы Құлбек Ергө­бектің пікірі: – Біздің кейбір мәдениет, өнер, әдебиет қайраткерлері Желтоқсан оқиғасы тұсында алаңға шыққан қазақ жастарын кінәлап жазылған хатқа қол қойып, масқара болды. Сонда Сағат аға: «Қол қоймаңыздар! Күні ертең қарабет боласыздар!» деп шырылдады. Ойлап қарасақ, Сағат сонда небәрі отыз тоғыз жаста екен. Министр деңгейіндегі қызметте отырды. Енді қарап отырсақ, албырт, романтик, отты азамат сол биік мансапты да мансұқ етіп, басын бәйгеге тігіп, алаңдағы дүрбелеңді таспаға түсіртіп жатыпты. Мұның бәрі қайран ердің түсінігінің тереңдігін, ой-дүниесінің кеңдігін, көрегендігін көрсетпей ме! Дидахмет інісі де Сағаттың Желтоқсан оқиғасы тұсындағы әрекеттерін теңдессіз ерлікке балайды: – Сәкең қазағының алдында бірнеше ерлік жасаған кісі. Халық қан-қасап болып жатқан кезде оқиғаны астыртын түрде телевизияға түсіртіп алып, таспаны сақтап қалу шын мәніндегі керемет батырлық еді... Бірақ Сағаттың ұлттық мұраттарға бағытталған осынау іс-әрекетінен жаулық іздеген коммунистік идеология нояндары оны қалайда сүріндіріп, көзін жоюға әрекеттеніп баққан екен. Шәрбану Бейсенова: – Әйтеуір, жоғары жақта отырғандарға өте жақпайтын адамдардың бірі болды. Қызме­тінен қалайда мін іздеушілер көбейіп кетті... Дидахмет Әшімханұлы: – Мен ештеңе жоғалтпаймын дейтін адамдар болады. Олар айтысқанмен айтысамын, жұлысқанмен жұлысамын, түгім де кетпейді дейді. Өйткені биік лауазымы жоқ. Ал Сағат үлкен қызметте отырған кісі еді. Өсіп келе жатқан балалары бар-тын. Үлкен үміттері, асыл армандары болды. Бірақ ештеңеге қарамай, ұлтқа қатысты мәселелерде кеудесін ашып алға ұмтылған адамдардың бірі ретінде танылды. Сәкеңді мен сол үшін де жақсы көремін. Сағынатын себебім де содан шығар... Қарап отырсақ, кезінде бүкіл халықты шарпыған Желтоқсан ызғары жалғыз Сағаттың ғана жанын жараламапты. Ежелгі шаш ал десе, бас алған жендеттер оның болашағынан зор үміт күттірген үлкен ұлы Дәуренді де қыспаққа алғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. ҚазМУ-дің бірінші курсында оқитын бозбала бірнеше мәрте жауапқа шақырылады. Үлкен өмірге енді ғана табан іліктірген жауқазындай ұлға да осынау оқиғаға қатысушы ретінде обком пленумында қара күйе жағылады. Сөйтіп, осындай қиянаттан құтылуды ойлаған Дәурен өзі тіленіп, әскер қатарына кетуді ұйғарады. Бірақ ол, өкінішке қарай, денсаулығынан айырылып қайтады. Қысқасы, көркіне көз тоятын осынау дарынды ұлдың да көп ұзамай қапияда мерт болғаны жүрек сыздатады, әрине. – О кісі Кеңес өкіметінің белгілі сатыдағы билік тұтқасында отырса да, жүрегі осы жүйені аса қаламады. Ол сол қоғамға қызмет ете жүріп, Ұлтының кемел келешегіне жан ауыртты. Халқының бақыты үшін күресті. Бізге Сағат Әшімбаевтың сондағы жай-күйі түсініксіз де болуы мүмкін. Өйткені өзіміз де сол заманда тәрбиелендік. Ал жас ұрпақ біртіндеп басқа Сағатты танитын болады әлі. Уақыт озған сайын оның заңғар тұлғасы айшықтала түспекші. Бұл–ғалым Сағатбек Медеубектің толғанысы. Ал Дидахмет Әшімханұлын қазір Сағат ағасының дәл сол кезде жанына батқан жәйттер көбірек мазалайтындай: – Басқа да бір қиын сәттер болды. Тілге байланысты, халықтың санына қатысты көптеген ділгірліктер алдыдан шықты. Сәкең осылар жөнінде алдына жан салмай сөйлеп отыратын. Сондағы жанының күюі өз жанын өзі жұлып жеген сонау Данкодай болып тұрады. Осындай елдік, халықтық мүдделердің бәрі о кісінің жүрегіне салмақ салып бақты ғой... Алайда көпшілік ұлтын сүйгені үшін солақай күштердің Сағат Әшімбаевты қаншама шырғалаңға салып, жанын