ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ Қ. КЕЛІМБЕТОВ ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ БІЛМЕЙ МЕ?

11
1757

Осы біз орыстарды кемсіткенді қашан қоямыз?!.

Ұлттық мүдде десе, ұшып тұратын керекулік Руза Бейсенбайтегі Фейсбуктағы парақшасына Ұлттық банк шығарған 500 теңгелік «Ана» атты күміс шақаға бірінші орыс тілінде  «Мама» деп жазылғанына, «Ана» деген сөздің екінші жазылғанына орынды наразылық білдіріпті. Шынында теңгеде бейнеленген баласын көтеріп тұрған ана бейнесінің сол жағына, яғни, бірінші «Мама» деп жазылған да, оң жағына, яғни, екінші «Ана» деп жазылыпты.  Иә, дұрыс ашуланады!

Себебі, бұл ең алдымен  Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңы мен тілдік  нормативтік құқықтық актілеріне қайшы. Тиісті ереже бойынша ең алдымен мемлекеттік тілде, содан соң қажет болса, орыс тілінде жазылады.  Оның орналасуы  «Қазақ тілі жоғарыда, орыс тілі төменде немесе  қазақ тілі сол жақта, орыс тілі оң жақта жазылады» деп анық көрсетілген. Мысалы,  кез келген жерде қаптап тұрған  «дүкені» деген сөз атаудың сол жағында да, (ұғымға сәйкессіз болса да…) «магазин» деген оң жағында болатыны сондықтан. Сонда кез келген көшедегі дүкен иесі білетін Тіл туралы заңды Үкімет басшыларының біріне дейін көтеріліп, талай мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде істеген қазіргі Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов  білмейтін болғаны ғой… Бұндай мемлекеттік тілді екінші сортқа түсірген  өрескел заң бұзу үшін өзін сыйлайтын өзге елдерде Ұлттық банк төрағасы орнынан кетеді…

Баяғыда Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов теңгенінің қазақша бетінде де  «тенге»деп орысша жазып, елді  бір шулатып еді… Сонда біз Әнуарға сабақ болсын деп «Әңуар» деп жазып едік «Қазақ үні» («Жас қазақ үні») газетінде… Негізі, ұлттық теңгеге тек мемлекеттік тілде жазылу керек! Әлемнің барлық елінде тек мелекеттік тілде ғана жазылады! 1993 жылы 15 қарашада теңге алғаш шыққанда солай еді… Ол кезде Ұлттық банк төрағасы қайраткер азамат Ғалым Байназаров болатын… Ол кісі бір жылдай ғана басқарды. Кейін кімнің кезінде екенін еске түсіре алмай отырмын, қандай «құдіретті» құлмінез  жаңалық ашқанын қайдам,  орыс тілінде де жазып өнер шығардық… Сол кезде де мен күйінгеннен «Осы біз орыстарды қорлағанды қашан қоямыз? Сонда олар қазақ тіліндегі цифрді танымайтын сауатсыз ба?»- деп жазып едім… Енді, міне, тағы да кемсітіп отырмыз оларды… баласын көтеріп тұрған ана бейнесін көрмейтін соқыр санап…

Кейде мен ойлаймын, осы біздің қазақ тілін білмейтін, ұлттық мүддеден жұрдай шенеуніктер Ананың әлдиін емес… маманың «баю-баюын» тыңдап өскендер ғой деп…

Ал енді Әңуар Сәйденовтерді қазақылықтан алыс өскендер ғой десек, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов белгілі жазушы-түрколог ғалым, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеуші, талай қазақ қаламгерлері мен ғалымдарын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз  Немат Келімбетов ағамыздың баласы ғой. Шамасы, ол әкесінің әйгілі «Ұлыма хат» кітабындағы ұлттық мүддені ұқпаған болды немесе баласы қазақша жазылған бұл кітапты оқымаған болды ғой…

Басқа-басқа, Қайраттың мұндай қайратсыз, құлдық мінезде болуы кешірімсіз…

Қазыбек ИСА

11 ПІКІРЛЕР

  1. Жанар, сіз “баю-баюды” тыңдағасын да ұлтжанды болсаңыз, әлдиді тыңдағанда ұлтшыл болар едіңіз… Міне, өз тілің мен өзге тілдегі әлдидің айырмашылығы!.. Қазақ еліне қазір нағыз ұлтшылдар керек! Жасанды «ұлтжандылар» емес… «Ұлтжанды» деген сөздің өзі де «жасанды» сөз, ондай сөз болмайды, ұлтшыл деген сөз болады…

