Тарихтың құнды қазыналары қазаққа қажет емес пе?

  • www.turkystan.kzwww.turkystan.kz

Тарих беттерін парақтай қалсаңыз, қазақ даласының қай жерінде де ата-бабалар өзге жұртпен терезесі тең деңгейде өмір сүргенін айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Әрине, біз оның барлығын тасқа басып, оларға зерделі зерттеу жасай алған жоқпыз. Өткенге көз жіберіп, біздің ұлтымыздың тарихта алатын орны қандай деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екені көрініп тұр. Қарапайым жұрт «Сыр –Алаштың анасы» дейді. Расында, бұл сөздің жаны бар. Сыр жерінде қаншама көне шаһарлар баршылық. Сондай-ақ тек қазақ үшін ғана емес, түбі бір түркі жұртына ортақ мәдени ескерткіштер де кездеседі. Осыдан кейін дария бойындағы тарихи өлкені бағаламай көріңіз. Елдің арасында «Сыр бойында мыңнан астам қала бар» деген әңгіме айтылады. Әрине, оны түгендеп, есеп-қисабын жасап қойған ешкім жоқ. Десе де сол сөздің жаны бар екенін кейбір жайлар дәлелдей түседі. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қазалы ауданы Тапа елді мекенінің тұрғындары көп жылдан бері ауыл маңынан ерте замандағы дүниелерді тауып алған. Ауыл тұрғыны Аманжол Жұмабеков қырық жылдан астам уақыттан бері осындай құнды қазынаны жинаумен шұғылданып келеді.  Алғашқы кезде қолға түскен дүниелерді аудандық мұражайға апарып тапсырған. Дегенмен ке­йін­нен қолға түскен мұраларды өз үйінде сақтауды дұрыс көріпті. Бүгінгі таңда қарияның қолында 100-ден астам жәдігер бар екен. Атап өтерлігі, ол кісі ескі заттарды еш­қашан қазып алған емес. Аршылып қал­ған дүниелерді үйіне алып келеді. Ол кісінің айтуынша, Қытайда тұратын қазақтар ол кісіні іздеп келген көрінеді. Жинаған жәдігеріме қомақты ақша беретінін де айтқан. Бірақ, туған жер төсіндегі құнды қазынаны олардың қолына ұстатып жіберуге намысы жібермей, бірден-ақ қарсылық білдірген. Бізге қызық, көрші елдегі қандастар бұл көне орынға неге қызығушылық танытты? Қолдағы жәдігерлерге не себепті қомақты қаржы ұсынды? Осы сауалдар елдің көңілін сан-саққа жүгіртіп отыр. Алайда оны тарқатуға әзірге ешкімнің шамасының келетін түрі жоқ. Өйткені бұл сауалдың түйінін тарқатуға жергілікті жұрт түгіл, облыстағы тарихшылар мардымды жауап айта алмайды. Себебі қолда еш­қандай деректер кездеспейді. Әзірге тек бол­жам ғана айтылады. Аталмыш елді мекен оғыздардың астанасы болған Жан­кент шаһарына баратын жолдың бойында орын тепкен. Сондықтан Тапа ауылының маңындағы жұмбақ қала кезінде сол Жанкентпен байланыста болған тарихи орын­ның бірі болуы әбден мүмкін. Тапа­ның маңынан табылған қыш пен құмыра күй­дірген пештердің ізі көзге шалынады. Алайда әлі күнге дейін бұл жердің қандай мекен болғаны тарихи негізде таразылана қойған жоқ. Сыр бойында тарихи мұраларды түгендеуде тиянақты­лық жетіс­пей келді. Болмаса көне қалалар туралы деректер өз елімізден табылмаса, шет­елдегі мұрағаттардан дәйектер іздес­тіру қажет емес пе? Өкінішке қарай, осы күн­­ге дейін оған мойын бұрған ешкім бол­ған жоқ. Со­ның салдарынан көптеген ескі ша­­һарлар­дың сыры қарапайым жұртқа жұм­­бақ кү­йін­де қалып келді. Бірді-екілі бұ­рын­­нан бел­гілі мәдени мұралар зерт­тел­се, оны қан­шама жыл бойы жыр қылып айтамыз. Елімізге белгілі археолог Мадияр Елеу­ов Сыр өңірін көбірек зерттеген ғалымның бірі саналады. Ол кісінің айтуынша, өңірде көне қалалар жетерлік. Археологтер, негізінен, Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат секілді белгілі шаһар­лар­ды зерттеу­ден арыға аса алмай жүр. Ал кейбір көне қа­ла­шықтар көзден таса қалып қойып жат­қан жайы бар. Атап айтқанда, қазақтың қас батыры болған Алпамыс батырдың аяу­лы жары Баршын  өмір сүр­ген Баршын­кент, Көккесене, Аққорған, Мейрам­­төбе се­кіл­ді ескі шаһарларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Олардың түп-төркініне қашан түбегейлі үңілеміз де­ген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, біздің даламыздың басты байлығы – тау тастарында қашап жазылған жазулар екені белгілі. Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді. Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені бел­гілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқ­сайды. Осы кезеңнен қалған ескерткіштер де баршылық. Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер жетіп-артылады. Өкініштісі: «сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық» деген сауал көкейде жиі қонақтайды. Шынында да, біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге өз деңгейінде назар аударып жүрміз бе? Әрине, біз бұл бағытта енді-енді ғана жұ­мыстар жүргізіп келеміз. Тіпті қаншама томға жүк болатын істің алғашқы па­рақтарын ашып отырған секілдіміз. Болмаса, сол тарихи дүниелерге байланысты зер­делі зерттеу жүргізер едік-ау. Бұл әзірге біздің тек қиялда жүрген ойларымыз бо­лып тұр. Қаратау қойнауындағы қымбат қазынаға әлі де түрен салына қойған жоқ. Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар пе­троглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде кө­рініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының – Шве­ция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Ко­рея, Жапония, Арабия аумағында, Аме­риканың – Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бра­зилия және Австралияда да кездеседі. Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұры­шынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Осындай орындар ТМД елдерінің аума­ғында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шы­ғыста көрініс береді. Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес. Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден бо­лады. Есерткіштердегі сызбалар сан түр­лі тәсілдермен қашалып, оған көп бей­не­лер салынған. Тас ғасырдан кейінгі ке­зең­де сана иелері өздерінің тыныс-тірші­лігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұ­рыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұр­мыс-салт пен жол-жоралғы, дүние­таным тас­қа басылған. Ең негізгі көрініс­тер тір­ші­лік иелерінің аңшылық пен балық­шылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейнелер бар. Солардың қата­рында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер саналады. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте мол. Ауқымы да үлкен. Ар­хео­лог Мадияр Елеусінов бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әй­гілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түс­пейтінін айтады. Алайда Қаратау қой­на­уындағы көне жәдігерлердің насихаты өте кемшін түсіп тұр. Жалпы, бұл өңір – көне заманның түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі атал­мыш орындарға күні бүгінге дейін өз дең­гейінде назар аударылған жоқ. Бір сөз­бен айтқанда, ғалымдар білек сыбана кірі­се қоймады деуге болады. Оның түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Осының салдарынан жұмыс кейінге ысырылып келеді. Бұл қашанға дейін созылмақ? Әзірге бізге белгісіз. Одан қалды, көне ескерткіштер адам­дар тарапынан да жойылып барады. Ға­лым­дар ескі жәдігерлердің оннан сегі­зі жұмыр басты жандардың қолынан бү­лі­нетінін тілге тиек етеді. Қалғаны таби­ғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Өкі­нішке қарай, Сауысқандық жота­сын­дағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қа­шал­ған суреттерді қорғаудың орнына өз «қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олар­дың үстіне өздерінің аты-жө­нін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл тас­тағы жазбалар неге арнайы қорғауға ал­ын­бай отыр деген ой туады.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда. alashainasy.kz