жаралағанын кешірек аңдады. «Біз бәріміз де Абайды бір кісідей білеміз деп ойлаймыз. Тіпті, қайсыбірімізге әлдекім сен өзің оны жақсы білмейді екенсің ғой деп қалса, шамданып, шалқамыздан түсе жаздайтынымыз да бар. (Сағат Әшімбаевтың «Ақын жанын жабырқатқан жайлар» мақаласынан) Ал ұлттың кем-кетігін реттеп, Қазақты тезірек әлемдік руханият биігіне көтеруде ұдайы Абайға жүгінген Сағаттай құбылыстың өз сырын түсініп болдық па екен? Әйтеуір, құрдастары Сәкең­нің ғаламат білімдар­лығына там­санар еді. Әшірбек Сығай: – Оқымаған әдебиеті жоқ-ау! Батыс, Шығыс... Кез келген саладағы көптеген тың ойларды өзім көбінесе Сағаттан естуші едім. Кісі, әдетте, дүниетанымын оқып қана емес, тыңдап та байытады ғой. Оралхан Бөкей дос-ағамыз: «Өй, оның бәрін оқып неғыламын?! Ертең бәрінің мазмұнын Сағаттың өзі-ақ айтып береді!» дейтін. Сол рас еді. Одан соң жаны өте нәзік болатын. Күлкісі қандай еді! Аузын алақанымен көлегейлеп сылқылдап рахаттана күлгенде, оның сол әрекетіне қарап өзгелер де мәз болып қалатын. Шәрбану Бейсенова: – Сәкеңнің табиғаты өте сезімтал адам еді ғой. Өзі ән салуға, белгілі музыкалық аспапта ойнауға шебер бол­мағанымен, аса сүйіп тың­дай­тын әуендері бартын-ды... Енді бір сәт замандас­тарының Сағат Әшімбаев туралы қорытынды лебізіне көз жүгіртейік. Сыншы, ғалым Құлбек Ергөбектің сөзі: – Шын тұлғалардың шын бағасын біз бермейміз – бізден кейінгі уақыт береді. Талай буын алмасар. Сол кезде қазақтың сын жанрындағы қоғамдық ой биігіндегі тұлғалардың ішінен екшеленіп осы Сағат көрінеді-ау деп ойлаймын. Жазушы Дидахмет Әшім­ханов­­тың пікірі: – Жылдар өткен сайын Сәкеңнің тұлғасы биіктей түсетініне шексіз сенемін! Журналист, ғалым Сағатбек Медеубектің ниеті: – Уақыт оза келе ұрпақ санасында жатталып қалатын есімдер болады. Ұлты үшін өмірін арнаған Сағаттың да сондай тұлға екеніне дау жоқ. Біз бұдан былай сол сағаттану ғылымына қарай бет бұруымыз керек. Қаламгер Заря Жұманова­ның уәжі: – Мен Сағат ағаны әлі күнге дейін өзіме ұстаз тұтамын. Өйткені, біреудің шығармасына әдеби тұрғыдан баға беріп мақала жазатын болсам, алдымен ағаның осындай мәселелерге қатысты көзқарастарын шолып шығамын. Мысалы о кісі: «Қазіргі заманғы әдебиетте жаңалық ашудың қиындығын айтпағанда, тіпті, ортақол дүние жазып, оқушы көңілінен шығу үшін өмірдегі ең қарапайым құбылыстардың өзіне жаңаша суреткерлік толғам қажет» дейді. Немесе: «Ауа райы аптасына алты рет құбылса, табиғаттың ең күрделі перзенті адам жанын­дағы психологиялық өзгерулер одан он есе көп» дейді... Сыншы Амангелді Кең­шілік­тің ойы: – О кісінің танылу процесі әлі алда болады деп ойлаймын. Біз әлі Сағатқа талай қайтып оралып отыратын боламыз. «Лапылдап атып, лапылдап батқан күндей еді» (Әбіш Кекілбаевтың Сағат Әшімбаев туралы сөзінен) Қазір жыл сайын ел Тәуелсіздігінің туған күндері дүбірлі аталып өтіп жатады. Әттең, Сәкең сол тойларда көрінбейді. Барлап қарасақ, Сағат Әшімбаев та сонау Алаш арыстары секілді туған халқының кемел келешегі жолында жан аямаған тұлға екен. Ол әлгіндей мемлекеттік алқалы жиындарда жарқылдап жүрер ме еді?! Жалындап сөйлер ме еді? Бірақ, өкінішке қарай, арамызда жоқ. Таяуда Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығы аталып өтті. Сәкең онда да көзге түсе қоймады... Бірақ, ол өзінің мәңгілік ғұмырына жол тартты ғой! Иә, Сағат Әшімбаевтың екінші өмірі басталып кеткеніне де бірталай болды. Оның дарынды қаламгерлік қана емес, көрнекті қайраткерлік қырлары да енді ғана айқындала бастағандай. Құлтөлеу МҰҚАШ