  2. Кейде мен ойлаймын, осы біздің қазақ тілін білмейтін, ұлттық мүддеден жұрдай шенеуніктер Ананың әлдиін емес… маманың “баю-баюын” тыңдап өскендер ғой деп…
    Мені де анам „баю-баю„ деп ұйықтатын. Себебі, маған сол ән ұнайтын. Ол менің ұлтжанды болуыма еш әсерін де, кесірін де тигізді. Сондықтан „әлдиде„ де, „баюшкида„ да тұрған ештеңе жоқ. Барлығы адамның санасына тікелей байланысты

  3. Мына жемқор әкімдер мен генералдарды,Қазақшаңды білмек түгілі пысқырмайтында министрлер мен депутаттарды, Келімбетов сияқты банкирледі тағайындап отырған мәңгілік ЕБға не аитасыздар?

  4. Осы жазушылардың қазақ тілін қақпайтын балаларынан күйдік қой… Ерлан Ыдырысовы анау, «миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деген… Ерлан Байжановы анау Журналистер Кодексі бабына Қазыбек Иса Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті енгізгенде өзге ұлт өкілдерінің өздері де қолдап отырса да, жалғыз өзі қарсы шыққан… Енді міне, ең тәуірі деген Қайрат Келімбетовы мынау Тіл заңына қарсы шығып отыр… Біздің жазушы ағаларымыз қанша шәкірттер мен қаламгерлерді тәрбиелегенмен, өз ұлдарын ұмыт қалдырған ғой деймін…

  5. Ұлттық банк бастығы Келімбетов заңды білмесе, біздің ауылдағы дүкендерден келіп үйренсін. Бәрінің қазақша аты бірінші жазылған… Менің дүкенім де солай: «Дүкен РАШИТ магазин». Банкінің бастығы болсаң да, бір тиын ақшаңның керегі жоқ, тек келіп, үйреніп кетсең болды. Ақшаңды жолыңа жаратарсың…

  6. «Кейде мен ойлаймын, осы біздің қазақ тілін білмейтін, ұлттық мүддеден жұрдай шенеуніктер Ананың әлдиін емес… маманың “баю-баюын” тыңдап өскендер ғой деп…» – олар шынымен де “баю-баюмен” уанғандар, Қазеке. Осыған сенімдімін. Жаңа ғана ойлаған едім, осы бізде қазақ мүддесіне жұмыс істейтін әкімдер, басқалар болса 1 жылдан астырмай соттайды, әйтеуір орнында отырғызбайды екенін. Ғалымжанның жарайды жөні бөлек делік, мына билікке ашық қарсы тұрған. Бірақ Алтынбек ашық қарсы шықпап едіғой, тек қазақ мүдесіне жұмыс жасады.. Былтырғы Қарағанды әкімінің, біздің елімізде шыршаны тәуелсіздіктен бұрын қойғызбағаны ерлікке іспеттес болатұғын, енді міне сотталып отыр. Қарағандылықтар оның қаланы көркейтуге жасаған, т.б. жұмыстарына дән риза еді. Билік орыспен шекаралас аймақтарды мығымдауға көшті қайта жаңғыртамыз деп еді. Әлі тырп еткен жоқ. Құлдық-одақ идеясы, КО пайда болғаннан бері экономикамыз құлдырауда. Орыстан импорт еселей артты артты да, біздің экспорт (оларға) керісінше кетті… Ақырғы уақытта көзім жетіп отырғаны, не біздің билік түгелдей дерлік ресейге сатылған, не тікелей солардың бұйрығымен солардың мүддесіне жұмыс істеп отыр. Көзі ашық қазақтың көріп отырғаны осы!

  7. осындай дүбара қазақсымақтар биліктен кетпей қазақ мемілекеті түзелмейді. бұларға өз есептерінің түгелдігі керек ұлт мүдесіне бастарын ауырпайды. жағынудан алдарына жан салмайды. қазақ елі назарбаев емес ол келер күні алады бағасын қазір емес.

  8. Әкесінің кітабын оқымау Келімбетовтерден бұрын басталған үрдіс қой.
    Ақша да тағы бір қателік бар, ол «Ана» сөзін ағылшын тілінде жазбапты. Бұл біздің саяси идеологиямызға сай емес.

  9. «Бір биеден ала да туады,құла да туады».
    Әкесі ғұлама болса,одан ауыш-мәңгүрт тумайды деп Дарвин айтып кеткен бе,Қазыбек інім ? !
    Ондай мәңгүрт-көзқамандар (ғұлама-әулиеден туғандар) арамызда қаптап жүрген жоқ па ?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз